БАНКТЕР ҚОЛДАУҒА ШЫНЫМЕН МҰҚТАЖ БА?

БАНКТЕР ҚОЛДАУҒА ШЫНЫМЕН МҰҚТАЖ БА?

БАНКТЕР ҚОЛДАУҒА ШЫНЫМЕН МҰҚТАЖ БА?
ашық дереккөзі

Дәл қазiргi таңда қазақстандық банктер қандай күйдi бастан кешiп жатыр? Былтырғы әлемдiк қаржылық дағдарыс шынымен оларды тұралатып тастады ма, әлде мемлекеттiң көмегiне иек артқандар тағы да ашкөздiкке ұрынып отыр ма? Үкiметтiң банктердi қадағалауды күшейту туралы жасаған мәлiмдемесiне кiм қалай қарайды? Жауапкершiлiктi сезiнуге қазақстандық банктердiң кейбiрi неге құлықсыз?

Әлем былтырғы қаржылық дағдарыстан әлi ес жиып үлгерген жоқ. Қолдарында қаржы қоры мол инвесторлар мен халықаралық қаржылық құрылымдар "аузы күйген үрiп iшедiнiң" керiн келтiрiп отыр. Олар несие беруде бұрынғыдай құлшынбайды. Оның үстiне, Қазақстан сияқты әлемдiк нарықта әлi өзiндiк орнын алып үлгермеген дамушы елдерге бiраз қиын. Қазiргi кезде елiмiздегi банктердiң, әсiресе, екiншi деңгейлi жекеменшiк банктердiң қаржылық және iскерлiк қабiлетi мен қауқарына қатысты кесiмдi пiкiр айтатындар жоқтың қасы. Бұл бәлкiм, былтырғы дағдарыстың күрделiлiгiнен шығар. Үстiмiздегi жылдың басында қазақстандық банктердiң алғашқы бестiгiндегi кейбiрi 13 млрд. долларды құрайтын сыртқы қарызды өтеуге күштерi жетпейтiндiгiн, сондықтан мемлекеттiң тарапынан тағы да қосымша қаржылай қолдау керектiгiн көлденең тартты. Әрине, мұндай ынсапсыздықты отандық банкирлердiң барлығы дерлiк қолдады деу — ағаттық. Өйткенi, Халық банкiнiң басшысы Григорий Марченко көмек сұрап отырғандар осыдан екi-үш жыл бұрын сатып алған активтерiн сатса, мемлекеттен сұрап отырған қаржыдан бiрнеше есе көп ақшаға қол жеткiзетiнiн айтты. Ал Үкiметтен қаржылық көмек сұраған сол банктердiң бiрқатары жуырда Халықаралық FitchRatings рейтингтiк агенттiгi өткiзген басқосуда басқаша сайрады: "Қаржылық дағдарыс бiздiң банкке айтарлықтай әсер етпедi. Сыртқы қарызды өтеуге қауқарымыз да, қаржымыз да жетедi". Әрине, банкирлер қауымының басқаша сөз саптауы мүмкiн емес болатын. Өйткенi, егер өздерiнiң қарамағындағы банктiң келешегiне күмән келтiрсе, инвесторлар көңiлiндегi күдiктi одан сайын қоюлатып, ең сорақысы, келуi мүмкiн аса iрi көлемдегi инвестициядан қағылуы мүмкiн. Оның үстiне, "берешектi қайтаруға шамам жоқ" деп ашық мойындайтындардан қарыз берушiлердiң сырт айналатыны да сөзсiз. Түсiнiксiзi, кейбiр банктердiң өкiлдерi қаржы мәселесiнде екiжақты ойынды не үшiн ойнап отыр?

Президент Н.Назарбаев жуырда банк саласын қатаң қадағалауды бұйырды. Мұндай нұсқау банкирлер қауымының көңiлiнен шықты деу қиын. Есесiне, өз iсiне мығымдары Президенттiң бастамасын толық құптайтындықтарын жеткiздi. Мысалы, "Каспийский банкi" АҚ Директорлар Кеңесiнiң төрағасы Вячеслав Ким: "Банк қызметi – мемлекет тарапынан бақылау жүргiзiлетiн бiрден бiр сала. Бақылаудың мақсаты банктердi, жалпы жүйенi барынша тұрақты, сенiмдi және ашық ету. Сондықтан Үкiмет пен Қаржылық нарықты реттеу және қадағалау агенттiгi тарапынан айтылған шаралардың маңызы зор. Бiз бұл мәселеге түсiнiстiкпен қарап, толық қолдаймыз. Бұған әр банк, олардың акционерлерi мен менеджерлерi мүдделi. Қазiр алдағы шараларға қатысты түрлi пiкiрлер айтылуда, солардың бiрi – (бақылауды) одан сайын күшейтуге болмайтындығы. Өтiмдiлiк дағдарысы банктердiң сырттан аса көп мөлшерде қарыз алғандығымен байланысты, ендi ол ақшаларды қайтаратын кез келдi, ал тағы да алудың ретi келмей тұр. Батыстың нарығы есiгiн қашан ашатыны белгiсiз. Бәлкi жыл соңында болар. Әлде 2009 жылдың алғашқы жартысында ма екен. Қалай дегенмен де, сырттан қаржы тарту мүмкiндiгi туғанда халықаралық инвесторлар бiздiң банк жүйемiздi қаржыландыруға мүдделi болуы тиiс. Бiздiң мiндетiмiз – банк жүйесiнiң ашық және тұрақты әрi корпоративтiк басқару мен бизнестi жүргiзу деңгейi жоғары стандартты екендiгiн бүкiл халықаралық қаржы қауымдастығына дәлелдеу. Егер Үкiмет бақылауды шектен тыс қатайтатын болса, халықаралық нарыққа ұнамауы мүмкiн. Балама ретiнде басқа жол бар. Мысалы, Корея мемлекетi банктерге көмектесiп, капиталдарына инвестиция салу арқылы банк жүйесiнiң тұрақтылығы мен берiктiгiн арттырды. Банктердiң, акционерлердiң және менеджерлердiң жауапкершiлiгiн арттыру қажет. Осы мәселеге қатысты Каспийский банкiнiң топ-менеджментi мен меншiк иелерiнiң ұстанымына келсек, бiз қазақстандық банктердiң акционерлерi мен басқарма мүшелерi басқарушыларға, инвесторлар мен қоғамдастыққа ұсынатын қаржылық қорытындыларына жеке жауап бергендерiн жөн көремiз. Өтiмдi активтер көптеген банктер мен олардың акционерлерiнде де бар. Егер банк өз мүмкiндiгiн дұрыс есептей алмаса, онда көмекке сырттан инвесторларды немесе iштен мемлекеттi тарту қажет. Сол себептi, мен мемлекет ұстанған қағидамен толық келiсемiн".

Жуырда Алматыдағы халықаралық рейтингтiк агенттiктер мен қаржылық ұйымдардың, Үкiмет мүшелерiнiң басқосуында ҚР Қаржылық нарықты реттеу және қадағалау агенттiгiнiң жетекшiсi Е.Бахмутова банктердiң қаржылық ахуалын сараптай келе, "бiз банктер ұсынған мәлiметтердi пайдаландық" деген едi. Бұл ескертудiң астарында "ақпараттардың шынайылығы — банктердiң жауапкершiлiгiнде" деген ым жатқан. Каспийский банкiнiң өкiлi – В.Ким де осы мәселенi қаузады: "Қазiргi таңда халықаралық инвесторлар да, басқарушылар да, Үкiмет те ұсынып отырған қаржылық жағдай жөнiндегi ақпараттың ашықтығы мен шынайылығына сенiмдi емес және Үкiметтiң банктер жұмысын қадағалауды күшейтуге қатысты шаралар осы банктер берген ақпараттар мен олардың жалпы жұмысына деген жауапкершiлiгiн арттыруға бағытталған. Әйтседе, әр банкке жеке және саралай отырып қарау керек. Мысалы, Каспийский банкiнiң инвесторы – Бэринг Шығыс Кэпитал Партнерс жетекшi инвестициялық қоры. Бiз олармен бiр жылдан астам бiрге жұмыс жасаудамыз және өз корпоративтiк басқаруымызды үздiк халықаралық тәжiрибеге сүйене отырып, құрып жатырмыз. Бiздiң топ-менеджерлерiмiздiң арасында Гарвард университетiнiң түлектерi, әлемге танымал жетекшi халықаралық компанияларда iстеген аудиторлар, қаржы директорлары мен қаржы менеджерлерi бар. Ал Кеңеске мүшелiкке өткендер — Еуропаның ең танымал қаржыгерлерi мен менеджерлерi".

Отандық сарапшылар елiмiздiң сыртқы қарызының тым көбейiп кетуiне "үлес қосқан" банктердiң iскерлiгiн сынға алады. Шетелдiк банктер мен қаржылық топтардан арзан пайыздық көрсеткiшпен несие алып, оны iшкi нарықта тым үлкен пайыздық көрсеткiшпен қайта несиелегендер қазiр "батпан құйрықтан" қағылғандықтан, мемлекеттен көмек сұрап, аттанға басып жатыр. Халық банкiнiң басшысы Марченко өз банкiнiң сырттан несиенi өте аз мөлшерде алғандығын, негiзiнен iшкi депозиттер мен салымшыларға қызмет етуге баса назар аударғандарын айтады. Марченконың мемлекеттiң қаржылық қолдауда банктерге тым өбектеуiн қолдамайтындығы да отандық банктер мойнындағы жауапкершiлiктi сезiнуден қашқақтауына, iшкi бәсекелестiкке керi әсер етуге әкеп соғады деген қауiптен. Аталған мәселеде Каспийскийдiң ұстанымы осыған орайлас: "Каспийский қарызды да басқаларға қарағанда өте аз алды. Қазақстандық банктердiң биыл төлеуге тиiс 12 млрд. доллар берешегiнiң тек шамамен 3 пайызы ғана Каспийскийдiң үлесiне тиедi. Бiзде капиталдың бiрдейлiгi ең жоғарғы деңгейде. Ең бастысы, бiзге клиенттерiмiз сенедi. Тек соңғы 5-6 айда депозиттерiмiз 25 пайызға артты. Бұл қазақстандық банктер арасындағы депозит өсiмiнiң ең жоғарғы көрсеткiштерiнiң бiрi және бiз клиенттерiмiз бен салымшыларымыздың сенiмiн мақтан тұтамыз. Сондықтан саралауда сыртқы қарыз мөлшерi, басқарудың жоғарғы стандарттарын ұстану және ағымдағы жылға арналған нақты даму бағдарламасы бар ма, әсiресе, сыртқы қарызды өтеу бөлiгiнде, мiне, осы факторларға көңiл аударылуы тиiс. Сонымен бiрге Үкiмет меншiк иелерi мен басқармадан жауапкершiлiктi мойындарына алатындықтары жөнiнде, яғни, жеке жауап беретiнiне кепiлдiктер алуы керек. Мысалы, Түркияда экономикалық дағдарыс кезiнде мойындарына алған мiндеттерiн орындай алмаған банктердiң бiрiншi басшыларының үстiнен қылмыстық iс қозғалды". Әрине, Қазақ Үкiметiнiң жауапкершiлiктен қашқан немесе мiндетiн өтей алмаған банкирлерге қатысты қылмыстық iс қозғау туралы сөз қозғаған жоқ. Мәселенi ушықтырмауға мүдделi екендiгi айтпаса да, түсiнiктi. Тек қарызға тағы да белшеден батып, мемлекетке алақан жаятын дардың қатары көбеймесiн деп тiлеңiз. Өйткенi, Үкiметтiң қалтасынан" шығып жатқан қаржы мемлекеттiк бюджеттен, яғни, сiз бен бiздiң салық ретiнде төлеген қаржымыздың есебiнен.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ