Еңбеккерлерге жалақы төлемеген басшы шетелге шыға алмайды

Еңбеккерлерге жалақы төлемеген басшы шетелге шыға алмайды

Еңбеккерлерге жалақы төлемеген басшы шетелге шыға алмайды
ашық дереккөзі

Қызметкерлеріне 4 айдан бері жалақы төлемеген батысқазақстандық 20 мекеменің жағдайы майшаммен қаралды. Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өткен дағдарысқа қарсы штаб отырысы жұмысшыларды еңбекақыдан қағып отырған жұмыс берушілерге қолданылатын шараларды бекітті. Облыстық әділет департаментінің басшысы Әсия Мұхитованың айтуынша, қарыздар мекемелерге енді алшаң басып жүре алмайды. Мысалы, олардың жылжитын және жылжымайтын мүліктеріне, банктердегі есепшоттарына тоқтау салынады. Мұнымен қоса, басшыларының шетелге шығуына шектеу қойылады. Өтейтін мүлкі болмаған жағдайда басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалмақ. Жыл басынан бері тергеу органдарының қарауына осы мазмұндағы төрт іс жіберілген. 5 айдың ішінде сот орындаушылары қарызы 133,671 млн. теңгені құрайтын 114 атқарушылық құжатты қараған. Соның ішінде 82 құжат бойынша сот шешімдері орындалыпты. Әлі де жалпы сомасы 31 млн. теңгеге жуық қарыз өтелмей отыр. Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Есбол Әміровтің сөзіне сүйенсек, биылғы 11 маусымға дейінгі мәлімет бойынша міндетті зейнетақы төлемдері бойынша уақтылы түспеген қаржы көлемі 58 млн. теңгеге жеткен. Тоқсан басындағымен салыстырғанда, өсім 4,1 млн. теңгені құрады. Ал әлеуметтік аударымдар бойынша 19,2 млн. теңге қаржы мерзімінен кешіктірілген.