Жаңалықтар

ЖАНЫМДЫ МЕНIҢ ЖЫЛАТПА

ашық дереккөзі

ЖАНЫМДЫ МЕНIҢ ЖЫЛАТПА

Мұңайтпа, жаным, көңiлiмдi менiң мұңайтпа,

Аңсарым сенсiң, жүрсем де шалғай жырақта.

Өмiрге мынау аңдымай жүрiп алданып

Жалған сыр айтып сезiмдi үнсiз жылатпа.

Жылатпа жаным, жанымды менiң жылатпа,

Жүректi нәзiк тағдырға қатал сынатпа.

Сылдырлап сулар толассыз ағып жатса егер

Жанары құрғап суалар бiр күн бұлақ та.

Суалар жаным жалыққан кезде бұлақ та,

Сулар да қалмас жайылып ағар жыраққа.

Аңсарсың талай бұлақтың мөлдiр тамшысын

Сезiмдi емес, суды да жаным суалтпа.

АҚ АРМАН АЙТШЫ ШЫНЫМЕН

Ұмыттың менi, ұмыт боп бәрi қалды ма,

Армандар қайда, жетелер бiздi таңдарға.

Iздедiм бүгiн кешегi күннiң сыңғырын

Күлкiлер қайда, мұң қалған неге жанарда?

Күлкiлер қайда, мұң қалған неге жанарда,

Шынымен бәрi ұмыт боп бүгiн қалған ба?

Ақ арман қайда, үмiтке қол созатын

Қорқа ма әлде жүректiң жiгiн жалғауға.

Алданып тағы бес күндiк мына жалғанға

Асықпын әлi бозарып атар таңдарға.

Ақ арман айтшы, кешегi күндер шынымен

Ұмыт боп бәрi, ұмыт боп бүгiн қалған ба?

САҒЫМ КҮН ҚАЛДЫ АЛДАУ БОП

Жамау да, жасқау мұң кеудем,

Ақ жауын тектес жанарым.

Сезiмдi шерге жерлеуден

Қалмады-ау басқа амалым.

Сағыныш болып сенделген.

Сағым күн қалды алдау боп.

Өзiң деп соққан мұң кеудем

Жүректе қалды арман боп.

Таңыма түн боп тараған,

Тұтқыны болдым өзiмнiң.

Арманға ғана жаралған

Нұрлы да, мұңлы сезiмнiң.

ЕКЕУМIЗ КЕЛIП СЫРЛАСҚАН ТЕРЕК

Екеумiз бiрге қыдырған түндер,

Жаңбырлы күндер есiмде.

Жайқалған шөптер, ұйқылы гүлдер

Кiредi кейде түсiме.

Сағынып сол сәт ояна келiп,

Өзiңдi аңсап жатамын.

Бiлiнбей уақыт өтедi неғып

Бiлдiрмей шығып, батар күн.

Екеумiз келiп сырласқан терек,

Жаңылмай бәрiн бiлiп тұр.

Ұмытып кетпей кей күндер келiп

Қасынан бiр уақ жүрiп тұр.

Әсел САЛЫҚ,

Республикалық Н.Төреқұлов атындағы жыр-мүшәйраның жүлдегерi