“БАЙЛАР ДА ЖЫЛАЙДЫ”
“БАЙЛАР ДА ЖЫЛАЙДЫ”
Дүние байлығы қайта бөлiске түстi
Иә, шынымен байлар да жылайды екен. Бiрақ олардың жылауы Сiз бен Бiздiң жылаудан ерек, әрине. Сiз бен Бiздiң жұбануымызға бала-шағаның амандығы, қарнының тоқтығы… шүкiршiлiк болса, байлар кемi бiр миллиардты қолына ұстатпасаң, жұбанбайтын сияқты. Әлемдiк экономикалық дағдарыс басталғанда, интернеттi бiр анекдот шарлап кеттi: Екi “бомж” қоқыс жәшiгiнiң жанында сөйлесiп отыр. Бiреуi сұрайды: “Естiдiң бе, бiзде дағдарыс болып жатыр ғой?”. “Иә, айтпақшы, сенiң таныстарыңның арасында олигархтар бар ма?”. “Жоқ”. “Ендеше, көп ұзамай, пайда болады”.
Ащы мысқыл. Дегенмен, шындық дәл сондай бола қоймас. Екi аяғымен жер басып жүрген бiз сияқты қарапайым халықтан басқаша ойлап, өзгеше тiрлiк кешетiн байлардың көзiмен қарағанда, дүние астаң-кестеңi шығып жатқаны рас. “Қорыққанға қос көрiнедi”. Миллиардтаған ақшаны жамбастап жатқан адамның ұйқысы заманы тыныш кезде де сергек. Ал биржадағы индекстер құлдырап, жылжымайтын мүлiк арзандап, ұлттық валюталар бiрiнен соң бiрi құнсызданып жатқан тұста, қалайша уайым кешпесiн?
Қоғам әлдеқашан бай мен кедейге, мырза мен жалдамалыға, бақуатты мен жалаңаяққа, қожайын мен жалшыға, ақсаусақ пен қара шаруаға, “Гарвардтта” бiлiм алатындар мен дипломсыздарға, салтанатты сарайларда тұратындар мен баспанасыздарға т.с.с. түрлi әлеуметтiк топтарға, жiктерге бөлiнiп кеткен. 73 жыл билiк құрған Советтер үкiметi “таптық” жiктелудi түбiрiмен жоя алмапты. “Жарлы-жақыбайдың” үкiметi қарасы батып едi, қоғам үстем тап, езiлушi тап болып қайта жiктелдi.
Таптық бөлiнiстi жоя алмағаннан кейiн ғана оның әлеуметтiк табиғи құбылыс екенiн аңдап қалғандаймыз. “Ақылың асып-тасса, неге кедейсiң?” дейдi екен, капиталист ағайындар. Бәлкiм, социализмнiң дәмiн де татып көрмеген Батыс жұртшылығы үшiн ақылың асып, бiлiмiң тасып, талантыңмен тәнтi етiп те, миллиардер болу таңсық емес шығар. Бiрақ таптық езгiден құтылып, тоталитарлық тезге түскен бiздiң қоғамда әуелi пысықтар мен қулардың жолы болып тұрғаны жасырын емес. Сенбесеңiз, кешегi Кеңес Одағынан қалған мемлекеттердегi бүгiнгi “байлардың” тiзiмiн қараңыз. Кейбiрi әлемдiк “байлардың” санатында жүрген “мырзалардың” қайсысы Билл Гейтс сияқты өз ақылымен, Құдай берген дарынын жұмсап, ақ тер-көк тер болып, дүние жинапты? Немесе, немiстiң атадан-балаға мирас болып қалатын, бала түгiлi, туажаты үшiн де жанкештi еңбекқорлықпен дүние жинайтын ұқыптылығы қай қазақтың бойынан табылыпты? Қазақтың ұғымында, “әке байлығы балаға мал болмас”. Ендеше, қазiргi “байларымыздың” қайсысының дүниесi арғы атасынан қалыпты? “Болды ғой” дегеннiң өзiнде, ХХ ғасырдың басында үрiм-бұтағына жетерлiк дүниесi бар байлардың бәрiн “кәмпескелеп”, өздерiн “итжеккенге” айдап жiберген жоқпыз ба?
Әңгiменi алыс-та-а-ан бастауымыздың себебi бар. Дүние шiркiннiң уысқа қалай түссе, саусақ арасынан солай сусып кететiн қасиетi бар. Маңдай тер, адал еңбекпен келмеген байлықтың қадiрiне қай пенде жеткен. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейiнгi 17-18 жылда “үрiп iшiп, шайқап төккендердiң” ырысы түгесiлуге жақындаған сияқты. Барша әлемдi шарпыған қаржы-экономикалық дағдарыс iндет келгендей, ең әуелi байлардың қалтасын жұқартып, ынсабын тiзгiндеуге мәжбүрлеп жатыр.
Ресейдiң белгiлi экономисi, “кризизологияның” негiзiн салушы Михаил Хазин былай дейдi: “Әлемдiк дағдарыстың ең ушықты сәтi ендi бастайды. Егер АҚШ эмиссияны тоқтатып, доллар басып шығарудан мүлде бас тартса, бәрi 2-3 айда құриды. Онда 1929 жылға қайтып барамыз. Егер шектеулi көлемде ақша шығаруды жалғастыра берсе, доллардың құлдырауы 2,5-3 жылға созылады. Егер олар гиперинфляция жасап, ақша шығаратын станоктың қуатын сарқа пайдаланса, бәрi жарты жыл-бiр жылда аяқталады”. Осыдан бес жыл бұрын-ақ АҚШ экономикасының күйрейтiнiн айтқан Хазиннiң сөзiне сенсек, осы дағдарыс нәтижесiнде АҚШ экономикасы өз қуатының үштен бiрiнен айрылады. Бұл дегенiңiз — Ұлы америкалық депрессия жылдары қайталанады деген сөз. Батыстағы тұрмыс деңгейi күрт төмендеп, Америка мен Еуропаның кей елдерiнде жарты құрсақ өмiр сүретiн азаматтардың саны көбейедi. Әлемдiк экономика 20 пайызға азайып, тоқырау алдағы 10-12 жылдар бойы созылады.
Көңiл жұбатарлық көрiнiс емес, әрине. Дегенмен, бiз үшiн ұшқыр қиялдың жемiсiндей көрiнетiн жағдайды байлар қазiрдiң өзiнде бастан кешiрiп жатқан сияқты. Оның жарқын мысалы, миллиардтаған қаржысы бар олигархтардың байлығы алақанға салған мұздай ерiп, күн сайын бiр “нөлiнен” айрылып жатыр. Бүкiләлемдiк банктiң дерегiне жүгiнсек, қаржы дағдарысына тұспа-тұс келген өткен жылдың сегiз айында ресейлiк олигархтар жалпы шамасы 300 миллиард доллар жоғалтыпты. Украиндiк экономистер де өз байларының шығынын есептеп жатыр…
Байлығы жөнiнен ресейлiк мырзалардың iшiнде бiрiншi орында тұрған Олег Дерипасканың былтыр 28,4 млрд. долларға бағаланатын активi бар едi. Сол уақыттан берi “Руский аллюминий” компаниясының акциялары 71 пайызға құлдыраған. Дерипаска өз бизнесiн басқа салаларда дамытып жатыр деседi, қанша жоғалтқаны әзiр жарияланған жоқ.
Владимир Лисиннiң байлығы 21,7 млрд. доллар болатын. Новолипецк Металлургия комбинатының акциялары 80 пайызға құлдырауына байланысты Лисин жиған-тергенiнен айрылып қана қоймай, 1,4 млрд. доллар қарызға белшесiнен батуы мүмкiн.
Атақты байлардың бiрi Алексей Мордашевтың 16,6 млрд. долларлық активтерi бар едi. “Северсталь” кәсiпорнының негiзгi акциялар пакетi иегерiнiң байлығының түбi көрiнiп қалды. Қазiр оның “дүниесi” бар-жоғы — 4,6 млрд. доллар.
“Челсидiң” қожайыны Роман Абрамовичтiң 20 млрд. долларынан қазiргi таңда бар-жоғы 4 млрд. доллар қалыпты.
Металлург магнаты Әлiшер Османов 14,4 миллиард долларға ие болатын. “Газпромның” инвесторы өзiнiң жарты байлығынан айрылды.
“Оралкалий” компаниясының қожайыны Дмитрий Рыболовлевтiң байлығы 13,4 млрд. болатын, бiрақ оның компаниясының акциялары 75 пайызға дейiн құнсызданған.
“Альфа-Групп” компанияларының қожайыны Михаил Фридманның былтырғы 13,4 млрд.долларынан түк қалмаған, ол тiптi қарыздарынан құтылу үшiн Кремльден 2 миллиард доллар сұрапты.
“Нориль никелi” компаниясының акциялары 65 пайызға құлдырауына байланысты, Владимир Потанин 6,1 миллиард доллар жоғалтты, былтырғы есеп бойынша оның активтерi 13,2 миллиард долларды құрайтын.
Виктор Рашниковтың байлығы 9,7 млрд. доллар құрайтын. Қазiр оның иелiгiндегi “Магнитогорск” металлургия комбинатының акциялары 82 пайызға құнсызданған.
Путиннiң жақын досы, “Лукойл” компаниясының басшысы Вагит Алекперовтың байлығы былтыр 13 млрд. доллардан асатын, биыл ол 9,4 млрд. доллардан айрылып отыр.
Дегенмен, “қырық жыл қырғында да” аман қалатындар бар сияқты. Михаил Прохоров “Нориль никелiнiң” 25 пайыз акциясын дер кезiнде сатып жiберген.
Кремль экономикадағы дағдарыс салдарларын азайту шараларына 200 млрд. доллар бөлсе, оның 50 млрд.-ы олигархтар несiбесiне бұйырғалы отыр. Бiр кезде мемлекет байлығын таратып берiп, өзi “өсiрген” миллиардерлердi құтқаруға сол мемлекеттiң өзi мүдделi екендiгi таң қалдырады…
“Аврора-Капитал” компаниясының дерегiне сәйкес, жыл басында 29 млрд. доллар “дүниесi” болған украиндiк миллиардер Ринат Ахметовтың қалтасында бүгiнде 11 млрд. доллар ғана қалған.
Константин Жевагоның қалтасындағы 3,8 млрд. доллардан 900 млн. ғана қалыпты.
Виктор Пинчук жыл басында 7 млрд. долларлық активтiң қожайыны болса, қазiр 3 млрд. доллларға ғана ие.
“Приват” тобында (Боголюбов, Мартынов, Коломойский) 13,8 млрд. доллардан 7 млрд. доллар қалған.
Осылай жалғаса бередi…
Әйгiлi “Форбс” журналының миллиардерлер тiзiмi былтырдың өзiнде соны жаңалық әкелген болатын. Әлемдегi ең бай адам атағын 13 жылдан берi “ұстап тұрған” Билл Гейтс кенеттен үшiншi орынға түсiп, алдыңғы қатарға филантроп Уоррен Баффет шыққан. Оның байлығы былтыр 62 млрд. долларға бағаланған. Былтырғы мәлiметке сәйкес, әлемде 1125 миллиардер болатын. Олардың бәрiнiң байлығы ортақ есепте 4,4 трлн. долларды құрайтын.
Шамасы, биылғы жылы тiзiм одан да үлкен өзгерiске ұшырайтын сияқты. Былтыр ең көп байлар АҚШ-та (459 миллиардер), сосын — Ресейде (87 миллардер) болатын. Экономикалық дағдарыс миллиардерлердiң ырысын шайқады. Жоғарыда аты аталған Хазин мырза 3-4 жылда олигархтардың көпшiлiгiнiң аты өшуi мүмкiн дейдi.
Былтырғы тiзiмде ырыс-байлығын қазақ топырағында көбейткен сегiз миллиардер бар едi. Олар Владимир Ким, Патох Шодиев, Александр Машкеевич, Алиджан Ибрагимов, Тимур Құлыбаев, Динара Назарбаева, Нұржан Сұбханбердин, Болат Өтемұратов. Өтемұратовтың байлығы артық-кемi жоқ 1 миллиардқа бағаланған. Бұл мырзалардың байлығы “жарыққа” шыққаны — олар иелiк ететiн компаниялар мен банктер акцияларының әлемдiк қор биржаларына сатуға шығарылғандықтан едi. Шын мәнiнде, олардың қор биржасында саудаланбаған “жасырын” байлықтары ресми көрсеткiштен әлденеше есе артық болуы мүмкiн.
Дағдарыс салдарынан “Қазақмыс” компаниясының Лондон қор биржасындағы акцияларының бағасы түсуiне байланысты осы компанияның Директорлар Кеңесiнiң төрағасы Владимир Кимнiң байлығы бiраз орталанып қалған сияқты. Былтырдың өзiнде Кимнiң “дүниесi” 5,5 млрд.-тан 4,7 млрд. долларға азайған.
Ал “Арселор Митталл” компаниясының қожайыны Лакшми Митталдың байлығы былтыр 45 млрд. доллар болатын. Митталдың қазақстандық жұмысшылардың айлық жалақысын қысқартып, “жасы келгендердi” зейнетке жiберiп, кейбiр өндiрiс кенiштерiн жауып жатқанына қарағанда, миллиардер жеке байлығын сақтап қалу үшiн барын салуда.
Жалпы алғанда, қазақстандық миллиардерлердiң “ортақ” байлығы Ұлттық қордағы ақшадан асып кеткен. Былтыр қазақстандық миллиардерлердiң иелiгiнде 22,8 млрд. доллар болса, Ұлттық қордағы ақша 22,6 млрд.долларға жетеғабыл болатын.
Елде шiрiген байлардың пайда болуы сiңiрi шыққан кедейлер санының бұрынғыдан да арта түсуiне әсер ететiнi әлеуметтанудан белгiлi құбылыс. Ұлт байлығының “көрпесiн” өз бойына тартқыштағандар жалпы халықтың несiбесiне ауыз салып отырғандарын ойламайды да. Бiрақ Абай айтқан ғой: “…Бәрi де иттiкпен табады, иттiкпенен айрылады. Бейнет, күйiгi, ызасы — сол үшеуiнен басқа еш нәрсе бойыңда қалмайды”.
Абайға алып-қосарымыз жоқ.
Гүлбиғаш Омарова