Жаңалықтар

10 ОҚУШЫ СЕРТИФИКАТ АЛДЫ

ашық дереккөзі

10 ОҚУШЫ СЕРТИФИКАТ АЛДЫ

Өскелең ұрпақ, жастардың әлеуметтiк және тұрмыстық жағдайына зор көңiл бөлiп, қамқорлық жасап отыру керектiгiн күн тәртiбiне өткiр қойған елiмiздiң Президентi Н.Ә.Назарбаев бұл мәселеге бiлiм саласы басшылығының назарын аударып қоймай, оның жай-жапсарын тұрақты бiлiп отыру үшiн тиiстi ведомстволық органдарға талап пен сұранысты да күшейте түскенi белгiлi. “Балаларымды қайтсем оқытам” деп жүрген кейбiр ата-аналар баласының оқуының төлемақысын өтеу үшiн базар жағалап, қам-қаракет үстiнде.

Бiрыңғай ұлттық тестiден 80-90, тiптi одан да көбiрек балл жинағанның өзiнде кейбiр жастар жоғары оқу орнына мемлекеттiк грантпен оқуға өте алмай жататынын көрiп те, естiп те жүрмiз. Себебi сол жастың өзi таңдаған мамандығына өту балы одан да жоғары болады. Ал осы жинаған балымен басқа мамандыққа грантқа өтуге мүмкiндiк жоқ. Өйткенi, тест тапсырғанда таңдаған пәндерi, оның iшiнде оқитын кәсiби пәнi сәйкес келмейдi. Сондықтан да жас өрен таңдаған мамандығына ақылы негiзде оқуына мәжбүр болады. Оған төлейтiн қаржы табылып тұрса жақсы, ал табылмаса ше! Жастың амалы құрып, тұйыққа тiреледi. Сырттай оқуға көшедi. Басқа оқу орындарына ауысады.

Балалар үйлерiнде тәрбиеленген панасыз жетiм, мүгедек немесе әлеуметтiк-тұрмыс жағдайы төмен отбасыларындағы жастардың мәселесi бұдан да күрделi. Олар да мектеп табалдырығынан соң оқып, жоғары бiлiм алғысы келедi. Осы тұста Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетiнде осындай жастарға тұрақты қамқорлық жасалып келедi. Олар жатақханамен қамтамасыз етiледi, киiм-кешек алуына, күнделiктi тамақтануына қаржы бөлiнедi. Жақсы, үздiк оқитын жастар ақылы негiзден университеттiң бекiткен Ережесiне сәйкес грантқа ауысып жатыр. Демеушiлер табылып жатса, тек қолдап отырады. Демеушiлер демекшi, өткен сенбi күнi Көшбасшылар Халықаралық орталығы жанындағы “Көшбасшылар бағдарламасы – 26” бастамашы тобының ұйымдастыруымен Алматы қаласы Әкiмдiгiнiң Бiлiм департаментi, Ұлттық тестiлеу орталығының Алматы филиалы, Жастар саясатын дамыту Мемлекеттiк қоры, Қазақстанның Жастар медиа-одағы, “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының Алматыдағы филиалы қолдап, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетiнде Алматы қаласы мектептерiнде оқитын жетiм балалар, соған теңестiрiлген жастар, жағдайы төмен отбасыларынан шыққан мектеп бiтiрушi 70-тен астам оқушы бала “Көшбасшылар ұрпағы” 1-шi Конкурс-Олимпиадасына қатысып, ҰБТ технологиясы бойынша тест тапсырды. Ондағы басты мақсат – болашағынан үмiт күттiрген талантты да талапты жастарды анықтап, республикамыздың жоғары оқу орындарында ақысыз негiзде оқуына мүмкiндiк жасау. Елбасының республиканы дамыту Стратегиясында, халыққа Жолдауларында айтылып өткендей, елiмiздiң әрбiр азаматы тиiстi жоғары бiлiм алып, мамандықты игергеннен кейiн кез келген елде сұранысқа ие маман болып шығуы қажет. Қазiргi бiлiм жүйесiндегi оңды өзгерiстер мен қол жеткiзiлiп жатқан барлық табыстар деңгейiнiң басты мақсат-мүддесi — жастарға сапалы бiлiм беруге бағытталып отыр. Ал, мына өткiзiлген игi шара да осынау талаптың тармақтарымен тығыз ұштастырылғаны кәмiл. Олай дейтiнiмiз, оқу-бiлiм алуға қабылеттi әрбiр талапты жас назардан сырт қалмауы, өмiрдiң талқысынан шетке шығып, адаспауы тиiс.

Университет жастардың тест тапсыруын жоғары талап деңгейiнде ұйымдастыра бiлдi. Тәртiп сақтау қатаң қадағаланды. 91 және 85 балл жинаған Алматыдағы М.Дулатов атындағы №136 орта мектептiң 11-сынып оқушысы Мөлдiр Тайтазарова мен №90 физика-математика лицейiнен Сергей Постольскийге грант сертификаттары табыс етiлдi. Сол секiлдi Әдiл Хасанов, Айнұр Сванбаева, Лейла Нұрсапина, Владимир Низамутдинов, Әйгерiм Бекназарова, Жаңылар Қалиханқызы, Жандос Пiрiмбетов, Мәрия Әбдiраимоваға, барлығы 10 адамға Алматы Гуманитарлық техникалық университетiне (1 грант), Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетiне (3 грант), Халықаралық Бизнес академиясына (1 грант), “Қайнар” университетiне (2 грант) және Қазақ Еңбек және әлеуметтiк қатынастар академиясына (1 грант) аталмыш оқу орындары ректорларының қолы қойылған сертификаттар берiлдi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ