Жаңалықтар

АЛТЫН ТҰҒЫРДА — ӘЛИХАН!

ашық дереккөзі

АЛТЫН ТҰҒЫРДА — ӘЛИХАН!

Әлем чемпионаты Алматыға ат басын тiредi. Бұл кездейсоқтық емес. Осыдан 16 жыл бұрын дүниеге келген Қазақстан бильярд спорт федерациясы қазiр үлкен беделге ие болды. Федерация президентi Ансар Каранеев бильярдтың дамуы үшiн өз бизнесiн осы спорт түрiне салған жан.

Осы жылдар iшiнде ондаған талантты бильярдшылар әлемдiк деңгейге көтерiлдi. Әлемнiң үш дүркiн чемпионы Қаныбек Сағындықов, жасөспiрiмдер арасындағы Еуропа чемпионы, командалық әлем чемпионатының жеңiмпазы Әлихан Каранеев, әлем чемпионатының күмiс жүлдегерi Эмиль Мударисов бастаған шоғыр жұмыр жердiң көкпарында олжа салып жүрген спортшылар.

Алматыдағы әлем чемпионатына жұмыр жердiң ең үздiк алпыстан астам бильярдшысы келдi. Ресей, Украина, Беларусь, Түркiменстан, Қазақстан, Молдова, Әзiрбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Латвия, Грузия, Польша, Финляндия, АҚШ, Қытай елдерiнен келген бильярдшылардың осалы жоқ едi. Бұл шоғырдың iшiнде бильярдпен көзiн ашқан Әлихан Каренеев те жүрдi. Грузиядан жетпiске иек сүйеген Ростом Мачаидзе де жетiптi.

"Құрастырма пирамидадан" өткен әлем бiрiншiлiгi төрт күнге созылды. Тартысты айқаста небiр мықтылар жарыс жолынан шығып қалып жатты. Әлемнiң үш дүркiн жеңiмпазы Қаныбек Сағындықовты 2006 жылғы әлем чемпионы ресейлiк Павел Меховов сүрiндiрдi. Қаныбек бұл әлемдiк додада үздiк сегiздiктiң iшiнде қалды. Әлем чемпионы Юрий Пащинский өзбек Зухредин Хашимовтан айласын асыра алмады. Жартылай ақтық айқасқа қос қазақстандық бильярдшы Әлихан Каранеев пен Эмиль Мударисов шықты. Әлихан 5:3 есебiмен Эмильден басым түстi. Жарыс жолының екiншi жағында қос әлем чемпионының жолдары қиылысты. Үзеңгi қағыса тайталасқан Ярослав Винокур соңғы ойында ғана Павел Мехововтан бағын асырды.

Ақтық айқас! Жарыстың төртiншi күнi ортадағы жалғыз үстелге Әлихан Каранеев пен Ярослав Винокур шықты. Чемпионаттың ең жас ойыншысы Әлиханның шеберлiгi жанкүйер қауымның жүрегiн бiрден жаулап алды. Алғашқы партияда-ақ украинаның әлем чемпионын 8:1 есебiмен сүрiндiрдi. Екiншi партияда да Ярославқа жалғыз ғана шар ұстатып қоя бердi. Одан кейiнгi төрт кездесудiң есебi мынадай: 8:4, 8:2, 8:0, 8:5. Бұл — таңқаларлық оқиға. Әлем бiрiншiлiгiнiң алтын тұғыры үшiн тартыста Әлихан Ярославты есiнен тандыра жеңдi. Ярослав Әлихан шеберлiгiнiң алдында тiзе бүктi. Әлихан — әлем чемпионы! Ақтық айқаста — 6:0. Әлем чемпионы бар-жоғы 17-ақ жаста! Алматыдағы орта мектептiң 11-сыныбының оқушысы. Күмiс медаль — Ярослав Винокурда. Эмиль Мударисов пен Павел Меховов қола медальға қол жеткiздi. Алтын тұғырдағы Әлиханды жеңiсiмен құттықтаған Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов қуанышты хабар жеткiздi. Әлихан Пекин олимпиадасының алауын алып жүретiн спортшылардың қатарына кiретiн болды. Жеңiсiң құтты болсын, Әлихан!

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ