Жаңалықтар

“31-ТЕЛЕАРНА” ҚАЗАҚТIЛДI ХАБАРДЫ ӨСIРIП ЖАТЫР МА, ӘЛДЕ?..

ашық дереккөзі

“31-ТЕЛЕАРНА” ҚАЗАҚТIЛДI ХАБАРДЫ ӨСIРIП ЖАТЫР МА, ӘЛДЕ?..

Күнi кеше “31-телеарна” қандай едi? Ақпарат кеңiстiгiнде 16 жылдан берi жұмыс iстеп келетiн арнаны кезiнде ұлт патриоттары мен тiл жанашырлары бiрнеше рет сотқа берiп, қазақтiлдi хабар мен бағдарламаның тым құрығанда 50 пайызға жетуiне күшiн салып едi. Содан ба, әлде, телеарна басшылығы жоғары жақтың тапсырмасына құлақ асты ма, әйтеуiр, “31-телеарнадан” “Дода”, “Тұжырым”, “Кiм?” секiлдi бүгiнгi қоғамның өткiр әрi уытты мәселесiн дәл, батыл айтатын бағдарламалар көрсетiлдi.

Тiптi, халықтың ойын дөп басып тауып, “темiрдi ыстық кезiнде соғып”, ұсынып отырғандықтан да, бұл хабарлардың тұрақты көрерменi табылды. Алайда, маңдайымызға бiткен төрт-бес қазақтiлдi бағдарламаның өзiн көп көрдi ме, осыдан екi жыл бұрын отандық ақпарат кеңiстiгiн уысында ұстағысы келген ресейлiк “СТС” арнасы “31-телеарнаның” 20 пайыздық акциясына қожалық еттi. Бұл деген “СТС” “31-телеарнаның” кем дегенде 60 пайыздық бақылау пакетiне иелiк ететiнiн айғақтайды. Содан болар, эфирдегi қазақтiлдi хабарлар әлдеқандай себептерден соң бiрiнен соң бiрi жабылып, былтырғы жылдың көктемiнен бастап арна өзiнiң бағытын көңiл көтеретiн, ойын-сауық хабарларға арнай бастады. Ең қынжылтарлығы, телеарнадан қазақы иiс, қазақы үн бұрынғыдай саңқылдап емес, құмығып естiлетiн жағдайға жеттi. 2006 жылы пiкiрталас алаңына айналған “Дода” ток-шоу хабары бiржола жабылса, одан кейiн “Информбюро” ақпараттар ағынындағы “Тұжырым”, былтыр көрерменнiң көзайымына айналған белгiлi журналист Серiк Әбiкенұлы жүргiзетiн “Кiм?” хабарының эфирлiк ғұмырына балта шабылды. Ол аздай, жаңа жылдан кейiн қазақ тiлiнде шынайы ақпаратты шапшаң жеткiзетiн “Информбюро” жаңалықтар қызметiнiң журналистерi де телеарнаның бағыт-бағдарының гламурлық тақырыпқа бет бұрып жатқанын аңғарып, басқа ортаға ауысуын жөн көрiптi. Шыны керек, “31-телеарнадан” қазақтың тiлiне, тұрмысына, мәселесiне бiртабан жақын әлгiндей бағдарламалар көзден бұл-бұл ұшқанда, арнаны соңғы кезде ақпараты үшiн қарайтын болдық. Қандай да бiр өзектi мәселе туындағанда, оның мән-жайына қанығу үшiн әуелi “31 телеарнаның” жаңалықтарын көруге асығатын көрермен көп. Электронды ақпарат құралдарының негiзгi мiндетi – “Кiм? Қайда? Қашан?” деген сұраққа тез, анық, әрi шынайы жауап беретiндiктен бе, арнаның жаңалықтарын жiберiп алсақ, бәрiнен құралақан қалғандай болатынымыз да сондықтан. Мұндай күйдi жаңа жыл кiргеннен кейiн де бастан кештiк. Бiраз уақытқа дейiн “Информбюроның” қазақтiлiндегi жаңалықтары эфирден көрсетiлмей, сайттан көрiнбей қалды. Сөйтсек, “31-телеарна” прайм-таймына жаңаша өзгерiс енгiзiп жатқан сияқты. Нәтижесiнде, қазақтiлiндегi жаңалықтар бұрынғы 19.00-ден 17.30-ға ауысыпты. Бұрын, тiптi, қазақтiлдi жаңалықтарды күнiне екi-үш рет қайталаса, қазiр 17.30-да көрсетiлетiн жаңалықты түнгi 00.30-да ғана қайталайтын болыпты. Алайда, бiз кезiнде “31-телеарнаның” Саяси және сараптама хабарларының жетекшiсi қызметiн атқарған, қазiр “Алматы” телеарнасы бас директорының орынбасары Серiк Әбiкенұлынан талай жыл еңбек еткен ұжымнан кетуiне не түрткi болғанын сұрадық.

– Бұрын бiз барғанда қазақтiлдi хабарлардың өзi саусақпен санарлық едi. Содан кейiн басшылардың талабы бойынша, “31-телеарнаның” бағыты саяси әрi шындықты айтуға бағытталғандықтан да бiз қолдан келгенiнше аянбай еңбек еттiк. 6 жыл бойы “Тұжырым”, “Кiм?”, “Ел сойылы” деген хабар шығардық. Осылардың өзi шындықты шырқыратып айтатын бағдарламаларға айналды десем артық айтқаным емес. Қазiр ендi Ресейдiң “СТС” арнасы иелiк еткелi берi күрделi мәселенi керек етпей, жеңiл-желпi хабарлар бере бастады. Жаңа ұжымдық топ келiп жатыр, жаңа журналистер баруда, солардың қолынан келетiн шығар. Алайда, бұрынғы саясаттан бас тартты десек те, “31 телеарна” әлi күнге бiз жасаған хабарларды берiп жатыр. Бұл қаншалықты дұрыс екенi сол кiсiлердiң ұятындағы нәрсе. Оның үстiне екi өткелдiң арасында тұрған кезде, “Информбюроның” қазақ тiлiндегi жаңалықтарын 6 жыл бойы 19.00-де ұстап келсек, аяқастынан 17.30-ға ауыстырып жiбердi. Бұл менiң көңiлiме жаққан жоқ. Бiзбен неге ақылдаспайды? Бiзге “Мәскеу айтты, қазақтiлдi жаңалықты 17.30-ға қоямыз” деуi дұрыс ұстаным емес. Әлде, сол жерде жүрген қалың қазақ ойыншық па? Өзiңнiң қолымен жасаған дүниенi өзiңнiң қолымен қайта жерлеу дұрыс емес қой. Екi ойлы болып жүргенiмде, жұмысқа шақырулар, ұсыныстар түстi. Өзiм де не де болса кеткенiм дұрыс шығар дедiм. Бәлкiм, телеарнаны халық сүйсiнiп көру үшiн, жетiлдiру үшiн бiр ойлағандары бар шығар, кедергi болмайын дедiм.

– Сонда ресейлiк “СТС Медиа” “31-телеарнаға” айтқанын iстетiп отыр ма?

– Бақылау пакетiнiң, яғни, құнды қағаздың басым бөлiгi кiмде болса, бәрi соның иелiгiнде. Әрине, сату саудасының басы-қасында жүрген жоқпын, бiрақ бiзге 60 пайыз деген. Алайда, қараңызшы, телесериалдарды, мульфильмдердi аударып бергеннен телеарнаның рейтингi көтерiле ме? Әлде қазақтiлдi көрерменнiң талғамы төмендеп кеткен бе? Оларды аударып бергеннен телеарна өсiп жатқан жоқ, керiсiнше, өшiп жатыр.

Белгiлi журналист Серiк Әбiкенұлының пiкiрiнен соң “31-телеарнаның“ қазiргi “Информбюро” қазақтiлдi жаңалықтар қызметiнiң шеф-редакторы Дәурен Қайыптың да ойын бiлудi артық санамадық.

– Жалақысы жақсы жұмыс тапса, ауысуына құқы бар. Екi-үш жiгiттiң қызметi өстi. Бiреуi директор орынбасары, екiншiсi бас редактор болып кеттi. Өзiң де бiлесiң, бес жыл бойы бiрге жұмыс iстеген адамдар бiр ұжымға үйренiп, етене жақын боп кетедi. Сондықтан да олар кеткен кезде өздерiмен бiрге iстеген әрiптестерiн бiр-ақ алып кеттi. Ешкiм мәжбүрлеген жоқ, өз қалауымен кеттi. Тiптi, сол қыз-жiгiттердiң бiразы өзiмнiң дәрiс берген шәкiрттерiм едi. Олар тәжiрибе жинақтаған, әбден тiс қаққан, мықты маман дәрежесiне жеттi. Өсiп жатса, неге қуанбаймыз?! Менiңше, олар дұрыс iстедi. Басқа телеарнаға барып, мүмкiндiктерi арқылы сол арнаны көтерiп жатса, қолдарынан қақпай, қуану керек. Әрине, “Информбюроның” уақыты өзгердi, сағат 17.30-ға ауысты. Мысалы, хабар бiр уақытта шыға берсе де, адамды жалықтырады. Яғни, адам жүре қарап, жүре тыңдайды. Негiзi жаңалықтар уақыты мен келгенге дейiн өзгерiп кеткен екен. Басты себеп – жұртты елең еткiзу. Бұл жаңалықтардың рейтингiн көтеру үшiн жасалған уақытша шара. Төрт мезгiлде уақыт әртүрлi болады ғой. Көктемде күннiң шығу және батуына байланысты бұл уақыт та өзгередi. Бұл Мәскеуден келген тапсырма, не болмаса осы жердегi бастықтардың қинап жасап жатқан шаруасы емес. Жоқ. Мен журналистер кетерде: “Бәрiмiз қазақ халқының патриотымыз. Тiл бәрiмiзге керек. Егер де шын мәнiнде, бiреу тiзесiн батырып жатса, бiз де айтатынымызды айтар едiк” дедiм. Бiрақ бұл жерде ешкiм қиянат жасап жатқан жоқ. Мұндай әңгiменi естiп жатырмын. Дұрыс түсiну керек. Бұл бар болғаны, телеарнаның рейтингiн арттыру үшiн жасалынып отырған әрекет.

– Ендi қазақтiлiндегi хабарлардың жағдайы қалай болады?

– Қазiр телеарнада өзгерiс болып жатыр. Бiраз адамдар қазақ тiлiн дұрыстасақ деп жұмыс iстеуге кiрiстi. Өзiм жүргiзетiн “Замандастар” хабары қайталанып көрсетiлiп жатыр. Келесi аптадан бастап қазақ тiлiндегi бiрнеше жаңа бағдарламалар эфирге шығады. Бұрынғы қалған бағдарламаларға тағы да қазақ тiлiнде хабарлар қосылды. Бiр қазақтың журналисi кетсе, оның орнына екiншiсi келдi. Мысалы, өзiммен бiрге ешкiмдi алып келген жоқпын. Журналистер жан-жақтан, басқа қалалардан да келiп жатыр.

– Жаңалықтар қызметi ақпаратты шынайы беруге тырысып жатыр ма?

– Менiңше, рейдердiң бiзге қажетi жоқ. Кейде бiздiң жаңалық ағын ақ, қарасын қара деп айтамын деп рейдер сияқты боп кетедi. Жаңалық “20 адам өлдi, өртенiп өлiптi, соғысты” деген рейдерлiк пiшiндегi ақпаратты беруге тиiс пе? Қоғамда жақсы жаңалықтар да бар емес пе?! Адам үйге шаршап-шалдығып келгенде, осындай ақпаратты көрсе, одан әрi күйiп-пiспей ме? “Тек жағымсыз ғана жаңалықты берсем, бiздi көретiндер көбейедi” деген қате пiкiр. Қазақтың ауыл өмiрiнiң бұрмалап көрсететiн (әкесi iшiп алып, баласын ұратын) фильмдер неге екенi белгiсiз, жүлделi орынға ие болады. Шетелдiктер өз халқына: “Көрдiңдер ме, Қазақстан деген мемлекет – феодалдық ел екен. Оларға қарағанда сендердiң өмiрлерiң көш iлгерi екен” деп бiзге сыйақы берiп, “Жарайсыңдар, тағы да осындай кино түсiрiңдер” дейдi. Сондықтан өмiрдiң жақсы жағын да көре бiлген дұрыс.

“Информбюроның” қазақ тiлiндегi жаңалықтар қызметiнiң шеф-редакторы Дәурен Қайыптың пiкiрi осындай. Алайда, “Мен тек жаңалықтарға ғана жауап беремiн” деген Дәурен мырза телеарнаның iшкi “ас үйi” туралы айта алмайтындығын бiлдiрдi. Ендi бұл әңгiменiң тоқетерiн бiлу үшiн “31-телеарнаның” Бас директоры Нұржан Жалауқызы Мұхамеджанованың әңгiмесiне құлақ түрелiк.

– Серiк Әбiкенұлы бастаған бiрнеше журналистер өз еркiмен кеттi. Әркiмнiң өз ойындағы iстi жүзеге асыратын кезi келедi. Сондай сәттер бiздiң қыз-жiгiттердiң өмiрiнде болды. Жаңа жұмыста, жаңа серпiнмен жұмыс iстегiсi келдi. Бiз оларды құрметпен шығарып салдық. Екiншiден, “31-телеарнаның” эфирге хабар таратып келе жатқанына биыл 16 жыл толады. Әуелгiде жәй ғана телеарна ретiнде хабар беретiн едiк. Кейiннен әрбiр телеарна өзiнiң пiшiнiн өзгертiп, бағыт-бағдарын қалыптастырды. Мысалы, бұрын “31-телеарна” қоғамдық-әлеуметтiк бағыттағы телеарна болатын. Ал 2008 жылдың 29 ақпан күнi тұңғыш рет Қазақ телевизия саласында үлкен өзгерiс орын алды. Әлемдiк тәжiрибеге әрi ҚР Заңдарына сәйкес, “31-телеарнаның” құрылтайшылары 20 пайыздық акциясын Рсейдiң “СТС Медиа” компаниясына сатты. Сатқаннан кейiн, телекомпанияны басқаратын топ-менеджмент, құрылтайшылары ақылдаса келе, “СТС Медианың” Ресейдегi ең тұңғыш көңiл көтеретiн, ойын-сауық форматтағы телеарна екенiн ескерiп, жұртты демалдыратын, жақсы көңiл күй қалыптастыратын бағдарламалар жүйесiн өмiрге алып келдi.

– Дәл сiз айтып отырған көңiл көтеретiн хабарлар бiздiң әдет-ғұрып, салт-санамызға келе ме? Соның нәтижесiнде қазақтiлдi хабардың аузына құм құйылып жатқан жоқ па?

– Бұл дұрыс пiкiр емес. Бiз қазiр жақсы деген бағдарламаларды жасап жатырмыз. Ақпан айынан бастап қоғамдағы қыз-келiншектердiң әлеуметтiк жағдайын, гендерлiк саясатын қозғайтын “Әй, Керiм” деген бағдарламаның орнына қазiр “Қош келдiңiз!” деген хабар эфирге шығады.

– Кезiнде қоғамның көкейкестi мәселесiне қозғау салатын “Дода”, “Кiм?”, “Ел сойылы” деген бағдарламалар берiлдi ғой. Бұларға “СТС”-тың тiсi батты ма, әлде?

– “СТС”-тiң ешқандай қатысы жоқ. Әрбiр телеарнаның бағдарлама жүйесiн жасайтын өз саясаты болады. Ол бүгiнгi бағытымызға байланысты өзгердi. Жаңағы сiз айтқан бағдарламалар орнына қазiр күнделiктi қоғамдағы әлеуметтiк ойды талқылайтын “Тартыс” ток-шоу бағдарламасы және елiмiздiң шағын және орта кәсiбiн дамытуға үлесiн қосатын “Кәсiпкер”, “Сырласайық”, “Жұлдыздармен жүздесу, т.б. он шақты қазақ тiлiндегi хабарлар дүниеге келдi. Яғни, “31-телеарнаның” мақсаты – қоғамдағы болып жатқан өзгерiстерге үн қоса отырып, көрермендердiң өзiне қажеттi ақпарат алуын қамтамасыз ету. Қазiр бағдарлама мен хабарларды да осы мақсатқа сай етiп қайта құрып жатырмыз.

– Нұржан Жалауқызы, “31-телеарнаның” ендiгi бағыты – гламурлық тақырыпқа ойыса ма?

– “Гламур” деген ағылшын тiлiнен шыққан. Бұл деген тек iшкi жан дүниенiң тазалығы емес, сыртқы пiшiннiң де әдемi болуы. Дәл қазiргi кезде көпшiлiк осы сөздiң астарына үңiлмейдi де, жеңiл-желпi дүние деп қана түсiнедi. Олай емес. Бiз мамыр айынан берi атақты “Уолт Дисней” компаниясының ең үздiк мультфильмдерiн қазақ тiлiне аударып, екi сағаттай берiп келемiз. Бұл мектеп жасына дейiнгi, мектеп жасындағы балаларды, тiптi, ата-аналарды тәрбиелеуге үлес қосады.

– “31-телеарнадан” кеткен журналистер “орыстiлдiлердiң қолжаулығы болғымыз келмейдi” дейдi. Шынында да, нелiктен қазақтiлдi жаңалықтар қызметi сағат 17.30-ға ауысты әрi көрсетiлiмi қысқарып кеттi?

– Оны кiм айтты? Негiзi суын iшiп құдығына түкiретiндер қай кезде де бар. Бiрақ әрине, кез келген өзгерiстi бiрден қабылдап кетудiң өзi үлкен ерлiк. Әрбiр бағдарламаның даму кезеңiндегi қабылданатын шешiм бар. Телеарна – БАҚ iшiндегi ерекше сала. Онда формат, бағдарлама жүйесi, рейтинг, сосын хабарлардың көрермен тарапынан көрiлетiн үлес салмағы болады. Бағдарлама жүйесi арқылы көрермен көңiлiнiң көтерiңкi болуын әрi ертеңгi күнге деген сенiмiн арттыруды қамтамасыз етiп, отбасылық телеарнаға айналдыру. Осы тұрғыдан алғанда, елiмiз бойынша қазiр “31-телеарнаны” көретiн көрерменнiң үлес салмағы екiншi орында болса, бiрiншi орынға “ОРТ-Еуразия” шыққан. Демек, “31-телеарна” қазақстандық көрерменнiң көңiлiнен шығып отыр. Өйткенi, бiз тек қана қажеттi жаңалықтарды ғана беруге тырысамыз. Тiптi, бұрын “Информбюрода” ақпаратты айтатын да, талдауға мән берiлмейтiн. Қазiр сол бағдарлама арқылы, қызықты тақырып арқылы көрерменнiң көңiлiн аудартуға көңiл бөлудемiз.

Ал, телеарнадан берiлiп келген “Прекрасняя няня” (“Менiң таңғажайып тәрбиешiм”) телесериалын қазақ тiлiндегi көрерменнiң өтiнiшi бойынша, бiр айдан соң орыс тiлiнде жалғастырдық. Себебi, 70 жыл бойы кеңестiк кезеңмен астасып кеткен менталитетiмiздi бiр күнде өзгерте алмаймыз ғой. Қазақстан республикасында тұрғандықтан, Заңға сәйкес күнiне 23 сағат хабар таратсақ, оның 12,5 сағаты қазақ, 12,5 сағаты орыс тiлiнде. Менiңше, 50х50 пайыз деген осы.

Саналуан пiкiр. Кiмдiкi дұрыс, кiмдiкi бұрыс, оны оқырман таразылай жатар. Ендiгi үмiт жаңа маусымда “31 телеарнадан” қазақы нақыштағы жақсы бағдарламалар тiзбегiн күту.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ