Жаңалықтар

ЕҚЫҰ ТӨРАҒАЛЫҒЫНА ДАЙЫНДЫҚ

ашық дереккөзі

ЕҚЫҰ ТӨРАҒАЛЫҒЫНА ДАЙЫНДЫҚ

2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығының тiзгiнi Қазақстанның қолына өтедi. Ол үшiн қазақ билiгi адам құқықтары, сөз бостандығы, сайлау мен саяси партиялар, үкiметтiк емес ұйымдар сияқты мәселелерге қатысты заңдық құжаттардың барлығын халықаралық стандарттарға сәйкестендiруi қажет. Өткен аптада Женевадағы БҰҰ өкiлдерi ұйымдастырған кеңеске ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин бастаған қазақстандық топ қатысып қайтты.

Былтыр Қазақстан Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төрағалық етуге қол жеткiзгенде "бүйректен сирақ шығаруға" құмар кейбiреу: "Бiзге ЕҚЫҰ-ға төрағалықтан келiп-кетер ештеңе жоқ. Қазақ қоғамындағы демократия бәрiбiр дамымайды" деген болатын. Алайда, әлем алдында уәде берген билiктiң адам құқығы, сайлау жүйесi, сөз бостандығы сияқты азаматтық қоғам құрудағы алғышарт болып табылатын мәселелердiң жақсаратынын көпшiлiк жоққа шығармаған. Бүгiнде Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге қызу дайындық үстiнде. Кейiнгi кездерi еуропалық және америкалық шенеунiктер Қазақстанға жиi келгiштеп, бiздiң ел туралы халықаралық БАҚ-тан пiкiр айтуды жиiлетсе, қазақ билiгiнiң өкiлдерi халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын шараларға белсендi түрде қатыса бастады. Солардың бiрi – өткен аптада Женевадағы БҰҰ Адам құқығы жөнiндегi кеңестiң 7-сессиясы. Аталған шараға ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжин бастаған топ қатысып қайтты. Сол жиында М.Тәжин: "Қазақстан үкiметi ұлттық заңнамалар мен құқықтық тәжiрибелердi халықаралық стандарттарға сәйкестендiруге күш салады" деп мәлiмдей келе, құқық қорғау құрылымдарының өкiлеттiлiгiн арттыруға, сот жүйесiнiң ашық та әдiл болуына барлық жағдай жасалатынын айтты. Министрдiң пiкiрiнше, адам құқығын қорғау мен оны дамытуда әлемдiк тәжiрибеге сүйену өте маңызды: "Дәл осы мәселе Қазақстанды БҰҰ-ның адам құқығына қатысты салаларда қабылдаған көптеген конвенциялары мен келiсiмдерiне қосылуға жетеледi. Олардың арасында азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар қамтылған халықаралық пактiлер де бар". Сессияға қатысушылардың назарын Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететiнiне аударған министр адам құқығын қорғау, әскери-саяси мәселелер мен экономиканы дамыту, қоршаған ортаны қорғау сияқты мәселелердiң күн тәртiбiнен түспеу қажеттiгiн мәлiмдедi. Ескеретiн жайт, 2007 жылдың қыркүйегiнде Нью-Йорктегi БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-сессиясында ҚР Президентi Н.Назарбаев күш қолдану, ұрып-соғуға қарсы конвенцияға қол қойды. Конвенция ҚР аумағында үстiмiздегi жылдың қаңтарынан бастап күшiне ендi. Биыл Веналық деклорация мен Бағдарламаға сәйкестендiрiлген республикамыздағы адам құқығын қорғау саласының жұмыстарын жақсартуға қатысты жоспар түзiледi.

Халықаралық деңгейдегi Жалпыға ортақ адам құқығы жөнiндегi деклорация осыдан 60 жыл бұрын қабылданған. БҰҰ Адам құқығы жөнiндегi комитеттiң басты мiндетi — адамдар құқығын қорғау, кез келген бiр мемлекетте адам құқығы бұзылған жағдайда сол мемлекеттiң үкiметiмен келiссөздер жүргiзу. Төрт жылда бiр сайланатын БҰҰ Адам құқығы жөнiндегi комиссариаттың басшысы қоғамның барлық саласындағы адам құқығын сақтауды жетiлдiру мен дамытуда маңызды рөл атқарады. БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ), БҰҰ Бiлiм, ғылым және мәдениет iстерi жөнiндегi ұйым (ЮНЕСКО), БҰҰ Даму бағдарламасы, БҰҰ саяси босқындар жөнiндегi басқарма сияқты басқа да қауiпсiздiк пен төтенше жағдайлардағы гуманитарлық оқиғалармен айналысатын ұйымдармен тiкелей байланыста. 2004 жылдың 25 ақпанынан берi БҰҰ адам құқығы жөнiндегi Жоғарғы комиссары мiндетiн канадалық айыптаушы Луиза Арбур атқарып келедi. Iссапар барысында Марат Тәжин Луиза Арбур ханыммен де кездесiп, адам құқығына қатысты бiрқатар жайтты ортаға салды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ