Туды тулақ ету Қазақстандағы саналық текетірестің көрінісі іспетті

Туды тулақ ету Қазақстандағы саналық текетірестің көрінісі іспетті

Туды тулақ ету Қазақстандағы саналық текетірестің көрінісі іспетті
ашық дереккөзі

Күні күлімдеп, қыраны қалықтаған көк Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз – мемлекет тұтастығының кепілі, тәуелсіздігіміздің тірегі, дербестігіміздің өлшемі. Ту десе, белгілі ақын Несіпбек Айтұлының «Ту» атты поэмасы еріксіз еске түседі. Өмір мен өлімнің ортасында тұрған шағында өзі емес, тудың құламауын ойлаған ер Қазымбеттің ерлігі талайларды сүйсіндіреді, рәміздің қадірін ұқтырады. Ибрагим Ескендірдің орындауынағы «Көк тудың желбірегені» атты әнді естігенде де туған ел үшін, оның ұлан-ғайыр даласы мен кең пейілін көрсететін көк туы үшін мақтаныш сезімі көкіректерді кернейді. Бірақ мемлекеттік нышандардың қадіріне жете алмай жүргендерді жасырып-жасқай алмайтынымыз өкінішті. Соңғы кезде олардың қарасы қалыңдап бара жатқаны айқын аңғарылады.

«Көшетім көгерсе болғаны»

Екі апта бұрын, төл нышандардың мәні мен маңызы дәріптеліп, мерейі арта түсер мереке – ҚР Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында әлеуметтік желілер жағымсыз ақпарға толды. Бақшасындағы қызанақ көшеттерін жауыннан қорғау үшін Қазақстанның туымен жауып қойған өскемендік әйелдің әрекеті жаға ұстатты. Жаңбырдан кейін әбден ластанған рәміздің ауладағы кір жаятын жіпте ілулі тұрған суретін жергілікі сайт жариялаған болатын. Шамасы, келесі жауында тағы да қалқа қылу үшін кептіріп қойған болуы керек. Өскемендік тілшілер мемлекеттік туды табанға таптаған бағбанның өзімен тілдесе алмаса да, көршілерін сөзге тартыпты. Олардың айтуынша, әйелдің бақшасында рәміз биылғы бақша егу маусымында пайда болған. «Кеше көшеттерді тумен жауып қойған болатын. Қазір жіпте ілулі тұр. Біз Галинаға мемлекеттік рәміздерді бұлай қорлауға болмайтынын айттық. Алайда ол бізге дөрекі жауап беріп, немен жапқысы келсе де өзі білетінін айтты. Бүгін тумен қызанақты жабатын болсақ, ертең не болмақ? Меніңше, полицияға айтатын кез жетті», – депті көрші саяжайдағы Алексей есімді зейнеткер.

Бұл оқиға жергілікті тәртіп сақшыларының құлағына жеткен-жетпегені белгісіз. Бірақ ақпарат құралдарындағы қызу талқылау аяқталған соң бірер күннен кейін Техникалық реттеу комитеті тың мәлімдеме жасады. Журналистермен кездескен комитеттің Астана қаласы бойынша департаментінің директоры Сауықбек Қапаев Қазақстан базарларында мемлекеттік символдарды сатуға тыйым салынуы мүмкін екенін хабарлады. Рәміздерге қатысты әр келеңсіз оқиғадан кейін ақ жағалылардың мінберге көтеріліп, талапты күшейтуге сөз беретініне етіміз үйренгендіктен бе, Астанадан тараған мәлімдемені бірден Өскемендегі жағдаймен байланыстырдық.

«Департамент ҚР мемлекеттік символдары туралы конституциялық заңға өзгерту енгізуге бастама көтереді, мұнда мемлекеттік символдарды тек арнайы дүкендерде немесе лицензиясы бар ұйымдарда алуға болатындай жасауға ұсыныс айтылады. Яғни, мемлекеттік символдардың базарларда, түрлі сауда орындарында сатылып жатқанын білеміз. Осы мәселелерді ретке келтіру үшін «Мемлекеттік символдар туралы» заңға оның саудасына байланысты бөлігіне өзгерту енгізуге бастама көтереміз», – деді департамент директоры. Сонымен қатар, ол бүгінде мемлекеттік символдарды шығарып, саудалайтындардың әкімшілік жауапкершілігі қолға алынбай отырғанын атап өтті. «Әкімшілік кодекстің 1 қаңтарда жасалған жаңа редакциясында өндірушілерге рәміздерді шығаруға, қолдануға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал оның саудасының нормалары елеусіз қалған, осы мәселелерді толықтырғымыз келеді», – деді Қапаев. Атқарушы органдар атқарылатын істің жоспарын айқайлап айтқанымен, нәтижесіне келгенде дауыстары құлаққа әрең жетеді емес пе әдетте? Көзбен көріп, қолмен ұстайтын нәтижесін көргенше журналистер Қапаевтың сөзін жалаулатуға асықпады. Өйткені құрғақ сөз көк туымыздың қасиетін ұқпай жүргендердің әрекетіне тосқауыл бола алмай тұр.

Өскеменнің шуы басыла бергенде, мемлекеттік туды қорлағандар Шымкенттегі жұртты дүрліктірді. Өткен жұмада көк байрақпен қоқыс шығарған қаладағы тазалық мекемесінің жұмысшылары Қазнет «жұлдызына» айналды. Оқиға куәгерлері ұялы телефонға түсіріп алған сурет ғаламторда тез тарады. Онда үш адам қоқыс таситын көлікке тиеу үшін контейнерден туға қалай қоқыс салып жатқаны анық көрінеді. Туды тулақ еткендер Шымкенттің бір ықшамауданының қоқысын жинайтын «Бек-Асыл Сервис» компаниясының жұмысшылары екені анықталды. Қоқыс таситын көліктің 49 жастағы жүргізушісі мен 41 және 29 жастағы жұмысшыларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Әрекеттері суретте анық көрініп тұрса да, олар кінәларын мойындаған жоқ. Жауапкершілікті арқалағысы келмесе де, олардың әрқайсысына ірі көлемде айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ, мемлекеттік рәмізді қоқыс жәшігіне тастаған мекеме де іздестірілуде.

Осы келеңсіз жайтқа байланысты Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. «Оқиға қаланың Әл-Фараби ауданында орын алғаны белгілі болды. Аумақты қоқыстан тазартқан қызметкерлер «Бек-Асыл Сервис» ЖШС-де жұмыс жасайды. «844 АН 13» нөмірлі жүк көлігі де осы мекемеге тиесілі. Қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес еліміздің мемлекеттік рәміздерін қорлау 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салумен немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарын атқаруымен немесе 2 жылға дейінгі бас бостандығын шектеумен немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады», – деді тілшілердің сауалына жауап берген Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек.

Естеріңізде болса, дәл осындай оқиға 2012 жылы Атырауда да болған еді. Қала тұрғындарының бірі рәмізді қап орнына пайдаланған жастарды суретке түсіріп алып, «Ақ Жайық» газетіне жолдағаннан кейін бұл жайт қоғамдық пікірге қозғау салды. Бірақ байрағымызды аяқасты еткен жастардың кім екені анықталмай, іс жылы жабылғанға ұқсайды. Өйткені өрескел заңбұзушылық жасаған атыраулық азаматтарды жабыла жамандаған БАҚ өкілдері қылмыстық істің нәтижесі туралы ләм-мим демепті.

Жерлестің жеңісіне қуанамын деп...

Өкінішке қарай, еліміздің тәртіп сақшылары рәмізді қорлаған мен қорғағанды айыра алмай жүр. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин ұлыбританиялық Мартин Мюррейді жеңген күні жүрегі жарыла қуанып, пәтерінің балконына көк туды мақтанышпен іліп қойған астаналық тұрғынның жауапқа тартылғанын оқырмандар әлі ұмыта қойған жоқ. Астана қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы өкілі мен полицейлер куәгерлердің көзінше хаттама толтырып, патриоттық сезімін танытқаны үшін айыпты деп танылған Жандос Құрманбаевқа 396 400 теңге айыппұл салған болатын. Жазықсыз жазаланған азаматты қорғау үшін интернет қолданушылары әлеуметтік желіде Қазақстан туын ұстап түскен суреттерін жариялады, бұқаралық флешмобтар ұйымдастырды. Тіпті, Семей қаласының тұрғындары Жандосқа қолдау көрсетіп, оның ісінің заңсыз емес екенін дәлелдеу үшін балкондарына жаппай мемлекеттік туды іліп қойды. Көп ұзамай бұл шу депутаттардың құлағына жетіп, Астана тұрғынының ісін Бас прокуратура қолға алды. Халық қалаулылылары наразылық білдіріп, жарты миллионға жуық айыппұлды еш сараптамасыз жазып берген полицейдің өзін жазалау керек деді. Жандостың пәтері дәл Министрліктер үйіне қарама-қарсы орналасқан екен. Күнде осы жолмен жұмысқа қатынайтын шенеуніктерден еш ескерту болмаса да, мемлекеттік рәміз жігіттің көршілеріне ұнамай қалған көрінеді. Тұрғындардың бірі шағымданған соң әкімдіктегілер мен полицейлер Жандостың үйіне баса көктеп кіріп, балконындағы байрақты шешіп алған. Онысымен қоймай, ірі көлемде айыппұл салып кеткен.

«Меніңше, сол 400 мың теңгені айыппұл емес, сыйақы ретінде сол жігітке төлеу керек. Ол не бүлдіріп қойды? Қандай да бір партия, биліктің мәжбүрлеуінсіз-ақ, өз қарыжысына дүкеннен ту сатып алып, оны үтіктеп, балконына іліп қойғаны үшін кінәлі ме?», – деп Мәжіліс депутаты Ғани Қасымов та Құрманбаевтың сөзін сөйледі. Өзінің нағыз патриот екенін көрсету мақсатында қазақстандық спортшылар жеңіске жеткен кезде, балконына ту іліп қоюды әдетке айналдырған жігіт ақыры әділет тапты. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желінің күшін тағы бір мәрте мойындадық.

 Айыппұл түйсікті түзей ме?

Елімізде жеке үйлерде немесе басқа да ғимараттарға мемлекеттік тудың ілінуіне заңның қарсылығы жоқ. Нормативтік-құқықтық актілерде рәмізді қорлағандарды жазалау көзделген. Бірақ соңғы кезде көк туды бұйым құрлы көрмейтіндер көбейіп кеткен соң заңның әділдігіне, төл нышандардың қорғанысына күмәнмен қарай бастадық.

Қазақстан Республикасының Конституциясының мемлекеттік рәміздерге арналған 9 және 34-баптарында: «Әркім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» делінген. Ал ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі мен Қылмыстық кодексі осы міндетіне салғырт қараған азаматтарды жазалау шаралары көрсетілген. Қылмыстық кодекстің 372-бабында: «Мемлекеттік рәміздерді қорлау екi мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу­ге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – делінген.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туын, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы мен Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 458-бабы бойынша екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы бапта мемлекеттiк рәміздерді пайдалану мiндеттi болып табылатын жағдайларда оларды пайдаланбағаны үшін де жаза белгіленген: лауазымды адамдар бұл әрекеттері үшін екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлеуі тиіс. 458-баптың бірінші және екінші тармақтарында көрсетілгендей, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде рәміздерді пайдалану тәртібін екінші мәрте бұзу төрт жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Елімізде 1 айлық есептік көрсеткіш 1982 теңгеге тең. Яғни мемлекеттік рәмізді қорлаған азамат 396 мың 400 теңге, мұндай әрекетті екінші рет жасаған адам 798 мың 800 теңге төлеуі тиіс. Бірін жарты миллион, екіншісін бір миллионға жуық деп дөңгелектесең, аз ақша емес. Жастарды білместікпен жасады, үлкендерді шалыс басты деп ақтап, жазаның ауырлығына шағымданушылар көп. Бірақ мемлекеттік символдарды қорлағаны үшін өзге мемлекеттерде қолданылатын жазамен салыстырсаңыз, біздің заңның мейірімді екеніне көзіңіз жетеді.

Мәселен, жуырда Каир соты армяндық бишіні 6 айға темір торға қамады. Бишіге «Мысырдың байрағын қорлады» деген айып тағылды. Сөйтсек, Сафиназ есімді өнерпаз Мысырдағы «Қызыл теңіз» демалыс орнында түсі осы мемлекеттің туына ұқсас киімде өнер көрсеткен екен. Бұл – Каир сотының айыпталушыға қайырымдылық танытқандағысы, әйтпесе 2014 жылдың қаңтарынан бастап мысырлықтар мемлекеттік туды қорлағаны үшін 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы қылмыстық жауапкершілікті заң жүзінде бекіткен болатын. Ал қазақтың туы ішкиімде бейнеленсе де, футболшылар тебетін аяқдоп пен шайтанарбаның орындығына бедерленсе де заң тарапынан қарсылық жоқ. «ҚР мемлекеттік рәміздері туралы» туралы 4-бабында: «Мемлекеттік Тудың бейнесі өзге де материалдық объектілерде орналастырылуы мүмкін» делінген. «Өзге» дегеннің аты аталып, түсі түстелмеген соң, төл нышанның бейнесі көрінген жерде көлбеңдегеніне таңғалудың қажеті жоқ сияқты.

 Америка туын тұғырынан түсірмейді

Заңдық жауапкершілік жүктейтін күші болмаса да, АҚШ-тың Ту туралы кодексіне қайшы әрекет ету – америкалықтар үшін қылмыспен тең. Мемлекеттің нағыз патриоты, Нью-Джерси штатынан шыққан конгрессмен Фрэнсис Хопкинсон жасаған ту Америка халқы басынан өткерген даму кезеңдерінің куәсі. Сондықтан мемлекетте оған деген құрмет ерек. Тудың ғимараттардың іші-сыртына ілінуі, бейнесінің бұйымдарда бейнеленуі кодексте көрсетілген талаптардан еш ауытқымайды. Ілулі тұрған АҚШ туы жерге, еденге немесе суға тимеуі керек, абайсызда тиіп кеткен жағдайда келесі қолданылғанға дейін мұқият тазалануы тиіс. Америка байрағы өзімен қатар тұрған өзге тудан әрқашан бір табан биік тұруы тиіс, тіпті белгілі бір мемлекетке, лауазымды тұлға мен беделді халықаралық ұйымға құрмет көрсету мақсатында да оны төмен түсіруге болмайды. Америкалықтар тудың өңін жоғалтпауына, табиғи құбылыстар салдарынан бүлініп қалмауына жіті назар аударады. Ал біз ше? Басқаны былай қойғанда, атынан ат үркетін мемлекеттік мекемелердің өздері төбелерінде ілулі тұрған тудың түсі кетпек түгілі, тозығы жетіп, қақ ортасынан екіге бөлініп қалса да мән бермейді. Осы орайда, 2013 жылы Қазақстанның екі үлкен қаласында болған оқиғаны еске түсіруге тура келіп тұр. Петропавлда үш бірдей мемлекеттік мекеме – Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменттері отыратын ғимараттың төбесіндегі жыртық ту қатарынан бірнеше тәулік бойы ілулі тұрған еді. Келеңсіз жайт қалалық прокуратураның назарына іліккенге дейін шенділердің ешбірі ғимарат сыртындағы туды бүтіндеуді құнттаған жоқ. Дәл сол жылы Шымкенттің Ордабасы алаңында ілулі тұрған тесік ту да жергілікті әкімшіліктің көзіне түсе қоймады. Есесіне, қала тұрғындарының наразылығын тудырды. Кейіннен сол байрақты ілу үшін бюджеттен 450 мың теңге бөлінгені анықталды. Ұзындығы 16 метр, ені 8 метрді құрайтын туды 50 метр биіктікке ілгеннен кейін қала билігі оны арагідік қадағалап тұруды ұмытқан. Тәуелсіздік саябағына барған адамға алыстан менмұндалап көрінетін тудың тесігі мен жыртығын «Отырар» телеарнасы арқылы облыс жұртшылығы түгел көргеннен соң ғана Шымкент қаласы әкімдігі шара қолдануға көшті. Жергілікті шенділер тудың мүсәпір халіне екпінді жел, аптап ыстық пен толассыз жауынды айыптады. Ақыры қала билігі жаңа ту сатып алуды жергілікті бюджет үшін қып-қызыл шығын деп тауып, байрақтың тарқатылған жіптерін тігу, тесіктерін жамаумен ғана шектелген болатын.

Тағы да өзгенің тәжірибесін тілге тиек етуге мәжбүрміз. АҚШ-та мемлекеттік ту жыртылып қалса немесе қолдануға кедергі келтіретін өзге де ақаулары пайда болса, пайдалануға жарамсыз деп табылып, өртелуі керек. Өйткені америкалықтар үшін рәміздің қоқыста немесе аяқтың астында иленіп жатуы – үлкен қорлық. Сондай-ақ, Америка рәмізін патриоттық ұйымдардың, әскери адамдар мен полицейлердің және өрт сөндірушілердің арнайы формасынан басқа киімдерде бейнеленуіне тыйым салынған. Тіпті, халықаралық додаларда ел намысын қорғайтын спортшылардың спорттық костюмдерін тігу барысында да қолдануға болмайды.

 Жеңіп тұрып жерге қарадық

Мемлекеттік рәміздердің мерейі сөз болғанда қазақ спорты мен оның абыройын асқақтатып жүрген ел мақтаныштары ауызға түседі еріксіз. Өйткені мемлекеттің Гимнін әуелетіп, Елтаңбасын еңселендіріп, көк Туын биіктететін де – солар. Бірақ төл нышандарымыздың спорттағы асығы түгел дей алмаймыз.

Халықаралық додаларда әнұранымыздың бір емес бірнеше рет қате шырқалғаны есте. Жеңіп тұрып, жерге қараған сәттерімізді қайтіп ұмытайық? 2011 жылы Париждегі әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, Қазақстанның мерейін үстем еткен зілтемірші қыз Зүлфия Чиншанлоның құрметіне еліміздің қазіргі емес, бұрынғы гимні шырқалғанда миллиондаған жанкүйерлердің өрекпіген көңілі су сепкендей басылған еді. Өткен жылы Верона қаласында өткен волейболдан Қазақстан мен Голландия командалары арасындағы кездесу кезінде де ескі әнұранымыз қойылды. 2013 жылдың қаңтарындағы Ресейдің «ТХК» командасы мен қазақстандық «Сарыарқа» командасының ойынында да спортшыларымыз әлдеқашан тарихқа айналған әуенді аяғына дейін тыңдауға мәжбүр болды. Жарайды, өзге мемлекет қазақтың әнұранын шатастырып алды делік, өз еліміздегі «қателікті» қайтіп ақтап аламыз? 2014 жылдың 7 қыркүйегінде Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен «Алматы» және Бейбарыс командаларының кездесуінде дәл осы жағдай қайталанып, спортсүйер қауымды түгел жерге қаратты. Ал 2012 жылы Кувейтте өткен нысана көздеуден Азия біріншілігінде ескі әнұрамызға да зар болып қалдық. Бұл додада қазақ халқының көзіне шыққан сүйелдей болған Американың атышулы «Борат» фильміндегі ән шырқалды. Спортшыларымыз тағы да кірерге тесік таппай қалды.

Спорттық жарыстарда туымыз да талай рет өз тұғырына қона алмады. 2011 жылғы Азиада ойындарында елімізге 32-ші алтынды сыйлаған хоккейшілердің ерлігіне кәрі-жас түгел сүйсінді. 2007 жылы жапондарда кеткен есені өз жанкүйерлерінің алдында қайтарып, Азиаданың жеңімпазы атанған шайбалы хоккей шеберлеріне қазақтың алғыстан басқа айтары болмады. Алайда ойын соңында келеңсіз оқиға қоржындағы алтынның құнын бес тиын етіп, елдің сүйінішін әп-сәтте күйінішке айналдырды. «Қазақстан» спорт сарайына жиналған жанкүйер қуаныштан бөркін аспанға атып жатқан тұста бапкерлердің бірі туымызды шетте тұрған хоккейшінің иығына жапқан болатын. Әлгі ойыншы байрақты қасындағы жолдасының арқасына іле салғаны сол еді, ол иығындағы рәмізді келесі бір әріптесіне ысыра салды. Осылай қолдан-қолға өткен тудың Вадим Краснослободцевтің қолында тұрақ тапқанына қуанды жұрт. Ақтық сайыстың үздік ойыншысы атанған Вадим қолындағы сырғытпа таяғына туды асықпай байлап жатқанын көріп, жанкүйерлер көк байрағымыз айдынды айнала желбірейді деп ойлаған. Қателесті. Қазақстан құрамасына алтын медаль мен естелік сыйлықтарды тапсырар тұста Вадим таяғымен қоса, рәмізді де жерге тастай салды. Мемлекеттік Гимн шырқалар сәтте де жерде елеусіз жатқан ту көкке көтерілген жоқ. Тәуелсіздігіміздің символы аяқтардың астында тапталып қала берді.

Осы оқиға қоғамдық пікірге қозғау салып, ақ­­ Олимпиаданың соңғы күндерінде www.masa.kz­ сайтында Аягөз Дәкеннің «Алтынды алдым, туы­ңа түкіргенім бар» атты мақаласы жарық көрді. Бірер күннен соң бұл мәселеге «Халық сөзі» де үн қосып, «Туымды қадірлемесең, тұғырға шыққаныңды қайтейін?!» (11.02.2011) деген тақырыппен тағы бір мақала басылды. Алғашқысы құзырлы органдардың назарына түспесе де, кейінгісіне шенділер жауап қатуға мәжбүр болды. Туризм және спорт министрлігі «Халық сөзіне» жолдаған хатында келеңсіз жағдайларға жол бергені үшін спортшылар мен жаттықтырушыларға қатаң шара қолданатынын айтып, алдағы уақытта мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін тәрбиелік жұмыстарды жүргізуге сөз берген болатын. Тіпті, спортшыларға мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды үйрету үшін арнайы маман (лектор) тартуды да қарастыратындарына сендірген. Асылында, туған елге деген сүйіспеншілік, оның тарихына, төл нышандарына деген құрмет адамның бойына ерте жастан егілуі тиіс. Елбасымыз: «Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өскені жөн», – демеп пе еді?! Отаншылдық рухта тәрбиеленбеген, өз елінің талайлы тағдыры мен тағылымды тарихынан бейхабар адам оның символикасына селт ете қоюы екіталай. Мемлекетінің Көк туын көк шүберек, Әнұранын «хит-парадтағы» көп әннің біріндей көретіні сондықтан.