Жаңалықтар

ОҢТҮСТIКТIҢ ҚАҚПАСЫ

ашық дереккөзі

ОҢТҮСТIКТIҢ ҚАҚПАСЫ

Табиғи апат сынынан сүрiнбей өткен сарыағаштықтардың дәл қазiр әлеуметтiк экономикалық жағдайы өте жақсы. Бұл аймақта ер азаматтар “Ауыздығымен су iшкен, етiгiмен су кешкен “ қиын қыстау кезеңдi бастан өткердi. Бұл өңiрге табиғи апат зардаптарын көруге келгенде Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов сақал мұрты өскен, аяғына керзi етiк киiп, үнемi аурухана бөлмелерiнде түнеп жүрген аудан басшысы Ұласбек Сәдiбековты танымай қалған көрiнедi. Ел қайғысын өз қайғысындай қабылдаған оның кейiннен денсаулығы сыр берiп, аурухана палатасына таңылған жағдайы да бар. Ендi өткен iске салауат дейiк . “Түркiстан” газетiнiң екi мыңға жуық оқырманы бар Оңтүстiктiң қақпасы саналатын Сарыағаш өңiрiнiң тыныс – тiршiлiгiмен танысып қайтқан едiк.

АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДI

2008 жылдың 20-21 ақпан күндерiнде қарғын судан келген апатты жағдай кезiнде аудан аумағындағы 8 ауылдық округiне қарасты 34 елдi мекендi топан су басып, оның 209-ы құлаған, 584 үй құлау қаупiнде болып, 573 үй зақымдалды. 5 орта мектептiң ғимаратына су ендi. Соның iшiнде Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектеп ғимараты құлап, Т. Белгiбаев атындағы орта мектеп ғимараты апатты жағдайға келдi.

Арнайы мемлекеттiк комиссия тарапынан табиғи апат келтiрген шығын толық анықталып, құрылыс жұмыстары қызу жүргiзiлдi.

Ақтөбе ауылдық округiндегi 900 орындық Лесбек батыр атындағы орта мектеп құрылысына 10979840, 600 орындық Ғ. Мұратбаев атындағы орта мектеп құрылысына 655778, Жамбыл ауылдық округiндегi 300 орындық Шойбеков атындағы орта мектептiң құрылысына 345282, Бiрлiк ауылдық округiндегi 300 орындық Т. Белгiбаев атындағы орта мектептiң құрылысына 367649, теңге бюджет қаржысы қаралып, құрылыс зор қарқынмен жүрдi. Мектептердiң құрылысын “Темiр” ЖIIIС, “Ақ орда” ЖШС, “Коел” ЖШС,”Дина-Н” ЖШС сияқты мердiгер құрылыс мекемелерi жүргiздi. Мектептер мүмкiндiгiнше 2008-2009 оқу жылының басталуына пайдалануға берiлдi.

1431 тұрғын үйдiң құрылысы басталып, олар сапалы аяқталды. Нақты мәлiметтерге сүйене отырып айтар болсақ, 759 үйдiң қабырғасы тiктелдi, 253 үйдiң төбесi жабылды, 44 үйдiң iшкi жөндеу, әрлеу жұмыстары жүргiзiлдi, 75 үй күрделi жөндеуден өттi.

АУЫЗ СУ МЕН АҒЫН СУ ӨЗЕКТI МӘСЕЛЕ

Сарыағашта ауыз су мен ағын су мәселесi халықтың ең қажеттi мұқтажына айналып отырғаны жасырын емес. Ауыз су мәселесi Сарыағашта шешiмiн тауып та қалыпты. Қазiргi уақытта су айдау насостары iске қосылып, Абай мен Сарыағашта халық ауыз судан айтарлықтай тапшылық көрмей отыр.

Ал ендi аудандағы ағын су мәселесiне келсек, бұл күрделi мәселе . Аудан ағын суды толығымен Өзбекстан жағынан алады. Өткен жылы егiншiлiк мақсаттарына бөлiнiп отырған ағын су мөлшерi жылдағыға қарағанда кем болғандықтан, диқандар ағын су тапшылығына душар болған. Суғармалы жерге егiлген егiс көлемi аудан бойынша 41800 гектарды құрайды. 2008 жылға бөлiнген судың лимитi 560 млн. текше метр. Тәулiктiк сұраным 66,2 м3 сек. болса, нақты алынып отырған су көлемi 32,3 м3 сек. Демек, белгiленген лимитпен салыстырғанда 2 есе аз су алынып келген. “Барлық iс тетiгiн кадр шешедi” деген ескi ұран өз өмiршеңдiгiн жоғалтпағандай. Аудан басшысы кадрларды қалай iрiктесе, жұмыс та солай жүретiнi ақиқат. Кадрларды сапырылыстыру аудан әкiмi Сәдiбековтың басты мақсатына айналмапты.

ШЕГIРТКЕ “ЖЫРЫ” ТАУСЫЛҒАН

Өткен жылдың сәуiр айында ауданда өткен штаб мәжiлiсiнiң отырысында шегiртке “жырының” тым күрделенiп кетуiне байланысты төтенше жағдай жариялау және Республиканың Ауылшаруашылығы министрлiгiнен, авиациялық мекемелерден, басқа да ведомствалардан жәрдем сұрау жөнiнде шешiм қабылданды. Шұғыл жүргiзiлген шаралардың нәтижесiнде жәрдемге 7 ұшақ, 17 бүрiккiш техника, Шымкент қаласынан 4 су тасушы машиналар келдi. Ауылшаруашылығы министрлiгiнен 70 мың гектарға жететiн 7000 литр Адонис препараты жеткiзiлдi. Осы кезде марокко шегiрткесiнiң негiзгi бөлiгi 3 жастан 4 жасқа кiрген, ал қанаттанып ұша бастауына 7-10 күн қалған кезде толығымен жоспарланған жұмыс аяқталды.

Жедел, күн-түн демей, жанқиярлықпен атқарылған жұмыстардың нәтижесiнде, аталған аудандардағы егiстiктер шегiрткенiң залалдануынан сақталынып қалынды. Бiрде– бiр шаруаның егiстiгiне шегiрткеден нұқсан келген жоқ.

Сарыағашта шегiртке “жыры” аяқталғанмен қазiргi күнде профилактикалық iс-шаралар қолға алынып жатыр.

АУДАН БАСШЫСЫНЫҢ ЕКI ТҰЖЫРЫМЫ:

Бiрiншiсi – халық табиғат апаты сияқты тағдырдың ауыр сынына бетпе-бет келгенде, бұл нарық заманы, сондықтан әркiм өз проблемасын өзi шешуi керек деп қол қусырып отырмағандығы. Зардап шеккен азаматтарын қамқорлық аясына алатын Президентi, Үкiметi бар елдiң келешегi жарқын болатынына деген ұлы сенiмнiң жүректе орнығуы.

Екiншiден, ел азаматтарының жүрегiндегi ұлттық намыстың мол екендiгiнiң, қиындықтар қажыта алмас асқақ ерiк-жiгерiнiң байқалуы.

АУДАННЫҢ IШКI САЯСАТЫ ТУРАЛЫ

Ауданда идеологиялық жұмыстар өте жақсы жолға қойылған. Бұл жұмыстарға iшкi саясат бөлiмi ұйытқы болып отыр. Ауданда қоғамдық-саяси, әлеуметтiк, мәдени, интелектуалдық жағдайларды еркiн талқылайтын “СӘТ” пiкiрталас клубы жұмыс iстейдi. Клубқа ауданның беделдi азаматтары, саяси партиялар, үкiметтiк емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдар және мәдени ұлттық орталықтардың өкiлдерi, төбе билер, ардагерлер және әйелдер кеңестерi, белсендi жастар мүшелiкке кiрген. Клуб мәжiлiстерi нарық, ұлтаралық қатынас, мемлекеттiк тiл, ана мен баланың әлеуметтiк жағдайы, сыбайлас жемқорлық, денсаулық мәселелерiн талқылаған. Нарық мәселесiн талқылау барысында базарлардағы азық-түлiктiң бағасының тұрақталуына, төмендеуiне шаралар қолданылып, ол өз нәтижесiн бердi.

Мемлекеттiк тiлдiң қолдануына, ана мен бала өлiмiнiң алдын алу шаралалары жөнiнде нақты ұсыныстар бердi. Клуб өз мәжiлiстерiнде өзектi мәселелердi көтерiп, ауданның әлеметтiк – экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосты.

ШЕКАРА АЙМАҒЫНДА ӘЛЕУМЕТТIК МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШIМIН ТАПҚАН

Сарыағаш ауданы Өзбекстанмен шектесiп жатқанын бәрiмiз бiлемiз. Шекара аймағында әлеуметтiк мәселелер шешiмiн тауып жатқаны бiздi қуантты. Бұл аймақта елдi мекендерге жол салынып газ, жарық берiлген . Ұңғымалар арқылы су тартылып, су құбырлары жүргiзiлген. Мектеп құрылыстары аяқталған. Шекара аймағында штаб құрылып, контрабандамен күрес табанды түрде жүргiзiлуде.

ЖЕКЕ БАСТЫҢ ПРОБЛЕМАСЫ ҚОЗҒАЛМАПТЫ

Өткен айдың iшiнде аудан әкiмi барлық елдi мекендерде есеп берген. Бұрындары мұндай жиындарда жеке бастың мәселесi көп айтылатын. Бұл жолы тұрғындар аудан әкiмiмен кездесуде үлкен маңызды мәселелердi қозғап жатты. Ол елдiң ортақ мәселесi – ауыз су, ағын су, газ, жол, жылу, бiлiм ошақтары мен медицина құрылыстарына қатысты мәселелер болды.

САРЫАҒАШ – ҚАЗАҚТЫҢ БЕТ-БЕЙНЕСI

Оңтүстiктiң қақпасы саналатын Сарыағаш ауданы өзге елдiң алты ауданымен шектесiп жатыр.

Шекаралық аумақтың түйткiлi де, тiрлiгi де таусылмайды. Тәуелсiздiктiң көк туы желбiреп әркiм өз жерiн,өз елiн қымтап жатқанда өмiрi қоршау көрмеген ауыларасына шекара қадалары қағылды. Тойы ортақ, қойы қоралас жатқан жұрт бұған жатырқай қарады. Қай ауыл қай елге жақын болса соның жарық, жылу көзiн жалғап, арық-атыздан суын iшiп үйренген тұрғындарға бiр күнде бәрiнен айрылу ойландырарлық жағдай едi.

Ауданда демаркация шаралары аяқталған шақта қараңғыда қалған елдi мекендер болды. Тас жол түгiлi топырақ жолға қарап қалған кез әлi ұмытылған жоқ. Бұрын пайдаланып келiнген көгiлдiр отынның құбырлары өзге елдiң құзыретiне жататындықтан қиылды. Бұл жай мемлекеттiк деңгейде шешiлетiн болғандықтан республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлiнiп, өзге ел өтiндегi ауылдардың әлеуметтiк мәселелерi шешiлдi. Аз уақыттың iшiнде шекара аумағына жақын орналасқан елдi мекендердi электрлендiру, газдандыру, жол салу iсi қолға алынды. Соның арқасында ауданға қарасты Қызылсарқырама, Достық, Ақжол, Штаб канал т. б алақандай ауылдарға жарық беру бағаналары тұрғызылып, көгiлдiр отын көзi жеткiзiлдi. Тақтайдай жолдар төселдi, ауыз су жеткiзiлдi.

Ауыз су демекшi, Сарыағаш шипалы суға бай болғанымен таза суға деген қажеттiлiгi өтелмеген аймақ. Жерасты байлығы адам ағзасына қаншалықты дәрежеде пайдалы десек те оны үнемi тұтыну керi әсерiн бередi екен. Ендiгi әрекет күнделiктi тұтынуға лайықты су жеткiзу. Қазiр аудан орталығында толығымен ауыз су құбыры тартылған. Елдi мекендерде бұл шаралар атқарылуда. Ағын суы бар, бiрақ тұтынуға жарамсыз айдын көздерiне “Омега” су тазартқышын орнату қолға алынуда. Өткен жыл осындай қондырғы 4 елдi мекенге орнатылса,биыл ол тағы 10 жерге қойылады деп жоспарлануда.

Қазақтың дәстүрлi табыс табу көзi – мал ұстап, егiншiлiкпен айналысу. Жинақталған деректерге қарағанда, осында жасайтын әрбiр екiншi отбасы төрт түлiк өрбiтiп, көкөнiс өсiруге бiлек сыбана кiрiскен. Бұрын базарларда көршi елдiң диқандары өсiрген өнiмдер саудаланса, қазiр кедендiк шаралар талабы күшейтiлiп, жергiлiктi диқандарға өз сауда орындарында өнiмiн сатуға мүмкiндiк жасалған.

Қашанда жаңа бастама, тың ұсыныс жасауға бейiл Ұласбек Сәдiбеков жұртшылықты жақсы iске жұмылдыруда өзгеше үрдiсi бар әкiм. Ауданда қордаланған мәселелердi ауыл ағаларымен, елге сыйлы азаматтармен ой бөлiсiп отыру мақсатында “Сәт” пiкiрсайыс отауын ашты. Онда әр тоқсан сайын басқосу өткiзiлiп түйткiлдi түйiндер тiнi тарқатылып отырады. Бұл өз кезегiнде ауыл арасындағы әлеуметтiк сырқаттардың алдын алуға бағытталған шара. Тәлiм-тәрбие, жастар арасындағы терiс әрекеттiң алдын алу iсi iспеттес.

Қазақтың санын көбейтiп отырған да осы өңiр. Республикада дүниеге келген әрбiр төртiншi сәби оңтүстiкте тiркелiп отыр. Бiр Сарыағаштың өзiнде тышқан жылы 10000-ға жуық нәресте өмiрге келдi. Бұл соңғы он жылда болмаған демографиялық дүмпу. Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша салынып жатқан мектептер саны-4, отбасылық дәрiгерлiк емхана -4. Денсаулық сақтау саласына көңiл бөлiне бастады. Ауылдық емханаларға 9 жедел жәрдем автокөлiгi алынып, фиброскопиялық, рентген қондырғылары орнатылды.

Аудан әкiмi Ұласбек Сәдiбеков өнерге жақын адам. Креслода отырып “шенеунiкпiн” деп шiренбей мәдени саланың ахуалын жақсарту үшiн жанын салады. Сондай ағалық ,адами қамқорлықты сезiнген бiр топ өнерпаздар республика деңгейiндегi бәйгелерден бос қайтқан емес. Айтыскер ақынымыз Жарқынбек Науша Өбеков 3 рет республикалық аламан айтыстарда бас жүлденi жеңiп алса, аудандық мәдениет бөлiмiнiң әншiсi Глафира Богатова “Жас қанат” республикалық әншiлер байқауының дипломанты атанды. Аудандық мәдениет ошағының жанынан құрылған драмалық үйiрме М. Мақатаевтың “Қош, махаббат!” пьесасын қойып “Халық театры” атағын алды және “Саялы Сарыағаш” ұлт-аспаптар ансамблi “Халықтық” деген жоғары атаққа ие болды.

Ауылына қарап азаматын таны деген. Сырт көздiң сарабында тұрған Сарыағашты экономикасы дамыған, әлеуетi жоғары ауданға айналдыру жолында аудан әкiмi Ұласбек Сәдiбековтен бастап барша тұрғындар атсалысуда. Оңтүстiктiң қақпасы саналатын өңiр исi қазақтың намысы жолында тер төге бередi.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ