АСТАНАДА 309 КӨШЕНIҢ АТЫ ӨЗГЕРДI

АСТАНАДА 309 КӨШЕНIҢ АТЫ ӨЗГЕРДI

АСТАНАДА 309 КӨШЕНIҢ АТЫ ӨЗГЕРДI
ашық дереккөзі

Жақында, Астана көшелерi мен даңғылдарына жаңадан атау беру, қайта атау немесе бiрiктiрiп атау туралы Астана қаласы әкiмiнiң қаулысы мен Астана қаласы мәслихатының шешiмi дүниеге келдi. Осыған орай, кешегi Кеңес дәуiрiнен қалған тоталитарлық атаулар өзгертiлiп, оған қоса жаңадан бой көтерген аудандар мен көшелерге 309 жаңаша атаулар берiлдi.

Бұған бiр жағынан қуансақ, бiр жағынан көңiлге кiрбiң ұялатқан жайымыз бар. Құлдық психологиядан әлi де құтыла алмай отырғанымызға он жетi жыл болыпты. Мәселен қараңыз: өзге емес, өзiмiздiң бiр қазақ ақсақалымыз "9 мая" деген көшенiң өзгеруiне қарсы шығып, әкiмдiкке келген. Сондай-ақ, қаулы шыққан күнгi қала әкiмiнiң саитына хат жазып, тасада тұрып тас атарлар да қарап қалмады. Майра Жаниева деген бiреу өзiн қала тұрғынымын дей келе Астана қаласы әкiмiнiң орынбасары Ермек Әмiрханұлы Аманшаев пен Астана қаласы тiлдердi дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазыға, "9 мая" көшесiне "Қадырғали Жалайыри" атауын бергенге ренжiп, "Жалайыри деген кiм, ол қандай еңбек сiңiрген едi?, бюджеттiң ақшасы босқа шашылды" деп кiнәлайды. Қаулы мен шешiмдi шығарған қала әкiмi мен Мәслихат депутаттары екенiн бiле тұра, әкiм саитына "бюджет ақшасына жанашыр" болып хат жазған "арызқой" Астана әкiмдiгiнде iстейтiн бiреу. Өйткенi, қаулы шыққан газет әлi халыққа тарап та үлгермеген. Бiрақ, жымысқы "саясатпен" ұлттық намысы бар азаматтарды бiр-бiрiне айдап салып жаман үйренгендердiң жолы кесiлдi. Әкiмдiк ондай хаттарға, шулап келгендерге өз орнымен жауап берiп, халық мүддесiн қорғап қалды…

Қ. Жалайыри – Ресей мен Қазақстанның достық қарым-қатынасына үлкен ықпал жасаған адам. Өйткенi, XVII ғасырда Жалайыр бабамыз Қасым патшалығында ханның кеңесшiсi болып жүргенде Мәскеу княздiгiн, Сiбiр көшпендiлерiнен, Литов княздiгiнен, Швед королдiгiнен, Поляк мемлекетiнiң шапқыншылығынан қорғауға үлкен үлес қосқан.

Астанада өзгертетiн атаулар әлi де көп. Жаңа атауға ие болған көшелердiң жартысынан көбi жер-су тарихи, көне дастан, ақын-жазушы, алаш ардақтылары, тарихи оқиғалар өткен жерлер, соғыс қаһармандары аттарына ие болды. Өзгертiлмеген көшелердiң өзiнде екi Лермонтов, екi Карбышев, және де қазақ елiне, жерiне ешбiр қатысы жоқ Ресейдiң "соғыс" батырлары жеткiлiктi. Мысалы, Жуков, Суворов, Матросов, Гастелло, сияқтылар.

Сұлтан Бейбарысты бүкiл араб жұрты "мұсылман әлемiн қорғап қалған батыр, сұлтан" деп бастарына көтерiп, ардақтайды. Мәскеудi жаудан қорғап қалуға қанын да, жанын да аямаған Бауыржан Момышұлына орыстар Мәскеудiң бiр көшесiн де қимай отыр емес пе? Ал, қазақтардың жыл сайын мәз болып атап өтетiн 9 мамыр күнi Ресейде, Мәскеудiң қызыл алаңында олар "өз батырларын" ғана құрметтеп, қазақтың Бауыржан, Тоқтар, Мәлiк, Талғат Бигелдинов сияқты батырларын қаперiне де алмайды. Ресейлiктер жыл өткен сайын бiздiң бiр миллион екi жүз мың соғысқа қатысқан адамдарымызды елеп-ескеруден қалып барады.

Қазақстанның қай қаласына барсаңыз қаптаған Пушкин, Лермонтов, Толстой, Чехов, Гоголь көшелерiнен аяқ алып жүре алмайсың. Осыдан екi жыл бұрын Қазақстанда "Пушкин жылы" болғанда, Ресейде "Абай жылы" болды. Өкiнiштiсi – Қазақстанның бiр сыныбы болған 5-6 үйi бар ауылдарға шейiн Пушкиннiң өлеңдерiн жаттап, дайындалып, қанша уақытын сарп етiп, кештер өткiзiп әуре-сарсаңға түстi. Керiсiнше, "Абай жылын" Мәскеудiң бiр-екi мектебiнен басқа бiрде-бiреуi атаған да жоқ. Абайдың бұл дүниеде болғанын да бiлмейдi.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ