Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ӘН ӨНЕРIНIҢ IРI ЗЕРТТЕУШIСI

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ӘН ӨНЕРIНIҢ IРI ЗЕРТТЕУШIСI

БЕЛГIЛI МУЗЫКАТАНУШЫ ҒАЛЫМ Б.Т.ЕРЗАКОВИЧТIҢ ТУҒАНЫНА 100 ЖЫЛ

Музыкатану дербес ғылым ретiнде Қазақстанда Қазан төңкерiсiнен кейiн дами бастады. Оның алғашқы қадамдары, қазақтың кәсiби өнерiнiң дүниеге келуi, қазақ музыка шығармашылығының бай мұраларына байланысты. Бұл тарихи заңдылық. Себебi, қазақ музыка өнерiнiң негiзiн құраған халық шығармашылығы қоғам тарихындағы әлеуметтiк, экономикалық алға жылжу, iлгерiлеу кезеңiнде жүздеген жылдар тезiнен, халықтың сыны мен iрiктеуiнен өткен. Басқа да кәсiби жанрлармен қатар халықтық музыка өнерi де шығармашылық даму үстiнде болды.

Жеке халықтардың ән өнерiн зерттеу бiр қоғамдық дәуiрден екiншi дәуiрге өту заңдылықтарын терең түсiнуге жол ашады. Жалпы қазақ халқының өмiрiнде өлең, ән өнерi ерекше орын алады. Ән халқымыздың күнделiктi тұрмысына арқау болған, дүниеге сәби келгенде шiлдеханада айтылатын өлеңнен жоқтауға дейiн қанға сiңген құбылыс. Ұлы Абайдың:

…Туғанда дүние есiгiн ашар өлең,

Өлеңмен жер қойнына кiрер денең – деуi көп жайдың мәнiн аңғартса керек.

Қазақтың музыка, ән өнерiнiң зерттеушiсi, белгiлi композитор, музыкатанушы, фольклорист-ғалым Борис Гиршевич Ерзаковичтiң туғанына 100 жыл толды.

Б.Г. Ерзакович 1908 жылы 30 мамырда Ақмола қаласында дүниеге келдi. Оны алғашқы музыка әлiппесiне анасы Сарра Вульфовна Ерзакович пен әскери тұтқын, ұлты венгр, пианист Кольбе үйреттi. Омбы музыкалық техникумында бiлiм алған. Содан соң кино, Петропавл облыстық радиостудиясының пианиношысы, шағын оркестрдiң дирижерi болып жұмыс iстедi, драмалық спектакльдерге музыка жазды, радиохабарлардың музыкалық редакторы қызметiн атқарады.

Б.Г. Ерзакович 1931 жылы Алматы қаласына келедi. Осы жерде, Алматы радиостудиясы қабырғасында музыкалық редактор қызметiн атқара жүрiп, ол қазақтың атақты әншiлерiмен, өнер тарландарымен тығыз қарым-қатынас орнатады, осы студияда халықтың сүйiспеншiлiгi мен құрметiне бөленген Әмiре Қашаубаев пен Қали Байжановтың, Иса Байзақов пен Қуан Лекеровтiң, Елубай Өмiрзақов пен Манарбек Ержановтың және басқалардың әндерi мен күйлерiн алғаш рет естiп, тыңдайды. Олар қазақ халқының тұрмыс-тiршiлiгiнде көптеген ғасырлар бойы қалыптасқан музыка мәдениетiнiң iнжу-маржандарын жадында сақтап, кейiнгi ұрпаққа жеткiзушi өз халқының бiртуар талант иелерi болатын.

Халық шығармашылығының осындай бай мұрасын жинау А.В. Затаевичтiң өмiрiнiң мәнi болды десек, жас композитор әрi музыкатанушы Б.Г. Ерзакович үшiн үлкен ғылыми қызығушулық танытты. А. В. Затаевичпен таныс болуы, онымен үнемi хат жазысып тұруы, талантты композиторлар Е.Г. Брусиловский,А.Қ. Жұбанов, Л. Хамиди сияқты дарын иелерiмен тығыз қатынаста жұмыс iстеуi Б.Г. Ерзаковичтiң музыка өнерiне деген көзқарасын өзгерттi. Ол қазақ музыка өнерiн терең де түбегейлi зерттеумен айналысты. 1932 жылдан бастап қазақ әндерiн жинау, өңдеу нотаға түсiру мақсатында Қазақстанның барлық облыстарын, аудандар мен ауылдарын аралады.

Б.Г. Ерзакович осы экспедициялар нәтижесiнде қазақ музыка фольклорының екi жарым мыңнан астам үлгiлерiн жинады, оның iшiнде қазақтың тамаша әншi-композиторлары Абай Құнанбаев, Бiржан Қожағұлов, Жаяу Мұса, Мұхит, Естай, Майра, Иса Байзақов, Кенен Әзiрбаевтың әндерi де бар болатын (ҚР ОММ., Қор 1884, Т. 1,I. 77)

Осыншама асыл мұралар мен бай материалдарды ғылыми өңдеу, оларды бiр жүйеге келтiру, ғылыми зерттеу үшiн дайындау жолында Б.Г. Ерзаковичтiң еңбегi баға жеткiсiз.

Қазақ музыка өнерiн басқа да халықтардың арасында кең тарату, насихаттау жолында ол "Советтiк Қазақстанның музыкасы", "Қазақстан әндерi", "Орыс музыка өнерiнiң қазақ музыкасының дамуына әсерi", "Орыс ғалымдары қазақ музыкасы туралы" тағы да басқа көптеген мақалалар мен кiтапшылардыжарыққа шығарды. Б.Г. Ерзакович "Қазақ халқының ән шығармашылығы төңкерiс кезеңiне дейiн", "Қазақ халқының ән мәдениетi" кiтаптарының және басқа да монографиялардың, С.Бегалиннiң сөзiне жазылған "Армандар", Ә. Сәрсенбаевтiң сөзiне жазылған "Аңсап келем алыстан" атты лирикалық әндерiнiң авторы. Академиялық драма театрының спектакльдерiне, оның iшiнде М.Әуезовтiң "Абай", С. Мұқановтың "Шоқан Уәлиханов" пьесаларына, Мәншүк Мәметоваға арналған фортепианолық сонатаға, "Япурай" концерттiк нұсқасына музыка жазған.

М. Ахметовамен бiрге 1959 жылы шығарған "Қазақ совет халық әндерi" этнографиялық жинағы қазақ фольклоры тарихында елеулi оқиға болды. Жинақ қазақ музыкасы шығармашылығының антологиясы ретiнде қабылданды.(ҚР ОММ., Қор 1884, Т.1, I.74)

Б.Г. Ерзакович А.В. Затаевичтен кейiн алғаш рет Қазақстанның феодалдық-патриархалдық ерекше жағдайындағы тарихи даму мен Қазан төңкерiсiне дейiнгi кезеңдегi қазақ фольклорының мазмұнын көркем формада ашып көрсететiн тарихи-деректi материалдар жинақтап, топтастырды, қазақ халқы музыка өнерiнiң аса құнды деректерi мен материалдарын кеңестiк музыка қатарына қосты. Б.Г. Ерзакович музыка саласында қаншама жыл жемiстi еңбектенсе де, сол кезеңдегi барлық музыка зерттеушiлерi сияқты, өзiне ерекше жағдай немесе қөзқарас жағдай сұрамайтын мамандар қатарына жатады. Ол барлық биiкке өзiнiң қажырлы қоғамдық пайдалы еңбегi мен талмас қайратының арқасында жеттi. Халық таланттарымен көпжылдық қатынас, тығыз байланыс орнату арқылы дәстүрлi халық шығармашылығын жанымен түсiндi, осы бай дәстүрдi терең сезiне бiлдi және одан әрi дамытты.

Ол 2500-ге жуық қазақ әндерi мен күйлерiн зерттеп, нотаға түсiрдi, оның iшiнде 200-ден астам шығарма фортепиано, хор, дуэт дауыстары және оркестр үшiн қайта өңделдi. Өзiнiң шығармашылық өмiрiнде Б.Г. Ерзакович 60 музыкалық туынды мен 25-тен аса ғылыми еңбектер жариялады.

1955 жылы өнертану кандидаты ғылыми дәрежесiн, ал 1966 жылы "Қазақ халқының баға жетпес мәдениетi" тақырыбына докторлық диссертация қорғады. 1967 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспондентi болып сайланды.

Б.Г. Ерзакович Қазақстан Композиторлар одағын ұйымдастырушылардың бiрi және құрылған күннен бастап осы Одақтың тұрақты жауапты хатшысы болды. Қазақ КСР-нiң еңбек сiңiрген өнер қайраткерi (ҚР ОММ., Қор 1884, Т. 1, I. 36).

Отан алдында сiңiрген еңбегi Үкiмет тарапынан жоғары бағаланып "1941-1945 жылдар. Отан соғысындағы ерен еңбегi үшiн", "Ерен еңбегi үшiн" медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң Құрмет грамотасымен марапатталған.

Б.Г. Ерзакович еңбектерi қазақ халқының мәдениетi мен кәсiби музыка өнерiн ғылыми зерттеуге бағалы үлес қосқан, тарихи даму деңгейiн бұрын-соңды болмаған биiктерге көтерген терең де түпкiлiктi зерттеулер.

Қазақ музыка өнерiн Б.Г. Ерзакович қандай биiкке көтерген болса, қазақ музыкасы Ерзаковичтiң талантты сазгер, кәсiби музыка зерттеушiсi болып қалыптасуына зор септiгiн тигiздi.

Камал МАХМҰТ