Жаңалықтар

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ҚЫМБАТШЫЛЫҚ НЕМЕСЕ АШКӨЗ АЛЫПСАТАРЛАР МЕН АШҚҰРСАҚ ҰСТАЗДАР

ашық дереккөзі

ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ҚЫМБАТШЫЛЫҚ НЕМЕСЕ АШКӨЗ АЛЫПСАТАРЛАР МЕН АШҚҰРСАҚ ҰСТАЗДАР

Қазақстан – бүкiл әлем бойынша АҚШ, Канада, Еуроодақ, Ресей, Аргентинадан кейiнгi астыққа бай алтыншы мемлекет. Қазақтардың сапалы астығы әлемдiк нарықта да жоғары бағаланады. Бiрақ Үкiмет 1 наурыздан бастап экспортталатын астық көлемiн қысқартуға шешiм қабылдады. Сонымен қатар сырттан әкелiнетiн шетелдiк қантқа салынатын салық салмағын арттырды.

Орыстар бiрнеше күннен берi аттанға басып жатыр. Өйткенi, қант, күнбағыс майын экспорттауда Ресей үшiн қазақ нарығы өте қолайлы. Ал бiздегi ашкөз алыпсатарлар мен ынсапсыз делдалдар сырттан тасымалданатын арзан өнiмнiң отандық нарыққа енгiзiлуiне мүдделi емес. Қымбатшылықты қолдан жасап, пайдаға шаш-етектен кенелiп отырған да – солар. Оны Қазақ билiгi әлдеқашан мойындап қойған. Өткен аптада министр Школьник қырғыздардың 40 теңгеге әкелуге құлшы-нып отырған болғар бұрышын Астанадағы алыпсатарлардың 600 теңгеге сатып жатқанын айтты… "Қолдарын мезгiлiнен кеш сермеген"…

Қарапайым халықтың, әсiресе, өндiрiс орындары тұралап қалған, екi қолға бiр жұмыс табу қиын ауылды жерлердегi ағайынды қымбатшылық қысып барады. Жыл басында Үкiмет инфляция деңгейiн 10 пайызбен шектейтiнiн айтқан. Бiрақ ресми мәлiметтер Қазақ елiндегi қымбатшылықтың 10 пайыздың шеңберiнен әлдеқашан шығып кеткенiн айтады. Үстiмiздегi жылдың қаңтарында әсiресе, Астана қаласы мен Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Атырау облыстарында қымбатшылықтың жоғары болғанын айтады. Негiзi қазақ нарығының кiндiгi әзiрге халықаралық нарыққа түгел байланып қалған жоқ. Көп жағдайда бағаны ұшындырып жiберетiн — ашкөз алыпсатарлар мен ынсапсыз делдалдар. Оны Үкiметтiң өзi мойындап отыр. Ал қалтасы онсыз да "тесiк" қарапайым халық тиыннан сом құрай алмай әлек. Жыл басынан берi мұғалiмдер мен дәрiгер, әскерилер жалақыға жарытпаған билiкке ренiш айтты, айлықты көтеру туралы талап қойды. Қымбатшылық күннен күнге тынысты тарылтып, алқымнан алып барады. Бiрақ шыққан нәтиже жоқ. Мемлекеттiң келешегi – жастардың тағдырына жауапты ұстаздар қауымы бiрнеше рет баспасөз мәслихатын өткiздi. "Сайлауда, саяси науқанда елден ерек алашапқынға түсетiн мұғалiмдерге Үкiмет үйiп-төгiп уәде бередi, бiрақ уақыты келгенде сөзiнен тайқып шығады" дейдi олар. Жуырда парламенттiк сағатта "нұротандық" депутаттар зейнетақы, жәрдемақының көлемi көңiл көншiтпейтiнiн айтып, елдiң әлемуеттiк ахуалына жауапты министр – Бердiбек Сапарбаевты тығырыққа тiреген. Бiрақ Сапарбаевтың берген жауабы: "Былтыр мемлекеттiк бюджеттi бекiткенде қайда қалдыңдар?"-ға сайыды. Ұтымды сөз. Немесе "жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап"… Парламентте заң жобалары талқыға түсiп жатқанда елдiң қамын күйттеп, қызылкеңiрдек болатын халық қалаулылары кемде-кем. Әрине, билiк егер шынымен мүдделi болса, елдi болмашы тиын-тебенмен алдай салмай, тиiстi шараны қолға алады. Әлеуметтiк ахуалға, демографияға, бiлiм мен дансаулыққа қатысты мәселе күн тәртiбiнен түспеуi тиiс. Мұндайда зейнетақы, жәрдемақы, жалақы, өтемақы сияқты түрлi "…ақылар" туралы сөз қозғалары анық. Өйткенi, халықтың өз ақшасын өзiнен аяған билiктiң оңғаны жоқ. ҚР Статистикалық агенттiктiң мәлiметтерiне сүйенсек, былтыр азық-түлiк түрлерiнен күнбағыс майы (96,8%), нан және дәндi-дақылдан жасалған өнiмдер (38,4%), жұмыртқа (36,9%), сүт және сүт өнiмдерi (28,8%), ет және ет өнiмдерi (25,1%), қант (19,9%) қымбаттаған. 2007 жылдың соңына дейiн инфляцияны 18 пайыздың асуынан асырмауға ел алдында серт берген Үкiмет босқа тер төктi. Өйткенi, жыл соңында азық-түлiк 26,6 пайызға қымбаттаса, азық-түлiк түрiне жатпайтын тауарлар құны 10,5 пайызға, ақылы қызмет көрсету 15,4 пайызға артқан. Ал коммуналдық төлемдер — 18,4%, медициналық қызмет көрсету — 22%, көлiктердегi жол ақысы — 12,1%.

40 ТЕҢГЕНIҢ БҰРЫШЫН – 600 ТЕҢГЕГЕ…

Обалы не керек, былтыр Министрлер кабинетi жергiлiктi әкiмдермен бiрiге отырып, бағаны қадағалауды қолға алды. Iшкi нарықта тапшылық орнай қалса, алыпсатарларға кедергi жасау үшiн дүкен мен базарларды арзан тауармен қамтамасыз ету мақсатында арнайы азық-түлiк қорын құрды. Электр жарығы мен жанар-жағар май құнын тежедi. Бiрақ кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, мұндай қадамдар инфляцияны ауыздықтауға кепiл болмайды. Өйткенi, "қымбатшылық — әлемдiк нарықта орын алған жайт. Елiмiзге сырттан тасымалданатын заттар мен тауарлар құны жаңаша көрсеткiшпен келетiнi белгiлi". Демек, сiз бен бiздiң жуық арада "баға тұрақтанады" немесе "заттар қайта арзандайды" деп иек қышытуымыз – артық. Күнi кеше ғана "инфляция жылдың соңына дейiн 10 пайыздан аспайды" деп құлшынған К.Мәсiмов, кеше; "Бiз инвестициялауды тоқтата алмаймыз, бағаны да тежей алмаймыз. Егер бұлай етсек, келешекте экономикамызды тұралатып тастаймыз" дедi. Негiзi бiздiң билiк ауа райы сияқты мың құбылуға әбден шебер боп алған. Бiресе, "инфляцияны ауыздықтаймын" деп үстел тоқпақтайды, бiресе, «экономика тұралап қалады, инфляцияны еркiне жiберейiк, буынсыз жерге пышақ ұрмаңдар» деп "ағынан жарылады". Премьердiң сөзiмен келiсетiн кейбiр отандық сарапшылар: "Егер халықаралық ауқымдағы шараны қабылдаудан бас тартсақ, кейiн өзiмiзге өте қиын болады. Бағаны ырқына жiбермеске шара жоқ" деген ұстанымда. Әрине, билiкке қарсы уәж айтатындар да жеткiлiктi. Солардың бiрi – Халық банкiнiң Басқарма төрағасы Григорий Марченко. Инфляцияға қатысты пiкiрiн сұрағанымызда, ол: "Инфляциямен күрес – Үкiмет пен жергiлiктi атқарушы билiктiң бiрiге отырып, кешендi түрде жүргiзуi тиiс шара. Жетi жылдың жүзi болды, жемiс-жидек пен көкөнiс бағасы менiң "сүйiктi тақырыбыма" айналды. Бiрақ бағаның тоқтайтын түрi жоқ. Елдегi инфляцияның орташа деңгейiмен салыстырғанда, көкөнiс пен жемiс-жидек құны 3-4 есе жылдамдықпен өсуде. Нелiктен? Мұның бәрi базаркомдарға және базаркомдардың артында тұрғандарға қатысты. Базаркомдардың жергiлiктi билiкпен ара- қатынасы, өнiмiн базарға әкелген елдi бiрнеше есе қымбатқа сатуға мәжбүрлеуi т.б. Әрине, базаркомдардың қызметiн реттеу Ұлттық банктiң мiндетiне жатпайды. Бiрақ бұл мәселе әлi шешiмiн тапқан жоқ. Аса қатаң түрде жүргiзiлген баға саясатының арқасында инфляцияны тежеуге болады. Ол үшiн кешендi түрде жүргiзiлетiн шараларды айқындап алған жөн" деген болатын. Өткен аптада ҚР Индустрия және сауда министрi Владимир Школьник: "Аймақтарда отандық өнiм өндiрушiлердiң қатысуымен азық-түлiк жәрмеңкелерiн көптеп өткiзу қажет. Импортталатын тауар бағасын анықтаудың жолдарын қайта қарастыру да өте маңызды" дедi. Оның айтуынша, қырғыздар болғар бұрышын 4 сомнан (14 теңге) әкелуге дайын отыр. Сонда қосымша құн салығын қоса есептегенде, 1 келi бұрыш – 40 теңгеге түседi. Ал астаналық дүкендерде болғар бұрышының құны — 600 теңге! Қанша есеге қымбат сатылатынын айтудың өзi қорқынышты. Үкiмет мүшелерi базарлар мен дүкендердi жалға алатындардың жал ақысын төмендетiп, есесiне, азық-түлiк пен тауарлар бағасын арзандатуға ұсыныс жасауда. Демек, "әлемдiк нарыққа кiндiгiмiз байланып қалған" дегендердiң уәждерi осындай мәселелерде сыр беретiндей. Ал инфляциямен күрестi базаркомдар мен олардың "тiреулерiнен" бастау керектiгiн көлденең тартқан Марченконың сөзiне иланбасқа шараң жоқ.

ОРЫСТАРДЫҢ "АТТАНЫ" НЕГIЗСIЗ

Қазақстан – АҚШ, Канада, Еуроодақ, Ресей, Аргентинадан кейiнгi астыққа бай алтыншы мемлекет. Қазақтардың сапалы астығы әлемдiк нарықта да жоғары бағаланады. Бiздiң астықтың саудаға шығатын негiзгi биржасы – MGE (Миннеаполистiң астық биржасы). Былтырғы қуаңшылықтың кесiрiнен Австралия, Канада мен Еуропалық Одаққа мүше елдердiң бiрқатарында егiн бiтiк шықпаған едi. Есесiне, Қазақстанда қамбалардағы астық қанасына сыймай, тасып жатты. Бiрақ экспорттаудан мол пайда табуды көздегендердiң кесiрiнен елде нан бағасы күрт жоғарылап, тiптi, нан мен нан өнiмдерi тапшылығы орын алғаны белгiлi. Үкiмет 100 теңгеге жетiп жығылған ас атасының құнын "асарлатып" жүрiп, әупiрiммен 60-65 теңгеге түсiрдi. Шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарына құлақ салсақ, биыл күзде былтырғыдай нан мен ұн, астық тапшылығы болмайды. Өйткенi, осыдан жарты жыл бұрын сан соғып қалғандар егiн алқабының көлемiн ұлғайтып, өнiмдi көбiрек алуға тырысуда. Қазақстан да экспортталатын астық көлемiн қысқартуға бел буды. Бiрақ бұл iшкi нарық тапшылыққа ұрынады деген сөз емес. Өткен аптада ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Ахметжан Есiмов елдегi азық-түлiктiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында Қазақстаннан сыртқа тасымалданатын астықтың көлемi қысқарылатынын және елге әкелiнетiн қанттың азайтылатынын, салынатын экспорттық салық салмағы артатынын мәлiмдеген. Қазақ билiгiнiң мұндай қадамынан әлемдiк нарықтың көңiлi нiлдей бұзылды. Халықаралық нарықтағы "қара алтынның" құны бiр-ақ күнде шарықтап кеттi. Америкадағы Morgan Stanley инвестициялық банкiнiң сарапшылары 2008 жылы мұнайдың әлемдiк нарықтағы құны 112 долларға жететiнiн айтады. Сондай-ақ, мұнай тасымалдаушы делдалдардың ресми бағалары да өзгердi. Мысалы, Лондондағы InterContinental Exchange Futures биржасындағы IPE Brent Crude бiр баррельдi – 97,01 долларға бағаласа, америкалық New York Mercantile Exchange мұнайдың Light, Sweet Crude Оil маркаларын – 98,81 долларға теңгердi. Қазақ билiгiнiң астықты экспорттауға қатысты жасаған мәлiмдемесiнен кейiн астық пен алтынның құны өсе бастады. Халықаралық биржалардағы сауда қыза түстi. Бұған дейiн астық сатып алуда Жапония, Египет пен Үндiстан белсендiлiк танытса, ендi олардың қатарына Үндiстан, Қытай мен Ирак қосылды. Ал "өзiм дегенде өгiз қара күшi бар" орыстар аттанға басты. Өйткенi, ресейлiктердiң қанты қазақ нарығында өтiмдi әрi бiзде бәсекелестiк деңгейi төмен. Егер дүкендер мен базарларды орыстар толтыратын болса, қазақстандық өндiрiс орындарының өнiм өндiру қарқыны бәсеңдеп, қаржылық тұрғыда әлсiреуге әкеп соғатыны анық. Демек, жергiлiктi қант зауыттары банкротқа ұшырайды. Сол себептен бағаны тұрақтандыру мен инфляцияны ауыздықтау мәселесi күрделене бередi. Ахметжан Есiмов: "Барлық қант зауыттарымен келiсiм жасалынды. Оларға iшкi нарықты отандық өнiммен толтыруға мiндет жүктелдi" дедi. "Қазақстанның мұндай қадамы ЕурАзЭҚ шеңберiнде жасалған келiсiмдерге қайшы келедi. Ынтымақтастық пен экономикалық қатынастарымызға көлеңке түседi" деп байбаламға басқан Мәскеу былтыр Ресейге сырттан әкелiнетiн астық пен қантқа салынатын экспорттық салықты 40 пайызға дейiн өсiргенiн "естен шығарып" алған тәрiздi. Бұл шара үстiмiздегi жылдың 30 сәуiрiне дейiн күшiнде сақталады. Ал қазақтар iшкi нарығын қорғауға қамданып едi, орыстар аяқ астынан "зәкүншiл" бола қалды! Айтпақшы, бұдан былай Қазақстанға дәндi-дақыл, қантпен бiрге күнбағыс майын әкелуге де тыйым салынған. Былтыр елiмiздiң кейбiр аймақтарында 1 литр күнбағыс майының құны 1 келi еттен де қымбаттап кеткенде, билiк 2007 жылдың қазан айынан бастап, 2008 жылдың 1 маусымына дейiн эмбарго жариялаған болатын.

Энергетика және минералдық ресурстар министрi Сауат Мыңбаев көктемгi егiс алқабындағы жұмыстарға жанар-жағар май тапшылығы кедергi жасамас үшiн ауыл шаруашылығы саласында тер төгетiн компанияларды қосымша қаражатпен қамтамасыз етудiң жолдары қарастырылатынын айтады. Сонымен қатар 330 мың тонна жанар-жағар май (құны арзан) ауыл шаруашылығы саласына бөлiнетiн болды. К.Мәсiмов: "Менiң бiлуiмше, қазiргi таңда банктер ауыл шаруашылығына қатысты кәсiпорындарға несиенi беруге онша құлықты емес. Бiрақ бiз ауыл шаруашылығы жұмыстарының кенжелеп қалуына жол бермеуiмiз керек" дедi. Үкiмет басшысы дұрыс айтады, өкiнiшке қарай, Қазақстанда егiс алқаптары мен жемiс-жидек, көкөнiс өсiрумен айналыстындарға қаржылық тұрғыда көмек беретiн, тым болмаса несие бөлетiн банктер некен-саяқ. Ал дамыған елдерде нәпақасын тек жердi өңдеп, өнiм өндiрумен табатындарға несие беретiн арнайы банктер көп. Алысқа бармай-ақ, көршiлес жатқан Ресейдi айтсақ, жетедi. Ал күзге салым дүкен және базарлар сөрелерi отандық өнiмдермен толтырылмаса, инфляция деңгейiнiң одан сайын ушығып кетерi анық. Мұндайда, "Тауарлар мен заттар неге қымбаттап кеттi-ей" деп қас керу – артық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ