Жаңалықтар

YЙЛЕНГЕНШЕ «ЖАНЫМ» ДЕЙДI...

ашық дереккөзі

YЙЛЕНГЕНШЕ «ЖАНЫМ» ДЕЙДI...

Ажырасу қоғамда неге етек жайып барады? 

Қаламыздағы "Бақыт" неке сарайында қос аққудай жарасқан уыздай жас жұбайлар ресми түрде некелестi. "Бақыттан" шыққан сол жұптың бейне бiр бақыттан басы айналғандай. Бiр жылдан соң…

Олардың нәзiк сезiмдерi су сепкендей басылған ба, дерсiң? Тiптi, олар iшкi оймен: "Менiң таңдаған жарым осындай ма едi?", — деп бiрiне-бiрi ала көзiмен қарайды. Бiрнеше уақыттан кейiн ерлi-зайыптылар ажырасты да кеттi. Неге? Оған себеп те көп. Осындайда "Қыз кезiнде бәрi жақсы, жаман қатын қайдан шығады" немесе "Үйленбей тұрып жаным дейдi, үйленгеннен кейiн жаныңды жейдi" деген ел арасындағы мақал-мәтелдер еске түседi. "Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, сондықтан да бiр-бiрлерiңе түсiнiстiкпен, кешiрiммен қарау керек", — деген ата-аналары да жоқ әлгi жас отбасының. Қайта керiсiнше: "Ақшаң болса кез келген қыз сенiкi", — дейдi күйеу жiгiттiң шешесi. Қыздың анасы болса: "Қызым темекi шегедi дейдi, несi бар екен? Алматыдағы қыздардың 80%-ы никотинге әуес қой!", — деп жекидi күйеу баласына. Сонда бұл жас шаңырақ үшiн «ай» дейтiн ажа, «қой» дейтiн қожа жоқ! Мiне, бұл оқиға осыдан екi жыл бұрын болған едi. Олар тiптi араларында қалған баланы да ойлаған жоқ. Жас шаңырақ не үшiн шайқалды? Ендеше, әлеуметпен бiрге осы сауалдың жауабын iздеп көрелiк. 1970 жылдары ел арасында қыз алып қашу салты көп болды. Сол жылдары үйленген адамдардың ажырасқаны да бiрлi-жарым. Халықтың демографиясы, яғни туу деңгейi де өрiстедi. Мәселен, 1978-1985 жылдары туылған азаматтардың септiгiнен елiмiзде бэби-бум орнаған, бiрақ оның артынан 1993-1999 туу көрсеткiшiмiз төмендеген. Ажырасу да осы кезде бiртiндеп көбейдi. Әлбетте бұл нарықтық заман орнап, жаһанданудың қазаққа ендi аяқ басқан кезеңi. Азаматтық неке де, үйлене салып, тез арада қайта ажырасу да осы кезден бастап етек жайды. Қазiргi таңда ажырасу проблемасы әлеуметтiң үлкен дертiне айналды. Мәселен, 2007 жылы Алматы қаласы бойынша 12236 неке тiркелiп, 4237-сi ажырасқан. Олардың 3083-i соттың шешiмi негiзiнде, 1118-i жұбайлардың өзара келiсiмi негiзiнде екен. Ал, ажырасқандардың 17-сi сотталғандар. Ажырасу жөнiндегi статистиканың көптiгiн көрiп, Алматы қалалық Әдiлет департаментiнiң АХАЖ (Азаматтардың хал актiлерiн жазу) бөлiмiнiң бас маманы Гүлнәр Нұрмұханқызы Саретбаевадан: "Ерлi-зайыптылардың ажырасып кетуiнiң ең бiрiншi себебi неде деп ойлайсыз?", — деп сұрағанымда, көбiне жастар мiнездерiмiз сәйкес келмейдi деген желеумен ажырасатындығын айтқан едi. Бас маманды әңгiмеге тартқан едiм, ол: "Жұбайлардың отбасына жеңiл-желпi, жауапсыз қарауының сыры, себебi сан алуан. Мен АХАЖ бөлiмiнде 20 жыл қызмет еттiм. Соңғы жылдары ажырасу өте көп. Қазiргi қоғамда ажырасудың белең алуы ұлттық тәрбие, ұлттық санаға да байланысты. Жасыратыны жоқ, бiз ата-бабамыздың қасиеттерiнен арылып барамыз. Қозы мен Баяндай сүйiп қосылған жастар да бiр-екi жылдан кейiн ажырасып жатады. Бүгiнгi жастардың, тiптi олардың ата-аналарының да психологиясы баяғыдай емес, батысқа елiктейдi. Телеарналардағы түрлi шоу бағдарламалар да қоғамның ойын бұзып, терiс әсер етуде. "Менiң қызымды асырай алмаса, неге алады", – дейдi қыздың шешесi. "Қыз деген гүл ғой, гүл деген шөп қой, шөп деген көп қой", — дейдi бүгiнгiнiң жiгiттерi әзiл-шынын араластырып. "Қойшы әрi, не көп, қыз көп, ақшаң болса әрбiр қыз сенiкi", — деген аналарды да көрдiк. Не деген масқара! Осындай тар шеңбердегi ой дұрыс па? Қандай қиындық болса да шыдай бiлу керек. Баяғыда аналарымыз бiр аттаған босағадан қайтып шықпа деушi едi. Бүгiнгiнiң қыз-жiгiттерi де, ата-аналары да басқаша сөйлейдi. Мүмкiн мен дұрыс айтып отырған жоқ шығармын. Өйткенi бүгiнгi заман басқа ғой. Некелесiп алып, үйлi-баранды болып жатқандар аз. Әлеуметтiң әлеуетi де төмен. Кеңес заманында оқу бiтiрген соң жұмыс дайын тұратын, ана мен балаға да әжептәуiр көмек бар. Ал, қазiр әркiм өзi үшiн тiршiлiктiң күйбеңiмен жүредi. Сондықтан да шаңырақтың шайқалуына материалдық жағдайдың төмендiгi, басыбайлы баспананың жоқтығы да өз септiгiн тигiзерi сөзсiз. Бiр ғана мысал. Алматыда некелескен жастардың денi сырттан келгендер. Ауылда жұмыс жоқ болғандықтан, нәпақа тауып, күн көре алармын деген сенiммен келедi олар. Басқа мемлекеттердiң әлеуметке байланысты бағдарламаларын, заңдарын қарап отырсақ, билiк тарапынан бөлiнген қаражат жанұяның шығындарын ақтайды. Бiзде ше, ана мен балаға, көп балалы отбасына көмек көрсетiп жатырмыз дейдi. Мейлi, қаражат бөлсiн дерлiк, онда неге баға тұрақсыз? Халыққа жағдай жасау үшiн алдымен бағаны тұрақтандыру қажет. Сонымен қатар, шаңырақтың шайқалуына әсер ететiн тағы бiр себеп, енелердiң, қайын бикелердiң, туған-туыс, жора-жолдастардың екi жастың арасына түсуi. Бұл шайтанның iсi. Имансыз пенделер осындай терiс қылықтарға барады. Әуелi олардың жүрегiнде иман жоқ. Келiн де, күйеу бала да бiр үйдiң адамы ғой. Сондықтан да олар үйренiсiп кетпейiнше, дүрсе қоюға, жекуге болмайды. Жастарға дұрыс жол сiлтей бiлу керек. Неге ананы отбасының ұйтқысы дейдi? Әрбiр әйел адам – қамқор, мейiрiмiдi, ерiне рухани қолдау беретiн жан болуы тиiс! Әйел ақылсыз болса, ол жүрген жер оңбайды. Ал, әйел ақылды болса, отбасы берекелi болады. Ешқашан ер адамды ақша таппайсың деп желкелей беруге болмайды. Ардақты ана, сүйiктi жар, аяулы келiн болған соң нәзiк жандыларға мүлт кетуге болмайды. Осыны әйел адамдар әрдайым жадында ұстау керек!", — дедi. "Бақыт" неке сарайының директоры Құралай Есқазықызы да жастардың ажырасуының себебi сан түрлi, оның iшiнде ерте некелесу де, отбасында балалардың жоқтығы, яғни жастардың денсаулықтарының септiгiнен де, қазiргi кездегi гендерлiк саясат та әсер етуi мүмкiн дегендi айтқан едi. Ал, дiни тұрғыдан некелесу мен ажырасуды талдасақ, дiнiмiзде ажырасу үлкен күнә. "Өкiнiшке орай, бүгiнде ажырасу өте көп. Ең әуелi, ислам дiнiнде жанұя киелi ұғым. Мемлекет әртүрлi ұлттан тұрса, жанұя мiнез-құлқы әртүрлi отбасы мүшелерiнен құралған кiшiгiрiм мемлекет. Жеңiл-желпi желеумен ажырасуға болмайды. Егер екi жас бiр-бiрiнiң көңiлiн таппай жатса, ажырасуға болады. Бiрақ бұл Алланың алдындағы рұқсат етiлген қағидалардың ең жағымсызы. Әрине, некелескенде екi жас мешiтке келедi, бiрақ, ажырасқанда мешiтке келу шарт емес. Жалпы, ажырасудың басты себебiн жастардан iздемеу керек. Өйткенi, бүгiнгi қоғамның рухани дүниесiнiң өзi кедей. Ал, үйленгенде ер адам балаларының, әйелiнiң жағдайын жасау керек. Тiптi, үй жұмыстарына да ерi әйелiне көмектесуге болады. Себебi, Пайғамбарымыздың өзi жарына үй шаруашылығында көмек көрсеткен. Әйел адам болса, ерiнiң ризалығын алу қажет. Әйел адам сыртта жұмыс iстеймiн десе ислам дiнi қарсы емес. Тек мұның барлығы да күйеуiнiң рұқсатымен болуы шарт", — дейдi Қазақстан Мұсылмандары Дiни Басқармасы Алматы қаласындағы бас мешiттiң Дiни iстерi бөлiмiнiң меңгерушiсi Қайрат Жолдыбайұлы. Сонымен ажырасудың басты себептерi мыналар. Бiрiншiден, жастардың отбасы мәселесiне жеңiл қарауы. Адам жүре жаман болып, көшедегi, телеарнадағы, шетелдегi терiс қылықтарға елiктеп отбасы ойрандалуы мүмкiн. Екiншiден, ерлi-зайыптылардың материалдық жағдайының төмендiгi, басыбайлы баспаналарының жоқтығы. Жұмыссыздықтың өрiс алуы. Үшiншiден, арларында балаларының жоқтығы. Денсаулықтарының төмендiгi, бiр-бiрiне сәйкес келмеуi. Төртiншiден, бiр-бiрiн танымай жатып ерте некелесу. Жас айырмашылығы. Статистика бойынша, он сегiзде үйленгендер жиi ажырасып жатыр. Бесiншiден, жастардың жаман қылықтарға әуестенуi. Олар түсiк тастау, iшiмдiкке, нашақорлыққа салыну. Алтыншыдан, өзге адамдардың екi жастың арасына түсуi. Жетiншiден, мемлекет тарапынан жас отбасына қолдау көрсетiлмеуi. Қолдау демекшi, шет елдерде үйленердiң алдында жастарды әбден електен өткiзедi. Яғни, жастар психологиялық жағынан бiр-бiрiне сәйкес келе ме? Олардың денсаулықтары жақсы ма, жұқпалы ауруы жоқ па? Осы тұрғыда арнайы ұйымдар жұмыс жасайды. Ал бiзде ше, ондай ұйымдар жоқтың қасы. Баяғыда бiр данышпан: "Көршiлерiңе күлкi болмайын десең ойланып үйлен", — деген екен. Ал ата-бабамыз даналықпен үйлену оңай, үй болу қиын екендiгiн айтып кеткен. Отбасы кiшiгiрiм мемлекет болғандықтан, жас шаңырақтардың жиi шайқалмауын мемлекет болып қолға алуымыз шарт.   Жансая ПЕРНЕБАЕВА