ҚАЖЫЛЫҚ САПАРДЫҢ СЕРГЕЛДЕҢI

ҚАЖЫЛЫҚ САПАРДЫҢ СЕРГЕЛДЕҢI

ҚАЖЫЛЫҚ САПАРДЫҢ СЕРГЕЛДЕҢI
ашық дереккөзі

Министрлiк туристiк компанияларға сөгiс жариялады

Астана қаласында Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнiң Дiни iстер комитетi Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi, Туризм және спорт, Сыртқы iстер, Мәдениет және ақпарат, Көлiк және коммуникация, Денсаулық сақтау министрлiктерi мен 2007 жылғы желтоқсан айында қажылық жұмыстарымен айналысқан туристiк фирмалар басшыларының қатысуымен арнайы мәжiлiс өттi.

Мәжiлiстiң күн тәртiбiне 2007 жылғы желтоқсан айында өткен қажылық жұмыстардың қорытындысы кеңiнен талқыға салынып, бiраз назар аударарлық жайттар тiлге тиек етiлдi.

Естерiңiзге сала кетсек, былтырғы жылдың маусым айында Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi, ҚР Әдiлет министрлiгi Дiни iстер комитетi төрағасының орынбасары Қайрат Төлесов пен ҚМДБ төрағасының кеңесшiсi Балтабай Мекежанов бастаған қажылық iстерi жөнiндегi делегация мен Сауд Арабиясы Корольдiгi Қажылық министрлiгi арасында "1428 хижра жылындағы қажылық шараларын ұйымдастыру тәртiптерi мен негiздерi туралы Хаттамаға" қол қойылды. Ал 2007 жылғы желтоқсан айында өткен қажылық жұмыстарды ұтымды ұйымдастыру мақсатында Астана мен Алматы қаласында 3 мәрте республикалық жиналыс өткiзiлiп, ҚР Әдiлет министрлiгi Дiни iстер комитетi жанынан арнайы комиссия үнемi қадағалап отырды. Қол қойылған келiсiмшартқа байланысты алынған визалар тек Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы растаған арнайы қағазы бар 17 туристiк фирмаға берiлген-тұғын. Елiмiзге бөлiнген 4500 орын қажылықты ұйымдастырумен айналысуға тiлек бiлдiрген туристiк фирмаларға мүмкiндiгiне қарай сараптамадан өткiзiлiп барып қана бөлiндi. Және осы фирмалардың тiзiмi мен оларға бөлiнген орындар жайлы алдын-ала мәлiмет Сауд Арабиясы Корольдiгi Қажылық министрлiгiне өз уақытында жiберiлiп тұрды.

Қажылыққа үмiткер жинау 2007 жылдың желтоқсан айына дейiн жалғасты. Жоғарыда аталған туристiк фирмалар Мекке мен Мадина қалаларында тұрғын-жай туралы келiсiмшартқа тұрып, тиiстi қаражатын төлеп келгеннен кейiн Сауд Арабиясы Корольдiгiнiң ҚР консулдығына қажылық визаларын алу үшiн өтiнiштерiн берген. Алайда кейбiр туристiк фирмалар келiсiмшартта көрсетiлген талаптарды орындай алмауына байланысты виза алу кезеңiнде үлкен қиындықтар туындады. Оқиғаға Дiни iстер комитетi мен Сыртқы iстер министрлiгiнiң шұғыл араласуы арқасында ғана мыңнан астам қажыларымыз дер кезiнде визасын алған-ды. Осындай жағдайға себепкер болған туристiк фирмаларға шара қолданылып қана қоймай, бұдан кейiн қажылықпен айналысуына рұқсат берiлмеуi жағы да көзделiп отыр. Мұнымен қоса, Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы мұндай фирмалар мен олардың басшылары туралы ақпараттарды назарға алып, қатаң қадағалап отыруды ұсынды.

Қажыларды Алматы-Жидда-Алматы бағытымен тасымалдау бойынша қазақстандық "Эйр Астана" АҚ ұсынған ұшақ бағасы туристiк тарапынан өте жоғары деп бағаланып, қажылыққа бару "Түрiк әуе жолдары", "Өзбекстан әуе жолдары" және "Эйр Арабия" компаниялары тарапынан жүзеге асырылды. Осылардың iшiнде, қажыларымызды тасымалдаумен айналысуға келiсiмiн берген Өзбекстан Республикасының "Өзбекстан әуе жолдары" компаниясы жол қаражаттары алдын ала төленiп қойғанына қарамастан, қажылыққа аттануға санаулы уақыт қалған кезде өздерiнiң мойнына алған мiндеттемелерiн орындай алмайтындарын мәлiмдеген. Сондай-ақ, Сауд Арабиясы Корольдiгiнiң "Сафа Эндтравел" әуе компаниясы да осындай баз кешiп, себепсiз ешқандай ұшақтар жiберiлмеген. Соған байланысты туристiк фирмалар қажыларды тасымалдауда қысқа мерзiм iшiнде шұғыл шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Бұл кезде Сауд Арабиясы Корольдiгi бос әуе кеңiстiгiнiң болмауына қарай қосымша ұшақтарды қабылдаудан бас тартты. Нәтижесiнде қазақстандық қажылардың Алматы қаласының әуежайында 2 тәулiк, Иранда 2 тәулiк ұшақ күтулерiне тура келдi.

Сонымен, қажылық кезiнде өз мiндетiн адал атқара алмаған туристiк фирмалар мен олардың басшылары қатаң сөгiс алды. Алдағы уақытта мұсылманның бес парызының бiрi – қажылық шарасына аттанатындар атап кеткен кереғар жағдайларға тап болмайтыны қарастырылды. Ол үшiн әлгiндей компанияларға бағытталған талап пен тәртiп жағы күшейтiлмек.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ