Бердiбек САПАРБАЕВ: МЕНIҢ ҚОЛЫМДА НЕ ТҰР?!

Бердiбек САПАРБАЕВ: МЕНIҢ ҚОЛЫМДА НЕ ТҰР?!

Бердiбек САПАРБАЕВ: МЕНIҢ ҚОЛЫМДА НЕ ТҰР?!
ашық дереккөзі

Облыстарды, аудандарды, ауылдарды аралап, Президент Жолдауын насихаттап, түсiндiрiп қайтуға шығар алдында, Мәжiлiсте Үкiмет отырысы болды. Оған Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев мырза қатысты. Ертең алдарынан ауыл халқы шығып зейнетақы туралы сұрақтарды қарша борататынын депутаттар да түсiндi.

Мәселен, депутат Б. Баймағамбетова: "Ауылдарда зейнетақы мөлшерiн түсiнбейтiндер көп. Бiз оларға қалай айтсақ та бәрiбiр олар бiздi түсiнбейдi. Сенбейдi. Олар жергiлiктi еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау департаментiнiң қызметкерлерiне де сенбейдi" деп ағынан жарылған. Оған министрдiң: "Бiрiншiден, зейнетақы жұмысшының еңбекақы мөлшерiмен тағайындалады. Екiншiден, зейнетақы еңбек өтiлiне байланысты. Егер еңбек өтiлi 25 жылдан көп болса, зейнетақыға коэффициент қосылады. Әуелi, еңбекақының 65 пайызы есепке алынып, одан кейiн еңбек өтiлi қаралады. Еңбек өтiлiне байланысты 10 пайыз қосылады. Яғни, зейнетақы еңбекақының 75 пайызын құрайды. Ал, 25 пайызы еңбекақының бiр айлық есептiк көрсеткiшiмен шектеледi" деген түсiндiрулерi себеп болса керек. Арнайы экономикалық бiлiмi барлар болмаса қалған жұрт мұндай жаңылытпашқа түсiне қоймас. Мәжiлiс депутаты Нұртай Сабилянов мырза: "Ертең ауылға барғанда зейнетақы алатын бiр миллионнан астам зейнеткерге не жауап беретiнiмiздi бiлуiмiз керек. Менiң ойымша зейнетақы тағайындау методикасын қайта қарамасақ, 2009 жылы 25пайыз, 2010 жылы 25 пайыз, 2011 жылы 30 пайыз зейнетақы көбейгенде де осы дау алдымыздан шығады да тұрады. Бiр миллионнан аса зейнеткердiң әрқайсысының үйiнде кем дегенде төрт-бес адамнан бар, бұларды ашуландырмауымыз керек" деп нығырлай сөйлегенде, министр Б. Сапарбаев мырза: "Менiң қолымда не тұр?! Төменгi зейнетақы алатындардың 70 пайызы ауылдарда тұрады. 2003 жылы зейнетақы мен жәрдемақыны тағайындаған министр араларыңызда отыр. Маған зейнетақыны қайта тағайындау жөнiнде заң шығарып, мен оны орындамасам онда жауапты болар едiм" дегенде депутаттардың арыны басылып қалды. Зейнетақыға қатысты сұрақтар жан-жақтан жауып, қара терге түскен министр зейнетақы қалай тағайындалады, ақша мөлшерi қайдан алынады, бәрiн-бәрiн тәптiштеп жерiне жеткiзе қайта-қайта түсiндiрiп әлек болып, ақырында министр де депуттармен бiрге ел аралап қайтатын болып тарасқан едi.

Өкiнiшке қарай, ел аралап қайтқан депутаттардың алғашқы мәжiлiс отырысында зейнетақы жөнiндегi мәселе одан да көп болып, бiлектерiн сыбана кiрiскен халық қалаулылары жиырмадан аса депутаттық сауалдарды қарша боратты. Осы сауалдардың жартысынан көбi тағы зейнетақы тағайындаудың мәселесiне арналған. Тағы да депутат Сабиляновтың дауысы жарқын-жарқын шығып: "Елдi аралап жүргенiмде бiр нәрсеге көзiм жеттi. Ол — ата-әжелерiмiздiң, аға-апаларымыздың бiзге деген ренiшi. Олар өмiр бойы еткен еңбектерiнiң жемiсiн көре алмай: "Қарнымыз ашқанына емес, қадiрiмiздiң қашқанына қапаланып жүрмiз" дейдi. Әрбiр айтқан нақты дәлелдерiне жауап бере алмай қалдым. Зейнеткерлердiң зейнетақысын дұрыс есептемеу, әрбiрден соң Елбасымыздың жүргiзiп отырған саясатын жоққа шығарады. Сондықтан Үкiмет пен Парламент бiрлесiп зейнетақыны қайта тағайындаудың жаңа методикасын заңдастырып әдiлдiк орнатуымыз керек" дедi ол.

Депутаттардың басы қатып, әрi-сәрi күйге түсiп, ендi олар қасқыр да тоқ, қой да аман болудың жолын қарастырып жатыр.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ