Жаңалықтар

ЖҰРТ КҮДЕРIН ҮЗГЕН ЖОҚ...

ашық дереккөзі

ЖҰРТ КҮДЕРIН ҮЗГЕН ЖОҚ...

"Инвестициялық жекешелендiру купондарының" өтеуi қайда?

Ата-бабамыз сан ғасыр армандаған Тәуелсiздiкке бiз жеткенде, бөркiмiздi аспанға атып қуандық. Сол кездегi Үкiмет: "Жаңа қоғам орнатамыз, жаңадан ел боламыз", — деп дамудың нарықтық жүйесiн таңдады. Халық болып, қол шапалақтап қолдайтынымызды бiлдiрдiк. Сөйтсек, сол нарықтық қатынастың өз заңы бар екен. Үкiмет оны ақпарат құралдары арқылы қайта-қайта шегелеп түсiндiрумен болды.

"Республикадағы жер үстi, жер асты байлықтарының бәрi осы елде тұратын халықтiкi. Соларды игiлiгiмiзге айналдырып, рахатын көру үшiн жекешелендiру керек. Сондықтан әр қайсысыңыздың қолыңызға, солардан өз үлесiңiздiң айғағы ретiнде "Инвестициялық жекешелендiру купондары" таратылып берiледi. Алайда сiздер жеке-жеке купондарыңызбен үлкен iстi жүзеге асыруларыңыз екiталай. Сол үшiн өздерiңiз қалаған бiрнеше қорға салуларыңыз керек. Сол қорлар компанияларға айналып, ауыл шаруашылығын, өнеркәсiптi көтередi. Олар экономикалық жағынан дамыған кезде сiздерден алған купондарын бiрнешеге еселеп қаржылай қайтарады. Сонда шалқыған бай болмасаңыздар да соған жақын дәулеттi боласыздар". Жалпы нұсқасы осы тәрiзде айтылған.

Үкiметтен басқа сенерiң бар ма? Жарылқайтын әкең де сол, шешең де сол. Аспаннан байлық өздiгiнен жаумайды. Оның үстiне кепiлдiк берiп, қамқорлық жасап тұрса қалай купоныңды қимай тартынасың. Не десе де Үкiметтiкi жөн деп Қазақстан Республикасының мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi мемлекеттiк комитетi бас-басымызға үлестiрген "Инвестициялық жекешелендiру купондары бойынша чек кiтапшасын" өзiмiздiң ықыласымыз ауып, сенiмiмiз артқан, Үкiметтiң есебiне тiркелген қорларға ала жүгiрдiк.

Сiзге өтiрiк, бiзге шын. Сол жылы, яғни 1994 тауық жылы 169 инвестициялық жекешелендiру қоры құрылыпты. Несiн айтасың, әр қайсысы "қағанағыңды қарық, сағанағыңды сарқ" қыламыз деп өздерiн-өздерi көкке көтере мақтап, аңқау, аңғал жұрттың есiн шығарғаны да есiмiзде. Бiреу сол қорларға купонын бiлiп бердi, бiреу әйтеуiр игiлiкке ғой деп көзiн жұмып бердi. Не керек, бас аяғы бiр жылда 11 миллион адамнан жиналған купонға 1707 акционерлiк қоғам құрылған.

Рас, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары қиын болды. Бұрын тiлiмiздiң қолданысында жоқ "бартер" деген шығып, ауылдағы қазақтар қорадағы малының көбiн түкке тұрмайтын мүлiкке, арзан қант пен шәйға айырбастап жiбердi. Мұқтаж болған соң амал қанша. "Басқа түссе баспақшыл" деп қиыншылықтардың бәрiне көндi де, төздi де. Қойшы әйтеуiр, жылжыған жылдармен ауыр кезеңдер де артта қалды ғой. Бүгiнде ел есiн жиып, еңсесiн түзедi. Сарыарқаның қақ төрiнде жаңа астанамыз Астана құлпырып келедi. Қаншама кен орындары игерiлдi. Мұның бәрi ел дәулетiнiң, экономикалық күш-қуатының артқаны емес пе.

Ал "Инвестициялық жекешелендiру купондарының" өтеуi қайда? Халық осы сұрақты ақпарат құралдары арқылы Үкiмет ауысқан сайын сұрап қояды. Қажыгелдин, Балғымбаев пен Ахметов бұл жөнiнде үн-түнсiз кеттi. Мiне, ендi Мәсiмовтiң алдына тартып отыр. Әзiрге бұл мырзаның да жақ ашар түрi жоқ.

Билiктiң бiр тармағы Парламент депутаттары ара-тұра сайлаушыларымен кездескен сайын ұлардай шулап осы сұрақты қояды. Олар бұл мәселенi көтеретiн болып, әдеттегiден уәденi үйiп-төгiп кете барады. Бәлкiм бiрлi-жарымы көтерсе көтерген шығар. Бiрақ барлығы емес. Жалғыздың үнi, жаяудың шаңы шыққан ба. Үкiмет үнсiз.

Қарын тойса да көз тоймайды. Рас сөз. Өтiрiк дейiн десең түйенi түгiмен жұтқан жемқорлар қайдан шығып жатыр? Әлгi халықтың купондарын жинап алған акционерлiк қоғамдардың алды бүгiнде шырайларына шыр бiтiп, қоңданып, қомданып алған. Адамдар жақсылықты тез ұмытады. Бүгiнгiнiң шонжар-шолжаңдары жоқтан бар жасағандай болып, толып жүр. Сол көл-көсiр байлығының негiзi қара халықтың купондарынан құралғанын ұмытқаны қашан. Ендi көзiн арбап, көңiлiн аспандатқан байлығынан қалай көзi қиып салымшыларға үлес берсiн. Олар үшiн сол купондар бүгiнде құр қағаз ғана. "Банкроттық туралы" Заңның шыққаны мұндай жақсы болар ма? Халықты шатастырып кету үшiн осы заңның әлеуетiн пайдаланып, кәсiпорынының атын шетелшелеп өзгерте салды. Шаңына көмiп адастырып кеттi деген осы. Ал ендi "Бутя" қорынан басқасын табаныңнан тозып тауып көр. Iс бiттi, қу кеттi.

Заң бiлетiн баз бiреулер: "Әу баста жекешелендiру дұрыс жүрмедi. Халық купондарын қорларға акция ретiнде заңдастырып өткiзулерi керек едi", – дейдi. Қарапайым халықтың қандай кiнәсi бар? Үкiмет не айтты, соны iстедi. Демек жауапкершiлiк Үкiметте ғой.

Ана бiр жылы Үкiметте бұл мәселе қаралған көрiнедi. Онда инвестициялық жекешелендiру купондары негiзiнде құрылған акционерлiк қоғамдардың құқықтарын қайта пысықтап "Акционерлiк қоғамдар туралы" Заңға бiршама өзгерiстер енгiзсе керек. Сол өзгерiстер бойынша әлгi купондарды жинап алған қорлар ендi нағыз акционерлер ретiнде жұмыс iстейдi екен. Соған байланысты әрбiр салымшыларға өзiнiң акционерлiк құқығын пайдаланып, дивидент төлеуiне жол ашатын көрiнедi. Әзiрге бұл заң жүзiнде ғана. Өйткенi купонымның игiлiгiн көрдiм деген жан жоқ. Ал қаншама жан сол игiлiктiң елесiнде жүрiп, өмiрден өтiп кеттi. Үкiметке сенiмiн жоғалтқандар көзге күйiк болмасын деп, купондарын отқа жағыпты. Ұзын сөздiң қысқасы – сол акционерлiк қоғамдарға Үкiметтен арнайы пәрмен болмай, бұл iсте қозғалыс болады деу бекер. Әрине бiздiң Үкiмет соған құлық танытса. Ал көршi Ресейдiң Үкiметi бұл мәселеге сергек қарайтынын, сол елдiң бiзге көп тарайтын ақпарат құралдарынан жұрт жақсы бiлiп отыр.

Көлбай Адырбекұлы