Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТ ЖҮЙЕ ҚҰРАУШЫ БАНКТЕРДI БАҚЫЛАУЫНА АЛДЫ

ашық дереккөзі

МЕМЛЕКЕТ ЖҮЙЕ ҚҰРАУШЫ БАНКТЕРДI БАҚЫЛАУЫНА АЛДЫ

Өткен аптада, мемлекет, жүйе құраушы отандық екi банк: “ТұранӘлембанктiң” 78, 14 пайыз және “Альянсбанктiң” 76 пайыз акцияларын сатып алды. Дүйсенбiде өткен Үкiмет отырысында Қаржылық қадағалау агенттiгiнiң басшысы Елена Бахмутова “ТұранӘлембанктiң” өтiмдiлiк коэффициентi заңдылықтарын бұзғанын және қаржылық қауқары азайғанын ашық мәлiмдеп, оны мемлекет бақылауына алу туралы ұсыныс жасады. Осы ұсынысты ескере отырып, Үкiмет Ұлттық банк және Қаржылық қадағалау агенттiгiмен бiрлесiп, шұғыл шешiм шығарды. Шешiмге сәйкес, банктiң салымшылары мен несиегерлерiнiң мүддесiне және қолданыстағы заңның талаптарына қайшы әрекет еткен “ТұранӘлембанктiң” директорлар кеңесiнiң төрағасы М. Әбләзов пен басқарма төрағасының бiрiншi орынбасары Ж. Жәрiмбетов қызметтерiнен босатылды.

Атап айтарлығы, Үкiметтiң әрекетiн “мемлекеттiк рейдерлiк” деп атаған Мұхтар Әбләзов өзiнiң банк менеджментiндегi үлкен қателiктерiн жасыру жолымен саботаж ұйымдастырмақ болса да, онысынан түк шықпады. Сол күнi “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының директорлар кеңесiнiң отырысы болып, аталған екi банк акцияларын сатып алу жөнiнде тиiстi шешiм қабылданды.

Үкiмет неге мұндай стандартты емес әрекетке барып отыр? Бұл сауалға жауап бермес бұрын, “жүйе құраушы банктер” деген сөздiң түп-төркiнiн түсiнiп алған абзал. Мысалы, банк жүйесiн экономиканың қан айналатын ағзасы деп алсақ, онда жүйе құраушы банктер – соғып тұрған жүрегi деген сөз. Өткен жылы Үкiметпен өзара түсiнiстiк туралы келiсiмшартқа отырған төрт банк – Альянс банк, БТА банк, Халық банкi және Қазкоммерцбанк шикiзаттық емес сектордың 80 пайызға жуығын қаржыландырады. Шикiзаттық емес секторға – тау-кен өндiрiсi, мұнайхимия, металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салалар жатады. Бiр сөзбен айтқанда, Қазақстанның дәулетiнiң 90 пайызын осы салалар құрайды. Ендi көз алдымызға елестетiп көрелiкшi, осы алыптың жүрегi бiр күнi тоқтап қалса не болады? Бетiн аулақ қылсын, әрине. Ондай жағдайда қалыпты даму, стратегиялық мүдделердi былай қойғанда, әлемдегi бәсекеге қабiлеттi 50 елдiң тобына топ етiп қосыламыз деген жалғыз мүмкiндiгiмiздi де ұмытуға тура келедi. Сарапшылар мұндай келеңсiздiктi “рецессия” десе, түсiнiктi тiлмен “регрес” деуге болады. Шынында да индустриалдық елде өндiрiстiң жүрегi тоқтап қалатын болса, экономикалық және әлеуметтiк салалар ең алдымен құлдырайды. Экономика құрдымға кетсе, жаппай жұмыссыздық жайлап, кедейлiк белең алып, қоғамның билiкке қарсылығы күшейiп, түптiң түбiнде бұлардың барлығы ұлттық қауiпсiздiгiмiзге зор қауiп төндiредi.

“Сақтансаң сақтаймын” деген қанатты қағиданы ұстанған Үкiмет дағдарыстың, экономиканың нақты секторына дендеп енуiндегi кез келген мүмкiндiктiң алдын алу үшiн сақтық шараларын жүзеге асыруда. Әрине, Қазақстанның банк секторындағы тұрақты ахуалды қалт жiбермей бақылап отырған сарапшылар жағымсыз болжам жасауға әзiрше негiз жоқтығын мойындайды. Себебi, мемлекеттiң тиiмдi тұрақтандыру саясатының нәтижесiнде барлық банктер қаржылық дағдарыстың бiрiншi кезеңiнен аман өттi. Дегенмен, Үкiметтегi мәжiлiсте сөйлеген сөзiнде мемлекет басшысы атап айтқандай, ғаламдық дағдарыстың екiншi кезеңiнде жаңа қауiп-қатерлердiң пайда бола бастағаны рас. Оның үстiне, қамтыған ауқымы мен әсер ету деңгейi зор дағдарыс басқа дағдарыстарға ұқсамайтынын дәлелдеуде. Ал осындай қиын-қыстау кезеңде әлемдiк қауымдастыққа етене енген Қазақстанның аса сақтықпен iс-қимыл жасамауына болмайды. Қазақша айтқанда, Үкiметтiң қатаң да шұғыл шешiмi қажеттiлiктен туып отыр.

Нелiктен Үкiмет жүйе құраушы банктердiң iшiнен “ТұранӘлембанк” пен “Альянсбанктiң” бақылау пакеттерiн сатып алды? Себебi, осы банктердiң акционерлерi әртүрлi себептермен банктiң берiктiгiне кепiлдiк беретiн талаптарды орындамаған. Түсiнiктi тiлмен жеткiзер болсақ, қос банктiң мемлекет бақылауына өтуi ең алдымен, банкi жүйесiндегi тұрақтылықты және халықтың банкке деген сенiмiн арттыруға негiзделген. Екiншiден, жүйе құраушы банктiң әлсiреуiнен басқа банктерге зиян тимейдi, ал оларды бақылау елдiң экономикалық мүддесiн, ұлттық қауiпсiздiгiн және қазақстандықтардың ақшалай салымдарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Яғни, медицинаның тiлiмен айтқанда “ағзадағы айналатын қанды” тоқтатпау керек. Сонымен қатар, ел iшiндегi және шетелдегi банк инфрақұрылымы да сақталады. Өйткенi, бiр ғана “ТұранӘлембанкте” 7 мың адам жұмыс iстейдi. Оның отандық экономиканы несиелеу нарығындағы үлесi 26 пайыздан асады.

Аталған қос банктi мемлекет бақылауына алу Үкiметке аса маңызды екi нәтижеге жетуге жол ашады. Бiрiншiсi, отандық банк жүйесi залалды “шiрiктерден” тазарады, яғни, халықтың өз салымдарына алаңдайтындай негiз жоқ. Екiншiден, банк қожайындарын ауыстырудан басшылыққа жаңа кәсiби команданың келуiне мүмкiндiк туады. “ТұранӘлембанктiң” төңiрегiндегi байбалам мен пыш-пыш әңгiме нақты ахуалды түбiрiмен түсiнбегендiктен орын алуда. Болмаса, өз қарақан басының қамын ойлаған белгiлi бiр күштердiң билiкке қысым жасауға ұмтылғаны. Бұл жердегi бiр анық нәрсе – барлық банктердегi халықтың депозиттерiне мемлекет кепiлдiк бередi. Кепiлдiк салымшылардың 99 пайызына қатысты. Бiр сөзбен айтқанда, Үкiмет шұғыл шешiмi арқылы елдегi экономикалық ахуалды толығымен бақылауда ұстап отырғанын дәлелдедi.

Алайда, мемлекет түбегейлi қандай да бiр банктiң акцияларын толығымен сатып алуға ниеттенiп отырған жоқ. Қолданыстағы заңдарға сәйкес, бұл шаралардың барлығы уақытша ғана. Қаржылық қадағалау агенттiгiнiң төрайымы Елена Бахмутованың айтуынша, барлық әрекеттер заңға сәйкес жасалды және банктердi тексеру кезiндегi нәтижелер бойынша расталды. Яғни, банктердiң мемлекет бақылауына өтуi олардың акционерлерiнiң мүддесiне қайшы емес. Үкiметтегi отырыста Қаржы министрi Болат Жәмiшов пен Ұлттық банктiң басшысы Григорий Марченко “Альянсбанк” пен “ТұранӘлембанктiң” суверендi дефолт табалдырығында тұрғанын жасырмай айтты. Онымен қоса, “Альянсбанктiң” iрi акционерi “Сеймар Альянс” қаржылық корпорациясы екiжақты меморандум бойынша “Самұрық-Қазына” қорына өз иелiгiндегi “Альянсбанктiң” 76 пайыз акциясын жүз теңгеге сатып алуға ұсыныс жасағаны мәлiм болды. Ұлттық банк басшысы ел алдында: “Соңғы кездерi “ТұранӘлембанк” Ұлттық банктiң қолдауымен ғана өмiр сүрiп келдi” деп мәлiмдедi.

Үкiмет басшысы атап айтқандай, бұл екi банктi мемлекет дағдарысқа қарсы бағдарламаны жүзеге асыруға пайдаланбақшы. Өйткенi, бұл банктердiң қанатын кеңге жайған инфрақұрылымы мемлекет бөлген қаражатты тұтынушыларға дейiн жеткiзуге аса қолайлы екенi рас. Онда да Кәрiм Мәсiмов “Альянсбанктi” шағын және орта бизнестi, ауыл шаруашылығын несиелендiруге, ал “ТұранӘлембанктi” Астана мен Алматыдағы құрылысты қаржыландыруға пайдалануға болатынын мәлiмдедi. Естерiңiзде болса, Үкiмет пен Парламент өткен жылы “Қаржылық тұрақтылық туралы” Заңды қабылдағанда, осы заңның шеңберiнде мемлекеттiң банктердi басқару процесiне араласуы нақты жазылған болатын. Бұл бағыттағы негiзгi мiндеттер төртеу. Атап шығалық: 1. Мемлекет бiр жағынан Банк салымдарын кепiлдендiру қоры арқылы, ал екiншi жағынан банктiң iшкi жағдайын белсендi бақылау арқылы халықтың ақша салымдарының сақталуына кепiлдiк етедi. 2. Дефолтқа жол бермеу мақсатымен активтердi басқару саясатын жүргiзедi. 3. Экономиканың нақты секторын ынталандыру жөнiндегi кең көлемдегi бағдарламаны жүзеге асырады. 4. Жұмыссыздықпен күреседi және халықтың әлжуаз топтарын қорғайды.

Бiр сөзбен айтқанда, мемлекеттiң банктердi өз бақылауына алуы елiмiздегi банк жүйесiнiң тиiмдiлiгiн, ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шара. Яғни, банкi жүйесi тиiмдi жұмыс iстесе, экономиканың нақты секторын несиелендiру функциясын да сәтiмен және толығымен атқарады деген сөз. Ал банк жүйесi “жүрiсiнен” жаңылмаса, өзiнiң қорын молайтып, шағын және орта бизнестi, құрылыс секторын қажетiнше қаржыландырса, Үкiметтiң тұрақтандыру бағдарламасы iске асты деуге болады.

Таңатар ТАБЫНҰЛЫ