Жаңалықтар

АЛТЫ АЙЛЫҚ АРУЖАНҒА КӨМЕК КЕРЕК

ашық дереккөзі

АЛТЫ АЙЛЫҚ АРУЖАНҒА КӨМЕК КЕРЕК

Құрметтi оқырман!

Алты айлық Аружан Сiздiң қаржылай қолдауыңызға зәру. Жарық дүниенiң есiгiн ендi ашқан сәбиге дәрiгерлер "билиарный церроз печени" деген диагноз қойыпты. Бейкүнә сәбидi ажал тырнағынан арашалап қалу үшiн тез арада оның бауырын ауыстыру қажет. Аружанға операция жасауға отандық медицина қауқарсыз.

Күрделi де қиын операция шет мемлекеттерде жасалынады. Ақылы түрде, әрине. Ресейлiктер мұндай операцияға 100 мың еуро сұраса, Германия 200-300 мың еуро талап етедi. Ең тиiмдiсi әрi арзаны – Бельгияда. Ол жақта бiр жасқа дейiнгi нәрестелердiң бауырын ауыстыруға 85 мың еуро қажет екен. ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң квотасына iлiгу үшiн ұзын-сонар кезекке тұру керек. Ал Аружан күте алмайды. Бүгiнде баланың денсаулығы сыр бере бастаған. Үздiксiз жөтел пайда болыпты. Өмiр үшiн, тiршiлiк үшiн күрескен кiп-кiшкентай ағзаға тағдыр сыны ауыр соқса керек. Бауыр етi – баласына бауырын суырып беруге әкесi де, шешесi де әзiр отыр. Әттең, донор табылса да, қаржы жоқ! Айлар бойы iшкенi – iрiң, жегенi – желiм ата мен әже, әке мен шеше бастарын тауға да, тасқа да ұрып жүр. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы елден, ағайыннан қаржылай көмек сұрады. Талай есiктi қақты, талайға өтiнiш айтты. Өкiнiшке қарай, жиналған қаражат әлi аз. Телеарнадан берiлген хабарды көре сала бiз де талайлардың телефонын қоңыраулаттық. Жердем беруге мүдделi азаматтар, ел ағалары табылды. Олардың уәделерiнен таймайтынына және мейiрiмдi жандардың қатары көбейетiнiне, Аружан тез арада Бельгияға аттанатынына және елге аман-есен оралып, үлкен азамат боп өсетiнiне сенгiмiз келедi.

Аружанға арман болған осынау қаржы – бiреулер үшiн қыруар ақша, ендi бiреулер үшiн түк емес. "Көп түкiрсе – көл" деп бекер айтпаған атам қазақ. Басына iс түскен, тағдыры қыл үстiнде тұрған қандасын өзектен теппеген де – қазақ. Құдайға шүкiр, қазақ қалталыға да, жүрегi мейiрiмге толы азаматтарға да кенде емес. Көмектесiңiз, ағайын!? Алты айлық сәбидiң жәудiреген жанарында адамдардан көмек күткен жалыныш бар. Дертке берiлгiсi келмей, бұлқына соққан кiп-кiшкентай жүрегiнде өмiр сүруге деген құштарлық пен құлшыныс бар. Шыр етiп дүниеге келген Аружан Сiз бен бiз сияқты өмiр сүруге құқылы. Кiп-кiшкентай адамның тағдырына бей-жай қарамауыңызды өтiнемiз! Қолыңыздан келгенше, жәрдем берiңiз!? Көмектесiңiз…

85 мың еуро – бiр бейкүнә сәбидiң, бiр қандастың тағдыры.

85 мың еуро – ажалға мойынсұнғысы келмей, бұлқына соққан кiп-кiшкентай жүректiң лүпiлi.

85 мың еуро – кiнәсiз де, күнәсiз пәк нәрестенiң ертеңге деген үмiтi.

85 мың еуро – жүрегi иманға ұйыған әр мұсылманның парызы…

1802-3S8620-001 $; 1802-3S8620-000 kzt; 1802-3S8620-000 eврo;

Алушының реквизиттерi: KZ АО "Казкоммерцбанк". г. Алматы МФО 190501724

л/сч 917712477 Ф.И.О. Корабаева С.М. РНН: 090511543770

Аружанның туғандарымен хабарласқыңыз келсе, Алматыдағы + 7272 39-23-63; 8 705 126 64 36 нөмiрiне қоңырау шалуыңызға болады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ