Хадиша СЕЙIТҚҰЛҚЫЗЫ: АРНАЛАРДЫҢ АРНАСЫ, АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ – «ҚАЗАҚСТАН»

Хадиша СЕЙIТҚҰЛҚЫЗЫ: АРНАЛАРДЫҢ АРНАСЫ, АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ – «ҚАЗАҚСТАН»

Хадиша СЕЙIТҚҰЛҚЫЗЫ: АРНАЛАРДЫҢ АРНАСЫ, АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ – «ҚАЗАҚСТАН»
ашық дереккөзі

1958 жылдың 8 наурызынан бастап алғаш хабар таратқан Қазақ теледидары өзiнiң торқалы тойын атап өтуде. Жарты ғасырлық тарихы бар "Қазақстан" ұлттық телеарнасында талай жыл еңбегiмен елге танылған жандар баршылық. Солардың қатарында ұлттық өнерiмiздi насихаттауда табанды түрде жанын салған Хадиша Сейiтқұлқызы 32 жыл өмiрiн қасиеттi шаңырақта өткiзiп, бар ғұмырын өнерге арнады. Қазақстан Журналистер одағының мүшесi, 2000 жылдың үздiк журналисi, халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Мәдениет қайраткерi Хадиша Сейiтқұлқызымен ұлттық арнамыздың 50 жылдығы әрi Әйелдер мерекесi қарсаңында әңгiмелескен едiк.

Менiң бағымды ашқан "Музыка әлемiнде" хабары

– Өзiм өнерге бiртабан жақын боп өстiм. Әке-шешемнен ерте айрылғандықтан да, еңбекке жастайымнан араласуға өзiмнен үлкен туған бауырым Иманжанның ықпалы өте зор болып, әке орнына әке, шеше орнына шеше бола бiлдi. Әкем – Ұлы Отан соғысының ардагерi, шешем – Сүйiнбайдың ұрпағы, бес уақыт намазын қаза қылмаған жан едi. Содан ба екен, өзiм де отыздан асқан шағымда-ақ Құдай жолын таңдап алдым. Әу баста мектеп хорында ән айтып, би биледiм. Арналардың – арнасы, алтын қазығы "Қазақстан" телеарнасына қазiргi әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика бөлiмiнде жүрiп-ақ араласа бастадым. Алғашқы еңбек жолымның сәттi басталуына Амангелдi Жақсыбеков, Жаңабек Тоқпанов, Мелiс Байсанбаев, Бексұлтан Сәриев секiлдi ағаларым мен Биғайша Жүнбасова, Салтанат Рықұлова, Сәуле Жәнiбекова, Бағжан Бимұратова, Бибiгүл Домдағұлова т.б көмегi көп тидi. "Туған жер әуендерi", "Ой толғау", "Тұлға", "Сәлем", "Әнiм саған – Ұлы Отан", "Сымбат", "Шабыт", "Өнерiм-өмiрiм" топтамалы хабарына, қазақ теледидарының Алтын қорындағы қаншама опера, балет сияқты теңдесi жоқ классикалық туындыларға редактор, автор әрi жүргiзушi болдым. Сол кездегi қазақтың жалғыз телеарнасы болса да, қарабайыр техниканың көмегiмен талай көркем дүние түсiрiлдi әрi бүгiнге дейiн қолданыста жүргенi рас. Мұнымен қоса, симфониялық және камералық, орган музыкасынан құрылған хабардың өзi бiр топтама. Бұл жерде Бетховен, Бах, Моцартты айтып отырғаным жоқ, ұлтымыздың қос iшекке жан бiтiрген, қос iшекпен тiлдесiп, мұңдасқан күй атасы – Құрманғазының, Динаның, Дәулеткерейдiң, Нұрғисаның шығармаларын, өнер туындысын дәрiптеу едi. Негiзi менiң журналистика жолымда бағымды ашқан да "Музыка әлемiнде" хабары. Сол кездегi бас редактор Сағатбек Қалиев менi шақырып алып, "Хадиша, ауылдың қызысың, бабаларды бiлесiң, мұнымен қоса, Жамбыл атаның өлеңдерiн жатқа айтқаныңызды бiрнеше рет естiп қалдым, "Музыка және Жамбыл" айдарын жүргiзудi өзiңе тапсырсам қалай қарайсың?!" дедi. Алғашқы кезде кiшкене жүрексiндiм. Хабардың жанрын сақтап қалуда ғылыми кеңесшiм Сұлтанғали Садырбаев пен Мырзатай Жолдасбеков, сондай-ақ, музыкалық кеңесшiм, күйшi композитор Дүйсебай Шаштайұлының еңбегi зор. Осы хабарларды өмiрге әкелуде белгiлi режиссер Боран Мұсабаевтың қосқан үлесiн атап өткiм келедi.

Соңғы он жыл көлемiнде "Музыка әлемiнде" циклдi хабарым көрерменнiң iлтипатына бөлендi. "Жүректен шыққан сөз жүрекке жетедi" дейдi ғой, хабар "Музыка әлемiнде" деп аталса да, мұнда әдебиет, мәдениет, тiл, рух тақырыбы да сырт қалған емес. Сол кезде Абай атындағы опера және балет театрында күрделi жөндеу жұмысы жүргiзiлiп жатқандықтан, көптеген жезтаңдай, күмiс көмей әншiлер шетелге кетуге мәжбүр болды. Әрине, олар басқа елде "Сәулем-ай" мен Сараның ариясын айтпайтыны белгiлi, айтса сол елдiң халқы қандай музыкаға тапсырыс бередi – соны орындады. Мiне, осы секiлдi мәселелердi де көтерген едiк. Сол сияқты кезiнде "Ермек Серкебаев шақырады", "Бибiгүл Төлегенова шақырады" атты халықаралық байқаулар туралы хабарлардың редакторы, авторы әрi жүргiзушiсi болдым. "Келiннiң бетiн кiм ашса, сол ыстық" демекшi, маған қазақ теледидары өте ыстық.

* * *

– "Қазақстан" телеарнасында қызмет iстеген көптеген әрiптестерiм қанаттанып, өмiрге жолдама алып басқа телеарналарда тың қырымен көрiнiп келедi. Бұған қарашаңырақта тәжiрибесiн бөлiскен үлкен тұлғалардың септiгi едәуiр тидi. Осындай азаматтардың өмiр мектебiнен өткендi кiм болса да бақыт санайтын шығар. Алғашқы ұстазым – Мелiс Байсанбав, одан кейiн Жеңiс Мұқатаев, Шырын Ағышева, Жәнiбек Тоқпанов, Амангелдi Жақсыбеков, Перида Әбдiраманова апайлармен аралас-құралас еңбек еттiм.

Университеттi бiтiрiп, жас маман ретiнде жұмысқа қабылдандық. Қалада қаптаған орыс отбасының есiгi алдындағы пәтерiн жалдап тұрамын. Бiреуге кiрiптар болғанның жақсысы бар ма, сценарий жазайын десем, жарықты ерте өшiрiп тастайтын. Сонда маған "Қазақстан" телеарнасы кiтапханасының меңгерушiсi — Шолпан Өтебаева кiтапхана кiлтiн беретiн. Түнiмен отырып ертеңгi сценариiмдi жазып үлгеремiн. "Ашаршылықта жеген құйқаның дәмi кетпес" демекшi, Шолпан жеңешеме әлi күнге борыштармын. Ал циклдi хабар туралы айтқанда, "Тоғыз ұлым бiр бөлек, Ер Төстiгiм бiр бөлек" дегендей, тау суындай таза, көз жасындай мөлдiр қазақтың халық музыкасы Нұрғиса Тiлендиев атындағы "Отырар сазы" фольклорлы-этнографиялық оркестрi бас дирижерi, халық қаһарманы, Кеңес үкiметiнiң Халық әртiсi Нұрғиса Тiлендиев туралы айта кеткiм келедi. Өйткенi, ол кiсiмен бiрге жұмыс iстей келе талай нәрсенi үйрендiм. Мiнезi қызықтау едi. Бiрде хабар түсiру барысында әбден дайындалып болған соң, Нұрғиса ағаны шақырдық. Бәрi сақадай-сай. Хабарлассақ, "Уақытым жоқ, келмеймiн" деп телефон тұтқасын қоя салатын. Ашық айтуыма болады, Нұрғиса ағам тек менiмен бiрге ғана жұмыс iстедi. Басқа ешқандай редактордың шыдамы жетпейтiн. Ол менiң шеберлiгiмде емес, қулығымда едi. Тағы бiрде сөйлесейiн деп, үйiне телефон шалсам, Дариға жеңгей: "Ол жұмыста, концертке дайындық үстiнде" дедi. Содан өзiң сияқты қолыма микрофонымды алып филорманияға барсам, бiрдеңе жазып отыр екен. Көңiлi сондай қазақтың жазира дархан даласындай. Дарынды тұлғаларға тән қасиетi бар, көңiлi келсе көл, көңiлi келмесе шөл болатын кiсi. Дәл сол уақытта жiгерiм құм болып, пәтер ала алмай, кезегiм келсе қайдағы бiр шүршiттер алып кетiп, жаман күйде жүрген кезiм. Отырдым да, еңiреп "Аға, он бес жыл болды, пәтер алатын түрiм жоқ" деп жылап жiбердiм. Нұрғиса аға менi аяп, басымнан сипап: "Қоя ғой, болды жылама.." деп жаны ашып кеткен. Жылы сөздердi естiген сайын әкем есiме түсiп, одан да бетер еңiреп қоямын. Сол кезде Нұрғиса аға: "Мен қазiр сенi жұбатып отырмын ғой, бұрын Жамбыл бабам менi "Тұқатай" деп жұбататын дедi. Басымды көтере сала "Қалай?!" деп жылап отырғанымды ұмытып кетiппiн. Дереу қағаз алып жазып қойдым. Содан кейiн хабарға келе алмаймын десе, "Тұқатай, Жамбыл бабадан ұят болмай ма?!" дейтiн болдым. "Сен оны қайдан бiлесiң, ешкiмге айтқан жоқ едiм ғой. А-а, байқамай саған айтып қойыппын ғой" дейтiн де, ешбiр хабардан қалмайтын.

Негiзi менiң мiнезiм жақсы емес. Адам баласының сыртынан емес, бетiне айтып салып жүретiн жанмын. Осыны бiлетiн Нұрғиса ағам: "Осы мiнезiңмен жүре бер, бiрақ жұмысты жақсы iсте. Ал жұмыста минус болса, басыңды өзiм алып тастаймын" дейтiн.

… Нұрғиса Тiлендиевтiң елу жылдығында сценарийге байқау жарияланды. Кiтапханадан, аннан-мыннан iзденiп жүрiп, бiр сценарий жазып, өткiзе салғанмын. Оны әуелi мүлдем ұмытып та кетiппiн. Сөйтсем, менiң сценарийiм байқаудан өтiптi. Нұрғиса ағаның өзi шақырып, алдына барғанымда "Айналайын, мынауың жақсы дүние екен" дегенде қуанып, төбем көкке жеттi.

… Университетте оқып жүргенде түрлi байқаулар болатын. Музыкалық бас редакция бөлiмiне барсам, бас редактор Нұрғали Нүсiпжанов, ал бас режиссер, бiрiншi диктор Ләзиза Аймашева екен. Екi өкпемдi қолыма алып, кастингке жүгiрiп келсем, басталып кетiптi. Ол кезде қазiргiдей тележұлдыз етiп апарып қоя салмайды немесе қолыңа "мә, сен журналиссiң" деп микрофон ұсына қоймайды. Жиырма шақты адамнан құралған "Көркемдiк кеңес" деген арнайы топ бәрiн қарайды, ақылдасады. "Бет-пiшiнi, дене-бiтiмi, сөйлеу мәдениетi қалай, тiлi бар ма, жоқ па?" дегендi басты назарда ұстайтын.

Ентiгiп келсем, бәрi отыр. "Дайындаған мәтiнiң бар ма?" деп сұрады. Нұрғали аға маған алакөзбен қарап, "осындай маңызды шаруаға кешiгiп келушi ме едi" деп ұрсып жатыр. Ал Ләзиза апай менi қорғаштап "Бұл қыз кеше күн батқанға дейiн монтажда отырды" деп бәйек. Содан не керек, әйтеуiр қолымда бар мәтiнiмдi оқып бердiм. Комедия, трагедия жанрына терең талдау жасадым. Ол кезде өткен-өтпегенiңдi тез арада айта қоймайтын. Кетiп қалғам. Бiр күнi телефон шалып, "жұмысқа қабылдандың" дегенде, қуанғанымды көрсең ғой.

Қазiр теле-радио журналистерi қазақ тiлiнiң дыбыстарын дұрыс айтпайды

– Шыны керек, телеарна мен радио журналистерi қазақ тiлiндегi "ң", "ғ", "қ", "ұ" әрiптерiн айтқанда, мыңқылдап қалады. Әсiресе, қаланың орыс мектебiн бiтiрiп, жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандар жүргiзушi, диктор болып iстеп жүр ғой. Мiне, солар қазақтың шұрайлы тiлiн бұзып келедi. Иә, кезiнде бiз де қазақ тiлiнде хабар жасағанда бiраз қиындықты бастан кештiк. Бiрақ, Қазақ теледидарының бетке ұстар майталмандары жаңадан табалдырық аттаған жас маманмен етене жақын араласып, әсiресе, олардың тiлiмен айналысатын. Алғашқыда қазақ тiлiнде кiбiртiктеп сөйлесем, кейiн қазақша хабарларды емiн-еркiн жүргiзе беретiн болдым. Жоғарыда айтқанымдай, қарабайыр техника болса да, оның динамикасы, драматургиясы, журналистiң сол материалды көрерменге жеткiзу мәселесi қазiргiге қарағанда әлдеқайда жоғары едi. Мәселен, Қазақ теледидарының шымылдығын ашқан Сағат Әшiмбаев, Хамит Хасенов, Камал Смаил, Ғалым Доскен сияқты азаматтардың қолтаңбасы әлi сайрап жатыр. Кейiнгi жылдары Ғалым Доскен басқарып отырған кезде "Көркемдiк кеңес" деген болатын. Соның жауапты редакторы болдым. Эфирге шығатын адамдарды Көркемдiк кеңесте қабылдап, материалын жан-жақты қарайтынбыз. Сол кеңестегi мүшенiң әрқайсысы өз бағасын бередi. Журналистiң тiл байлығына, оның бет-пiшiнiне, дене-бiтiмiне қарап қана қоймай, тiптi, ашылған жұмыртқадай әдемi, елiктiң лағындай болып тұрса да, оның тiлi болмаса, қандай журналист шығады? Мiне, осының бәрiн Көркемдiк кеңес шешетiн. Кейiннен басқа төраға келгенде, бәрi де өзгерiп сала бердi. Керiсiнше, кейбiр тұлғалар төрдегi басын есiкке сүйресе, төмендегi басын төрге сүйрейтiн халге жеттi. Ол төраға көбiнде әңгiменiң шыны керек, тек қана тамыр-танысын, өзiнiң командасын жинады. Нәтижесiнде телеарнада қазақы нақышқа құралған хабар азайып кеттi. Кезiнде "Шынның жүзi" атты хабардың жүргiзушiсi Қасым Аманжол үлкен жиналыста "Сiздi төраға етiп тағайындайын деп отыр екен, сiздiң оған өреңiз жете қоймас" деген-дi. Менiңше, соның айтқаны келген сияқты.

Қазiр журналистер сөйлеудiң жөнi осы екен деп, "тотықус", "шекара" деп сайрап жүр. Мұны естiген көрермен осылай айтуы дұрыс екен-ау деп ойлауы мүмкiн ғой. Өйткенi, диктонг деген жоқ. "Қазақстан" телеарнасындағы 12 ақпан күнгi "Қайырлы таң" хабарына Сәуле Шарипова деген бiр әншiнi шақырыпты. Ол "Голливудта болдым, ол жақта мынандай клип жасадым" деп одан кейiн Голливудын мақтап қоймады. Сол бейнеклипiне 32 жыл музыкамен айналысқан адам ретiнде көңiлiм толған жоқ. Оның жанында Саят Медеуовтiң "Бозторғайын" немесе Нұрғиса Тiлендиевтiң "Өз елiмiн", Т.Шапайдың "Дариға дәуренiн" тыңдаудан еш жалықпас едiм. Сондай-ақ, ол әншi бiр сөзiн қазақша айтса, он сөзiн орыс тiлiнде сайраумен болды. Ал хабар жүргiзiп отырған қыз бен жiгiт тәк-тәк деп отырудың орнына ауыздары ашылып тыңдап қалыпты. Сорақысы сол, әлгi әншiнiң "Сiздердi келе жатқан киелi Валентин күнiмен құттықтаймын" деген кезiнде өзiмдi қоярға жер таппадым. Ол мейрам оның қай ата-бабасынан қалған мереке екен? Қазақтың ұлттық телеарнасынан берiлiп отырғандықтан, елiмiздiң жер-жердегi, ауылдағы көрермендерi "Бүгiн мейрам, махаббат күнi екен, бiр-бiрiмiздi құттықтайық" дейтiн болмай ма? Бұл аздай, "барлық ер азаматтарды 23 февраль мерекесiмен де құттықтағым келедi" дегенi бар ма? Осы кезде хабар жүргiзушi ескерту жасап, "Сiз кешiрiңiз, Қазақстанда мұндай мереке жоқ" деп айтуы керек емес пе едi?!

"Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң" демей ме, бiрде осы "Қазақстан" телеарнасынан жыландар туралы деректi фильм көрсетiлдi. Сонда диктор "Жыландар iшiп-жемейдi, жыландар ұйқыға кетедi" дейдi. Бiлесiз бе, әлi күнге дейiн "жыланның дәмханада тамақ iшiп отырғанын" көрмеппiн! Негiзiнде диктор "iшiп-жемейдi" деп емес, "нәр татпайды" деуi керек едi. Мiне, тiл мәселесiнде осы сынды қателiктер көп ұшырасады. Айтайын дегенiм, "Қазақстан" телеарнасындағы "Қайырлы таң" хабарын жүргiзетiн Майя қазақ тiлiндегi хабарды еркiн жүргiзе алмайды әрi дыбыс үндестiгiн сақтамайды. Ал Астана телеарнасында жаңалықтарды жүргiзетiн орыс ұлты жiгiтiнiң қазақ тiлiн шебер меңгергенiне қайран қаласың. "Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесiн" демекшi, қай арнадан болсын кiмдi болса соны эфирден көрсете берудiң қажетi шамалы. Демек, бүгiнде телеарнадан бiр-екi көрiнiп өздерiн жұлдыз санайтындар көп. Ал қазiр мұны қадағалайтын Көркемдiк кеңес бар ма, жоқ па ол жағын бiлмеймiн.

Басқа ұлт өкiлi бiр-екi ауыз қазақша сөйлесе, аузына микрофон тоса қоятынымыз бар

– Қазiр бұл құбылыс емес, қалыпты жағдайға айналғандай. Әйтеуiр, көзбояушылыққа салынып, асты-үстiне түсiп, құлдық ұра саламыз. Мысалы, Кеңес үкiметi кезiнде орыс тiлiн қазақтың акцентiмен айтса, көк есекке терiс мiнгiзетiн. Менiң басымды алса да, қаламымды ешкiм тартып ала алмайды. Жақында Жамбыл облысында қазақтың өрiмдей жас қызы немiске тұрмысқа шығыпты. Соны бар арна жарыса көрсетiп, насиахаттады. Бұл жерде негiзгi мәселе не? Түсiнiксiз. Сонда қазақтың қызы қазақтың емес, өзге ұлттың қарасын көбейтiп жатқанына мақтану қажет пе?!

Шыны керек, басқа-басқа, мемлекеттiк арналар не нәрсенi болсын "Бәрi де жақсы, керемет" деп мақтап-мадақтаумен келедi. Саясаттың да дұрыс, дұрыс емес жағы бар шығар. Алайда, осы саясат кез келген жағдайға керi әсерiн тигiзiп жатады. Тарихтан үйсiн мемлекетiнiң болғанын бiлемiз. Оның неге күйрегенiнен де хабарымыз бар. Себебi, үйсiн мемлекетi – өте мықты мемлекет болды. Мына қысықкөз қытайлар үйсiннiң батырларына өзiнiң қыздарын бергендiктен, одан туған қазақ балалары нағашыларына бүйрегi бұратын болды. Мiне, осыдан сабақ алу керек-ау деймiн. Ұлтаралық қарым-қатынасты айтқанда, соншалықты марапаттап, насихаттаудың керегi жоқ сияқты. Өз басым қазақ қыздарының басқа ұлт өкiлiне тұрмысқа шығуына, яғни, аралас некеге түбегейлi қарсымын. Өйткенi, қалай болғанда да қан тазалығын сақтау қажет. Қазақ атам "Ел болам десең, бесiгiңдi түзе" деген. Көрiнгенге көрсеқызар болып, етегiнен ұстау дұрыс емес. Оның үстiне "Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкiлдерi бар" деп көзбояушылыққа салынып, көбейтiп айтады. Тiптi, қазiр бес-алты ұлт өкiлi бастарын қосып, өздерiн диаспора етiп көрсете қалыпты. Соның бiреуiне қазақтың әдемi көркем қызы тұрмысқа шыққанын бәрi көрсетiп әуреге салынуда. Негiзi басқа ұлт өкiлдерi тойынып алып, бiлгенiн iстеп жүр. Қазақта "Жаман малды асырасаң аузы-мұрныңды май қылады, жаман адамды асырасаң аузы-мұрныңды қан қылады" деген бар емес пе?!

…Керiсiнше, бiздiң кезiмiзде тiл саясаты қазiргiге қарағанда едәуiр қарқында екi-үш мәртебе жоғары едi. Мысалы, басқа елге iссапармен барғанда, "национальный кадр" деп, яғни, "жергiлiктi ұлттың өкiлi" деп жiберетiн. Ал қазiр мұндай жоқ. Бiзге одан гөрi "достық керек" дегендi алға тартады. Әрине, бiр шаңырақтың астындағы басқа ұлт өкiлдерiнiң достығы мен бiрлiгi керек шығар, бiрақ сол достық ұлы қазақ халқының Бауыржандай, Талғаттай, Тоқтардай азаматтарын өмiрге алып келген дарқан қазақтың есебiнен болса, ондай достықты қабылдай алмас едiм.

Әлемнiң ешбiр жерiнде жоқ ұйғыр театры бiзде ғана бар. Ал ендi ұйғыр ағайындар жақында "Таңритағ" атты телеарна ашыпты. "Қазақстан" телеарнасында ұйғыр, немiс, кәрiс тiлiнде хабар бар. Мәселен, бұл хабарларды осы ұлттар шоғырланған аймақтарда, айталық, немiс тiлiндегi хабарды Солтүстiк Қазақстан облысында, кәрiс тiлiн¬дегi хабарды Қызылорда облысы және Үштөбе қаласында көрсетуге болады. Ал мына ұйғыр тiлiндегi хабарды Алматы облысында таратса, жақсы болар. Ал бiр хабарымда Болат Әбiлевтiң Қазақстанды Алла Пугачеваның төркiнi еткенiн айтқан едiм. Сол Ресейдiң сахнасында қазақтың бiр әншiсi өлең айтқанын көрген жоқпыз. Сонда бiз неге құлдық психологиядан арыла алмай келемiз? Мұстафа Шоқайдың "Ұлтты сүю деген сөз сол ұлттың кемшiлiгiн сүю дегендi бiлдiрмейдi" деген сөзi бар. Бiз егемендi мемлекет болсақ та, анау Ресейдiң ықпалынан шыға алмаудамыз.

Бiзге ұлтты тәрбиелейтiн телеарна қажет

– Бiзде алты, он екi қанат ак үйге алдымен кiрiп, соңымен шығатын келiндер бар ма?! Бiзге тура осындай келiндер керек. Абайдың әжесi Зере Ұлжанға Абайды дәретсiз емiздiрмеген. Қазақтың қазiргi келiндерiнiң бәрi осындай болуы тиiс. Батысқа елiктемеу керек. Өйткенi, мәдениет, әдебиет, салт-дәстүрдiң бәрi де бiзде. Мұның бәрi тек қана қазақтың қыз-келiншегiнiң өне бойында ғой.

Сенбi, жексенбi күндерi телеарна қарайын деп жайғассам, ештеңе көре алмаймын. Содан не көрерiмдi бiлмей, спутниктiк арна iшiнде "Культурадағы" опера, классикалық музыкаларды тыңдаймын. Ал өзiмiздiң телеарналарда ату, сату, одан қала бердi жыныстық қатынасқа байланысты бағдарламаларды ашық-шашық көрсете бередi. Егер мұндай хабарды отбасы ошақ қасындағылар бiрге көретiн болса, масқара ғой. Мысалы, Қытайда ашық-шашық түсiрiлген анайы хабар мен бейнекөрiнiстерге тыйым салған. Оны тiптi Голливудта көрсетпейдi де.

Келешекте классикалық музыка, патриоттық тақырыптағы хабарлар өмiрге келсе деймiн. Ал қазiр кез келген телеарнаны қарасаңыз, ретрансляциямен, толтырады. Телеарналарды дубляж жасалған телесериалдар қаптап алды. Маған "Дидар" хабарынан сiздi көрмедiк қой деп хабарласқандар көп болды. Оған өзiмдi қонақ ретiнде шақырмай, жасаған хабарымды жинақтап көрсете салыпты. Мәселен, қазақ теледидарының бейнеқорында 200-ден астам хабарым бар, ал концерттердi есептенде 500-ден асады екен.

Жазып алған Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ