МЕРГЕНДЕР САЙЫСЫ

МЕРГЕНДЕР САЙЫСЫ

МЕРГЕНДЕР САЙЫСЫ
ашық дереккөзі

Тағдырларын спортпен байланыстырған спортшылардың белгiлi бiр мезгiлде күш-қуаттары қайтады. Әр спорт түрiнде бұл әртүрлi. Кiлем үстiндегi алапат айқас балуандардың күшiн сарқады. Балуанның балуаны ғана отыз жасында Олимпиада биiгiн мойындатуы мүмкiн. Қарсыласын сабап немесе өзi таяқ жеп жүретiн боксшылардың да тағдырлары осындай. Ал мергендердiң жөнi тiптен бөлек.

Тапанша ұстап қалқиған кезiнен бастап, зейнетақыға иек артқанша жүре беруi мүмкiн. Ең негiзгiсi — үлкен мақсат жолындағы темiрдей төзiм, темiрдей жүйке. Сондықтан да бұл өзгеше спорт түрi.

Жақында Алматыда елiмiздiң ең үздiк мергендерi бас қосты. Елiмiздiң үш облысынан келген 91 мерген бiр жетi бойы сайысқа түстi. Мергендер Алматы мен Оңтүстiк Қазақстан облысына топтасқандай. Бұл екi облыс үш командадан, Павлодар облысы бiр команда шығарды. Бұлардың iшiнде Олимпиада жолдамасын алғандар да, мергендiктiң жолына жаңа түскендер де бар. Қытымыр кездiң өзiнде Олимпиада, әлем бiрiншiлiктерiнде олжа салған мықтылар осы спорт түрiн сақтап қалды.

91 мерген винтовка мен тапаншадан атып, жаттығудың барлық түрiнен сынға түстi.

Жекелей және командалық Республика бiрiншiлiгiнде ең көп ұпай жинап, үздiк шыққандар:

Юнусметов Рашид. ОҚО — 1 (МП-6)

Юрков Юрий. ОҚО — 1 (ВП-6)

Исаченко Владимир. Алматы — 1 (МП-10)

Довгун Ольга. Алматы — 1 (МВ-5)

Довгун Виталий. Алматы — 1 (МВ-6)

Бондарева Юлия. Павлодар — 1 (МП-5)

Довгун Ольга. Алматы — 1 (МВ-9)

Вохмянин Сергей. Алматы — 1 (МП-8)

Пирекеев Игорь. Алматы — 2 (МВ-9)

Байбосынова Зәуреш. Алматы — 1 (ПП-2)

Жалпы командалық есеп бойынша Республика бiрiншiлiгiнде ең көп ұпай жинаған үш команда:

Алматы — 1 — 639 ұпай

ОҚО — 1 — 475 ұпай

Павлодар — 234 ұпай

Барлық жаттығулар бойынша сайысып алған мергендер соңғы сағатта тағы бiр ерекше айқасқа түстi. Бұл – суперфинал! Дәл атауы осы. Мұның тәртiбi бойынша, винтовкашылардан озық шыққан 2 мерген мен тапаншашылардың үздiк екеуi өзара сайысқа түседi.

Бұл үздiк төртеу мыналар:

Республикаға еңбек сiңiрген спорт шеберi, әлем чемпионатының жүлдегерi – Галина Беляева, спорт шеберi – Вячеслав Подлесный, халықаралық дәрежедегi спорт шеберi – Олеся Снегиревич, еңбек сiңiрген спорт шеберi, екi дүркiн әлем чемпионы Ольга Довгун. Өте тартысты сайыста үш қыз жалғыз жiгiттi жүлделi тұғырға шығармады. Алтын тұғырға Ольга Довгун көтерiлiп, 30 мың теңгенi олжалады. 20 мың теңгенi Олеся Снегиревич қалтаға басты. Галина Беляева 10 мың теңгенi қанағат тұтты. Көп қаржы емес. Бiрақ мергеннiң де мергенi бар екенi даусыз.

Сонау Керекуден келген Айдана Қайырбаеваның қадамы қуантты. 8-класс оқушысы 1-разрядты спортшы деңгейiнде шыңдалып жүр. Атасы Жақсылық елге танымал аңшы болған екен. Жолына жақсылық тiледiк. Алматылық спорт шеберi Әсел Беркина аса мерген екен. Жас қайсар қыз "қасқыр" мергендерден ықпай, соңғы сәтке дейiн тайталасып, үздiк көрсеткiштерге қол жеткiздi. Халықаралық дәрежедегi спорт шеберi алматылық Бақтияр Ыбыраев та назар аудартты.

Қазiргi бас бапкер Станислав Михайлович Лапидустiң жастарға ықаласы ерекше екен. "Олимпиада өтедi, өмiр жалғасады", — деп қадап айтты. Бүгiнгi мықтылардың iзбасарларын қазiр iздеп жүргенiн байқадық. "Керекуде Смағұлов деген мерген барын бiлемiн, осы жолы соны көрсем деп едiм", — дедi бас бапкер өкiнгендей. Тәртiпке талабы мықты, сөзi шегедей. Нағыз iстiң адамы.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ