Жаңалықтар

ҚАРУЛЫ ТОП "БЕЛ" ЖАЙЛАУЫН ТОРЫП ЖҮР

ашық дереккөзі

ҚАРУЛЫ ТОП "БЕЛ" ЖАЙЛАУЫН ТОРЫП ЖҮР

Өткен аптадағы Парламент Сенатының отырысында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы сенатор Қуаныш Сұлтанов мырза, премьер -министр К. Мәсiмов пен Алматы облысы әкiмi С. Үмбетов және ҚР Бас прокуроры Р. Түсiпбековке арнап, дүр сiлкiндiрген депутаттық сауалын жолдады.

Сенатордың айтуына қарағанда, Астана мен Алматы маңындағы жерлер кiмдердiң қолында екенi жөнiнде ел аузында көптен алып-қашпа әңгiмелер өрiп жүр. Ендi байлар мен күштiлердiң құрығы сонау қияндағы, Қытаймен шекаралас Алматы облысы, Панфилов ауданының әйгiлi "Бел" жайлауына жетiп, сол жердiң 8 мың гектар шұрайлы жерi, көкмайса шабындығын Алматыдағы "Кең дала" фирмасы сатып алыпты. Мыңдаған жылдардан елдiң жаз жайлауы, күз күзеуi, көктем көктеуi, қыс қыстауына айналған "Бел" жайлауын мұздай қаруланған, "Джип" мiнген қарулы топ кезiп жүр. Жергiлiктi тұрғындардың мал бағуына, онда жүруге тыйым салғанына жергiлiктi халықтың ашу-ызасы шектен асқан. "Егерде билiк тарапынан бiздi қорғамаса, онда тайлы-тұяғымызбен атамекенiмiздi алпауыт жемқорлар мен байлардан өзiмiз қорғаймыз" деп, — жұрт тас-түйiн отырған көрiнедi.

Сенатор өз сөзiн: "Жайлауды, ел мүддесiн ескермей, жергiлiктi халықтан жасырын сатқанда, кiмнiң мүддесiн күйттеген? Сыбайлас жемқорлықтың көкесi осында жатыр емес пе? Бұл заңсыздықты тексерiп, зорлық-зомбылықты шұғыл тоқтатуға, жайлаудың халыққа қайтарылуына шара қолданады деп сенемiз", – деген сенiм бiлдiрiп түйiндедi.

Әрине, анау-мынау емес, Сенаттағы бiлдей бiр комитеттiң төрағасы тегiн шырылдамайды. Жер сату мәселесiнде әлi "көлеңкелi тұстар көп" болып тұрғаны шындық. Осы сауалдан соң, Сарыарқаның сар даласындағы Ақмола облысының талан-таражға түскен жерлерiнiң де сыры ашылып жатса құба-құп. Халыққа терiс ықпал ететiн, әлеуметтiк дағдарысқа апаратын жер дауы айтарлықтай азаяр едi.

Ал әлгi "Кең дала" фирмасы деген кiмдер? "Рахатгейтпен" аты мәлiм болған "Кең дала" болса, олар малға өрiс, елге қоныс болған "Бел" жайлауынан не iздеп жүр?

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ