АУFАНСТАН: 1979-1989
АУFАНСТАН: 1979-1989
Үстiмiздегi жылдың 15 ақпанында совет әскерiнiң Ауғанстаннан шығарылғанына 20 жыл толады
Өткен ХХ ғасырдың есте қалар тағы бiр қасiреттi кезеңi – Ауған соғысы. Оның шығу себебi туралы күнi бүгiнге дейiн талай-талай болжамдар айтылды. Бiрақ әлi толық шындығына жеткен ешкiм жоқ. Тек Ауған соғысы тарихтың қара таңбасы болып қалды. Бұл жарияланбаған соғыс осы күнге дейiн белгiсiз соғысқа айналып отыр.
Ауған соғысы 9 жыл, 1 ай, 19 күнге созылды. Кеңестер Одағына алып келген зардабы мен шығыны қаншама. Ауғанстанға кiргiзiлген 500 мың әскердiң 49985-сi әртүрлi деңгейде жарақаттанған, 6669 жұмысқа жарамсыз мүгедек, 13833 жауынгер шайқаста мәңгiлiкке көз жұмды, 312 солдат мүлдем хабар-ошарсыз жоғалды, 18-i басқа елдерге кетуге мәжбүр болған. Бұл соғысқа Қазақстаннан 22269 солдат қатыстырылды. Соның 924-i ұрыста бақилық болып, 1015 жауынгер ауыр және жеңiл жарақаттанған. Хабар-ошарсыз кеткен 21 жiгiттiң тағдыры әлi күнге белгiсiз. Өмiрде бар ма, жоқ па? Бар болса, қайда жүр?.. Ал ауғандықтар жағынан шығынға келер болсақ сол соғысты зерттеушi американдық профессор М.Крамердiң дерегi мынау; “Тоғыз жылғы соғыс барысында шейiт және мүгедек болған ауғандықтар саны 2,5 миллионға жуық. Бұлардың көбiсi бейбiт тұрғындар. Бiрнеше миллион ауғандықтар босқындар санатында. Солардың көбi елiн тастап кетуге мәжбүр болды”. Мiне, ауған соғысының елге әкелген зардабы. Орасан зор адам шығыны. Әскер қатарына он екi мүшесiн сау етiп берген аналардың көбiсi ұлдарын жарымжан күйiнде қабылдады. Ал қаншасы елге жеткiзiлген баласының мәйiтiн құшып, боздап қалды десеңшi. Оның үстiне экономикалық шығын шашетектен. Кабул үкiметiн ұстап тұру үшiн СССР бюджетiнен жыл сайын 800 миллион АҚШ доллары жұмсалса, әскери ұрыстар жүргiзiп жатқан 40-шы армияға жыл сайын 3 миллиардқа жуық АҚШ доллары жұмсалды. Бұл экономиканың тұралауына, халықтың тұрмыс жағдайын төмендетуге алып келдi. Жалпы Ауған соғысы халықаралық саяси мәселелердi әскер күшiмен шешудiң тиiмдi тәсiл емес екенiн көрсетiп бердi. Сонымен Ауғанстанға совет әскерi қалай кiргiзiлiп, қалай шығарылды? 1965 жылдың 1 қаңтарында Кабул қаласында Ауғанстан халықтық-демократиялық партиясының (АХДП) құрылтайы болып, бас хатшылық қызметке жазушы-журналист Нұр-Мұхаммед Тараки сайланды. Ал оның орынбасарлығына армия генералының баласы Бабрак Кармаль тағайындалған. Алайда бiр жылдан соң партия екiге бөлiндi. “Халық” деп аталатын бөлiгiн Тараки басқарды да, “Парчам” бөлiгiне Кармаль жетекшiлiк еттi. 1973 жылы елдi басқарып отырған король Захир-шахты өзiнiң жақын туысы М.Дауд билiктен шеттеттi. Ол Ауғанстанды республика деп жариялады. Бiрақ оның жасаған реформалары халықтың өмiрiн жақсарта алмаған едi. Ауғанстандағы өзгерiстердi Советтер Одағының басшылары әрдайым қадағалап, бақылап отырды. КПСС ОК Саяси Бюросы жанынан СССР Сыртқы iстер министрi А.Громыко төрағалық ететiн арнайы комиссия құрылып, Ауғанстан басты назарда ұсталынды. 1978 жылы 5 желтоқсанда СССР мен АДР арасында өзара достық, тату көршiлiк және сауда-саттық қарым-қатынасы жөнiнде келiсiм-шарт жасасқан. Дегенмен Ауғанстандағы жағдай ай сайын нашарлай түстi. Гераттағы жаяу әскер дивизиясында iрi наразылық толқуы болып, ел iшiндегi ахуал бұрынғыдан бетер ушықты. 1979 жылы 18 наурызда Ауғанстан бойынша комиссия мүшелерi жиналып, Ауғанстан демократиялық республикасына Совет Армиясы бөлiмдерiн кiргiзу жөнiндегi Таракидiң жиырмадан астам өтiнiшiн талқылады. Сол жылдың 20 наурызында Н.Таракидiң өзi Мәскеуге келген. Ол СССР Министрлер Советiнiң төрағасы А.Н.Косыгинмен кездесiп, ел iшiндегi жағдайға Совет Одағының араласуын өтiндi. “Мен сiздердiң танкiлер мен ұшақтарға ауған таңбасын жабыстыруды ұсынамын. Сонда оларды ешкiм де бiлмей қалады. Сiздердiң әскерлерiңiз Кабул жағынан және Кушкi жағынан кiргенi жөн”. Бiрақ Косыгин оның бұл ұсынысына қарсы болды. “Сiз бұл мәселеге жеңiл қарап отырсыз. Бұл өте күрделi саяси, халықаралық мәселе. Дегенмен бiз мұны өз iшiмiзде әлi де ақылдасып, сiздерге жауабын беремiз”. Ауғанстанның Жалалабад қаласында тағы да үкiметке қарсы астыртын әрекет жасалынды. Ауғанстан үкiметi СССР-ден көмек сұраумен болды. М.Даудтың үкiметi сәуiр айының басында АХДП жетекшiлерiн тұтқындады. Бұл 17 сәуiр күнi қастандықпен өлтiрiлген партия белсендiсiн жерлеуден кейiнгi жаппай наразылық манифестациясы кезiнде болған едi. Ал 27 сәуiрде партия мүшелерi Абдул Кадыр мен Аслам Ватанджар бастаған офицерлер тобы Ауғанстан билiгiн күшпен ауыстырды. Атыс кезiнде Дауд қаза болды. Сол күнi кешке Кадыр мен Ватанджар елге радиодан “Сәуiр төңкерiсi” болғанын хабарлап, қаладағы түрмеден партия жетекшiлерi Н.Тараки мен Б.Кармаль және өзге де мүшелерiн босатқан. Артынша елдi Ауғанстан Демократиялық Республикасы деп жариялайды. Мемлекет бастығы және Премьер-министрi болып Н.Тараки, оның орынбасары Б.Кармаль тағайындалады. Сондай-ақ Х.Амин Премьердiң бiрiншi орынбасары әрi Сыртқы iстер министрi қызметiне бекiтiлген. Совет Одағы 1978 жылы 30 сәуiрде Ауғанстан Демократиялық Республикасын арнайы түрде мойындады. Бiрақ ауған халқы түгелiмен жаңа үкiметтi қолдаған жоқ. Ауғанстан Ұлттық қорғаныс министрi полковник Абдул Кадыр сондағы Совет үкiметiнiң әскери кеңесшiсi, генерал-лейтенант Л.Н.Гореловпен мамыр айының басында кездесiп, өз қаупiн ашып айтты. “Сәуiр төңкерiсiнiң” жаулары бастарын көтерiп, қарсы әрекеттер жасауда. Қазiр тұтқындалғандар саны он мыңнан асып кеттi. Түрмелер лық толды”. Ауғанстандағы Азамат соғысы осылай басталған едi. Үкiмет Совет Одағынан әскери көмек сұрауға тағы да мәжбүр болды. Пактия провинциясында, Кабулде, 26-шы ауған десантшылар полкiнде бүлiкшiлер тобының қарсы әрекеттерi күшейе түстi. Әсiресе басшылықтағы партия мүшелерiнiң өзара тартыс таласы белең алған. Бiрiн бiрi аңдып, бiрiн бiрi төңкерiс жауы санауы күтпеген оғаш iстерге апарды. Партияның “халықшылдары” мен “парчамистерi” арасында қуғын-сүргiн орын алды. Қорғаныс министрi А.Кадыр астыртын әрекетке барған деген айыппен қамалды. Үкiмет әскерi мен оппозиция бөлiмдерi арасында қарулы қақтығыстар күн өткен сайын жиiлей бердi. Тiптен жағдай Н.Таракидiң бақылауынан шығып кеттi. Ол Мәскеуге ұрын түрде барып келген соң 11 қыркүйек күнi Кабулде: “Партия iшiн кеселдi аурудан тазартамыз”, – деп мәлiмдеме жасады. Осыған қарағанда оның Мәскеуден бiраз кеңестер алғаны анық. Н.Таракидiң сенiмiне әбден кiрiп алған Х.Амин АХДП ОК Саяси бюросына мүше болып, жымысқы тәсiлмен билiктi ақырындап өз қолына ала бастайды. Ол толық билiкке жету үшiн 13 қыркүйекте Қауiпсiздiк министрiн, Iшкi iстер министрiн, Байланыс пен шекара бойынша министрiн қызметтен босаттырған. Бұл Н.Таракидiң ашуын келтiрдi. Совет өкiлiнiң талап етуiмен Н.Тараки 14 қыркүйек күнi Х.Аминдi кездесуге шақырды. Кездесуге СССР елшiсi мен советтiк әскер басшылары қатысатынын ескерттi. Бiрақ кездесудiң сәтi түспедi. Х.Амин мен оны алып жүретiн жан Н.Таракидiң резиденциясына келгенде қарауылдар тарапынан арандату әрекеттерi орын алып, атыс барысында адъютант Тарун оққа ұшады. Ал келесi күнi 15 қыркүйекте осы бiр жайсыз оқиғаға байланысты АХДП ОК пленумы болып, Н.Тараки қызметiнен босатылып, әуелi үй қамақта ұсталып, содан соң түрмеге жабылады. АХДП ОК Бас хатшысы әрi Премьер-министр болып Хафизулла Амин сайланып, елдегi билiктi толық өз қолына алған. Ол басты қарсыласынан мүлдем құтылу үшiн 1979 жылдың 8 қазанында Н.Таракидi камерада тұншықтырып өлтiртедi де, радиодан “Н.Тараки ұзаққа созылған жүрек ауруынан қайтыс болды” деп хабар таратып жiбередi. Аминнiң билiкке келуi ел iшiнiң жағдайын жақсарта қойған жоқ. Қайта бұрынғыдан да асқындырып жiбердi. Жаппай қуғын-сүргiн басталып, армиядан тәртiп кеттi. Ал Х.Аминнiң өзi Совет әскерiн кiргiзу жөнiнде өтiнiшiн Мәскеуге жiберiп жатты. Ол сол жылдың 3 қазанында Совет әскери кеңесшiсi генерал-полковник С.К.Магометовпен кездескен. “Сiздер АДР тапсыз қоғам орнату жолында екенiн жақсы бiлесiздер ғой. Бiзге марксизм-ленинизм идеологиясы ортақ емес пе. Бiздiң мақсатымыз Ауғанстанда социализм орнату”. Х.Амин өз билiгiн қалайда сақтап қалу үшiн бәрiне баратынын ашып айтты. Партияның сергек ойлы өкiлдерi Совет жағына Аминнiң жеке диктаттық билiгi ұлттық патриоттар мен прогрессивтi күштердi қырып-жоюға апара жатқанын әрдайым ескертiп отырған. Ол негiзiнен елдегi өзбектерге, тәжiктерге, түркiмендерге тiзесiн көбiрек батырса керек. Дегенмен, Таракидiң түбiне жеткен қастандықтан соң Совет үкiметiнiң оған күдiгi күшейе түстi. Сонда да генерал-лейтенант И.Ф.Рябченко бастаған офицерлер тобы құпия түрде Ауғанстанға аттандырылды. “Бiз астананың негiзгi нысандарын қарап шықтық. Кабул, Баграм және Кандагар аэродромын көрдiк. Негiзгi тапсырмамыз жан-жақты танысып, әскер кiрген жағдайда негiзгi нысандарды басып алу жолдарын қарастыру болды”. Жетпiсiншi жылдардың соңында Советтер Одағы мен Америка арасындағы шиеленiстi бәсеңдету процесiнiң даму барысы тұйыққа тiрелген. Дж.Картер әкiмшiлiгi “ОСВ-2” келiсiм-шартын бекiтудi белгiсiз уақытқа дейiн кейiнге шегеру жөнiнде бiржақты шешiм қабылдады. Бұл Советтер Одағында американдықтардың әскери-саяси бағытын күрт өзгерту көрсеткiшi деп бағаланды. НАТО-ға мүше елдер ХХ ғасырдың соңына дейiн әскери бюджетiн көбейту туралы мәселе қарап, Еуропадағы Америка зымырандарын Орал тауларына дейiн жететiн жағдайға келтiрген. Бұл бiр. Екiншi, Ирандағы шах билiгi жойылып, орнына Аятолла Хомеинй бастаған ислам үкiметiнiң келуi және жаңа билiктiң АҚШ-ты жау санап елдегi барлық өкiлдерiн қууы, Совет елi басшыларын тыңнан ойлануға мәжбүр еттi. Оның да екi себебi бар. Әуелгiсi-Иранға орныққан ислам мемлекетi уақыт өте келе Советтер Одағының оңтүстiгiндегi ислам дiнiн тұтынатын республикалар арасына жiк салады деген қауiп те, соңғысы-Иранды ықпалынан шығарып алған Америка Орта Азия құрлығында өз үстемдiгiн ұстап тұру үшiн Ауғанстанға жаңа әскери базасын орналастыруы мүмкiн деген тұжырымда болды. Қала бердi Советтер Одағы үшiн Ауғанстан Сiбiр мұнайын Парсы шығанағына шығарудың төте әрi қолайлы жолы едi. Сол үшiн де Ауғанстанның стратегиялық маңызы зор болатын. Ауғанстандағы 1978 жылы 27 сәуiрде болған “Сәуiр төңкерiсiн” кiм ұйымдастырған? Американың арнайы қызмет орындары бұл Кремльдiң iсi деп жариялады. Ал Советтiк ақпарат көздерi: “Брежнев төңкерiс туралы хабарды баспасөз арқылы бiлдi”, – деп жазып жатты. Кiмдiкi дұрыс, кiмдiкi бұрыс? Н.Тараки АДР-сы қоғамын Советтер Одағы үлгiсiмен қайта ұйымдастыруды қолға алған едi. Бiрақ сол ойын жүзеге асыруға Амин өмiрiн жеткiзбедi. Оның үстiне елдегi тайпалар ондай даму жолын қолдаған жоқ. Оппозиция олардың сол көңiл-күйлерiн өздерiне тиiмдi пайдаланып, өз қатарларын көбейте түстi. Пуштун тайпалары бас көтерiп, жағдай барған сайын шиеленiсiп, шекаралас елдерге өткен босқындар легi артты. Пакистанда құрылған қарулы топ Ауғанстанға қайта-қайта шабуылдап, 15 наурызда Герат қаласында үкiметке қарсы болған жаппай бүлiкшiлдiк бүкiл елдi дүрлiктiрдi. Ауғанстан үкiметi Советтер Одағы басшыларынан елге әскер кiргiзудi өтiнiп бақты. КПСС ОК Саяси Бюросы ауған үкiметiнiң өтiнiшiн 1979 жылы наурыздың 17 мен 19-на дейiн қарап, талқыға салған. Ең соңында Ауғанстанға әскери-техникалық және материалдық көмек көрсетуге бiрақ әскер кiргiзбеуге шешiм қабылдайды. Косыгин: “Бiз мұндай тәуекелге бара алмаймыз”, – дедi. Оның бұл сөзiн Андропов пен Громыко қолдады. Брежнев те келiскен. Алайда келесi айда-ақ АДР басшыларынан әскер кiргiзу жөнiндегi өтiнiш бұрынғыдан жиырма есе көп түскен. Сол жылдың қыркүйегiнде Амин Батыстың арнайы қызмет орындарының астыртын көмегiмен елдегi бар билiктi жеке өз қолына алады. Таракидiң көзiн жойған соң советтiк көңiл-күйдегi елу мыңнан астам саясаткер мен әскерилердi қырып жiберген. Ендi Совет басшылғының алдында не Ауғанстанды жоғалту, не әскер күшiмен мәселенi түбегейлi шешiп алу тұрды. Бұл кезде оппозиция күштерiнiң саны қырық мыңға жетiп, ел аумағының 92 пайызын өз бақылауында ұстап отырған едi. 1979 жылдың 8 желтоқсанында “кiшi Саяси Бюроның” мәжiлiсi болды. Ұзаққа созылған пiкiрталастан соң 70-80 мың солдаттан тұратын шағын контингенттi Ауғанстан халықтық-демократиялық республикасына кiргiзу жөнiнде шешiм қабылдайды. Саяси Бюро 10 желтоқсанда Бас штабтың бастығы Николай Огарковты шақырып, тағы да мәжiлiс өткiзген. Огарков 75 мың солдат тапсырылған мiндеттi орындай алмайды деп әскер кiргiзуге қарсы екенiн бiлдiредi. Сол кезде маршал Устинов орнынан қарғып тұрып, оны тұқыртып тастайды. “Сiз не, Саяси Бюроны оқытқыңыз келе ме? Сiзге тек бұйрықты орындау ғана берiлген”. Екi күннен соң яғни 12 желтоқсанда КПСС ОК Саяси Бюросы мына құрамда: Леонид Брежнев, Михаил Суслов, Юрий Андропов, Андрей Громыко, Дмитрий Устинов Ауғанстанға әскер кiргiзу жөнiнде шешiм қабылдайды. Саяси Бюро мүшелерiнiң бәрi қолдаған мәжiлiстiң хаттамасында тек А.Косыгиннiң қолы ғана қойылмаған екен. Андрей Громыконың естелiгiнен: “…Түптеп келгенде Ауғанстанға Совет әскерiнiң шектеулi контингентiн кiргiзетiн болып шешiм қабылдадық. Шешiм Саяси Бюро мүшелерi қатысқан ұжымдық мәжiлiсте қабылданды. Оның iшiнде мен де бармын. Мен қазiр де сол шешiмдi қате болды деп санамаймын. Бiз алдын ала Кабулде Советтер Одағына қарсы пиғылдағылардың жүйесi орнай ма деп қауiптендiк. Сондай-ақ, бiз “Сәуiр төңкерiсiнде” қол жеткiзген жеңiстерiн қорғап жатқан АХДП-ға көмек көрсетудi өзiмiздiң парызымыз деп бiлдiк. Партия басшылары бiзге 15 рет әскер кiргiзу жөнiнде өтiнiш жасады. Саяси Бюрода осы шешiм қабылдана салысымен Брежневтiң кабинетiне кiрiп мынаны айттым. – Бiздiң әскердi кiргiзу жөнiндегi шешiмдi мемлекеттiк жүйе бойынша қабылдауға болмас па екен? Брежнев бiрден жауап бермедi. Ол телефон тұтқасын көтердi. – Михаил Андреевич, маған келiп кетесiз бе? Ақылдасу қажет болып тұрғаны. Суслов келдi. Брежнев әлгiнде ғана мен айтқан ұсыныспен оны хабардар еттi. Өзi мынаны қосты. – Қалыптасқан жағдайға байланысты шешiмдi шұғыл қабылдау керек шығар. Не Ауғанстанның көмек туралы өтiнiш жасағанын елеусiз қалдыру керек те, не халықтық өкiметтi қорғап, совет-ауған келiсiм-шартына сәйкес әрекет ету керек. Суслов былай дедi. – Бiздiң Ауғанстанмен келiсiм-шартымыз бар. Бiз осылай шешкен екенбiз, оны сол бойынша тез орындауымыз қажет. Ал ОК-те кейiндеу талқылармыз. КПСС ОК 1980 жылғы маусым пленумы Саяси Бюро шешiмiн толық әрi бiр кiсiдей қолдады. Алғашқыда бiздiң әскер сырттан келген бандылардан жергiлiктi тұрғындарды қорғап, халықты азық-түлiкпен және аса қажеттi жанар-жағар майымен, маталармен, сабындармен т.б. да заттармен қамтамасыз етедi деп болжағанбыз. Бiздiң контингент санын көбейткiмiз келген жоқ, шынымды айтсам әскери қимылдарға бара қойғымыз да келген жоқ. Бiздiң әскер негiзiнен гарнизондарға бөлiнiп қалаларға орналастырылды”. КПСС басшылығы бұл мәселенi мемлекеттiк деңгейде қарауды қажет деп таппаған. А.Громыконың Ауғанстанға әскер кiргiзу шешiмiн СССР Жоғарғы Советiнде қолдатуы жөнiндегi ұсынысын Л.Брежнев қабылдатқызбай қойды. Ол мұны “интернационалдық көмек” деп жариялады. Осымен бәрi де бiттi. Ауғанстанға Совет әскерiн кiргiзу туралы шешiммен келiспейтiнiн бiлдiрген Саяси Бюродан, КПСС ОК-нен, одақтық республика басшыларынан бiр де бiр жан болмады. Бiр партиялық жүйеден бұдан басқа не күтуге болады? КПСС ОК сол пленумында Грузия компартиясы ОК бiрiншi хатшысы Э.А.Шеварднадзенiң астамшыл сөзi жұртқа есте қаларлықтай әсер еттi. “Совет Одағы мен оның басшылығы достарын тағдыр тәлкегiнде қалдырмайтынын және оның сөзi мен iсiнде алшақтық болмайтынын әлем жақсы бiледi. Леонид Ильич Брежневтiң фундаментальды еңбектерiн оқи отырып, iшкi және сыртқы саясаттағы баяндамаларын тыңдай келiп, оның титандық қайраткерлiгiнiң куәсi боласың. Партия және мемлекет басшылығында отырған кең эрудициялы, лениндiк принципшiл, революциялық батыл, жоғары гуманист, дипломатия iсiне өте шебер жанды көрiп, шын қуаныш пен мақтанышқа кенелесiң. Леонид Ильич Брежневтiң баяндамасында келтiрiлген ауған төңкерiсiнiң жетiстiктерiн сақтап әрi қорғауда, сондай-ақ бiздiң оңтүстiк шекарамыздың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудегi бiздiң партияның, Саяси Бюроның, Леонид Ильич Брежнев жолдастың сыртқы саясаттағы iстерiн барлық Совет халқымен бiрге Грузия еңбекшiлерi де қызу қолдайды”. Бұл жағымпаздықтың асқан үлгiсi. Ол қайта құру кезiнде өзiнiң осы сөздерiнен мүлдем бас тартып, керiсiнше Ауғанстанға әскер кiргiзуге қарсы болдым деп жүрдi Екiжүздiлiк деген осы емес пе? 1979 жылы 25 желтоқсанда Советтер Одағының 40-шы армиясы Өзбекстанның Термез қаласы тұсындағы шекарадан өтiп, Ауғанстанға кiрдi. Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң “Зенит”, “Гром” бөлiмдерi және “Мусбат” 27 желтоқсан күнi Кабулдегi Тадж-Бек сарайына шабуыл жасап басып алды. Ұрыс кезiнде Х.Амин қайтыс болды. Ал 28 желтоқсанда Кабулге 108-шi мотоатқыштар дивизиясы кiрiп, астананың аса маңызды нысандарын өздерiне қаратты. Бiрнеше күндерден соң-ақ Ауғанстан үкiметiнiң жаулары Герат және Кандагар секiлдi iрi қалаларды тастап, таулы жерлерге шегiнiп, партизандық соғыс тәсiлiне көштi. Аминның орнына Бабрак Кармаль отырды. Еуропаның бiрқатар елдерi мен АҚШ үкiметi Совет Одағының бұл әрекетiн “халықаралық террор” деп айыптап,1980 жылдың жазында Мәскеуде өтетiн олимпиадаға қатыспайтындықтарын жариялады. 1980 жылдың қаңтарында Нобель сыйлығының иегерi, академик Андрей Дмитриевич Сахаров Советтер Одағының Ауғанстанға әскер кiргiзгенiн ашық түрде айыптап, КПСС ОК Бас хатшысы Л.Брежневтiң атына және БҰҰ-на арнайы хат жазып, әскердi Ауғанстаннан шұғыл түрде шығаруды талап еттi. Оның бұл iсi Совет басшыларына ұнамады. СССР Жоғары Советiнiң Президиумы “А.Д.Сахаровты СССР мемлекеттiк наградаларынан айыру туралы жарлық” қабылдады және Мәскеуден әкiмшiлiк тәртiп бойынша әйелi Елена Боннэр екеуiн Горький қаласына жер аударды. Сол кезде Горький жабық қала болатын. Сахаровты жайғастырған пәтерде Мемлекеттiк Қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi жасырын тыңдау аппараттарын қойып, әр басқан қадамын аңдумен жүрдi. СССР Ғылым академиясының президентi А.П.Александров 1980 жылы 20 қазанда американдық әрiптесiмен пiкiр алысу кезiнде Сахаровты жүйке ауруына шалдыққан деп сендiрiп бақты. Сахаровтың балалары шетелге кетуге мәжбүр болды. Горькийде ол наразылық ретiнде үш рет аштық жариялады. Үшеуiнде де күшпен тамақтандырған. 1985 жылы КПСС ОК бас хатшысы болып М.С.Горбачев сайланып, қоғамға “қайта құру” мен “жариялылықты” алып келдi. Сахаров 1986 жылы Горбачевқа екi рет хат жазып, адамгершiлiк арын қорғап түрмеге жабылғандарды босаттыруды және өзiн оқшаулауды тыюды талап еттi. Сол жылдың желтоқсанында КПСС ОК Саяси бюросы Сахаровты айдаудан қайтару жөнiнде шешiм қабылдады. Горбачев оған телефон шалып: “Андрей Дмитриевич, ендi Мәскеуге оралуыңызға болады”, – деген. Ол рахмет айтудың орнына: “Михаил Сергеевич, түрмеде ар-ожданының тазалығы үшiн отырғандарды босаттырыңыз”, – дейдi. Брежневтiң басшылық кезеңiнде Ауғанстан мәселесi шешiлмедi. Содан соң билiк басына келген Андропов мен Черненконың дәуiрiнде де моджахедтер тiзе бүкпедi. Қайта Америка мен Англия секiлдi алпауыт елдердiң Пәкiстан арқылы жеткiзiлген қару-жарақтарына сүйенiп, партизандық қарсылықтарын үдете түстi. Кармальдың орнына тағайындалған Наджибулланың оларды ұлттық келiсiмге шақырғанынан да еш нәтиже шықпады. Екi жақтан да әскери шығын көбейе түстi. Советтер Одағы жыл сайын Ауғанстандағы әскери контингент санын үстемелеумен болды. Жарияланбаған соғыстың экономикалық шығыны Совет елiне орасан зор нұқсан келтiрдi. 1989 жылы сәуiрде А.Сахаров СССР халықтары депутаттарының 1 құрылтайына депутат болып сайланды. Ол 9 маусымда құрылтай депутаттары алдына шығып, сөз сөйледi. “…Мен Совет Армиясын қорлап сөз айтып тұрғаным жоқ. Мен Ұлы Отан соғысында бiздiң Отанымызды қорғаған Совет Армиясын және Совет жауынгерiн шын жүрегiммен құрметтеймiн. Ал бiрақ сөз Ауған соғысы туралы болған кезде, тағы айтайын, бұйрықты бұлжытпай орындаған Совет солдатына тiл тигiзуден мүлдем аулақпын. Айтпағым, тiптен бұл жайында емес. Сөз ауған соғысының Советтер жағынан қылмысты соғыс болғаны екенiнде. Жай қылмыс қана емес, авантюралық қылмыс дер едiм. (Сарай iшiн депутаттар наразылық ретiнде ысқырық пен қол шапалақтарына толтырды. Сахаров сөзiн доғармай қайта жалғады). …Бiздi осы орасан зор жауыздық қитұрқы қылмысқа тартқаны үшiн кiмдер жауап бередi? (Зал iшi айқай-шу. Сахаровтi мiнберден түсуiн талап етiп, ысқырып-қышқырып жатты. Сахаров сонда да сөзiн жалғады). …Бұл қылмыс миллионға жуық ауғандықтардың өмiрiн қиды. Бұл соғыс тұтас бiр елдiң халқын жер бетiнен жоқ қылып жiберу үшiн жүргiзiлдi. Миллионға жуық адам шейiт болды. Бұл бiздiң ар-намысымызға таңба салған өте ауыр күнә. Бiз осы масқараны қалайда өз бойымыздан жуып тастауымыз керек. Бұл жүгi ауыр масқара соғыстың жауапкершiлiгi халық пен Армияны жамылған бiздiң басшылықта жатыр. Бұл аса қорқынышты басқыншылық акт. Лукьянов: – Андрей Дмитриевич… Андрей Дмитриевич… Сахаров құлақ аспай сөзiн жалғады. – Дәп солай. Мен кезiнде Ауғанстанға Совет әскерiн кiргiзуге қарсылығымды бiлдiрiп сөз сөйлегенмiн. Сол үшiн Горькийге жер аударылдым. Басты себеп сонда болды. Дегенмен мен соны мақтаныш тұтамын. Мен Горькийге жер аударылғанымды өзiме берiлген награда деп мақтан етемiн. Лукьянов: – Андрей Дмитриевич… Сахаров тағы да құлақ аспады. – Менiң сiздерге айтпақ болған бiрiншi мәселе осы едi. Ал екiншiсi “Комсомольская правда” газетiне берген сұхбатым жайлы. Әуелгiде сұхбаттың тақырыбы басқа болатын. Алайда мен оны бүгiн тағы қайталаймын. Әңгiме-дүкен Пәкiстанда тұтқында отырған Совет жауынгерлерiн елге қайтару жөнiнде болды. Мен өз сөзiмдi бұл мәселенi жүзеге асырудың жалғыз жолы Совет жағынан Кабул үкiметi мен ауғандық партизандарды тiкелей келiссөзге шақыру. (Сарай iшi айқай-шуға, ысқырыққа толды. Сахаров сөзiн жалғады). …Бiзге қарсы соғысқан ауғандықтарды өз елiнiң тәуелсiздiгiн қорғады деп мойындау керек. Және бұл оларға өз Отанын қорғаушылар құқын бередi. Бұл күрделi мәселенi тек осылай ғана шешуге болады. Мен бұдан басқа да ақпараттарды шетел хабарларынан алып тұрамын. Менде атылғандар жөнiнде де шетел радиосы таратқан фактiлер жеткiлiктi. (Залды тағы да ысқырық басып кеттi). Мен қазiр де жаңа фактiлер алудамын. Мiне, әзiрге менiң айтайын дегенiм осы. (Ысқырық пен қол шапалақтары Сарай iшiн кернедi. Сахаров барынша дауыстап) …Мен Совет Армиясынан кешiрiм сұрамаймын. Өйткенi Совет солдатына тiл тигiзгенiм жоқ. Мен Совет әскерiн Ауғанстанға кiргiзуге қылмысты бұйрық бергендердi қараладым”. Сахаров түйiндi мәселенiң ақиқатын батыл айтты. Бiрақ коммунистiк идеологияның ықпалындағы депутаттардың оны түсiнгiсi келмедi. Өкiнiштi. Әйтсе де күн өткен сайын Ауғанстандағы әскер шығыны, елдегi экономикалық тоқырау мен iрi қалалардағы (Алматы, Баку,Тбилиси, Вильнюс Карабақ үшiн талас) наразылық толқулары, халықаралық айыптаулар Ауғанстандағы соғыстың тиiмсiздiгiн көрсетiп, Сахаровтың көрегендiгiн расқа шығарды. 1988 жылы 17 сәуiрде Швейцарияда БҰҰ төрағалық етуiмен Ауғанстан мен Пәкiстанның сыртқы iстер министрлерi Ауғанстандағы қақтығыстарды саяси реттеу жөнiнде Женева келiсiмiне қол қойды. Келiсiмнiң орындалуына СССР мен АҚШ кепiлдiк бердi. Советтер Одағы 15 мамырдан бастап 9 айдың iшiнде өзiнiң контингентiн Ауғанстаннан шығаруға мiндеттенсе, АҚШ пен Пәкiстан өз тараптарынан моджахедттердi қолдауын тоқтататын болды. Советтер Одағы сол келiсiмдi берiк ұстанды. 1989 жылдың 15 ақпанында Ауғанстандағы генерал-лейтенант Борис Громов басқарған 40-шы Армияны елден толық шығарды. Саясат жағдайға байланысты өзгерiп тұрады. 1991 жылдың қарашасында Мәскеу ауған оппозициясының Б.Раббани бастаған жетекшi тобын қабылдады. Келiссөз кезiнде Советтер жағы тұтқындарды қайтаруды алға қойды. Ал оппозиция Наджибулла әскерiне қару-жарақ беруiн тоқтатуды талап еттi. Екi жақ та шарттарын қабылдап, келiсiмге қол қойды. 1993 жылы наурызда Раббани билiк басына келiсiмен сөзiнде тұрып, өзiндегi совет тұтқындарын босатты. Ауған соғысында 200 мыңға жуық совет жауынгерi ордендер және медальдармен наградталды. 71 солдат пен офицер Совет Одағының Батыры атанды. Алайда сол батырлардың арасында соғыста ерлiктiң асқан үлгiсiн көрсеткен түркi ұлты өкiлдерiнен, сондай-ақ “Мусбаттан” ешкiм жоқ. Несiн айтасың, Советтер Одағында мұндай әлеуметтiк әдiлетсiздiк бұрын да, сол кезде де болды.Көлбай Адырбекұлы