Жаңалықтар

«КYРIШ» ПЕН «КYРМЕК»

ашық дереккөзі

«КYРIШ» ПЕН «КYРМЕК»

Сан тексеруден шаршайтын шағын және орта кәсiпкерлiк жазға дейiн жеңiл тыныстамақ: Үкiмет мемлекеттiк тексерулерге 5 айлық мораторий жариялады. Ал былтырғы 1 жылдық мораторий барысында заң бұзушы – жалған компаниялар кесiрiнен мемлекеттiк бюджетке миллиардтаған теңге көлемiнде шығын келген.

Сейсенбiдегi үкiметтiк отырыста үстiмiздегi жылдың 17 ақпаны мен 1 шiлдесi аралығында отандық шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеруге мораторий жарияланды. Алайда, бұл жеңiлдiк салық төлеушiлердiң өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн салықтық тексерулерге қатысты емес. Сонымен қатар қылмыстық астары бар заң бұзушылықтардың, қоғамдық тәртiп, адам құқығы мен теңдiгiн шектейтiн қылмыстардың алдын алуға, санитарлық-эпидемиологиялық игiлiгi туралы заңнамалық құжаттарға, ветеринария саласына, Алматы мен Астана маңы мен облыстық маңызға ие қалалардың төңiрегiндегi жерлер мәселесiн шешуге бағытталған тексерулер де үкiметтiк жеңiлдiктер қатарында жоқ.

“Мораторий әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен туындаған уақытша қиындықтарды шешу мақсатында қабылданды” деп мәлiмдеген Үкiмет кәсiпкерлiктiң жұмысын жақсартуды көздеп отыр. Негiзi мұндай жеңiлдiктер былтыр қарастырылған едi. Билiк дәрi-дәрмек пен азық-түлiк бизнесiнен басқа кәсiпкерлiк өкiлдерiн сануалуан тексеруден құтқарған. Бiрақ “қазаннан қақпақ кетсенiң” керiн келтiрген кейбiр отандас жеңiлдiк бекiтiлген мерзiм iшiнде түрлi заң бұзушылықтарға жол берiп, мемлекеттiк мораторийдiң қызығын уақытша болса да, пайдаланып қалған көрiнедi. Мысалы, жыл басында тұсаукесер рәсiмiн жасап, жыл соңында “банкротқа” ұшыраған мекемелер бар. Салық комитетiнiң деректерiне сүйенсек, 2008 жылы жалған мекемелердiң кесiрiнен мемлекетке 54 млрд. теңге түспей қалған. Бұл бюджетке келген шығынның 63 пайыздан астамына тең. Ал Экономикалық және жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес жөнiндегi агенттiк таратқан мәлiметтерде былтыр тiркелген 360 қылмыс салдарынан 89,1 млрд. теңге көлемiнде материалдық тұрғыда шығын келген.

Кейбiр кәсiпкерлер пiкiрiнше, азаматтардың заңды бұзуына, салық төлеуден жалтаруына заңның қатаңдығы кiнәлi. Ал олардың кесiрiнен адал еңбек етуге тырысатын кәсiпкерлерге келетiн шығын да шаш-етектен. Тәуелсiз кәсiпкерлер ассоциациясының мүшелерi салық комитетiнiң кейбiр әрекеттерiне наразы. Олардың айтуынша, аталған мемлекеттiк мекеме қызмет етудi және есеп берудi тоқтатқан кез келген кәсiпорынды жалған компания деп тауып сотқа шағым түсiретiн көрiнедi. Аты да, заты да жоқ кәсiпорынның қызметкерлерi сотқа жауап беруге келмейтiнi белгiлi. Осы себептi, сот шешiмдi сырттай шығарады. Ал айыпты деп табылған кәсiпорынмен кезiнде серiктестiк қатынаста болған компаниялардың барлығы салық төлеу мәселесiнде борышкер боп шыға келедi.

Дамыған мемлекеттерде қайырымдылық шараларымен айналысатын iрiлi-ұсақты кәсiпкерлерге мемлекеттiк деңгейде түрлi жеңiлдiктер қарастырылған. Әсiресе, салық төлеу мәселесiнде. Бiздiң заңның солқылдақтығы сол, қайырымдылық шараларына бағытталған соманың өзiне салық салынады. Өйткенi, Қазақстанда қоғамдық шараларға арналатын қаражаттың тек 3 пайызы ғана салық салынбайтын кiрiстер қатарында. Сейсенбi күнi отандық шағын және орта кәсiпкерлiктi мезi ететiн сан тексеруге мораторий жариялаған Үкiмет кез келген жеңiлдiктi жеке бастың пайдасына шешуге тырысатындарға есе жiберiп алмауды көздейдi. Өткен аптада құрылған арнайы жұмыс тобының құрамында депутаттармен бiрге Бас прокуратура, Жоғарғы сот, кәсiпкерлiк қауымдастық, қаржы министрлiгiнiң өкiлдерi кiрдi. Ал арнайы ұйымдастырылған дөңгелек үстелде салық төлеуден саналы түрде жалтарғандарды қалай жазалау керектiгi талқыға салынды. Осының нәтижесiнде, ғұмыры бiр-екi күнге созылған жалған мекемелердiң басшыларын екi жылға дейiн бас бостандығынан айыру туралы келiсiмге келдi. Әрине, бұл мерзiм шартты түрде. Қосымша жаза ретiнде заң бұзғандарға келтiрген шығын көлемiнде айыппұл салынады. Кейiнгi кездерi отандық БАҚ, әсiресе, телеарналар салық төлеудiң маңызы мен мiндетi жайлы жарнаманы жиi беретiн болған. Бұл отандастарымыздың салықтық заңнамаларға қатысты сауатын ашу әрi азаматтардың жауапкершiлiгiн сезiндiрудi көздейтiнi айқын. Сондықтан салыққа қатысты заңнаманың жария, ашық, әдiл әрi кәсiпкерлердiң қарым-қабiлетiне сай болуы тиiс.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ