Жаңалықтар

«ОТАНДАСТАР» ОПЕРАЦИЯСЫНЫҢ СӘТСIЗДIГI

ашық дереккөзі

«ОТАНДАСТАР» ОПЕРАЦИЯСЫНЫҢ СӘТСIЗДIГI

ӘЛЕМДЕГI ОРЫСТАР НЕЛIКТЕН ОТАНЫНА ҚАЙТҚЫСЫ КЕЛМЕЙДI?

Коммунистiк идеяға берiлген жандардың өзгелерден ерекше бiр артықшылығын айта кету керек. Олар өздерiнiң кемшiлiктерi мен қателiктерiн мойындауға көбiне қабiлетсiз болғанымен, өздерiнiң саяси, идеялық қарсыластарының кемшiлiктерiн дәл байқауға шебер және тайсалмастан айтуға жаттыққан.

Сондықтан болар Ресей Федерациясы коммунистiк партиясының басшысы, Ресей президенттiгiне үмiткер болып тiркелген Геннадий Андреевич Зюганов өзiнiң сайлауалды бағдарламасында Путин кезеңiнде Ресейде қалыптасқан жағдайды қатты сынға алып, бiр сөзбен айтқанда, мемлекеттегi ахуалдан сау жер қалдырмады. "Ә" дегеннен-ақ ашулы сөздермен басталған бұл мәлiмдемеде: "Ашық та ұятсыз қалыпта бiздiң қоғамды анық ойыншыққа айналдырғандарына ендi әрбiр ойлы адамның көзi жеткен шығар. Халыққа жаңа патшалар, уәзiрлер мен шонжарларды күшпен таңуда. Билiк пен ақшаға құмар жеке достары мен сарай қызметшiлерiнен тұратын адамдардың тобын құр сапырып-сапырып қояды. Сөйте тұра елiмiзге және әлемге Конституцияны сақтау, заңдылықтарды бұзбау жолында әбiгерленiп жүрген қалып көрсетпекшi", – деп әрi ашынып, әрi күйзелiп жазды Ресей коммунистерiнiң басшысы.

Әрине, Ресейдегi жағдайды сол елдегi беделдi партиялардың бiрiнiң басшысынан артық бiлемiз деп өндiршектеу жараспас, жағдай шын мәнiнде солай деп сенейiк, сонымен бiрге Г.Зюганов осы мәлiмдемесiнде Ресейде соңғы жылдары қабылданған әрi кең насихатталған "Образование", "Жилье", "Здоровье" ұлттық жобаларының ешқайсысы толығынан жүзеге аспағанын да өкiнiшпен сынға алғанын айта кеткен жөн.

Ресей билiгi мұқият жоспарлап, бiрақ жүзеге асыра алмаған бағдарламалардың бастысы және бiрегейi – әлем елдерiндегi отандастарын шұғыл түрде әрi көптеп елге қайтару мәселесi болатын. Сонау 1918 жылы В.Ленин: "Россияға қауiп төндi!" деп ұран тастағанындай жаңа заманда да осы елдiң алдына төнген қауiптер бар-мыс дегендi тiлге тиек ете отырып, бейресми түрде "Отандастар" операциясы деп аталған iс-шараларды жүзеге асырмақ болған. 2006 жылы жазда РФ президентi В.В.Путин өзiнiң ресми мәлiмдемесiнде бұл күрделi мәселеге айрықша мән берiп, ең әуелi орыстарды тарихи Отанға қайтып оралуға, өз елдерiнiң экономикасын көтерiп, дамуына аянбай үлес қосуға шақырды әрi жаппай ұлттық намыстарын ояту үшiн ұран тастағаны белгiлi. Ел Үкiметi арнайы тапсырма бойынша шұғыл түрде кең көлемдi бағдарлама қабылдап, елге қайтып оралушыларды қоныстандыратын қолайлы облыстар мен аймақтарды мұқият белгiледi. Бұл белгiленген жерлердiң көбiсi адамның өмiр сүруiне аса қолайлы, экономикалық көрсеткiштерi көңiл толтырарлық, бiр сөзбен айтқанда, түгiн тартсаң май шығатын өлкелер. Ол ол ма, Ресейге қайтып оралғандардың әрбiрiне салған жерден 100 мың рубль көлемiнде қаржылай көмек беруге, сонымен бiрге олар орналасқан шаруашылықтардың, мемлекеттiк және жергiлiктi бюджеттердiң есебiнен жаңа заманға сай тұрғын үйдi тегiн немесе арзан бағамен тұрғызып беруге шешiм қабылданды. Ресей азаматтығын да жеңiлдетiлген ереже бойынша бермек болған. Тiптi, осындай белгiленген облыстар мен аймақтардың басшыларының бiрқатары өткен жылы арнайы делегация құрамында Қазақстанға арнайы ат басын тiреп, РФ елшiлiгiнiң қолдауымен бiздiң елiмiздегi орыс-казак, славян ұйымдарының белсендi өкiлдерiмен кездескен болатын. Олар бiздiң елiмiздегi орыстарды тарихи Отандарына қайта көшiп келуге үндедi, аталмыш мемлекеттiк бағдарламаның артықшылықтарын түсiндiру жұмыстарын жолға қоюды мақсат тұтты. Әсiресе, бұл бағдарламаның мән-мағынасын ашып көрсету, көпшiлiктi осы мақсатқа жұмылдыру Ресей БАҚ-тарында мейлiнше кең көлемде қолға алынып, оған орасан зор қаржы жұмсалғанын айта кету керек. Бiрақ "Баяғы жартас – бiр жартас" дегендей, орыс азаматтары тарихи Отандарына қайта оралуға мүлдем құлықсыз болып шықты. Ал тұралаудан әлi күнге толықтай бой жаза алмаған көршi елде экономиканың басқа салаларын былай қойғанда, ең әуелi Ресейдегi ауылшаруашылық саласы адам төзгiсiз күйге түсiп отыр.

Бiрқатар деревняларда жұмысқа жарамды адамдар аз қалған. Жастар жаппай қалаларға кетуде. Еңбекке жарамды адамдардың көбiсi маскүнемдiкке, нашақорлыққа салынуда. Биыл Ресей 600 мың тәжiктiң елге келуiне рұқсат берiп, оларды ауылшаруашылығы жұмыстарына пайдалануға амалсыздан көнiп отыр. Ресейде "Отандастар" операциясының күткен нәтиже бермегенiн ресми билiк те мойындайтын сияқты. Сандаған ғасырлар бойы "Ақ балық терең суды, ал адам жақсы жердi iздейдi" ("Рыба ищет где глубже, человек где лучше") дейтiн, әдетте отаншылдық жөнiнде айқай-сүрен салғыш орыс адамы өз Отанына қайтуға нелiктен құлықсыз? Әлде өзге елдердi үркiтiп-қорқытуға, әлiмжеттiк саясатқа негiзделген империяшылдық санадан арыла алмай жүр ме? Тiптi, мұны ұлттық менталитетке жатқызуға болатын сияқты.

Расында жаңа заманда Ресейге төтенше қауiп төнiп тұр ма? 142 млн.-ға жуық халқы бар, еңбек ресурсы жетiп артылатын Ресейдiң қайтып оралғандарға барша жағдай жасауға уәде етуiнiң астарында қандай құпия жатыр?

Аузы дуалы зерттеушiлер мен айтқандары көбiне дәл келетiн мамандар: "ХХI ғасырдың соңында жер бетiнде 10-11 млрд. адам мекендейдi, жер тұрғындарының үштен бiрi 65 жастан асқан қариялар болса, 8 пайызын сексен жастан асқандар құрайтын болады" деуде. Жыл өткен сайын күрт қартайып бара жатқан Ресей халқын да бұл процесс айналып өтпейтiн сияқты, тiптi, мұнда бұл жағдай барша қауiптi нұсқасында орын алмақ. Еуропа академиясының академигi, атақты Сергей Петрович Капица: "Мәселен, ондаған жылдардан соң кәрiлер жастардан көп болады. Солдаттардан генералдар әлдеқайда көп болады. Бәлкiм, солдаттарды Қытайдан сатып алатын күн де туатын шығар", деп алаңдайды. Халықтың тұрақты санын сақтап тұру үшiн әрбiр әйелге шаққанда орта есеппен 2,15 бала келуге тиiс болса, ал Ресейде бұл көрсеткiш 1,3-ке ғана тең. Еркектердiң орта жасы жағынан АҚШ, Франция және Жапониямен салыстырғанда Ресей азаматтары 15-19 жыл аз өмiр сүрсе, әйелдер 7-13 жыл кем ғұмыр кешедi. 2005 жылғы мәлiметтерге қарағанда, Ресейде еркектер орта есеппен 58,9 жыл ғана өмiр сүредi және бұл көрсеткiш жылдан-жылға кемiп келе жатыр.

Елдегi балалардың 32,1 пайызы ғана денi сау, 67,9 пайыз балалардың денсаулығында түрлi ауытқулар, болашақ өмiрлерiне қауiптi кеселдер байқалған. Жыл сайын 1,1 млн.адам еңбекке жарамсыз деп табылады. Миллиардерлер саны жағынан әлемде екiншi орынға шыққан, Ресей үкiметi Стабфондта, шетелдердiң банкiлерiнде сақтап отырған 600 млрд. доллардың болуына қарамастан елдегi орташа зейнетақы 3,5 мың рубльдi құрап отыр. Бұл көп пе, аз ба? Түрмеге қамалған әр тұтқынды асырап-сақтау үшiн айына 7 мың рубль жұмсалатынын ескерсек, Ресей зейнеткерлерiнiң бұған көңiлi толмайтынына еш күмән келтiре алмаймыз. Г.А.Зюгановтың мәлiметтерiне қарағанда, Ресейдегi еңбекке жарамды 74 млн. азаматтардың 55 миллионы айына 5 мың рубльден аз еңбекақы алатын көрiнедi. Ал өмiр сүрудiң төменгi деңгейi 2600 рубль ғана, яғни әлемдегi кедейлiк деңгейiнiң төменгi сатысынан да 700 рубльге кем. Бiр айта кетерi, ЛДРП партиясының жетекшiсi В.Жириновскийдiң мәлiметiне қарағанда, ел тұрғындарының басым бөлiгi – 82 млн.-нан астам адам еңбек етпейтiндер көрiнедi. Оның үстiне елде 1 млн.-нан астам адам мезгiлiнен бұрын ажал құшуда. Түрмелерде қазiр Ресей әскерлерiнiң санымен жете қабыл тұтас армия – 1 млн. адамнан астам тұтқындар зарығуда.

Ал табиғи шикiзаттары жағынан әлемде Ресейге тең келетiн мемлекеттiң жоқ екенi мойындалған жайт. Табиғи шикiзат қоры әрбiр адамға шаққанда Ресейде 160 мың доллардан келсе, мұндай көрсеткiш АҚШ-та 16 мың долларға, ал Еуропада небары 6 мың долларға ғана тең. Осыншама зор байлығы, еңбек ресурстары бола тұрып Ресей азаматтарының басым бөлiгi нелiктен кедей өмiр сүредi? Әлеуметтiк ахуалдың көңiл көншiтпейтiнi қалай?

Г.А.Зюгановтың айтуына қарағанда, экономика мұнай мен газ инесiне бiржола тәуелдi болып қалған. Көпшiлiкке медицина мен бiлiм алу қол жетпес арманға айналған. Баға күн санап тоқтаусыз өсу үстiнде. Елдi жүгенсiз қылмыс жайлап барады. Миллиондаған сауатсыз және үйсiз-күйсiз балалар пайда болған.

"Нам предлагает карманный парламент из трех-четырех сотен лиц, не имеющих иной программы и убеждений, кроме готовности верно служить олигархии. Россия на глазах превращается в гигантскую "потемкинскую деревню с гигантскими нефтяными качалками", тонет в болоте лжи и авторитаризма", – дейдi ол Ресей билiгiн әшкерелеудi одан әрi үдетiп (Г.Зюганов мырзаның күйiнiштi сөздерiн түпнұсқада әдейi алып отырмыз).

Соңғы жылдары кең түрде өрiстетiп келе жатқан ақпараттық насихатының амал-тәсiлдерiне, ресми мәлiметтерiнде жоқты боямалап, барды мейлiнше көкке көтерiп келе жатқандығына қарамастан, Ресей шын мәнiнде қиын жағдайдан құтыла қоймаған сияқты. Мұндай жағдайда, орыс адамдарының Ресейге қайтып оралуға құлықты бола қоймасы өз-өзiнен түсiнiктi. Оны бұқаралық ақпарат көздерiндегi мәлiметтер де жоққа шығармайды.

Ақпан айының 14-i күнi "Известия" газетiнiң 6-бетiнде осы күрделi мәселеге арналған "Возвращенцы non grata" деген шағын мақала жарияланды. Авторы белгiлi саясаттанушы Георгий Бовт мырза. Мақала авторы: "Биылғы жылы отандастарды елге қайта көшiру бағдарламасы бойынша Ресейге 100 мың адам көшiп келуi тиiс. Келесi жылы – 150 мың. Өткен жылы, бағдарламаның жұмыс iстей бастағанының бiрiншi жылы 50 мың адам көшiп келедi деп күтiлген едi. 400 адам ғана көшiп келдi", – деп күйзеле жазумен бастаған.

50 мың емес, бар-жоғы 400 адам көшiп келген! Адам сенгiсiз оқиға. Айтпақшы, әлгi келуге тиiс 50 мың адамның қажетiне мемлекеттiк бюджеттен орасан зор қаржы – 4,6 млрд.рубль жұмсау көзделсе, келгендердiң арасында уәде етiлген 100 мың рубльдi алғандардың өзi некен-саяқ көрiнедi.

Сонымен оралмандар нелiктен Ресейге қарай ағылмады? Тiптi, Қазақстаннан көшуге асыққандар Ресей елшiлiгiнiң алдын босатпай қоймағандары қалай?

Аталмыш "Известия" газетiнде ақпан айының соңында орыстардың отандарына нелiктен қайтып оралғысы келмейтiндiктерi жөнiнде қызықты материал жарияланды. Көлемдi мақала. "Хасан, Айша и Додо поднимут русское село?" деп аталады.

"…– Жақсылықты бiлмейтiн болып көрiнгiм келмейдi… – деп иығын қусырды Қазақстанның Ақтөбе облысынан осында барлауға келген Виктор Самохин. – Азаматтық беретiн болса, дүрк көтерiлiп көшiп барамыз деп көп адам үдерiскен едi. Ал мен келiп, байқап көрдiм, әлi ойланып-толғануға тиiс екем.

Екi апта бойы Виктор жетi ауданды аралап шыққан. Көбiне жергiлiктi адамдар талай жылдан берi барудан бас тартқан орындарға шақырады. Отанымен құр қауышуға ғана демалысын бекерден-бекер шығындады. Аялдамада ашуға булығып, көңiлсiз ойлар қаумалап тұр. Әу бастағы ойынан айнығандай.

– Менiң байқауымша, отандастар бұл жердегiлерге түкке қажетi жоқ сияқты. Жәй ғана Ресей бiздiң есебiмiзден өз жыртықтарын жамағысы келедi. Онда мұндай жағдайда бiздiң патриоттық сезiмiмiзге күш салып әуре болмау қажет едi.

Оған не деуге болады! Мәселеге үстiрт қарайтын болсақ, қойылған шарттар ұнамаса – келген жағыңа керi қайқай деуiмiз қажет".

Автор одан әрi Виктор Самохиннiң қандай шешiмге келгенiн жазбағаны өкiнiштi. Сiрә, ақтөбелiк жерлесiмiз шын мәнiнде келген жағына керi қайтқан сияқты.

Бiр мәселенiң басын ашып алған жөн. Ресей билiгi елге өз отандастарын шақырғанда кiмдердi ойға алды? Тұрмыс деңгейi әлдеқайда жоғары Еуропа елдерiндегi, сондай-ақ, АҚШ, Канада тiптi, Австралияға 90-жылдардан соң кеткендер көптеп қайтып оралмайтыны бесенеден белгiлi. Ол ол ма, Балтық жағалауы республикаларында қоныстанғандар да тарихи отандарына қайтып оралудан ат-тонын ала қашуда. Ендеше кiмдер қалады? Әрине, ТМД елдерiндегi, ең әуелi Қазақстандағы орыс азаматтарын көздеп отыр Кремль. Онда да еңбекке жарамды, түрлi салалар бойынша бiлiктi мамандарға, оның iшiнде орыс тiлiн жетiк бiлетiндерге ғана басымдық берiлетiнi аталмыш бағдарламада айқын көрсетiлген. Яғни, Мәскеу үшiн егде тартқан, зейнет жасындағылардың, тiптi, өздерiн зиялы қауым қатарына қосатын интеллигенция өкiлдерiнiң жарты күреш тиынға керегi жоқ. Жалпы келуiне қарсы да емес, бiрақ әлгiндейлер көшiп келе қалған жағдайда алыс деревняларға барып, ауылшаруашылығымен немесе басқа да қол еңбегiн қажет ететiн ауыр жұмыстармен шұғылдануға тиiс.

Бiрақ бiздiң Қазақстандағы пышақтары шошқаның майлы сүбесiнен кеппеген, iшкендерi алдында, iшпегендерi артында болып үйренген орыс азаматтары бұған көне қоймайтыны белгiлi.

Ақпан айының соңына таман Қазақстан Республикасы жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында "Ресейдегi президент сайлауы және Қазақстан-Ресей қатынастарының перспективалары" атты тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылған көрiнедi. Осы дөңгелек үстел жайында "Аргументы и факты" газетiне мақала жазған Юрий Киринициянов мырза бiрнеше маңызды жайттарды айта келiп, Қазақстан Бiлiм беру және ғылым министрлiгi Философия және саясаттану институтының аға ғылыми қызметкерi Д.Курганскаяның алаңдаушылығын жеткiзiптi. "Сондықтан қандай ұлтқа жататындарына қарамастан қазақстандықтардың аға және орта буындарының көптеген өкiлдерi: "Бiз кетемiз, ал бұл жерде бәрiмiзге ортақ құндылықтарды – орыс тiлi мен орыс мәдениетiн кiмдер сақтайды? деп алаңдауда", деп бiр алып, одан әрi: "Әрине, қазақстандықтардың да шыдамсыздығын түсiнуге болады. Бiрақ ресейлiктердiң де сақтықпен қарайтындықтарын ұғуға тиiспiз. Ресей – қаржылай және адам ресурстарының шығындарына қарамастан шеткергi аймақтарға жомарт қолмен зауыттар салып, шөлдердi игерген КСРО емес. Кейiн мұның бәрiн "отарлаушылардың қамыты" деп атады…",– деп күйзелiсiн тағы да танытады. Сонда отарлаушыларды отарлаушы емес деу керек пе? Әлгiндейлер жиi айтатын зауыт-фабрикалар түптеп келгенде барша халықтың ақшасына салынған жоқ па? Әлде тек орыстарға тиесiлi ме екен!!

Бiр ғажабы, елiмiздегi орыс азаматтардың бiрсыпырасы өздерiн Ресей билiгiндегiлерге "отандастар" ретiнде санайтын секiлдi. Яғни, Путинге, Ресей премьер-министрi Зубков, басқа да мырзаларға отандастар. Ал сонда олар бiзге – қазақтарға кiмдер? Бәрiмiз де бiр елдiң – Тәуелсiз Қазақстанның азаматы болсақ та, бiр-бiрiмiзге отандас емеспiз бе? Мүлдем түсiнiксiз…

Осы ретте таяуда өзiне қойылған журналист сұрағына Қазақстанда: "Можно вести речь об адаптации русских в начале 90-х годов к новым историческмм условиям, возникшим после распада СССР, к потере ими статуса титульной или государство образующей нации", – деп айқын жауап берген Президент Н.Назарбаевтың сөздерi мәселенiң аста¬рын ашып көрсеттi.

Елiмiздегi бiрқатар орыстар шовинистiк, ұлы империяшылдық пиғылдан неғұрлым тезiрек арылып, бұрынғы КСРО-ны қалпына келтiруден бас тартса, әрi Қазақстанда қалыптасқан жаңа жағдайды мойындай отырып, Тәуелсiз мемлекеттiң толыққанды азаматтары екендiгiне бой ұрса, елiмiздегi көптеген мәселелер оп-оңай шешiлетiнi сөзсiз. Көшi-қон мәселесi де ешкiмдi алаңдатпаған болар едi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ