Жаңалықтар

МИНИСТРЛIК ЖАСТАР ТӘРБИЕСIНЕ АЛАҢДАЙДЫ

ашық дереккөзі

МИНИСТРЛIК ЖАСТАР ТӘРБИЕСIНЕ АЛАҢДАЙДЫ

Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтында ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң ұйымдастыруымен "Бiлiм беру саласындағы тәрбие беру жұмысының қазақстандық үлгiсi: өзектi мәселелерi мен болашағы" атты өзектi тақырып аясында республикалық семинар-кеңес жұмысын бастаған.

"Елiмiздiң бiлiм беру саласының барлық деңгейiн қамтитын қазақстандық тәрбие жүйесiнiң үлгiсiн жасау, оның мақсатын, стратегиялық бағытын, тәрбиенiң ұлттық құндылықтарын айқындау — өзектi мәселе. Тәрбие мұраты — баланың тұлғасын айқындау мен оның азамат ретiнде қалыптасуына жол ашу", – дедi семинардың ашылуында Бiлiм және ғылым вице-министрi Күләш Шәмшиденова. Қыздар педагогикалық университетiнде басы ашылған мәселе Қазақ ұлттық аграрлық университетiнде жалғасын тапты. Республикалық семинар-кеңестi салтанатты түрде елiмiздiң ән ұраны "Менiң Қазақстаныммен" ашқан ректор Тiлектес Есполов Исабайұлы жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, әсiресе, ауыл жастарына ұлттық бояуға тән қасиеттердi сiңiруге байланысты жасаған баяндамасында көп нәрсенi тiлге тиек еттi. Сондай-ақ, ҚазҰАУ ректоры аталмыш семинар-кеңеске республиканың 85 жоғары оқу орнының оқу-тәрбие iсi жөнiндегi ректорлары мен бiлiм саласының қызметкерлерi қатысып отырғандығын айта келе, бұл өте игi бастама екенiн, алдағы уақытта жоба дәстүрлi жалғасын табатынына сенiмдiлiк бiлдiрдi. Себебi, бүгiнде аталмыш университет жастарының 90 пайызы ауылдан келген қаракөздер. Ертеңгi күнi қасиеттi мекен — ауыл арасына бiлiмдi, өнердi, мәдениеттi жеткiзуде алтын көпiр жасайтын да солар. Сондықтан да тек қана бiлiм берумен шектелiп қоймай, тәрбие жағына аса ыждаһаттылықпен көңiл аудару қажет екендiгiне күмән келтiрмейдi.

Ал ҚР Бiлiм және ғылым министрi Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментi директорының орынбасары Венера Жексенбекованың айтуынша, бұл семинар-кеңестiң мақсаты тәрбие жұмысын үлкен үлгi ретiнде көрсету екен. "Егер жастар тәрбиесiн бүгiн қолға алмасақ, ертеңгi күнi елiмiздiң болашағы қандай болмақ? Жоғары оқу орындарында басталған семинар-кеңес аясында маңызды деген материалдар сарапқа салынады. Оның көмегiмен жұмыс тобындағы бiлiм мамандары он күннiң iшiнде құжат дайындап, министрлiкке ұсынады" дегендi айтты.

Семинар барысында аталмыш университеттiң студенттерi он екi тәрбие жұмысының бағдарламасы бойынша жобаларын ұсынды. Қазақстандық бiлiм беру саласындағы тәрбие жұмысының өзектi мәселелерi сараланып, оларды шешу және болашақта үздiк нәтижелерге қол жеткiзу жолдары талқыланған соң, отырыс қорытындысы бойынша тиiстi шаралар қабылданып, Бiлiм және ғылым министрлiгiне жiберiлетiн болады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ