Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫҢ БАЙЛАРЫ ҚАЙДА ЖYР?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТЫҢ БАЙЛАРЫ ҚАЙДА ЖYР?

 

"Forbes" журналы әлем бойынша қалтасы қалыңдардың тiзiмiн жариялады. Орыстар дүниежүзi бойынша, 2-орынға көтерiлдi. Есесiне, есiмi — жаңа, қалтасы — қалың қазақ байлары төбе көрсетпедi. Ал Қазақстандағы "Арселор Миттал" компаниясының қожайыны, лондондық үндi миллиардерi Лакшми Миттал «Forbes» тiзiмiндегi алғашқы ондыққа iлiккен. Қазақ жерiнiң байлығында үмiтi бар.

  ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ БАЙ АДАМ – МИТТАЛ МА? 

"Forbes" журналы жыл сайынғы үрдiс бойынша, әлемдегi ең бай адамдардың тiзiмiн жариялады. Алғашқы үштiкте – АҚШ (469), Ресей (87) және Германия (59). Алты жылдан берi екiншi орынды ешкiмге бермей келе жатқан немiстер үшiншi орынға сырғыды. Өйткенi, былтыр жалпы саны 53 болған ресейлiк миллиардерлер биыл 87-ге көбейiптi. Сонда бiр жылдың iшiнде байлар қатарына 34 адам қосылған. Журналдың бас редакторы Луиза Кролл: "Бiр таңғаларлығы, ресейлiк миллардерлер өз күштерiмен танылған. Байлыққа қалай қол жеткiзгенi туралы жарияға жар салудың қажетi жоқ, бiрақ олардың ешқайсысына мол байлықты әкесi мұраға қалдырмаған" дедi. Мұндай мәлiмдеменiң астарында КСРО қираған бастапқы кезеңде мемлекет меншiгiндегi игiлiктi өз аттарына жекешелендiрiп алғандарды қыжырту жатқаны анық. Жер шарындағы байлардың жалпы саны – 1125. Барлығының ақшасын қосқанда, 4,4 триллион АҚШ долларына жетедi екен. Бiр қызығы, ресейлiк байлардың 74-i – мәскеулiк. Әлемнiң өзге елдерiнде қалтасы қалыңдар қайда тұрам, қалай жүрем десе өз еркi. Бiрақ орыстарда Кремльдiң нұсқауынсыз, ресми билiктiң бақылауынсыз өмiр сүретiндер кемде-кем. Бiрнеше жылдан берi Чукотканы дамыған аймақтар қатарына қоса алмай, соры қайнап жүрген Абрамович губернаторлықтың қамытын мойынға ерiксiз iлдi. Березовский мен Ходорковскийдiң кебiн кимес үшiн, әрине. Есесiне, құлағы да, ұйқысы да тыныш. Үкiметтiң нұсқауын мүлтiксiз орындайтын байлардың барлығына жағдай жасалған.

Жер шарының ең бай адамы – америкалық қаржыгер Уоррен Баффет. Баффеттiң байлығы 62 миллиард долларға жуық. Одан кейiн 60 млрд. доллардың иесi – мексикалық миллиардер Карлос Слим. Ал 1995 жылдан берi 13 жыл бойы "Forbes" тiзiмiн бастаған Microsoft компаниясының негiзiн қалаушы Билл Гейтстiң байлығы "небары" 58 млрд. доллар екен. Дүние жүзiндегi ең жас миллиардер – 23 жастағы Марк Цукерберг. «Facebook» сайтының iргетасын қалаған Цукербергтiң қаржысы 1,5 млрд. доллардың көлемiнде. 2007 жылдың қорытындысы бойынша, ресейлiк миллиардерлердiң байлығы 282 млрд. доллар болған. Әлем бойынша 9-орындағы Олег Дерипасканың "жиған-тергенi" – 28 млрд. Ал губернатор әрi "Челси" футбол клубының қожайыны Абрамович 15-орынға бiр-ақ сырғыпты: 23,5 млрд. Мәскеудiң әкiмi Лужковтың әйелi де Жершарындағы бай әйелдердiң қатарынан табылған. РФ келiншектерi арасынан жалғыз өзi суырылып шыққан Елена Батуринаның "қалтасындағы" қаржысы – 4,2 млрд. Орыстар жерiндегi байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты Дүниежүзiлiк банк 19 есе десе, Ресейдегi Халық шаруашылығы институтының қызметкерлерi 28 есеге дейiн өсiрiп отыр. Айтпақшы, қазақтың табиғи байлығының арқасында пайдаға шаш-етектен кенелiп отырған лондондық үндi миллардерi Лакшми Миттал алғашқы ондықтан табылды (45 млрд. доллар). 2006 жылы Қазақстанның ең бай адамы ретiнде 2,7 млрд. долларға ие "Қазақмыс" корпорациясының басшысы Владимир Ким биыл 4,7 млрд. доллармен 214-орынға көтерiлiптi. Ал 3,3 млрд.-тың иелерi – Бельгия азаматтығын алған, бiрақ Қазақстанда тұратын Потох Шодиев, Израиль азаматы болса да, Қазақстаннан нан тауып жүрген Александр Машкевич және Әлижан Ибрагимовтер 334-орында тұр. Тимур Құлыбаев пен оның жұбайы Динара Назарбаева 2,7 млрд.-пен 428-орынға шыққан. Былтыр 1,5 млрд. доллармен "Forbes" тiзiмiне iлiккен Қазкоммерцбанктiң басшысы Нұржан Сұбханбердиннiң байлығы биыл 1,8 млрд.-қа өсiптi. Ол – 677-орында. 1 млрд. доллармен байлар тiзiмiне iлiккен Болат Өтемұратов – 1062-орында. Сонда бельгиялық бар, израильдiк бар, Қазақстаннан шыққан миллиардерлер саны 8-бен шектеледi. Жуырда ғана "көлеңкеде" жатқан мол ақшаны "күнгейге" шығардық, қаражатты заңдастырдық деп желпiнгенмен, әлемдiк деңгейге әлi көтерiле алмаппыз. Бақ па, сор ма, белгiсiз. ОМАХАЛЫҚ КЕМЕҢГЕР – ЕҢ БАЙ АДАМ 

Сонымен, АҚШ-тағы Небраска штатының Омаха қаласында тұратын Уоррен Баффет – жұмыр басты пенделердiң ең байы. 77 жастағы америкалық ақсақалдың мамандығы – кәсiпкерлiк пен қаржыгерлiк. Америкалық iскер топ арасында аты әлдеқашан аңызға айналған. 62 млрд. долларға ие Баффеттiң "омахалық кемеңгер" атануы тегiн емес. Пенде болғасын, оның тұрмысына қызықпайтындар кемде-кем. Деректерге сүйенсек, миллиардердiң 1958 жылы 31,5 мың долларға сатып алған үйi, бүгiнде 700 мың долларға бағаланыпты. Жалпы көлемi 557 шаршы метр болатын ғимараттың сыртқы пiшiнi әлемдегi ең бай адам тұратын үйге ұқсамайтын көрiнедi. Былтыр оңай олжаға қарық болғысы келген бiр баукеспе үйдi «үптеймiн» деп жүрiп сорлап қалған. Уоррен америкалық автокөлiк өндiрiсiне қаржылай қолдау көрсетумен айналысады. Былтыр 42 мың долларға Кадиллак сатып алған ол, General Motors компаниясына бүйрегi бұратынын жасырмаған. Нью-Йорктегi Колумбиялық университеттiң бизнес мектебiнде экономика магистрi деңгейiн меңгерген Баффет америкалық экономист және қаржыгер Бенджамин Грэхемнiң шәкiртiмiн деп мақтанады. Екi рет үйленген, алғашқы некесiнен үш қызы бар. Былтыр 76 жасқа толған шағында ұзақ жылдан берi iскерлiк қатынаста болған 60 жастағы серiктесi Астрид Менкске үйленiптi. Сақтандыру саласынан бастап, тамақ пен тiгiн өнеркәсiбiне дейiн инвестиция салатын миллиардердiң әлемге әйгiлi Coca-Cola, Proctor & Gamble и Tesco компанияларында үлесi бар. Осыдан екi жыл бұрын Баффет өзi негiзiн қалаған Berkshire Hathaway кәсiпорнының 86 пайыз акциясын қайырымдылық қорына өткiзетiнiн мәлiмдеген. Бұл үлестiң қомақты бөлiгi Билл Гейтс пен Мелинда Гейтс қорына тиесiлi көрiнедi. Қаржылық қолдау көрсететiн қайырымдылық қорын басқарушыларға америкалық қаржыгер қоятын басты талаптардың бiрi – 1 жылға арналып бөлiнген қаржыны түгел игеру. Сонымен қатар әлемнiң ең бай адамы саясаткерлерге де көмектесiп тұрады. Қазiргi кезде АҚШ күздегi президенттiк сайлаумен бас қатыруда. Сайлауалды науқанда Баффет демократтарға демеушiлiк жасауды қолға алған. Клинтон ханымға ашық қолдау көрсететiн ол, Обаманың да жақсы президент болатынына сенiмдi. Ал "Forbes" тiзiмiнде екiншi тұрған Слим керiсiнше, бар байлығын немере, шөберелерiне қалдыруды көздейдi. Бiрақ отандастары әлеуметтiк ахуал сын көтермейтiн Мексикада жұмыс орындарын көптеп ашуға ықпал етiп отырған Слимге дән риза. Сақтандыру компаниялары, шахталар, мемлекеттiк байланыс жүйесiнiң 90 пайыздық үлесi, мейрамханалар, темекi өнiдiрiсi, сусын шығарумен бiрге Мехикодағы қор биржасына тиесiлi акцияның үштен бiр бөлiгi Карлостың еншiсiнде. 1902 жылы Ливаннан Мексикаға көк тиынсыз келген Слим бүгiнде әлемдегi ең бай екiншi адамға айналған. Ел экономикасының 7 пайызы – Слимнiң үлесiнде. "Қайырымдылық жасау арқылы кедейшiлiктi түбегейлi жою мүмкiн емес" деген қағиданы ұстанатын Слим келесi жылы Баффеттiң орнын басып жатса, таңғалмаңыз.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ