Жаңалықтар

ҚАНТ НАРЫҒЫНДА ХАЛ МҮШКIЛ

ашық дереккөзі

ҚАНТ НАРЫҒЫНДА ХАЛ МҮШКIЛ

Егер мемлекет тарапынан қолдау болмаса, отандық қант өндiрушiлер жаппай банкротқа ұшырайды. Алдыңғы жылы — Алакөлдегi, былтыр Бұрындайдағы қант зауыттары қаржылық тапшылықтан және құны арзан ресейлiк қанттың отандық нарықты жаулап алуының кесiрiнен жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған едi.

Қазақстанда қант өндiру 1930 жылдан басталды. Қант қызылшасын өсiру, одан дайын өнiм алу өндiрiсi КСРО құлаған кезде де қарқынды жұмыс жасаған едi. Өйткенi, қазақстандық iшкi нарықтағы сұраныс көлемi 500 мың тонна болса, елiмiздегi қант зауыттары күнiне алатын 3000 тонна қант шикiзатынан 790 мың тонна ақ қант өндiруге қуатты. Өкiнiшке қарай, сұраныстан екi есе көп өнiм алуға қабiлеттi бола тұра, отандық өндiрiстiң тынысы тарылып барады. Сол баяғы "жалпақшешейлiгiмiздiң" кесiрiнен. Өзiмiзге емес, өзгеге жағдай жасаудың соңы банкротқа кеп соғатыны о бастан белгiлi едi. Осы себептi, үстiмiздегi жылдың 1 наурызынан бастап ҚР Үкiметi сырттан келетiн шетелдiк қантқа салынатын кедендiк салық көлемiн 40 пайызға дейiн арттыруға шешiм қабылдаған болатын. ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ахметжан Есiмов: "Барлық қант зауыттарымен келiсiм жасалынды. Оларға iшкi нарықты отандық өнiммен толтыруға мiндет жүктелдi" деп мәлiмдедi. Билiктiң мұндай қадамға баруына шет мемлекеттерден экспортталатын қанттың iшкi нарықты тығырыққа тiреуi себеп. Ресейде егер өндiрiлетiн өнiм Қазақстанға экспортталатын болса, РФ аумағына қант шикiзаты ешқандай төлемақысыз, қосымша құн салығынсыз енгiзiледi. Ал бiз ТМД үкiметтерi жасаған келiсiмге сәйкес, 1 наурызға дейiн ресейлiк қантты кеденнен ешқандай төлемсiз өткiзуге мiндеттi едiк. Осылайша, көлiк пен жолға кеткен шығынды қоса есептегеннiң өзiнде орыстардың қанты Қазақстанда өте арзан бағаға сатылатын. Кремльдiң ЕурАзЭҚ пен ТМД шеңберiндегi құжаттарды көлденең тартып, байбаламға басқаны сондықтан. Бiрақ қазақ билiгi енгiзген 40 пайыздық кедендiк салықты орыстар бiзден бұрын, яғни, 2007 жылы енгiзiп қойған болатын. Керiсiнше, салмағы ауыр салық тұралатып тастаған отандық өндiрушiлер сыртқы бәсекелестiкке төтеп бермек тұрмақ, өнiм өндiруге кеткен шығынды жаба алмай, ақыры банкротқа ұшырап тынады. Мысалы, 2006 жылы Алакөлдегi, 2007 жылы Бұрындайдағы 2 қант зауыты жабылып қалды. Егер Үкiмет тарапынан алдын алу шаралары дер кезiнде қарастырылмағанда, тағы да екi қант зауыты жабылып, екi жарым мың қазақ жұмыссыз қалар едi.

Жасыратыны жоқ, кезiнде Қазақстанда жасалған мүмкiндiктi көршiлес мемлекеттер барынша пайдаланып қалуға жанталасты. Осының нәтижесi болар, бұған дейiн iшкi нарықтағы өнiмнiң 8 пайызын құраған шетелдiк қант 2007 жылы 30 пайызға бiр-ақ өсiптi. Былтыр 139 тонна қант тасыған ресейлiк кәсiпкерлер үстiмiздегi жылы 250 мың тонна қант әкелудi жоспарлап қойыпты. Ал мұндай мол көлемдегi арзан өнiм iшкi нарықта отандық қант өндiрушiлердi қаржылық тұрғыда тығырыққа тiрейтiнi айқын. Сондықтан Министрлер кабинетiнiң 2008-2010 жылдарға арналған арнайы жобаны жүзеге асыруға ден қоюы Қазақстандағы шаруа қожалықтарының иелерiн, қант қызылшасын өсiрушiлер мен қант өндiрушiлердi қуантып отыр. Биыл Үкiмет мемлекеттiк көмек ретiнде қант қызылшасының әр гектарына бөлiнетiн 11 мың теңгенi 50 мың теңгеге өсiрдi.

Сарапшылар пiкiрiнше, Қазақстан ТМД үкiметтерiнiң "Тауар өндiрушi елдi анықтау ережелерi туралы" келiсiмге өзгерту енгiзуi тиiс. Өйткенi, қазақстандық шикiзаттан Ресейде өндiретiн қант ресейлiк емес, қазақстандық деп есептелiп, оған арнайы салық салынады. Ал бiзге әкелiнетiн қант салықтан босатылған. Бұдан мемлекетiмiздiң ұтылатыны айтпаса да түсiнiктi. Орыстардың мұндай бастамасына қырғыздар қосылды, iшкi нарықты сыртқы ықпалдан қорғауды Беларусь пен Украина да әлдеқашан қолға алған. АҚШ пен Еуропалық Одақ шет елдердiң арзан өнiмi iшкi нарыққа қауiп төндiрмес үшiн америкалық және еуропалық нарыққа жүйелi түрде бақылау жасап отырады. Себебi, бүгiнгi таңда дүниежүзiлiк қант нарығындағы ахуал күрделi. Былтыр шiлдедегi үсiктiң кесiрiнен жарты млн. тонна өнiмнен айырылып қалған Аргентина 2 млн. тоннаның орнына 1,5 млн. қант өндiрген. Оңтайлы сәттi өз пайдасына жаратуға тырысқан Үндiстан Таяу Шығыстың нарығын тықсырып барады. Бразилиялық қантқа қарағанда, үндiлердiң өнiмi әлдеқайда арзан. Сондықтан олар Дубай, Бангладеш, Малайзия сияқты азиялық елдерге 2007-2008 жылдар аралығында 5 млн. тонна қант экспорттауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Үндiстан Ираннан, Қара теңiз жағалауы мен Қиыр Шығыстан да дәмелi. Ал 2008 жылы өндiрiлетiн 7 млн. тонна қанттың 5 млн. тоннасын экспортқа шығаруды көздейтiн Таиланд бәсекелестiгi аздау әрi әлсiздеу нарықты iздейдi. Осы себептi, қашан да "қолын мезгiлiнен кеш сермеп жүретiн" қазақ билiгi тез арада аталған құжатқа өзгертулер мен толықтыруларды енгiзiп, ресми түрде бекiтiп алуы тиiс. Әйтпесе, қара басының ғана қамын ойлайтын орыстар мәселеге саяси реңк берiп, қысым жасаудан тайынбайды. Оған бiздiң билiктiң кей кездерi "жалпақшешейлiкке" ұрынатынын қосыңыз. Жеке басының мүддесiн мемлекеттiк мүддеден жоғары қоятын кейбiр "алыпсатар" шенеунiктiң "бүйректен сирақ шығарып", екi ел арасындағы қатынасты сылтауратып, орыстардың арзан қантын қазақ нарығына дендей енгiзуге күш салуы да әбден мүмкiн. Коммерциялық мүдделер мен экономикалық мақсаттарға келгенде алдымен өзiн ойлауды бiздiң билiк жиi "естен шығарып" алатыны өкiнiштi. Әйтпесе, "алдымен өзiңдi, сосын туған, туыстарыңды ойла" деген сөз қасиеттi Құран Кәрiмде жазылған ғой.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ