Жаңалықтар

"ЭЙР АСТАНА" ҚАНАТЫН КЕҢГЕ ЖАЯДЫ

ашық дереккөзі

"ЭЙР АСТАНА" ҚАНАТЫН КЕҢГЕ ЖАЯДЫ

Әлемнiң түкпiр-түкпiрiне ашық аспан арқылы жол салған "Эйр Астана" АҚ әуе компаниясының тап қазiргi нарық қоғамында атқарар қызметi ерекше. Тiптi, Үкiмет басшыларының ел мен жерге тез арада ұшып барып, мемлекеттiк мәселелердi жедел-ғабыл шешуiне септiгiн тигiзiп жататын да осы әуе компаниясы. Әлбетте, сенiмдi компанияның тұрақты жолаушысы болудың басты шарты да қауiпсiздiк шараларының толық сақталуы ғой.

Алматыда "Эйр Астана" АҚ-ы мамандары баспасөз турын ұйымдастырып, БАҚ өкiлдерiнiң басын қосу арқылы ұшу қауiпсiздiгi және жайлылығы, мамандарға байланысты саясат, бортинженерлiк қызмет және ұшуды жоспарлау шараларымен кеңiнен таныстырды. Бұл ашық тәжiрибе бөлiсу барысында журналистер "Эйр Астана" АҚ-ның арнайы оқыту орталығына саяхат жасап, жолсерiктермен кездесiп, еркiн пiкiр алмасты. Тiптi, мұнда көруге келген қонақтардың өзi арнайы құтқару жейдесi мен маскасын киiп көрiп, ендi бiрi жолсерiктiң рөлiне енiп кетiп, атқаратын қызметiн бiрге таныстырып жатты. Ал әуекомпанияға маманды қалай таңдап алу туралы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға борттық қызмет директоры Фред Горман мен рекрутинг және дамыту менеджерi Айгүл Ташбаева, оқыту жөнiндегi менеджер Бриджит Бернойдер мен жолсерiктер қызметiнiң бастығы Голусса Гараевалар жауап берiп, өз жеке қызметтерi жөнiнде де толық мағлұмат бере кеттi. "Эйр Астана" АҚ борттық қызметiнiң директоры Фред Горман мырза әсiресе, маман сапасын арттыру шарасына айтарлықтай ден қойылып келетiндiгiне тоқталып, компания мамандардың қызмет сапасын арттыруға байланысты оқыту қызметiне жалпы шығынның 15 пайызын бөлiп отырғандығын тiлге тиек еттi. Әуе кемесiн бес саусақтай меңгеру үшiн мамандар бастапқы кезде өз елiмiзде, содан соң Франкфурттегi "Кондор" оқу-жаттығу орталығында бiлiмiн жетiлдiретiн көрiнедi. Әрине, әуе компанияда жұмыс iстегiсi келетiн маман әуелi мемлекеттiк тiл мен ағылшын тiлiн жетiк меңгеруi әрi денсаулығы мезгiлдiң кез келген уақытында, ұшу қызметiнiң қандай да бiр жүйесiнде ешбiр сыр бермеуi керектiгi басты талапқа жатады. "Жұмысқа осындай iрiктеу арқылы қабылданатындықтан да, бiздiң әуе компанияда қызмет еткiсi келетiн мамандардың саны жылдан-жылға артпаса, азайған емес. Бiр ғана 2007 жылдың өзiнде 240 түйiндеме қабылдадық" дейдi әуе компания қызметкерлерi. Айтып айтпай не керек, жолаушыларды тасымалдау барысында кереғар жайттың болуы ғажап емес. Естерiңiзде болса, өткен жылы компанияға қарасты ұшақ iшiнде түрiк азаматтарының кенеттен бүлiк шығаруы әуе компания қызметкерлерiн бiраз әбiгерге салған-ды. (Оларға қатысты сот процесi әлi жүрiп жатыр). Осыдан кейiн "Эйр Астана" мамандары ұшу кезiнде жұрттың үрейiн қашыратын немесе әдейi қастандық жасауға бейiм жолаушыларды сабасына түсiру үшiн түрлi әрекеттер жасауды қолға алды. Қазiр ұшақта қызмет көрсететiн мамандар мұндай жағдайға қарсы тұру үшiн арнайы тренингтерден өтуде. Егер ұшақта шу шығаруға ниеттенген жолаушылар кездесiп жатса, оны кiсендеу немесе байлап тастауға дейiн баратындығын жасырмайды.

Сол сияқты бұл шараға әдейi қатысуды жөн көрген "Эйр Астана" АҚ президентi Питер Фостер өткен жылдың қорытындысын мақтанышпен паш етiп, келешекте атқарар жобаларымен де бөлiстi. Питер мырзаның сөзiне қарағанда, "Эйр Астана" АҚ әуе компаниясы 2007 жылы рекордтық өсiмге қол жеткiзiптi. Былтырғы жыл тасымалдау көлемi мен жолаушылар санының артуы, авиапарк аумағының үлкеюi жағынан табысты әрi игi жетiстiкке толы болған. Мәселен, жолаушы тасымалдау шарасы 46 пайызға өсiп, 2,13 миллион жолаушының "Эйр Астана" қызметiн пайдалануы арқасында операциялық кiрiс 48 пайызға артқан. Сондай-ақ, әуе компания 25 iшкi, 21 халықаралық бағытта қызмет көрсетедi екен. Яғни, бұл iшкi бағыттың 75 пайызына, сыртқы бағыттың 40 пайызына тең деген сөз. Осы екi бағытта 670 жолсерiк қызмет көрсетуге дайын.

Тағы бiр айта кетерлiгi, екi "Бойнг 767-300", екi "Эйрбас А320" және екi "Эйрбас 321" ұшақтары сатып алынып, "Эйр Астананың" әуе-кеме паркi 18-ге жеткен. Алдағы уақытта жалпы құны 1,7 миллиард долларды құрайтын, алты Боинг 787-8, тоғыз "Эйрбас А 320" ұшақтары сатылып алынбақшы. Алғашқы тоғыз "Эйрбас А 320" шамамен 2012 жылы жеткiзiлетiн болса, 2016 жылы алты "Боинг 787-8" Қазақстан аспанында еркiн самғайтын болады. Ал 2022 жылы ұшақтың саны 63-ке жетедi деген болжам бар. Сондай-ақ 2007 жылы үнемi ұшақ қызметiн пайдаланатын жолаушыларға арналған "Nomad Club" бағдарламасы құрылып, бұл арқылы билеттi электронды брондау және электронды билеттер жүйесiн жолға қою жағы қарастырылған. Қажет болса, жақын болашақта ТМД аумағындағы ең iрi әуе компания ретiнде Прага, Токио, Куала-Лумпур, Мюнхен, Сингапур бағытында жаңа рейстер ашу бас жоспардың еншiсiне кiрiп қойған. 2022 жылы әуе паркiн 63 әуе кемесiне, қызметкерлер санын 9 мыңға арттыру жағы көзделiптi. Осы бағытта маманды алу жөнiндегi саясатқа, ұшу қауiпсiздiк мәселесiне, әуе кемелерiнiң жұмыс жағдайына баса назар аударылады дейдi, — "Эйр Астана" АҚ президентi Питер Фостер мырза.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ