ТОПАН СУ ТОСЫННАН ТАП БЕРДI
ТОПАН СУ ТОСЫННАН ТАП БЕРДI
Апат айтып келмейдi, әрине. Бiрақ, биылғы жылы "кәрi құданың" қаһарынан қалыптасқан ахуалға қарап тасқынның орын аларын мамандар алдын ала болжаған болатын. Осыған орай жан-жақты сақтық шаралары ұйымдастырылып, қауiп төнетiн аймақ тұрғындары үрейге берiлмес үшiн теледидар арқылы ұдайы насихат жүргiзiлдi. Оқу-жаттығу жұмыстарына да көп көңiл бөлiндi. Алайда, адамның айтқаны емес, Алланың дегенi болады екен.
20-ақпанда күнi бойы жауған жаңбырдың салдарынан пайда болған тасқын су алдын-ала дайындық жасалып, ел көшiрiлген дария бойындағы аймаққа емес, қауiпсiз көрiнген Сарыағаш, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының бiрнеше елдi мекендерiне лап қойды. Шырт ұйқыдағы елдi шошытып оятқан сел әп-сәтте әбiгерге салып, жұртты үрей құшағында қалдырды. Түнi бойы құтқару жұмыстары жүргiзiлiп, адамдар қауiпсiз жерлерге көшiрiлдi, малдар қырға қарай айдалды. Облыс, аудан әкiмдерiнен бастап дәрiгерлер мен полиция қызметкерлерiнде тыным болмады. Төтенше жағдайға байланысты Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов те шұғыл ұшып келiп, зардап шеккен ауылдарға барды. Кешкiсiн арнайы жиналыс өткiзiп, орын алған төтенше жағдайдың Елбасы назарында екенiн, қажеттi көмектiң барлығы жасалатынын жеткiзiп, республикалық бюджеттен 500 млн. теңге бөлiнетiнiн айтты. Бiрiншi кезекте тұрғындардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi қатаң тапсырды. Ал облыстық бюджеттен қосымша 200 млн. теңге қаражат қаралуда.
Суыт хабар тарағаннан кейiн бiз Арыс ауданының су тасқынына тап болған Ақдала ауылына бардық. Ауыл iшiнде су әлi де көлкiп жатыр екен. Асфальт жол мен жол жиегi бiрнеше жерден ойылып, қашыртқы жасалыпты. Алдымен ауыл тұрғындарына жолықтық.
– Ақпанның 21-iнен 22-сiне қараған түнi сағат төрттер шамасында менi Қалдыгүл Нұрымбетова деген ауыл дәрiгерi оятты, – дейдi ауыл тұрғыны Әбiлдә Аяпов. – Далаға шықсам, су көршiмнiң үйiне толып, маған қарай өтiп жатыр екен. Суды қашыртамыз деген амалымыздан түк шықпады. Айналдырған бiр сағаттың iшiнде судың ортасында қалдық. Ертеңгi сағат ондарға дейiн әуре болдық. Амал таппағасын ауыл азамтаттары Бақтыбай Әбiлов пен Төрекелдi Байзақов екеуi бас болып, әкелi-балалы Нұрмахан мен Марат Ыдырысовтар, Болат Бердiқұлов, Нұрлан Ахметов, Бауыржан Керiмбаев, Бақытжан Қалабаев, Омар Алдабергенов, Лесбек Жахатов, Оразкелдi Мелдешов, Әбдiрәсiл Райымқұлов, Қайырбек Дүкенбаев, Дауылбаев Нұржан сынды жiгiттерден 20-ға жуық адам жиналып, ауылдың жоғарғы жағында жатқан Қожабай арығын бiтеуге шықтық. Алғаш күн күрт жылынып, артынша қатты жауған жаңбыр мен ерiген қардың суы Арыс-Түркiстан каналының ернеуiнен тасып, Қожабай арығына құйылған. Бұл арықтың бетi мұз, ал құйылып жатқан судың көлемi тым көп. Соның салдарынан арықтың ернеулерi бұзылып, су ауылға құлаған ғой. Кейбiр жiгiттер азынаған суыққа қарамай аяқтарындағы етiктi шешiп тастап, арықтың ернеулерiн бiтеуге жабыла кiрiстi. Бiрi қапқа құм салып, бiрi тасып, бiрi шлюздегi суды бұрып, әйтеуiр ұйымшылдықтың арқасында құлаған судың бетi қайтты. Жол-жөнекей жиналған судың өзi 7-8 сағатқа дейiн ағып жатты, ал ақабасы екi күн бойына тоқтамады. Осылай ұйымдаспағанда бiз де Монтайтастағы ауыр халдi бастан кешкен болар едiк. Ауыл әкiмi мен дәрiгерлер де қолдан келген көмектерiн жасады.
— Ауылда Шайхуддин Райымбеков деген су маманы бар. Сол бiр-екi апта бұрын су тасқыны болуы мүмкiн екенiн, сақтық шараларын жасау қажеттiгiн тиiстi азаматтарға ескерткен екен. Бiрақ, оның ескертуiне құлақ асқан ешкiм болмады. Қауiптiң барлығы Сыр бойындағы ауылдарға қатысты деп ойлаған ғой, – дейдi ауыл тұрғыны Оразкелдi Мелдешов. – Тарсылдап-гүрсiлдеп келген су кейбiреулердiң үйiне дейiн кiрiп кетсе, кейбiреулердiң iргетасын көмiп қалды. Ал қораға мал қамай алмай қалдық. Бiр ескеретiнi, осымен қауiптiң бетi қайтты деуге болмайды. Тасқын әлi де қайталануы мүмкiн. Алдағы ауа райының қандай боларын кiм бiлсiн? Сол себептi Үкiметтен бөлiнген қаражатты бiрiншi кезекте сақтық шараларына жұмсау қажет секiлдi. Әлгi айтылған Қожабай арығы тазаланбай, ақдалалықтарға уайымсыз отыруға болмайды.
– «Апат аяқ астында» деген, тасқын үрейiмiздi ұшырды. Ұйымшылдықтың арқасында апаттың бетi қайтты. Әбүйiр болғанда адам шығыны жоқ. Жаңадан салынып жатқан мектеп ғимаратына әупiрiмдеп жүрiп су жолатпадық. Қаншама жыл күткен мектебiмiз емес пе, бұл. Айырылып қалсақ, қайта салынады ма, салынбайды ма белгiсiз – дейдi, Омар ақ¬сақал. – Бұл қауiп бiзге сабақ болды. Кеңес заманы тарқағалы берi жартымды тазалау көрмеген Қожабай арығын мұз құрсауы қайтқан соң тазаламаса болмайды. Кешегi тасқыннан кейiн арықтағы ұйықтың қалыңдай түсетiнi белгiлi. Ерте көктемнен қамданбаса, ала жаздай сусыз қалуымыз әбден мүмкiн. Ауыл азаматтарының денi нәпақасын осы егiншiлiктен тауып жүр ғой.
Тұрғындармен тiлдескеннен соң ауыл әкiмшiлiгiне бардық. Ауылға төнген қауiптiң куәгерi болып, қала бердi Кеңес заманының көзiндей болып аулада "Ленин бабамыз" қасқайып қарап тұр. Әкiмшiлiк ауласында әкiмнiң "Нивасы" тұрғанға өзiнде екен десек, ауыл аралап кетiптi. "Нива" қаңтарулы. Шамалы уақыттан кейiн аяғына резiңке етiк киген ауыл әкiмi Нұралы Әдiлбеков келдi. Маңдайында шып-шып тер.
– Ұйқыны ұмыттық, – дейдi әкiм. – Судың көбеюi сонау Бәйдiбек ауданындағы Қызыл көпiрден бастау алған. Сыйымдылығы екi куб каналға алты кубтай су келген. Каналдан асқан су Қожабай арығына құйылған. Арықтың бетi мұз, лезде ернеуiн бұзып ауылға құлаған. Ауыл азаматтарына да рақмет, ұйымдасып суды бұруға көп көмегiн тигiздi. Суды қашырту өте қиынға соқты. Жердiң бәрi тоң, қазылмайды. Инемен құдық қазғанның нақ өзi болды. Содан бергi үш күн бойына бiрiншi кезекте жолдарды тазалап, онан соң ауладағы суларды сорумен айналысып келемiз. Бiрақ, техниканың негiзгi күшi бүгiнге дейiн Монтайтаста жұмыс iстедi. Кеше екi өрт сөндiргiш көлiгi келдi. Бүгiн жаппай осында келiп жатыр. Құлаған үй жоқ, бiрақ құлайын деп тұрғандар бар. Қала әкiмiмен бiрге арықтың басына барып көрдiк. Қауiп төндiретiн аймақ шамамен үш шақырымға созылады екен. Бар күштi сол қауiптi аймақты бiтеуге жұмылдырамыз. Ауылға су құламайтындай биiктiкте құм толтырылған қаптарды қалау керек. Әзiрге мың қап алдыртып отырмыз. Құм жеткiзу жұмыстары ұйымдастырылуда. Ал, арықты тазалау әзiрге мүмкiн емес.
Көршi аудан азаматтарына рақмет, қолдан келген көмектерiн аянып қалып жатқан жоқ. Жан-жақтан жәрдем келуде. Отырар ауданының әкiмi азық-түлiк жiбергелi отыр.
Ауыл азаматтарын толғандырып отырған Қожабай арығы "Ақдала" шаруашылығының балансында екен. Шаруашылық басшысы Ергеш Пiрманов мырза арықтың жыл сайын қол күшiмен тазаланатынын алға тартады. Ал техникамен тазалауға оның жоқтығы қолбайлау болып отыр. Атам қазақ "көтере алмас шоқпарды белiңе байлама" деп бекер айтпаған. Арықты тазалауға шаруашылықтың шамасы келмесе, неге қаланың балансына өткiзбеске? Бұл алдағы уақытта шешiмiн табуы тиiс мәселе деп ойлаймыз.
Түске таяу қала әкiмi Серiк Тәукебаевтың өзi келдi. Ауылдарды аралап, Қожабай арығын көруге арнайы келген бетi екен. Мән-жайды қысқаша мәлiмдеп, арықтың ахуалын көруге аттанып кеттi.
Ресми мәлiметтерге жүгiнсек, 413 түтiн түтейтiн Ақдала ауылында 4030 халық тұрады. Су басқан 80 үйдiң 43-i жарамсыз күйге енген. Соның салдарынан 420 адам баспанасыз қалды. Құлаған қора-қопсы, сарайлардың саны – 51. Орталық мешiт те су астында қалып, ауыл iшiндегi 880 метр жол жарамсыз жағдайға ұшырады. Құтқару жұмыстарына 250 адам жұмылдырылса, ерiктi азаматтардан құрылған топ 14-ке жеттi. 20 полиция қызметкерлерi мен 21 дәрiгер шұғыл жәрдем көрсеттi. Жалпы 39 техника пайдаланылды.
654 отбасы, 4565 тұрғыны бар Монтайтас ауылында 110 үйдi су басқан. Оның 86-сы жарамсыз күйге түстi. 144 қора-қопсы, сарай құлап, жалпы мал шығыны 158 басқа жеткен. Б.Онтаев атындағы орта мектептiң қабырғалары жарықшақтанған. Сол себептi қазiр бұл мектептiң оқушылары көршi "Монтайтас" негiзгi мектебiне ауыстырылды. Арыс-Монтайтас тасжолының 200 метр жерi мен ескi су асты өткелi жарамсыз күйге енген. Құтқару жұмыстарына 349 адам жұмылдырылыпты. Ерiктi азаматтардан 19 топ құрылып, жұмыс жүргiзген.
Әбiгер кезiнде әртүрлi ақпарат айтылып, су басқан үйлердiң саны облыс бойынша үш мыңға жеттi делiндi. Шығын болған мал саны да аз емес. Ес жиып, етек жинағаннан кейiн облыс әкiмдiгi журналистер назарына нақты мәлiметтер ұсынды.
Облыс бойынша Сарыағаш, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының 15 ауылдық округiндегi 48 елдi мекендi су басты. Тасқын астында қалған 2345 үйдiң 259-ы жарамсыз күйге түстi. 8 мектеп пен 1 мешiтке де су кiрдi. 2 көпiр бұзылды. 1,5 шақырымдай тас жолды су шайып кеткен. 333 бас мал шығыны орын алды. Ең өкiнiштiсi, Сарыағаш ауданындағы Майда Бозай елдi мекенiнiң 23 жастағы бiр тұрғыны қаза болды.
Бұл мәлiметтердiң де дұрыстығына толық сену қиын. Себебi, Арыс қаласы мен облыстағы ахуалды баяндаған, дәлiрегi, бiр күнде алынған мәлiметтерде айтарлықтай айырмашылықтар жүр. Мәселен, Арыс қаласы әкiмiнiң аппарат басшысы Бақтығали Дiлдәбековтың ұсынған мәлiметiнде су басқан үйлер саны – 190 деп көрсетiлсе, облыстың берген мәлiметiнде 178. Ал баспанасыз қалғандар саны Арыстың мәлiметiнде – 1209, облыстың мәлiметiнде 1148 адам. Сол секiлдi Арыстың мәлiметiнде 1 мектептi су басқан болса, облыстыкiнде екi мектеп. Мал шығыны Арыстың мәлiметiнде 158 бас деп көрсетiлсе, облыстағы мәлiмет 304 екенiн айтады. Айырма аз болса, шатасқан шығар деп ойлауға болады. Ал жоғарыдағы келтiрiлген мәлiметтердiң арасында айырма көп қой.
Төтенше жағдайларға байланысты облыстық әкiмшiлiкте шұғыл кеңестер өткiзiлiп, тиiстi лауазым иелерiне тапсырмалар берiлдi. Бүгiнгi күнге қауiптi аймақтағы барлық елдi мекен тұрғындарын қауiпсiз жерлерге көшiру жұмыстары жалғасуда. Бұл тұрғыда облыстағы әскерилер жұмылдырылып, тұрғындардың мүлiктерiн көшiруге жәрдем берiлуде. Жылжымайтын мүлiктерi тiркелмеген азаматтардың мүлiктерi облыстық әдiлет департаментi қызметкерлерi тарапынан есепке алынып, Iшкi iстер департаментiнiң күшiмен көшiрiлген азаматтардың мүлiктерiне күзету ұйымдастырылды. Техникаға қажеттi жанар-жағармай мәселесi толығымен шешiлiп, 20 тонна дизель отыны мен 10 тонна бензин жеткiзiлдi. Зардап шеккендерге күнделiктi тамақ өнiмдерi, азық-түлiк, көмiр жеткiзiлуде.
Жаман айтпай жақсы жоқ, қауiп осымен сейiлдi деп айтуға негiз жоқ. Қалың жауған таулы аймақтардағы қардың көбесi ендi сөгiле бастады. Табиғат құбылмалы мiнез танытып, бiрде күрт жылынып, бiрде қатты жауын қайталануда. Көбейген судың денi Сырға құяды. Сол себептi, Сырдарияның бойы тасқын қаупiн сезiнсе, таулы аймақтарда қар көшкiнiнiң орын алу қаупi күшейiп тұр. Қазiр Шардара су қоймасында 4,5 млрд. текше метрден аса су жиналған. Ал, қойманың сыйымдылығы 5,2 млрд. Алайда, 4,8 млрд. текше метрден асқан жағдайда апатты жағдай қалыптасады. Өткен бiр аптаның өзiнде 300 млн. текше метр су жиналыпты. Бүгiнде онда секундына 1500-1600 текше метр су құйылып жатқанын ескерсек және су осы қарқынмен құйыла беретiн болса, жақын күндерi Шардараның суы шарасынан асады деген сөз. Мамандардың айтуынша мұндай қауiптi болдырмау үшiн Өзбекстан аумағына жыл сайын 3 млрд. текше метр су тегiн жiберiледi екен. Бұрыннан қозғалып, бiрақ шешiмiн таппай келе жатқан "Көксарай" су қоймасы салынар болса, бiрiншiден, көтемде артылған суды "Көксарай" қоймасында сақтауға болатын болса, екiншiден, мұның Арал теңiзiн қалпына келтiруге септiгi орасан болмақ. Үшiншiден, Отырар ауданын суландыруға мүмкiндiк туған болар едi.
Жыл сайын сақтық шаралары үшiн пәленбай қаражат жұмсап, одан бөлек көршiлерге күнiмiз қарап, жалынышты күй кешкеннен осы қойманы салу арқылы тәуелдiлiктен құтылған әлдеқайда тиiмдi емес пе? Бұл мәселе қазiр жергiлiктi билiктiң, қала бердi Үкiметтiң күн тәртiбiнде тұр.
Жауын жауып, қар қатты ерiген күндерi шымкенттiк жаяу жүргiншiлер үшiн көшеде жүру де мұңға айналады. Аққан су мұз қатқан арықтарға сiңе алмай көше-көшенi қуалайды. Ал жүргiншiлер аяғынан су өтiп бiр қиналса, көлiк шашып кеткен суға малмандай болып екi қиналады. Қыстан әбiржiген халық мамыражай мамырдың келуiн асыға күтiп жүр.
Шадияр МОЛДАБЕК Оңтүстiк Қазақстан облысы