Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ: АТАМЕКЕН – АЙНАЛЫП КЕЛЕР ҚАЗЫҒЫҢ

Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ: АТАМЕКЕН – АЙНАЛЫП КЕЛЕР ҚАЗЫҒЫҢ

Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫ: АТАМЕКЕН – АЙНАЛЫП КЕЛЕР ҚАЗЫҒЫҢ
ашық дереккөзі

Талантты опера әншiсi Майра Мұхамедқызын бүгiнде төрткүл дүние түгел таниды. Бiр маусым өз Отанының сахнасында, бiр маусым Гран операның төрiнде сайрап жүрген бұлбұл қызын көпшiлiк неге жақсы көрмесiн?! Екi елдiң опера сахнасын тең ұстап жүрген Майра Мұхамедқызымен Францияға жүрер сапарының алдында жүздесудiң сәтi түстi.

– Майра апай, операға бiрден бара қоймағаныңыз белгiлi. Ciз де көп әртiстер секiлдi «ә» деп тiлiңiз шыға бастағаннан ән айттыңыз ба?

– Барлық жұртқа мәлiм, мен шығармашылық отбасында дүниеге келдiм. Әкем – композитор, анам –әншi. Өнерлi отбасында дүниеге келгеннен кейiн, менiң де алға қойған мақсатым – әншi болу едi. Өзiңiз айтқандай, «ә» деп тiлiм шыға бастағаннан ән айтқан екем, болар бала «б…» дегендей..

– Әнге жақын боп туғаннан кейiн, эстрада әншiсi болып кетуiңiзге мүмкiндiк болған шығар…

– Пекинде өнер мектебiнде оқып жүрген кезiмде, ешкiмге классикалық дүние керек болмай қалған кездер де болды. Бiраз уақыт мен де сахнаға шығып, ән айттым. Бiрақ, жүрегiмнiң түкпiрiнде операға деген үлкен махаббат жатты. Қайтсем де, көпке әйгiлi әншi болсам деген арманнан ажырамадым. Эстраданың басқа жанр екенiне, менiң дауысымның эстрадаға келетiндiгiне өзiм де, өзгелер де сендi. Өзгелер дейтiнiм, көпшiлiк маған "Неге шет елге шығып кетпейсiң?" дегендi жиi айта бастады. Азғантай уақыт болса да, түрлi концерттерде қолыма микрофон алып, сахнаға шыққан кездерiм болды. Оның да пайдасы бар екен. Қазiр де кейбiр кездесулерде, жиын-тойларда қысылмай, еркiн микрофонмен ән айта алам.

– Отбасылық мектептiң жөнi бiр бөлек, өнер мектебiнен де шыңдалған шығарсыз?

– Кiшкентайымнан арнайы өнер мектебiнде оқыдым. Үлкен сахнаға шыққаным осы Қазақстанда ғана. Пекинде әртүрлi байқауларға қатысып, кейбiр бағдарламаларда операның арияларын айтып жүргенiммен, операны түгел орындағам жоқ. Алғаш рет Абай атындағы опера және балет театрының сахнасына шықтым.

– Демек, сiздiң операдағы алғашқы мектебiңiз Қазақстанда басталды ғой.

– Иә. Бала күнiмiзден өзiм талай естiген, талай армандаған Қазақстан менiң операдағы алғашқы тұсауымды кестi. Кiшкене кезiмiзде Қазақстанды картадан көретiнбiз. Үй-iшiмiзбен Қазақстан туралы, қазақтар туралы жиi айтатынбыз. Оның үстiне қазақша сөйледiк, қазақша оқыдық, қазақша тәрбиелендiк. Кейде қытайдың тiлiн сөйлеп, қытайша өмiр сүрген кезде: "шiркiн-ай, атамекенге кетсек қой" деп ойлайтынбыз. Сол арманға 1994 жылы ғана қолым жеттi.

– Қытайда жүргенде қазақ әншiлерi туралы, қазақ әндерi туралы естiп өстiңiз бе?

– Әрине, радиодан да қазақтар туралы, қазақ әншiлерiнiң әндерiн жиi тыңдайтынбыз. Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибiгүл Төлегенова , Е.Хасанғалиев сияқты аға-апаларымның дауысын да алғаш сол радиодан естiп өстiк. Кейiн Роза Рымбаеваның "Атамекен" әнi шетте жүрген қазақтардың бәрiнiң жүрегiн жаулап алса керек. Сол ән бiздi елге жетеледi, сол ән бiздiң елге келуiмiзге себеп болды. Бiр кездерi сол радиодан естiген дауысымды қазiр ести алмай жүрмiн. Бiлмеймiн, сол кездегi дикторлардың үнi де ерекше болды ма, әлде сөйлеу мәнерi ме, маған қазақтың тiлi әдемi, әуездi естiлетiн.

– Мүмкiн, сiзге сыртта жүрген соң, солай әсер еткен шығар…

– Жоқ, мәселе онда емес. Барлық әңгiмелердiң өзi, әуендердiң өзi әдемi, әуездi келетiн. Тыңдай бергiң келетiн. Өзiм келiп, өзiм сiңiп кеткеннен кейiн солай ма, баяғы дауыстарды ести алмай жүрмiн. Кейде бiр көне ескi бағдарламаларды қайта бергенде ғана әлгi дауыстарды естiп қалам.

– 1994 жылы елге келгенде, бiрден опера театрына бардыңыз ба?

– Алдымен қытай елiнiң атынан Мәскеудегi Чайковский атындағы байқауға қатысуға екi ай дайындық жасау үшiн, Алматыға iзденiспен келдiм. Алғаш жолыққаным Надия Абдрахмановна Шарипова деген кiсi болды. Қытайдан келген әншi екенiмдi, Чайковский атындағы байқауға қатысқым келетiнiн айтып едiм, ол кiсi дауысымды тыңдап көрдi де, "жарайды" деп, екi ай дайындады. Сөйтiп, Мәскеуге Қытай Республикасының атынан барып, қатыстым. Соңғы финалға өте алмай қалдым. Содан әлгi мұғалiмiм маған Консерваторияға аспирантураға түсуiме кеңес бердi. Тура мен келген жылдары елде өте қиын болатын. Теңге ауысып, қымбатшылықтың қызып тұрған кезi. Нанның өзiн кезекпен алатынбыз. Қалу қалай болар екен деп тағы ойландым. Сөйтiп жүрiп, тәуекелге бастым ғой. Бiрден Консерваторияға аспирантураға қабылдандым 4 категориямен Абай атындағы опера және балет театрына жұмысқа тұрдым. Театрдағылардың бәрi дауысымды тыңдап көрiп, ұнатып қабылдады.

– Ең алғаш қай рөлдi ойнадыңыз?

– Екi жыл дайындық жасап, 1995 жылдың соңында сахнаға шықтым. Вердидiң "Травиата" спектаклiн орындап шықтым.

– Көрермендердiң, әрiптестерiңiздiң алғашқы пiкiрi қандай болды?

– «Алматыға Қытайдан бiр қыз келiптi» деген әңгiме қаулап кеттi. Көпшiлiктiң бәрi менi "китаянка" дейтiн. Алғашында елдiң бәрi менiң дауысымды қатты ұнатты. Екi жыл оқыдым. Пәтер мәселесi қатты қинады. Алматының ана басынан мына басына көшiп-қонып жүрдiм. Көшпеген жерiм қалмады. Екi-үш айда бiр көшем. 1996 жылы бағыма қарай, Қытайдың президентi Қазақстанға ресми сапармен келдi де, қытайша ән айтатын әншi iздеп, содан менi шақырды. Сол кезде Елбасымен алғаш таныстым. Елбасы менен: "Азаматтықты алдыңыз ба?" деп сұрады. Екi жылдан берi сандалып жүрген кезiм. Бәрi орысша сөйлейдi. Бiр ауыз орысша сөйлей алмаймын. "Қазақ мемлекетi бола тұра, неге қазақша сөйлемейдi?" деп қайғырып жүрген уақыт. «Келесi аялдама қандай?» деп қазақша сұраймыз деп, талай ұрыс естiдiк. Сөйтiп, сол кездесуден кейiн Елбасы маған Қазақстан Республикасының азаматтығы мен екi бөлмелi пәтер бердi.

– Сiз туралы "Мұхамедтiң "қызы" елде қалады екен. Майра Керей деп шығатын болыпты" деген әңгiмелер де шығып едi бiр кездерi…

– Өйткенi, шетелде Майра Керей деген әртiстiк фамилия алдым. Ал, бiрақ елде Майра Мұхамедқызы болып шығып жүрем. Мұнда келгенде көзiм жеткен бiр нәрсе, әр нәрсенiң бiр заңдылығы болады екен. Кез келген өнер адамын алғашқы уақытта жақсы қабылдайды. Содан кейiн, жабылып келiп сынай бастайды. Жалпы, өзiмнiң фамилиям өзiме ұнайды. "Мұхаммед" пайғамбарымыздың аты. Мен оған мақтанбасам, ешқашан арланған емеспiн. 11-қыркүйектегi оқиғадан кейiн "Мұхаммед, Али, Сәли" деген сияқты фамилиялардың көбiнен террористердi iздей бастады ғой. "Мұхамедқызы" дегенде оларда террористiң қызы ма деген ой пайда болады. Оның үстiне Франциядағылар да "фамилияңызды өзгертпесеңiз болмайды" деген соң, көп адамнан ақыл сұрадым. Сөйтiп, ойлана келе "Майра Керей" деген фамилияға тоқтадым. "Керей" деген соң, бiреулер руға бөлiндi деп те сынап жататын шығар, менiң руға, жүзге бөлiнген ештеңем жоқ. Өзiме осы ат ұнайды.

– Әлемдiк операға шығу да оңай емес. Сiздiң келiсiм шарттарыңыз Франциямен қалай басталды?

– Бұрын Қазақстанның өзге елдерде мәдениет күндерi жиi өтетiн. Алғашында мүлдем тоқтамайтын едiк. Сол мәдениет күндерiнiң арқасында бiрталай елдерге барып келдiк. 2002 жылы Францияның үлкен театры менi тыңдауға шақырды. Үш маусымға келiсiм шарт жасасты. 2006 жылы бiтуi керек едi, менiң өнерiм оларға ұнаған болуы керек. Құдайға шүкiр, әлi жалғасып келедi.

– Екi елдiң арасында жүру сiзге қиын емес пе?

– Өте қиын. Уақытымның көбi самолетте, аэропортта, вокзалда өтiп жатады. Оның үстiне Францияның бiр қаласында ғана емес, көп жерлерiне шығуға тура келедi. Самолеттен түсе салып, 6-7 сағат пойызбен басқа қалаларына барасың, сөйтiп уақытың өтiп жатады.

– Еуропаның қанша дегенмен, опера жағынан дамып кеткенi белгiлi. Қазақ көрермендерiнiң операны қабылдауы қалай?

– Көрермендерiмiз жаман емес. Зал үнемi толып отырады. Бiздiң халқымыз әдемiлiктi жақсы көредi. Барын тағып, әдемi киiнiп келедi. Ал Еуропада мүлдем басқаша. Бiр жыл бұрын концерттiң билеттерi сатылып кетедi. Құдай бұйыртса, жақында жүрем. Менiң концертiмнiң билетi бiр жыл бұрын сатылып қойған. Бiзде ондай жүйе жоқ. Не бiр ай бұрын, не бiр жұма бұрын келiп жатады. Жалпы, бiздiң халқымыз өнерлi халық қой, операны да шетке қалдырмайды деген ойдамын.

– Әлемге танымал болғаннан кейiн, Пекиннiң сахнасына қайта шығып көрдiңiз бе?

– Былтыр үш бiрдей жеке концертiмдi өткiздiм. Араға он бес жыл салып, қайта барғаннан кейiн бе, қытай елi менi жақсы қарсы алды. "Майра елiне келiп, концерт бередi" деген үлкен жарнама iлiнiп қойған. Фестиваль "Пекинде кездесейiк" деп аталады. Оған кез келген әншiнi шығара бермейдi. Бұл қытайлардың маған берген үлкен абыройы деп ойлаймын.

– Сiз дауысыңызды күтесiз бе?

– Бар байлығым осы дауысым ғой. Оны қалай күтпеймiн?

– Қалай күтесiз?

– Суық су және шарап iшпеймiн. Суық ауа жұтпаймын. Мойнымды қысы-жазы орап жүрем.

– Суық тиiп ауырып қалған сәттерiңiз болды ма?

– Әзiр ойласам қорқам. Бiздiң театр гастрольмен Петропавлға барды. Аяз деген қатты, қырық градус суық. Тұмау тиiп, қатты ауырып қалдым. Дауысым шықпай қалған. Кешке "Қыз Жiбек", ертесi "Травиата". Қазiр ойлап қарасам, Құдай сақтап қалған екен. Ондай кезде ән айтуға болмайды екен. Жастықтың буы, сахнаға қызулықпен шығып кеткем ғой. Оның үстiне, бәсекелестiк деген үлкен. Еуропада ондай жоқ. Келiсiм шарт жасала ма, сенiң орныңа таласпайды. Ал мұнда басқаша. Мысалы, бiр операға жетi-сегiзiмiз таласып жатқанымыз. Шығып қалмайын деп жанталасып, сахнаға шыққан түрiм. Қалай айтып шыққанымды бiлмеймiн. Мен тiптi сөйлей алмай қалғам. Бiр құдiреттi күштiң қолдағаны болар. Ешқашан олай ән салмаймын деп шештiм. Ренжiп, көңiл күйiм болмай тұрған сәттерде де, ән айтпауға тырысам. Жүрегiм қаламаған кезде ән айтпаймын.

– Ондай ренiштi сәттерiңiз көп бола ма?

– Шаршаймын. Бiзде жеке менеджер деген жоқ. Көмекшiң жоқ. Концерт беретiн болсаң, бәрiне өзiң жүгiруге тура келедi. Сахнаға шығарда, қол-аяғың дiрiлдеп, құлап қалам ба деп, қорқып тұрасың. 2005 жылы 30 қаңтарда Астанада концерт бергем. Қатты шаршап, қан қысымым төмен түсiп кеткен. Соңғы репетиция кезiнде көзiм көрмей қалды, көпшiлiкке бiлдiрмей, залдан жолдасымның қолынан ұстап, абайлап шығып кеттiк. Жедел жәрдем көрсететiн ауруханаға хабарласып, дәрiгер шақырттық. Дәрiгерлер жағдайымды көрiп, демалу керектiгiн ескерттi, әрi "сахнаға шығуға болмайды" деп айтты, бiрақ ертесi мен сахнаға шығып, әнiмдi толық аман-есен орындап шықтым. Сол кешiме Елбасы да келiп тыңдады. Бұл Алла Тағаланың құдiреттi күшi, әрi сахнаның құдiреттi күшi менi сахнаға алып шыққан.

– Еуропада бәрiн менеджерлер атқарады ғой, демек.

– Бәрi кесте бойынша жүзеге асады. Шаршамайсың, қапаланбайсың. Әнiңдi айт та жүре бер. Бiр ай репетиция болған күннiң өзiнде екi күн демалыс бередi. Әншiлерге жағдай жасалынған. Сондықтан, ол жақта шаршамаймын, қайта демалып қайтам. Осы жердегi жүгiрiсiм көп.

– Дiнге сенесiз бе?

– Сенем. Бiр құдiреттi күштiң бар екенiне сенемiн. Менi жетектеп, алып жүретiнiн сезем.

– Барлық қиындыққа шыдап, мойымай елде жүрсiз. Ал, бiздiң кейбiр талантты жастарымыз керiсiнше, сыртқа кетiп жатқан жоқ па?

– Кеткенi дұрыс. Кезiнде Қытайда да осындай болған. Оларды еш үкiмет ұстап тұра алмады. Жан-жаққа кеттi. Ресейде де солай болды. Қазiр солар шетелде өсiп-жетiлiп, өз елiне қайта оралып, елi үшiн еңбек етiп жатыр. Отаннан асып қайда кетедi? Атамекен – сенiң мәңгiлiк қайтатын мекенiң. Жас кезiңде бiлiм және тәжiрибе жинақтауың керек. Бiз тек қана айлық жалақыға жұмыс iстеймiз. Опера деген оңай емес. Жаныңды берiп, айтасың. Отандағы жағдай осы. Театр менi сахнаға шығарғаннан кейiн, сен де оған қызмет етуiң керек, театрмен есептеспеймiн. Ал шетел мен үшiн атақ баспалдағына шығаратын орын. Бiз жас мемлекетпiз. Қазақтың атын әлемге танытуымыз қажет.

– Сiздi Еуропаның сахнасына Қазақстанның әншiсi деп шығара ма?

– "Майра Керей. Қазақстан" деп тұрады. "Қазақстаннан келген әншi" деп айтады.

– Демек, бiзде опера дамымағаны ғой.

– Жоқ, операның жақсы-жаман дамымағандығы емес, бiзде жақсы басшы жоқ. Доминого өзi басшы,өзi әншi, өзi дирижер. Екi бiрдей театрды басқарады. Ол екi театр бұрын құлдырап қалған-тұғын. Осы кiсi жүгiрiп жүрiп, демеушi iздеп тауып, театрдың атын әлемге таратты. Оған барып айту – әншi үшiн үлкен құрмет. Сондықтан, театрды әлемдiк аренаға шығару үшiн мықты басшы керек. Театрларды жұлдыздар ұстап тұрады. Бiзде ондай жоқ. Мен кетсем, менiң жалақым тоқтайды. «Кеттiң-ау, келдiң-ау» демейдi. Бұл жердегi басшылар жұлдыздарды бағалай бiлмейдi. Оған Үкiметтiң қолдауы керек. Дамыған елу елдiң қатарына кiремiз деп жатырмыз.Сондықтан, бiздiң елдi алдымен өнер мен спорт қана әлемге таныта алады.

– Елге бүкiл отбасыларыңызбен көшiп келдiңiздер ме?

– Жоқ, ата-анам әлi сонда тұрады. Оларды әкелу оңай шаруа емес. Мен опера айтып, анда-мұнда шауып кетем. "Бар тапқан ақшаңды творчествоңа жұмса. Көшi-қон арқылы шақырып жатса, барармыз",– дейдi.

– Бiрақ, елге келгiсi келедi ғой.

– Әрине, Отанына кiмнiң келгiсi келмейдi?

– Жалпы, қытайдағы қазақтар туралы бүгiнде түрлi әңгiмелер айтылып жатыр. "Қытайдағы қазақтар қытайланып барады" дейдi.

– Әрбiр мемлекеттiң өзiнiң ұстанған саясаты бар. Оған әңгiме айта алмайсың. Оларда заң күштi. Бүкiл дүниежүзi солай. Елдiң алдына шығып, қызмет атқарғың келсе, сол мемлекеттiң тiлiн бiлiп, тiрлiгiн iстеуiң керек.

– Сiзде сонда қытайша ән айтып бастадыңыз ба?

– Мен Қытайда Ұлттар университетiнде оқыдым. Елу алты ұлттың бәрiнiң әнiн айтып, киiмiн кидiм.

– Майра апай, сiздi халық әндерiн де жақсы орындайды деп естiдiк.

– Өзiмнiң дауысыма салып, классикалық түрде айтам. "Ағажай Алтай" деген әндi анамнан естiп өстiм. Елге келгенде алғаш айтқан әнiм де осы болды.

– Ойнағыңыз келген рөлдi орындай алмай қалатын сәттерiңiз кездесе ме?

– Ондай рөлдерiм болады. Кейде Еуропада айтқан арияларымды елде айтқым келедi. Бұрын трагедиялық рөлдердi көп орындайтынмын. Қазiр комедиялық рөлдердi алып жүрмiн. "Сол рөлдерiмдi елiм көрсе ғой, қалай айтатынымды бiлсе ғой" деп, армандаймын. Сосын ана сүтiммен берген халық әндерiн орындағым келедi. Анам көп айтайын. "Елдiң, жердiң, халықтың дәстүрiн сөндiрмеу – сенiң басты борышың",– деп жиi айтып отыратын. Әкем бес жүздей халық әнiн жинап, жарыққа шығарды. 2007 жылы Құрманғазы оркестрiмен "Iнжу-маржан" атты алғашқы компакт дискiмдi жаздым. Ол дискiге он алты халық әнi – "Дүние-ай, Қапез", "Тоғжанның сыңсуы", "Ағажай, Алтай" сияқты әндер енгiзiлiп отыр. Моңғолдағы қазақтардың халық әндерi де бар. Әкем жинаған iнжу-маржанды елге жеткiзсем, тыңдатсам деген арманым бар. Қазақта дәстүрлi мектептер көп ғой. Менiкi академиялық мәнер. Қазақтың әндерi ариядан кем емес, кең дауысты келедi.

– Алғаш елге келгенiңiзде өзiңiз радиодан талай дауысын естiген әншiлермен жүздесе алдыңыз ба?

– Ең алғаш батасын берген, маған ақылын айтып, кеңес берген – әншi ағам Ермек Серкебаев. Талай концерттерде шығып, гүлiн ұсынды. Басқа әншiлерден ондай ықылас көргем жоқ. Ермек ағамның жолын берсiн деп тiлеймiн.

– Жолдасыңыз да өнерге жақын адам ба?

– Жоқ, ол спортпен шұғылданады.

– Ол кiсi сiздiң арлы-берлi жүгiрiстерiңiздi түсiне ме?

– Ол бұрын өзi де талай чемпион болған. Мен студент болып жүрген кезде, әлемнiң талай елдерiн шарлап шыққан, Қытайдың бiрiншi дәрежелi спорт шеберi. Ең жақын досым, серiгiм. Ол карьерасын ерте жасап кеткен соң, маған үнемi қолұшын берiп отыратын, көмектесетiн жалғыз адам.

– Әлемдi талай шарлап жүрсiз. Қазақтың ауылдарына барып көрдiңiз бе?

– Абайдың 150 жылдығы тұсында, поезбен барғанымда Ақтөбе, Қызылорда сияқты облыстарды аралағаным бар.

– Қытайдағы қазақтардың ауылы мен елiмiздегi қазақ ауылдарының жағдайын салыстырып көрдiңiз бе?

– Одан берi де көп уақыт өттi ғой. Сол жылдары ауылдың жағдайы өте қиын болатын. Ал Қытайдағы қазақтардың ауылдарында телефон, телеарна баяғыда дамып кеткен. Малшылар деген малдың санын көбейтiп жiберген. Ол жақта малдың етi бұл жақпен салыстырғанда өте арзан. Оның үстiне, үкiметтiң ауылдарға ұстанған өте жақсы саясаты бар. Менiң бүгiнгi арманым – ауыл-ауылды аралап, шығармашылық кешiмдi өткiзсем деймiн. Сонда тағы бiр рет танысып көрермiн.

– Достарыңыз көп пе?

– Менiң достарым – менiң шығармашылығымды сүйетiн адамдар деп ойлаймын. Шын айтсам, дос болуға уақытым жоқ. Өмiрде небiр жақсы адамдар бар ғой, бiрақ, ең жақындарым – туыс-туғандарым.

– Елде сiздi насихаттап жататын БАҚ көп. Шетелде БАҚ беттерiне жиi шығасыз ба?

– Жоқ, ол жақта мүлдем басқаша. Сыншылар бар. Сенен сұрап жатпайды. «Жақсы» десе, жақсы, «жаман» десе жаман деп жазады. Алғашында мен туралы жазылған сындар да болды. Қазақстаннан келiп, қазақтың қызы үлкен театрда өнер көрсетiп жатқанын олар түсiне қоймаған шығар. Менiң өнерiмдi көргеннен кейiн, даусымды тыңдағаннан соң, көзқарастары өзгердi ғой.

– Еуропаға кеткен кезiңiзде бұл жақтағы спектакльдерiңiзбен сәйкес келмейтiн сәттер де кездесетiн шығар.

– Иә. Бiздiң театрымыз Италияның композиторы Доницеттiнiң "Лючия ди Ламмемор" деген операсын наурыздың соңында қойғалы жатыр. "Лючияны" орындай алатын бiр-екi-ақ әншi бар. Ол өте қиын партиялардың бiрi. Бұл рөл менiң көптен күткен рөлдерiмнiң бiрi едi. Өкiнiшке қарай, менiң Еуропадағы келiсiм шартымның уақытымен сәйкес келiп қалғандықтан, шартты бұза алмаймын. Құдай бұйыртса, айтатын шығармын деп отырмын.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА