ӨМIРГЕ YШЕМ КЕЛДI!
ӨМIРГЕ YШЕМ КЕЛДI!
Алты баланың анасы баспанасыз жүр
"Өмiрге үшем келiптi!" деген сүйiншi хабарды жиi еститiн болдық. Бұл да Алла Тағаланың қазақтың маңдайына берген сыйы шығар. Республиканың әр-әр жерiнде болса да, өмiрге үшем әкелiп, Жаратқанның пейiл-нұрына бөленiп жатқан аналарымыздың бұл қуанышына бәрiмiз де ортақтасқымыз келедi.
Алла Тағаланың адам баласына берген ең үлкен сыйы — перзенттi болу, артына ұрпақ қалдыру. Сондай қасиеттi парызды орындаған тараздық ана өмiрге бiрден үш сәбидi — екi ұл, бiр қызды алып келiптi. Жас ана Гүлмираның үшем тұңғышы емес. Бұған дейiн де ол Қасиет, Әдiлет, Нұрсұлтан есiмдi үш ұлды бiрiнен кейiн бiрiн дүниеге әкелген екен.
Алты бiрдей баланың анасы Гүлмираны арқа сүйер азаматы тастап кетiптi. Өмiрге келген жиендерiне Әлiмжан, Сабыржан және Салихат деген есiмдердi нағашы атасы қойыпты. Қазақтың мықты анасы бүгiнде алты баласымен ағасының аядай үйiнде тұрып жатқан жайы бар. Бар алданышы — алты баласы. Сүйенерi де солар. Өмiрге жаңа келген үшемнiң анасының ендi бар арманы — баспаналы болу. "Жұмақ ананың табанының астында" десек, жасымай, қиналмай, алты бiрдей баланы бағып-қағып жатқан анаға неге жәрдем бермеске! Ендiгi жерде жергiлiктi билiк үшемнiң анасының тiлегiн жерге тастамас, көмек қолын созар деген үмiтiмiз бар. Бар жақсылықты әуелi анаға, сосын тағы да анаға жасайық, ананы құрметтейiк!
Гүлзина Бектасова