АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкiлеттi елшiсi Джон Ордвей: АҚШ – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ IРI ИНВЕСТОР
АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкiлеттi елшiсi Джон Ордвей: АҚШ – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ IРI ИНВЕСТОР
Америка — демократияның алтын бесiгi. Қоғамдағы экономикалық, саяси, әскери, әлеуметтiк және мәдени мәселелер алақандағыдай айқын, жария. Сөз бостандығы мен адам құқығын сақтауда да әлем Американы үлгi етедi. Мигранттар елiндегi 200 жылдан астам тарихы бар Конституция – әрбiр АҚШ азаматының кепiлi. Әрине, Жер бетiнде перiштедей пәк мемлекеттiк жүйе жоқ. Кез келген елдiң мемлекеттiк құрылымында күнгей мен көлеңке қатар кездеседi. "Түркiстанның" бүгiнгi қонағы – АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Джон Ордвей мырза Қазақстан мен Америка арасындағы екiжақты қатынас, салықтық реформа, Қазақ елiнiң ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегi дайындығы, сөз бостандығы мен сайлау, саяси партиялар мен халықаралық саяси ахуалға қатысты ой бөлiстi.
"КЕДЕНДЕ КЕДЕРГI КӨП"
– Елшi мырза, Қазақстан – Америка Құрама Штаттарының стратегиялық серiктесi. Екi ел арасындағы дипломатиялық қатынастар жүйелi әрi жедел дамып келедi. Америка әсiресе, экономикалық, энергетикалық салада тығыз қарым-қатынас жасауға мүдделi. Осы орайда, мемлекеттерiмiздiң арасындағы экономикалық, сауда-саттық, серiктестiк қарым-қатынасына тоқталсаңыз?
– Менiңше, бұл сауалға жауап бергенде мәселенi екi қырынан қарастыру керек. Бiрiншiсi, кәсiпкерлiк саласындағы компаниялар өз жұмыстарын қалай атқарып жатыр? Екiншiсi, бiздiң мемлекетiмiздiң тарапынан оларға қандай жағдай жасалынуда? Бизнес тұрығысынан алғанда, ең алдымен АҚШ-тың Қазақстандағы ең iрi инвестор екендiгiн ескерте кетейiн. Өзiңiз бiлесiз, инвестицияның ең көп шоғырланған жерi – мұнай мен газ саласы. Сонымен қатар бүгiнгi таңда жеңiлөнеркәсiп, азық-түлiк, ауыл шаруашылығы сияқты басқа салаларға да қаржы құюға мүдделiлер саны уақыт өткен сайын артып келедi. Қазақстан экономикасына инвестиция салу мақсатында бiрқатар екiжақты келiсiмшарттар жасалу үстiнде. Өкiнiшке қарай, Қазақстанға келетiн америкалық компаниялар кезiгетiн кедергiлер жетерлiк. Ең бiрiншiсi, Қазақстан Республикасы халқының саны жағынан аз болуы. Яғни, басқаша айтқанда, iшкi нарықтағы тұтыну көлемiнiң төмендiгi. Екiншiсi, Қазақстанда белгiлi бiр өнiмдi өндiрiп, оны басқа жаққа экспорттаса, тауар құны тым жоғары болады. Бұл арақашықтыққа және тасымалдауға қатысты қиындықтар. Үшiншiсi, әкiмшiлiк тұрғыдағы кедергiлер. Коррупция, рұқсат алудағы, құжаттар дайындаудағы қолдан жасалатын қиындықтар – шаруашылықтары шағын көлемдегi кәсiпкерлер үшiн өте ауыр тиетiн кедергiлер. Сондықтан Қазақстанда мемлекеттiк қызметте жүрген әрiптестерiмiзбен бiрiге отырып, инвестициялық жағдайды жақсартуға тырысамыз. Егер нарық ауқымын Қазақстаннан шеткерi аймақтарға дейiн кеңейтуге ықпал етсек, экономикалық инвестициялық ахуалдың дамуына мүмкiндiк жасалары анық. Алайда, қазiргi кезде Қазақстаннан тауарларды сыртқа шығару немесе iшке кiргiзу қиындық туғызуда. Кедендегi салық, рұқсат алудағы қиындықтарға байланысты. Қазақстанның Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке өтуi осындай кедергiлердiң жойылуына, баға саясатындағы тұрақтылықтың орнауына және тауарлар құнының төмендеуiне жағдай жасайды деп сенемiз. Жуық арада бiз тағы бiр жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. ҚР мен АҚШ-тың үкiмет мүшелерiн және екi елдiң бизнесмендерiн бiрiктiре отырып, кәсiпкерлiк саласында кездесетiн өзектi мәселелердi талқыға саламыз және қиындықтарды ашып көрсетiп, кемшiлiктер мен олқылықтарды жөндеудi қолға аламыз. Көп жылдан берi шағын кәсiпкерлiктi дамытуға қатысты бағдарламаларды жүзеге асырып келе жатырмыз. Жыл соңына дейiн тағы да қосымша ұсыныстарымыз бар.
– Тауарлардың қандай түрлерi кеденде кептетiлiп тұрып қалады?
– Былтыр Америкадан әкелiнген заттардың барлығы құжат рәсiмдеу тәртiбiнiң өзгеруiне байланысты косметикадан бастап, мұнай кен орындарын игеруге қатысты техниканың бөлшектерiне дейiн кеденде кедергiге тап болды. Менiңше, Қазақстанда азық-түлiк өнiмдерiн өндiрудi қолға алу арқылы мол табысқа кенелуге мүмкiндiк бар. Iшкi нарықтағы сұранысты өтей отырып, сыртқы нарықты қамтуға жете көңiл бөлiнсе, кәсiпкерлердiң ұтары көп. Өзбекстаннан жемiс-жидектердi сатып алып, оларды қайта өңдеу немесе белгiлi бiр өнiм дайындаса, Орталық Азия мемлекеттерi нарығына жол табылады. Бiрақ кедендегi кедергiлер жойылмаса, шекарада тұрып қалған жемiс-жидек пен көкөнiстiң бұзылып кететiнi белгiлi. Сапасыз шикiзаттан сапалы өнiм өндiру әсте мүмкiн емес. Бәсекелестiкке төтеп беретiн, нарықтағы мол сұранысқа ие болатын тауар шығару үшiн алдымен кәсiпкерлiк жолындағы қиындықтардан арылу қажет.
"ҮКIМЕТ БЕРГЕН УӘДЕСIНЕН ТАЙМАУЫ ТИIС"
– Қазiр ҚР Үкiметi жаңа Салық кодексiнiң жобасын дайындап жатыр. Осы орайда, Сiздiңше, мемлекетаралық және халықаралық деңгейде ескеруге тиiс мәселелер бар ма?
– Сiздiң Үкiмет үшiн үстiмiздегi жылы салық жүйесiн реформалау өте маңызды. Бұл жерде де ескерiлуге тиiс екi жайт бар. Бiрiншiсi, салық түрлерiн тағайындарда ұзақ ойланып, жетi рет өлшеп, бiр рет кескен дұрыс. Өйткенi, мемлекет табыс табуы тиiс. Сонымен бiрге аяғынан ендi тiк тұрып келе жатқан шағын кәсiпкерлiктiң тұралап қалуына жол бермеу керек. Керiсiнше, қолдан келгенше, дамытуға, барынша жағдай жасауға тырысқан абзал. Екiншi жағынан, салық жүйесi өте ашық және кез келгеннiң қолы жететiн жария болуы қажет. Ең маңыздысы, салық төлеушiлерге зияны мен зардабы тимеуi шарт. Осы мәселеде Америка – үлкен тәжiрибеге ие мемлекет. Америка халқы салыққа қатысты мәселелердiң күнгейi мен көлеңкесiн қатар көрдi. Сондықтан егер қажет болса, салық реформасына қатысты кеңес беруге, техникалық тұрғыда қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Алайда, қайталап айтайын, мұның бәрiн әбден зерттеп, зерделеп, ой елегiнен өткiзiп алған дұрыс. Қабылданған шаралар ел экономикасының дамуына елеулi үлес қосуға қабiлеттi шетелдiк инвесторлардың көңiлiнен шығатын, олардың қызығушылығын оятатын болуы керек. Сонымен бiрге жергiлiктi кәсiпкерлер мен өнiм өндiрушiлердiң жұмысына салық зиянын тигiзбеуi тиiс. Яғни, Қазақстан жерiнде еңбек ететiн шет елдердiң кәсiпкерлерiне салынатын салық көлемi жергiлiктi кәсiпкерлерге қарағанда, көптеу болғаны жөн. Бұл жерде Қазақстан Үкiметi қол қойған түрлi халықаралық құжаттар, келiсiмшарттар көлденең тартылады. Мысалы, Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке өткен жағдайда ескерiлуi тиiс талаптар мен алыс, жақын шет елдермен бiрге қабылдаған мемлекетаралық құжаттар бар. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары Қазақстан экономикасына инвестиция салған компаниялар мен ҚР Үкiметi арасындағы келiсiмшарттар өзгертiлмеуi тиiс. Яғни, әп дегенде берген уәдеден таймай, сол кезде белгiленген салық көлемiн сол қалпында сақтап қалу керек.
– Қазақстан егемен ел болған алғашқы жылдары шетелдiк инвесторлардың қаржылық қолдауына зәру болды. Сондықтан шетелдiк компаниялар неғұрлым көптеп келу үшiн барлық жағдайды жасап бақты. Салықтық жеңiлдiктер жасалынып, экологияға тигiзер зиянға қатысты мәселелер сияқты басқа да маңызды жайттар екiншi кезекке ысырылғаны сондықтан. Бiрақ Қазақстанның табиғи байлығы – Үкiметтiң емес, халықтың меншiгiндегi байлық. Қазiргi таңда бiздiң Үкiмет кезiнде жiберген кемшiлiгiн түзеуге тырысып жатыр. Мысалы, күнi кешегi Қашаған мәселесi…
– Бiрақ халықаралық экономикалық жүйеде ең маңыздысы – мемлекеттiң, үкiметтiң айтқан сөзiнде тұруы ғой. Екiншi жағынан, инвестиция салған кезде кез келген компания қаржы құюға талпынған саланың қауiп-қатерi мен өнiмнен түсетiн пайданы таразыға тартады. Басқаша айтқанда, тауардан пайда табуы да мүмкiн немесе қолдағы бар қаражаттан түгел айырылып қалу қаупi де бар. Тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары әлемдiк саясат үшiн Қазақстан бейтаныс әрi беймәлiм мемлекет едi. Оны ешкiм танымайтын. Қазақстанға келген шетелдiк инвесторлар көңiлiнде пайда табуға деген сенiм мен үмiттен гөрi "қолымдағы қаржыдан айырылып қалуым мүмкiн" деген қауiп-қатер мен күдiк басым болатын. Қазiргi таңда бiз шетелдiк инвесторлар елге келiп, төмен табысты қанағат тұтсын десек, оның қатерлерiн де төмендетуiмiз керек. Егер екiжақты келiсiмшарттарды қайта қарайтын болса, 90-жылдардағы қауiп пен күдiкке толы күндерге қайта ораламыз. Оқырманға түсiнiктi болуы үшiн бiр мысал келтiрсем. Осыдан он жыл бұрын сiз банк берген несиеге Алматыдан пәтер сатып алдыңыз делiк. Арада он жыл өтсе де, банктен алған қарызыңызды аз көлемде әлi төлеп келесiз. Бiр күнi банк өкiлдерi сiзге инфляция деңгейiнiң өскенiн, елдегi қымбатшылыққа байланысты пәтерiңiздiң құны он есеге өскенiн, сiздiң жалақыңыздың он есеге көбейгенiн айтып, сiз алған несиенiң пайыздық көрсеткiшi де он есеге көтерiлгенiн хабарлады. Бұл қалың жұртшылықты былай қойғанда, бiр адам үшiн аса жағымды емес. Ал егер пәтер нарығын тұтасымен алсақ, тiптi, көзге елестетудiң өзi қорқынышты.
"КРЕМЛЬ КЕДЕРГI ЖАСАЙДЫ"
– Жуырда ресми Астанаға iссапармен келген АҚШ Мемлекеттiк хатшысының Оңтүстiк және Орталық Азия iстерi жөнiндегi орынбасары Ричард Баучер қазақстандық билiкпен болған кездесулерде Қазақстанның 2010 жылы Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету жолындағы мiндеттемелерiн талқыға салды. Сiздiңше, ҚР Үкiметi осыдан екi ай бұрын Мадридте берген уәдесiн қалай жүзеге асыруда?
– ҚР Сыртқы iстер министрi Марат Тәжиннiң Мадридтегi мәлiмдемесiнен бәрiңiз де хабардар шығарсыздар. Бүгiнгi таңда Құрама Штаттардың Қазақстаннан күтетiнi – Еуропалық қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының стандарттарына сәйкес келетiн қарапайым қадамдар. Олардың iшiнде бұқаралық ақпарат құралдары туралы, сайлау жүйесi мен саяси партияларға қатысты заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу бар. Бiз аталған өзгертулер мен толықтыруларды Қазақстан Үкiметi 2008 жылдың соңына дейiн енгiзедi деген сенiмдемiз.
– АҚШ пен Батыстың қолдауының арқасында Косово тәуелсiздiк алды. Қазiр Әзiрбайжан – Таулы Қарабаққа, Грузия – Оңтүстiк Осетия мен Абхазияға, Молдова – Приднестровьеге, Ресей Шешенстанға алаңдайды. Егер олар Косовоның егемен¬дiгiн мойындайтын болса, аталған мемле¬кеттердегi жер дауы да өздiгiнен шешiлуi тиiс. АҚШ-тың Косовоны тәуелсiз ел ретiнде тануы халықаралық саяси стандарттарға қайшы емес пе?
– 1990 жылдарды тарихи тұрғыда қарастырсақ, сол кезеңде АҚШ-тың Югославияға қатысты көзқарасын көптеген елдер қолдаған жоқ. Өйткенi, олар Кеңестер Одағын сақтап қаламыз деген сенiмде болды. Бiрақ көп кешiкпей-ақ Югославияны тұтас бiр мемлекет ретiнде сақтап қалу мүмкiн еместiгiне көз жеттi. Мызғымастай көрiнген империя – КСРО да тарих қойнауына сүңгiдi. Косовоның егемендiкке қол жеткiзуi – Югославияның ыдырауының соңғы қадамы. Сонда есептеп көрсек, ыдырау процесiнiң өзi жиырма жылға созылды. Негiзi Югославия мен Косовоның Сербиямен қарым-қатынасында өзгешелiк пен ерекшелiк бар. Ал АҚШ-тың Косовоға байланысты ұстанған саясаты өзге елдерге үстемдiк беру немесе төмендету емес. Үлгi де емес.
– Ресей орталықазиялық аймаққа тиесiлi энергетикалық қорлар арқылы әлемдiк саясатқа ықпал етудi көздейдi. Мұнай мен газды тасымалдаудың балама жолдарын табуға Еуропа мен Америка да мүдделi. 2006 жылы мен Вашингтондағы кездесуде АҚШ Мемлекеттiк хатшысының орынбасары Дэниел Фридтен: "АҚШ пен Батыс, Қытай мен Ресей арасындағы Орталық Азияның мұнайы мен газы үшiн күресте табиғи байлық иелерi зардап шекпей ме?" деп сұрағам. Фрид мемлекетаралық қарым-қатынастар серiктестiкке негiзделетiнiн айтқан. Арада екi жыл өттi. АҚШ энергетикалық қауiпсiздiк мәселе¬сiнде белсендiлiк танытар емес. Нелiктен?
– Менiңше, Америка Құрама Штаттары энергетикалық қорларды тасымалдау, энергетикалық қауiпсiздiк мәселелерiнде өте белсендi. Мысалы, бiр-екi апта бұрын Қазақстанға Стив Ман келдi. Ол еуразиялық аймақтағы энергетика мәселесiнiң қыр-сырына жетiк маман. Сонымен қатар бiз қазақтың мұнайы мен газын еуропалық нарыққа тасымалдауды да қарастырып жатырмыз. Бiр апта бұрын Дэниел Фрид венгриялық бiр басылымға берген сұхбатында энергоқорларды Газпромның маршруты арқылы ғана емес, басқа да жолдар арқылы тасымалдауды қарастыру қажеттiгiн айтты. Сiздiң айтқаныңыз дұрыс. Энергетикалық нарықта да бәсекелестiк орын алуы тиiс. Орталық Азия мәселесiне келсек, осы аймақтағы елдерге тиесiлi тасымал жолдары жоқ. Сондықтан мұнай мен газ бағасын төмендете алмайды, көмiрсутегiлердi әлемдiк нарыққа шығара алмайды. Бiздiңше, шикiзат өндiрумен және сатумен ғана шектелмей, тасымалдау мәселесiн ашық бәсекелестiкке лайықтап, жүйелi түрде жолға қою қажет.
– Nabucco жобасын Батыс пен АҚШ қолдап отыр. Алайда, газ құбырының iске қосылуы екiталай. Сiздiңше, жоба келiсiлген мерзiмде жүзеге асырыла ма?
– Nabucco жобасы сөзсiз iске асырылатынына сенемiн. Бұл жақсы баламалы жоба. Әлi күнге шешуi қажет мәселелер бар. Мысалы, қандай газ тасымалдау қажет, қандай келiсiмдерге қол қою керек деген сияқты.
– Оған Кремль көне ме?
– Газпромның көздегенi басқа екендiгi анық және ол Орталық Азиядан тасымалданатын еуразиялық энергоқорды тасымалдауды уысында ұстағысы келедi.
– Яғни, монополист қалпында қалғысы келедi ғой?
– Әрине, бұл әрбiр монополиске тән әдет. Бiрақ Орталық Азия аймағына да, басқа мемлекеттерге де, АҚШ-қа да бұл тиiмдi емес.
– Путин кеттi, Медведев келдi. Жаңа президент Путин сияқты АҚШ-қа агрессивтiк көзқараста емес. Бiрақ кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, Ақ Үй мен Кремль арасындағы салқынқабақтық сақталып қалады. Сiздiңше, билiктiң ауысына байланысты Америка мен Ресей арасындағы қарым-қатынас жақсара ма?
– Бiз Ресеймен конструктивтi жүйе бойынша серiктес болуды қалаймыз. Ал жаңадан сайланған президентпен қарым-қатынасымыз жақсы болса деймiз. Пiкiрiмiз бен бағытымыз бiр арнада тоғысатын барлық салада тiзе қоса отырып, жұмыс жасағымыз келедi. Алайда, "келешекте жақсы болады" немесе "жаман болады", "қатынасмыз жақсарады" не "жақсармайды" деп алдын ала болжау, сырттан тон пiшу жарамас. Америка Құрама Штаттары Ресеймен әрiптестiк қатынас жасауға мүдделi және дайын. Бұрынғы президентпен қалай серiктестiк, әрiптестiк қарым-қатынас орнатсақ, жаңа президентпен де сондай қатынаста боламыз ғой деп ойлаймын.
– Әрбiр минутыңыз санаулы. Уақытыңыз өте тығыз. Соған қарамастан, сұхбат бергенiңiзге рақмет! Қойып үлгермеген сауалдарға жауап беру үшiн Сiзбен тағы бiр кездесудiң сәтi түседi деп сенемiн.
Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ