ЕЛУГЕ КЕЛГЕН ТЕЛЕАРНА

ЕЛУГЕ КЕЛГЕН ТЕЛЕАРНА

ЕЛУГЕ КЕЛГЕН ТЕЛЕАРНА
ашық дереккөзі

"Елу жылда — ел жаңа" дегендей, қазақтың телеэфирi тура жарты ғасырлық жолдан өттi. Теледидар дәуiрi 1958 жылдың 8 наурызынан бастау алып, алғашқы телехабар Алматы студиясынан дәл осы күнi шыққан болатын. Қазақ ұлттық телеарнасының 50 жылдық мерейтойына байланысты кеше Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихаты болып өттi.

Жиынға Бибiгүл Жексенбай, Ұлбосын Айтөлен, жазушы Құдайберген Тұрсын, Қайнар Олжай және Сағатбек Қалиевтер қатысты. "Елiмiздiң елеулi, танымал тележурналистерiнiң бiрнеше буынын осы қазақ телевизиясы тәрбиелеп шығарды. Олар бүгiнде республикамыздың түрлi телеарналарында қызмет етiп жүргенiмен, шығармашылық жолдарын елiмiздiң төл теледидарынан бастаған. Бүгiнде "Қазақстан" телеарнасы – көпұлтты елiмiздi мекендеген түрлi халықтардың тiлiнде хабарлар таратады. Қазiр Қазақстанда көптеген телеарна қызмет етедi, телекоммуникациялық жаңа жүйелер көрермендерге шетелдiк телеарналарды да тамашалауға мүмкiндiк бередi. Бiрақ "Қазақстан" телеарнасы қашанда елiмiздiң ең қолжетiмдi телеарнасы болып қала бермек, ондағы хабарлардың 80 пайызы қазақ тiлiнде шығады", – дедi "Қазақстан" телеарнасының директоры Сағатбек Қалиев.

Бүгiнде "Қазақстан" телеарнасы Қазақстан аумағынан бөлек қырғыз, өзбек, түркiмен елдерi мен Ресейдiң шекаралас 12 облысы және Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр аудандары мен Монғолияның Баян-Өлгий өлкесiне тарайды. Қ. Олжайдың айтуынша, қазақ теледидарының мақтанышы саналатын "Алтын қорда" 10 мыңнан астам теңдессiз хабарлар мен бейнефильмдер сақталған.

"Бiздiң толқын аталарымыз өңi түгiл түсiнде елестете алмаған ел өмiрiндегi атқарылған ұлан-ғайыр iстердiң куәсi болса, ол – бiздiң ұрпақ еншiсiне бұйырған бақыт. Тәуелсiздiктiң қарсаңындағы, оның алғашқы қалыптасу кезеңдерiндегi таңғажайып оқиғалардың бәрiн Қазақ телевизиясының журналистерi қалт жiбермей, дер кезiнде көрерменге ұсына бiлдi. Қашанда көрермен үшiн қызмет еткен Қазақ телевизиясы алдағы таңда да осы үрдiстен танбақ емес", – дейдi Ұ.Айтөлен.

Балжан ҮСЕЕВА