"Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан БӘЙМЕНОВ: ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСIН ҚАЗАҚСТАН МӘСЕЛЕСIНЕН БӨЛIП ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

"Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан БӘЙМЕНОВ: ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСIН ҚАЗАҚСТАН МӘСЕЛЕСIНЕН БӨЛIП ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

"Ақ жол" партиясының төрағасы Әлихан БӘЙМЕНОВ: ҚАЗАҚ МӘСЕЛЕСIН ҚАЗАҚСТАН МӘСЕЛЕСIНЕН БӨЛIП ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ
ашық дереккөзі

– Әлихан Мұхамедияұлы, өзiңiз бiлесiз, бүгiнгi бiздiң әр күнiмiз қоғамдық-саяси жаңалықтар мен оқиғаларға толы ғой. Сiз белгiлi саясаткер әрi азамат ретiнде, айтыңызшы, өзiңiздi елең еткiзген соңғы қандай бiр мәселенi айтар едiңiз?

– Әңгiменi Президент Жолдауынан бастайын. Осы Жолдаудың экономикаға арналған бөлiгiндегi бiздiң бiрнеше жылдан берi көтерiп жүрген бiр мәселенiң қосылғаны көңiлге қонады. Ол Салық кодексiнде соңғы 5-6 жылдан берi Үкiмет әуестенiп кеткен жеке компанияларға беретiн преференцияларды азайту не жою. Себебi ол преференциялар Үкiметтiң iшiндегi кейбiр жеке адамдардың ықпалымен берiлетiн болғандықтан, кейде экономикаға ықпалы жоқ кәсiпорындар бүкiл халықтың есебiнен жеңiлдiктер алады. Бұл экономикаға да оң әсерiн тигiзбейдi. Сол себептен де жаңа Салық кодексiн әзiрлеген кезде бiз барлық экономика субъектiлерiне бiрдей жағдай жасайтын жүйе құруымыз керек. Екiншi жағынан, жерасты байлығын пайдаланып отырған саладан гөрi шикiзатқа тәуелсiз халық тұтынатын тауарлар, машиналар, түрлi құрал-жабдықтар шығаратын салаларға салық салу жағынан жеңiлдiк берген дұрыс. Бұл экономикамыздың жан-жақты дамып, шикiзатқа тәуелсiздiгiн азайтуы тиiс.

– Қазiр саясаттың бiр саябырсыған шағы. Бұл күндерi немен айналысып жүрсiз?

– Қазақстанда партия деген ұғымның өзi шайылып, Конституцияда белгiленген "саяси және идеологиялық алуандылық" жүзеге асу мүмкiндiгi, бұқаралық ақпарат құралдарына әсiресе теледидарға балама көзқарастың қол жеткiзу мүмкiндiгi болмай тұрған кезде, "Ақ жол" партиясының стратегиясы мен тактикасын анықтаумен қатар, "Зерде" қорының төрағасы ретiнде Жас демократия мектебiнiң, Алматы мен Астанадағы "Темiрқазық" пiкiр-сайыс клубының мәселелерiмен айналысып жүрмiн. Фридрих Эбберт қорымен бiрiгiп Қазақстан қоғамындағы XX ғасырдың алғашқы 40 жылындағы үрдiстердi талдау бойынша кiтап шығару жоспары да бар. "Зерде" соңғы уақытта Жазушылар одағының жас дарындарға бағытталған iс-қадамдарына да шамасы келгенше атсалысуда.

Тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы ретiнде өзiмiздiң төл зияткерлiк ойынымызды дамытуға атсалысып келем. Бiз былтыр тұңғыш рет тоғызқұмалақты дүниежүзiлiк зияткерлер ойынының олимпиадасына алып бардық. Қазiр Туризм және спорт министрлiгiнiң қолдауымен Тоғызқұмалақтың аясы кеңейiп, қанатын кең жаюда. Биылғы мақсатымыз тоғызқұмалақтың халықаралық федерациясын құру. Бiз былтыр Түркиядағы, Еуропадағы қазақ жастарына да арнайы адам жiберiп үйреттiк. Тоғызқұмалақ – қазақтың әлемдiк өркениетке сөзсiз қосқан үлесiнiң бiрi. Оны дамыту– азаматтық парызымыз.

Сонымен қатар халықаралық ұйымдардың тапсырысымен, не партия бастамалары үшiн әлеуметтiк-экономикалық сараптамамен айналысамын.

Осы жұмыстардың арасында қоғам мен мемлекет дамуына қатысты, демократиялық қозғалыстағы үрдiстер туралы ой қорыту да iшкi қажеттiлiк.

– "Зерде" қоры ұйымдастырып отырған байқауды "XX ғасырдағы Екiншi дүниежүзiлiк соғысқа дейiнгi қоғамдағы үрдiстердi талдау" деп алыпсыздар. Бұл байқаудың мақсаты не?

– XX ғасырдың бiрiншi жартысындағы күрделi құбылыстардың қоғамға әсерi әлi толық ашылмаған. Мен мысал ретiнде екi рет әлiпби ауыстыруды алар едiм. Бұл адамзат тарихындағы бiр ұлтқа қарсы жасалған ең ауыр қылмыстардың бiрi. Соның нәтижесiнде атасы бiр хәрiп, баласы екiншi, немересi үшiншi хәрiптi пайдаланатын болды. Әлiпби ауыстыру ұлттық сананы мәңгүрттендiруге бағытталған ең ауыр соққы едi. Нәтижесiнде қазақтың басым көпшiлiгi бүгiнгi күнi Абай, Шәкәрiм, Махамбеттердi, Алаш көсемдерiнiң туындыларын түп нұсқасында оқи алмайды. Ал тiптi, тәуелсiздiк жылдары жазылған тарих оқулықтарында екi рет әлiпбидiң ауыстырылғаны жайлы жалпы аталмаған. Содан бiздiң балаларымыз әлiмсақтан берi қазақ кириллицамен келедi деп те ойлауы мүмкiн. Әлiпби ауыстыру, ашаршылық, саяси қуғын-сүргiн, Қазан төңкерiсi бiздiң болмысымызға өте қатты әсер еттi. Сондықтан өзiмiздi түсiнуiмiз үшiн, қоғам ретiнде "Бiз кiмбiз?" деген сұраққа жауап iздегенде де осы мәселелердi толық қарауымыз керек. Бiздiң байқау жариялаған ғылыми-танымдық кiтабымыз сол заманды суреттейтiн көркем шығармаларға да арнау болатын деңгейде жазылса дұрыс болар едi. Мысалы, орыс әдебиетiндегi Трифоновтың, Шаламовтың, Аксеновтiң шығармалары сол дәуiрдегi қоғамдағы үрей мен сенiмсiздiктiң қалай қалыптасқанын керемет көрсете бiлген.

Бүгiнгi күнi бiздiң қоғамда да өткеннiң сарқыншағы ретiнде үрей мен сенiмсiздiк сақталған. Сол себептен бұл заманды зерттеу керек. Бұл – қоғамды тағы да сол бағытпен қайта жүруден сақтандырудың да бiр жолы.

– Сiз кезiнде депутат болып сайлансаңыз да, Мәжiлiске бiр жылдан кейiн ғана барғаныңыз ел есiнде. Депутат болған жетi-сегiз айдың iшiнде халық үшiн не iстедiм деп ойлайсыз?

– Депутаттық қызметте "Ақ жолдың" бағдарламасына сүйенгендiктен де жетi-сегiз айдың iшiнде Мәжiлiс қабылдаған бiраз шешiмдерге тың өзгерiстер енгiзуге мүмкiндiк болды. Кейбiреуiн еске түсiрiп көрейiн.

Мысалы, сол кезде Еңбек кодексi Мәжiлiсте қаралып жатқан болатын. Соған "Ақ жолдың" 20-дан астам ұсынысы өттi. Оның iшiндегi ерекше қағидасын айтсам, нақты бiздiң ұсынысымызбен Қазақстанның тарихында бiрiншi рет төменгi жалақының сағаттық мөлшерi деген ұғым енгiзiлдi. Бiздiң ұсынысымызбен Қазақстанның тарихында бiрiншi рет ұжымдық келiсiмшартта әр кәсiпорындағы ең төменгi жалақы мен жоғары жалақының ара салмағы бекiп, ауыр жұмыс жасайтындарға кәсiби зейнетақы төлемдерiнiң деңгейi де қаралатын болды. Бiздiң ұсынысымызбен салалық келiсiмшартта ауыр жұмыс жасайтындарға үстеме коэффициент бекiтiлiп, сонымен бiрге бiздiң ұсынысымызбен жұмысшылардың ұйымдарына кедергi жасаған басшылар қылмыстық жазаға тартылады. Және өте өзектiсi, шетелдiк жұмыс берушiлер салалық келiсiмшарттан бас тартқан жағдайда осы келiсiмшарт олар үшiн бәрiбiр мiндеттi болып табылатынын енгiзуге қол жеткiздiк. Осының бәрi дұрыс пайдалана алған жағдайда кәсiподақтардың, жұмысшылар ұйымдарының жалақы саясатына ықпалын күшейте түстi.

Соңғы 4-5 жыл бойы мұғалiмдер мен дәрiгерлерге азаматтық қызметкер лауазымын беру керек деп мәселе көтергенбiз. Соның да осы Еңбек кодексiнде алғашқы қадамы жасалынғанына қуаныштымыз. Ендiгi мәселе, сол Еңбек кодексiндегi мүмкiндiктердi пайдалана отырып, Үкiмет және кәсiподақтармен бiрiге отырып, мұғалiм, дәрiгерлердiң де, жұмысшылардың да жалақысын көтеру. Мысалы, байлыққа белшесiнен батып отырған кәсiпорындардың орташа жалақысы республикадағы орташа жалақыдан төмен болып келедi. Еңбек министрлiгiнiң жұмысшылардың қаза болу деңгейi жоғары, жалақысы төмен осы кәсiпорынды әлеуметтiк жауапкершiлiгi үлгiлi қылып көрсеткiсi келуi түсiнiксiз. Жауапкершiлiк, бiрiншiден, өз жұмысшыларына дұрыс жағдай туғызудан басталады.

Бiз Қарағанды, Жезқазған кеншiлерiнiң, мұғалiм, дәрiгерлер кәсiподақтарының бой көтерiп, өз талаптарын қоя бастағанын оң үрдiс деп есептеймiз. Еңбек адамы қорғалмайтын елдiң болашағы бұлыңғыр болады.

Қазақ тiлiн дамытудың нақты шараларын, қазақ ақпарат кеңiстiгiн жетiлдiру, қоғамдық сананы дамытуға бағытталған ұсыныстарды Үкiметке жiбердiк. Оның iшiнде өткен жылы Алашорда үкiметiнiң 90 жылдығы, Кенесары қозғалысының 170 жылдығы екенiн ескере келе "Алаш тағылымдары" деген бағытта бұқаралық лекциялар ұйымдастыру қажет екенiн және де осы оқиғаларды кеңiрек атап өту керектiгiн көтердiк. Бiрақ бiр өкiнiштiсi, Үкiметтен "Бiз мерейтойларды 25 жыл сайын атап өтемiз" деген қисынсыз жауап келдi. Сонымен қатар 2007 жылы бюджет қараларда бюджеттiң ақшасын үнемдеп ұстаудың орнына, күмәндi жобамен шашып жатқан саясаттың нәтижесiнде инфляция жоғары болады деп ескерткенбiз. Қазiр тура сол айтқанымыз келiп отыр. Бiздiң депутаттық мандатты пайдаланғанымыз "Ақиқат" тобын құруды жеделдетiп, дербес ойлайтын депутаттардың ұйымдасуына да түрткi болды. Осының өзi Парламентке бiздiң мандатымыздың ықпалын көрсеттi. Биылғы сайлауда бiздi өткiзбеуге түрткi болған себептiң бiрi де осы деп ойлаймын.

– Мәжiлiс жанынан құрылған қоғамдық палатаға қалай қарайсыз? Оның жұмысына тек "қуыршақ партиялардың" өкiлдерi ғана қатысып жүрген жоқ па?

– Қоғамдық палатадан гөрi, қоғамдағы өзiндiк пiкiрi бар, саяси көзқарасы билiкпен ұштаспай жататын тұлғалар мен ұйымдардың тең қол жеткiзе алатын қоғамдық телеарна шынайы мемлекет деңгейiндегi пiкiр алмасу алаңына айналар едi. Ал егер балама пiкiр қазiргi ушығып бара жатқан әлеуметтiк-экономикалық ахуалды түзетуге керек болса, Үкiмет жанынан әлеуметтiк-экономикалық мәселелер бойынша ақылдастар алқасын құру керек. Ол нақты мәселелердi, мысалы, бүгiн қаржы мәселесiн, ертең баға мәселесiн, бүрсiгүнi денсаулық, бiлiм беру, әлеуметтiк сақтандыруды қарайтын болса, сол мәселелер бойынша отырыстан кейiн Үкiмет мүшелерi мен балама күштердiң өкiлдерi бiрiгiп, баспасөз мәслихатын өткiзiп, өз пiкiрлерiн жеткiзiп отырса, бұл да қоғамдық палатадан гөрi тиiмдi болар едi.

– Әлихан аға, сайлау кезiнде билiк партиялары болсын, оппозициялық партиялар болсын, ұлттық мәселенi көтергенi некен-саяқ болды. Сiз ұлттық мәселенi өз деңгейiнде көтерiп жүрмiн дей аласыз ба?

– Қазақ мәселесiн Қазақстан мәселесiнен бөлiп қарауға болмайды. Қазақстанда еңбек құндылыққа айнала ма, жоқ па – бұл қазақтың мәселесi. Себебi егер қазақтың әрбiр қара домалақ баласы тамыр-таныстық арқылы емес, өзiм талпынып, еңбегiм арқылы бизнесте де, ауыл шаруашылығында да, ғылымда да, өнерде де, әдебиетте де, саясатта да кез келген биiкке шыға аламын деген сенiм қалыптасса, қазақтың мәселелерiнiң шешiлуiне қолайлы жағдайлар жасалынады. Ал егер "Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесiн" деген саясат үстем етсе, онда қара домалақ бала базарда тәшкi тасып жүредi.

– Дегенмен, нелiктен партиялар өз бағдарламаларына ұлттық мәселелердi енгiзуден қашқақтайды?

– Егер барлық салада әдiл бәсекелестiк орнайтын болса, бұл – қазақтың мүддесi. Қазақстанның iшiнде еңбек құндылық болып, адам еңбек пен бiлiмнiң арқасында биiкке шығам деген ой жастардың бойында қалыптасса, бұл – қазақтың мүддесi. Егер жерасты байлығымыз әдiл пайдаланылып, халықтың игiлiгiне жұмсалатын болса, оны тек қана ат төбелiндей топ қана қымқырмайтын болса, бұл – қазақтың мүддесi. Қазақстанда әкiмдер сайланып, халықтың алдында есеп берiп, халықтың мүддесiне жұмыс жасайтын болса, бұл – қазақтың мүддесi. Тiл мәселесiнiң шешiлуiнiң де бiр шарты – билiктiң халықпен санасуы, яғни әдiл сайлау. Экономика жария болып, мыңғырған байлар өз табыстарынан дұрыс салық төлеп, еңбек адамы бейнетiнiң зейнетiн көрсе, бұл да қазақтың мүддесi.

"Ақ жол" партиясы сайлауға "Еңбек. Теңдiк. Имандылық" деген ұрандармен шықты. Бұның үшеуi де қазақтың мүддесiне сай. "Теңдiк болмай, елдiк болмайды" деп Төле би тегiн айтпаса керек. Өкiнiшке қарай, бiзде заң бұзушылардың қатарында бiрiншi кезекте шенеунiктер тұрады. Құқық аяққа тапталған жерде елдi ел емес, тобыр деп санайды. Өкiнiшке қарай, бүгiнде имандылық, адалдық туралы биiк мiнберлерден көп айтылмайды.

Жүйенiң күшi сол жүйенiң қай құндылықтарға жетелеуiмен де анықталады.

– Мұнда айтпағымыз, қазақ мәселесi дегенiмiз, ең алдымен, тiл мен дiн проблемалары ғой. Бұл мәселелердiң шешiлмеуiне не себеп?

– Тiл дамуы үшiн осы тiлдi алып жүрушi қазақ халқының сана дербестiгiне қол жеткiзiп, қазақи ортадағы саяси, дүниетанымдық пiкiр-таластарға шек қоймау керек. Дербес ой халыққа жететiндей болуы керек. Екiншiден, мемлекет есебiнен қазақ тiлiндегi ағарту жұмысымен айналысатын бiр арнайы телеарна ашу керек. Тiл саясатында табандылық пен жариялылық керек. Шымкентте айтылған сөз, Петропавлда да айтылу керек, Атырауда айтылған сөз, Өскеменде де айтылу керек. Тiл мәселесiне байланысты қазақ тiлiнде айтылған ұсыныс, орыс тiлiнде де айтылу керек. Дұрыс түсiндiру болса және қоғамда мемлекет бұл бағытта бәрiбiр дегенiн iстетедi деген сенiм қалыптасса, тiлге деген көзқарас өзгередi.

Қазақ тiлiн дамыту басқа тiлдерге қарсы iс емес екенiн де түсiндiру қажет.

Мемлекеттiң ақпараттық саясатқа деген қаржысы да тиiмдi жұмсалып отырған жоқ. Үкiмет пен әкiмдердiң жұмысын мадақтататын мақалалар, хабарлардың орнына сол ақшаға балаларға арналған мультфильмдердiң бiр бөлiгiн өзiмiзде жасатып, әлемдiк үздiк мультфильмдердi неге қазақыландырмасқа? Жалпы қазiр адамның ақпарат қабылдауында өзгерiс бар. Бұрын мәтiнмен көбiрек қабылдайтын болса, қазiргi кезде бейне көбiрек әсер етедi. Сондықтан теледидар, әсiресе балаларға арналған хабарлар қазақыланбай, қазақ тiлiнiң шынайы мемлекеттiк тiлге айналуы қиын.

Сонымен бiрге әлемдiк үздiк ойды қазақ тiлiне дер кезiнде аударып отыру керек. Ол үшiн мемлекеттiң есебiнен қазақ тiлiне ақпарат пен үздiк ойды аударып, қазақстандықтар тегiн пайдаланатын интернетте ақпараттық база құру керек. "Зерде" қоры да осы бағытта жұмыс жасады. "Зерде" алғаш рет озық ой антологиясы деп кiтап шығаруды бастаған кезде, Президент телефон шалып: "Мыналарың жақсы бастама екен, мәдени мұраға да осыны кiргiзу керек" деп айтқан болатын. Сол енгiзiлдi де, бiрақ әлi де болса шабан жүрiп келе жатыр. Қазiргi кезеңде теледидармен қатар интернеттiң де орны бөлек. Сондықтан интернетте қазақ тiлi кеңiрек тарасын десек, "латын әлiпбиiне өтемiз және оның мерзiмдiк межесi осылай" деп жариялау керек. Бiздiң пайдаланып отырғанымыз, кириллицаның өзi емес – жасанды кириллица. Ол 42 әрiп бiзге күнделiктi интернет пен компьютердi пайдалануда миллиардтаған теңгенi артық жұмсауға әкелiп отыр. Түбегейлi келгенде, бұл iсте мемлекеттiк мiндеттi сезiну де, ұлттық намыс та жетiспей тұр.

Аллаға шүкiр, қазiр жастардың дiни бiлiмдi легi келе жатыр. Ендiгi мақсат – мәзһабаралық немесе дiнаралық қақтығыстарға жол бермейтiндей жұмыс жасау. Ол үшiн дiнбасылардың өзiн жәмиғат өзi таңдайтындай болуы керек. Оған әкiмшiлiк, билiк араласпауы керек. Сонда оның iшiнен жәмиғатты сөзiмен ұйыта алатын қайраткерлер шығады.

– Сiздiң ойыңызша, дiндарлар да саясатқа араласуы керек пе?

– Дiндарлардың iсi, саясаттан гөрi жәмиғатты тәрбиелеу деп ойлаймын. Егер дiнбасылардың iшкi сенiмдерi мықты болып, сөзiне қоғам ұйитын, өздерi имандылықтың, адамгершiлiктiң iзгi жолын көрсететiн болса, саясаткерлер де олармен санаспай тұра алмайды. Грузияда президент пен оппозицияның ортасын бiтiстiруге келгенде, екi жақ та патриархқа келiп мойынсұнады. Грузиндер "Бiздiң тiрегiмiз – тiл, дiн және жер" дейдi. Ал, бiзде, өкiнiшке қарай, әкiмнiң өзi мүфтиден жоғары болғысы келiп тұрады. Бұл дұрыс емес. Жамиғат дұрыс тәрбиеленсе, азамат ретiнде әркiм дұрыс саясатты өзi таңдайды.

– Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығын абыроймен атқаруы үшiн елiмiзде қандай да бiр саяси реформалар жүргiзiлуi керек пе?

– Бiрiншi кезекте ең маңыздысы, не "Қазақстан", не "Хабар" арнасын қоғамдық телеарнаға айналдырып, Қазақстанда әлеуметтiк салық төлейтiн барлық азаматтарды соның құрылтайшысы есебiнде танып, сол арнаға екi-үш мiндет қою керек. Бiрiншiсi, Қазақстанда және әлемде болып жатқан оқиғаларды бұрмаламай жеткiзу. Әлемде деп айтатыным, бiз әлемдегi көп оқиғаларға Ресейдiң көзiмен қарап отырмыз. Мысалы, Украина, Грузияда болып жатқан оқиғаларды бұрмаланып жеткiзу бiздiң дүниетанымымызға керi әсерiн тигiзедi. Екiншi мiндетi – Қазақстандағы саяси күштердiң барлығына телеарнадан көрiнуге тең мүмкiндiк беру. Үшiншiсi, ағарту мәселесi. Сонымен қатар, әрине, сайлау заңнамасына өзгерiс енгiзу арқылы жалпы атқарушы билiктi сайлауға араластырмауға, сайлауды бақылау, қадағалау нәтижесiн шығаруда саяси күштердiң баламалы негiзде қатысатын комиссиялар арқылы шығаруға қол жеткiзу керек. "Сөз бостандығы" туралы заң қабылдау керек.

– ЕҚЫҰ -дан кейiн ДСҰ -ға кiру мәселесi де жедел түрде шешiлуi мүмкiн бе? Жалпы, Қазақстан сияқты ауылшаруашылығы ендi-ендi алға басып келе жатқан елдiң ДСҰ-ға кiруi дұрыс па? ДСҰ-ның талаптары бойынша, елiмiз бұдан былай ауылшаруашылығына қаржылай көмек көрсетудi тыюы керек ғой…

– ДСҰ-ға кiрудi мiндет етiп қойған дұрыс. Себебi, бiз әлемдегi 200-ге жуық мемлекеттiң бiрiмiз. Бiз сол мемлекеттермен екi жақты, көпжақты келiсiмдер негiзiнде сауда-саттық жүргiземiз. Ол мемлекеттердiң басым көпшiлiгi осы ұйымға кiрген. Ұйымға кiргендердiң артықшылықтары да бар. Ол, әсiресе сауда-саттықта кемсiтуге жол бермеу. Сондықтан әлемдiк нарыққа кiргеннен соң ДСҰ-ға кiру баламасыз жол. Бiрақ әр мемлекет белгiлi бiр шарттармен кiредi. Бұл бiздiң Индустрия және сауда министрлiгi мен келiссөз жүргiзетiн топтың шеберлiгiне байланысты. ДСҰ-дағы елдердiң басым көпшiлiгi өздерiнiң ауылшаруашылығына қомақты көмек көрсетiп жатады. Сондықтан ДСҰ-ға кiрген елдердiң бәрi ауылшаруашылығына көмек көрсетпейдi деген қате пiкiр. Бiрақ ауылшаруашылығына көрсететiн көмектiң жария және тиiмдi болғаны дұрыс.

– Орталық Азия одағы идеясын қолдайсыз ба? Бұл одақ қашан құрылуы мүмкiн?

– Орталық Азия одағы идеясын қолдаймын. Адами, мәдени, тарихи, экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл бiз үшiн нағыз табиғи, ең жақын одақ. Жалпы түркi тiлдес халықтардың да бiр-бiрiмен мәдени-қоғамдық, саяси-экономикалық қарым-қатынастарының нығая беруiн қолдаймын.

– 2007 жыл Қазақстанда мемлекеттiк тiл жылы болып жарияланды. Өткен жылы қазақ тiлiнiң жағдайының жақсара түскенiн байқадыңыз ба?

– 2007 жылы ештеңе атқарылмады деп айтпаймын. Бiрақ бiзде әлi де болса, билiктiң түрлi деңгейiнде кез келген iстiң тек сыртқы көрiнiсiн ғана құндылық санайтындар бар. Олар үшiн бiр фестиваль өткiзiп, бiр байқау өткiзiп жiберiп, оны теледидарда шулатып, баспасөзде жариялап, кейiн соны ұмытып қалатындар көп. Жүйелi түрде атқарылу керек мәселелердi мен жоғарыда айттым. Олардың көбiсi қолға алынған жоқ. Сол себептен әлi де болса атқарылған iстен атқарылмаған iс көп деп ойлаймын.

– Биылғы жылға қандай да бiр саяси болжам жасай аласыз ба? Атқарушы билiктi қандай ауыс-түйiстер күтедi?

– Бiздiң мемлекетiмiзде саясаттану да, әлеуметтану да әлi де болса белгiлi бiр сұранысқа ие болмай жатыр. Себебi, әлi де болса бiздегi саяси шешiмдер белгiлi бiр қоғамдық күштердiң даму қисынына байланысты қабылданып жатқан жоқ. Көптеген саяси шешiмдерде iшкi қайшылық бар. Сол себептен саяси болжам жасау бiздiкiндей шоғырланған жүйеде күрделi шаруа. Жеке тұлғалардың ауыс-түйiсiнен гөрi мен үшiн жүйелi, сапалы өзгерiстер маңызды.

– Кейбiр саясаттанушылардың айтуынша, билiк ұзақмерзiмдi стратегиялық iстерi арқылы өзiне саяси тұрақтылықты қамтамасыз етiп алды. Ал, оппозицияның ұзақмерзiмдi стратегиясы бар ма?

– Саяси тұрақтылық түбегейлi орнады деп айту қиын. Себебi, бiздегi ақпаратты шектеу арқылы саяси тұрақтылық пен халықтың билiкке деген сенiмiнiң арқасында және билiктiң халыққа сүйенуiнiң арқасында болатын саяси тұрақтылықтан айырмашылығы бар. Кеңес үкiметiнде сондай тұрақтылық болды. Мұндай тұрақтылықтан оңай айрылып қалуға болады. Бұл iсте билiк пен оппозицияның мүмкiндiктерiнiң айырмашылығы бар. Себебi, билiк бүкiл халықтың қаржысын пайдалану мүмкiндiгiне ие болып отыр. Оппозициядағылар ондай мүмкiндiкке ие емес. Бұл әлемдiк үрдiс. Бiрақ бiздiң елдегi ерекшелiк, оппозицияның бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз ойын, оның iшiнде билiктiң қате қадамдарына баға беру ойын жеткiзе алмауы. Мысалы, күнi кешеге дейiн Италияда Романа Проди үкiмет басқарып отырды. Бiрақ италияндықтарға экс-премьер, қазiр оппозициядағы Сильвио Берлускони өз ойын айтамын десе, оған толық мүмкiндiк бар. Не болмаса, Украинада Виктор Януковичтiң үкiметi кетiп едi, Юлия Тимошенконың үкiметi келдi. Бiрақ Тимошенко оппозицияда жүрген кезде де өз ойын жеткiзе алды. Қазiр де Янукович оппозицияда жүрiп, өз ойын украин халқына мемлекеттiк телеарналар арқылы да, жеке арналар арқылы да толық жеткiзе алады. Бұл шынайы тұрақтылыққа қол жеткiзу жолы.

Оппозицияда болу – бет жыртысу емес. "Сын түзелмей мiн түзелмейдi", "Ақ жол" құрылған күннен бастап "жетiстiктi көрмеу – соқырлық, кемшiлiктi көрмеу – жан ашымағандық" деген қағидамен келедi. Ел мүддесi үшiн билiк те, балама пiкiр иелерi де кейбiр қағидалы мәселелерде бiрге жұмыс жасауы керек. Бұл үрдiстi бастауға билiк жауапты.

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТОВА