ЖАРАЛЫ ЖҮРЕК

ЖАРАЛЫ ЖҮРЕК

ЖАРАЛЫ ЖҮРЕК
ашық дереккөзі

Жас ананың жанайқайы

Мен – осы атамекеннiң бiр қызымын. Осы ата-бабамыздың бiзге қалдырып кеткен қасиеттi топырағында дүниеге келiп, ауасын жұтып, суын iшiп, анамның ақ сүтiмен қоректенiп төрт мүшем таза, денсаулығым жақсы болып өстiм. Менiң шыққан тегiм де ақыл-ойы жоғары, денсаулықтары мықты адамдар. Ата-анам аялап алақанына салып өсiрiп, тәрбиелеп бiлiм алуыма жағдай жасап бой жеткiздi. Жоғары бiлiм алып магистратураны бiтiрдiм.

Алдымда асқар таудай армандарым бар едi. Кеңес үкiметiнiң күйреуiн еңсесi түсiп елдiктен айырыла бастаған елiмiздiң егемендiгiн алып, еркiндiк өмiр кеше бастаған қуанышын көрiп, соған куә болып өстiк. Арман — осы егемендi елiмнiң толыққанды бiр мүшесi болып, елiме қызмет етсем, бiлiмiмдi жетiлдiрiп ғылыммен айналысу. Менi халқымыздың мәдени мұралары қызықтырады. Сол мәдени мұраларымыздың мәнiн, мағынасын, құндылығын зерттеп халқыма танытсам, "Қазақ халқының мәдениетi төмен" деп жүрген мәңгүрттердiң көзiне көрсетiп, жалпы халқымыздың баға жетпес мәдени мұраларын зерттеп, дүниежүзiне танытып, мәртебесiн көтерсем деген арман бар.

Өмiр алға жылжи бередi. Отбасын құрдым, баламыз – бауыр етiмiз дүниеге келдi. Денемдi жарып шыққан сәбиiм, жарық сәулем — аналық махаббат шiркiн бұған ешнәрсе тең келмейдi екен ғой, бұдан өткен биiк сезiм, қуаныш жоқ қой, сiрә!

Аналық осындай қуанышқа, сезiмге бөленiп жүрiп "көкек" аналарды көргенде таң қаламын, қалайша олар осындай аналық сезiмге, қуанышқа бөлене алмады, не деген бақытсыз жандар едi деп ойлаймын. Сәбиiм бiртiндеп өсiп келе жатты, қылықтарына қарап қиындығын ұмытып қызыға мәз болып жүргенде, бiлiнбей бiр жыл да өтiп кетiптi.

Бiр күнi сәбиiмдi алып дәрiгердiң кезектi қабылдауына бардым, дәрiгер баланы көп тексерiп, басын шайқап: "Қызым, ауыр да болса айтайын, баланың көзi көрмейдi, кемтар, экологияның әсерi ғой", — дегенi… Төбемнен жай түскендей болып, бар үмiтiм, қуаныш сезiмдерiм суға кеткендей болып, үлкен қайғы-қасiретке душар болдық. Жан-жүрегiм алтын асықтай нәрестемдi мүгедек дегенге қиғым келмей қиналдым. Төрт-бес ай өз-өзiме келе алмай түс көргендей есеңгiреп жүрдiм. Кiмдi кiнәлаймын, кiмге лағнет айтам? Ұрпағын ойламаған тойымсыз, жалмауыз жандарға ма немесе түрлi қаруды ойлап тауып сынақтан-сынақты өткiзген ұрпақты улап, мүгедек еткен Кеңес үкiметiнiң кесапатына ма? Осы күндерi көп нәрсе ойлап, көп нәрсеге көзiм жеткендей болды. Бабаларымыз ұрпағын қорғау үшiн, жанын-қанын аямаса, қазiргi көсемсымақтар ұрпағын улауды тыймай отырғанына таңым бар.

Мен баламның денсаулығын, бақытын дүниенiң бар байлығына, мынау болып жатқан өркениетiне де айырбастамас едiм. Бұл дүниеде мен сияқты сормаңдай аналар аз ба, қайғы-қасiретiмiздi кiм түсiнедi? Әрине, осындай қайғының кебiн киген ана ғана түсiнедi.

Тұрмыс жағдайымыз мәз болып тұрмаса да жазылар деген үмiтпен қаратпаған дәрiгер, емшi қалмады, еңсем түсiп есеңгiреп те кеттiм, барлық жерде менiң жолым болмайтындай көрiнедi маған, бұрын тарлығын байқамаған бiр бөлмелi пәтерiм тас қапастай көрiнедi. "Мүгедек балалары бар отбасына қамқорлық жасалынып жеңiлдiкпен, бюджет есебiндегi үйлерге кезекке тұрғызып үй бередi" деген соң, әкiмшiлiкке барсақ, жақындатпайды. "Бес жылдан кейiн кезекке қоямыз", — дейдi. Қарны тоқ, қайғысы жоқ чиновниктер, менiң қиындығымды қайдан түсiнсiн. Бiз де ел қатарлы өмiр сүруiмiз керек, жұмыс iстеу керек. Баламды қояр жер жоқ, балабақшаларда қабылдамайды. Не пәтерiм де кең емес, бiр бөлмеде төрт жан тұрамыз. "Әлi жассың, жастық өмiрiңдi мүгедек балаңа қиясың ба, өйткенше балаңды мүгедек балалар интернатына өткiзiп таста", — деушiлер де болды.

Сәбидiң не кiнәсi бар, тағдыр тарлық жасап, тумай жатып соқыр қылып жазаласа, ендi мен сормаңдай сәбиiмдi аналық ыстық алақанымнан айырсам, Құдайдың алдында күнәһар болмаймын ба! Мен өмiрден қайыршы болып өтсем де оны iстей алмас едiм.

Мен, менiң балам осы заманғы үдеп бара жатқан экологиялық апаттың құрбандарымыз, бiздiң жанайқайымызды кiм естидi? Бiз экологиялық апаттың құрбандары бүгiн мыңдаған адам болсақ, ертең бұл сан миллионға өссе, өркендеген үкiметтер кiмге керек? Бүгiн мен осындай қайғыны арқалап, қасiрет шегiп жүрсем, ертең болашақ аналар, менiң көреген күнiмдi сiздерге бермей-ақ қойсын Құдай, сiздерге осындай өмiрге душар болмауларыңа кiм кепiлдiк бередi?!

Бұл экология апаты құрбандарының жанайқайын жалпы халық болып шешуiмiз керек деп ойлаймын.

Әсел ДӘУIТОВА, өнертанушы