"МӘДЕНИЕТ" ЖУРНАЛЫНЫҢ КЕЗЕКТI САНЫ

"МӘДЕНИЕТ" ЖУРНАЛЫНЫҢ КЕЗЕКТI САНЫ

"МӘДЕНИЕТ" ЖУРНАЛЫНЫҢ КЕЗЕКТI САНЫ
ашық дереккөзі

Журналдың ақпан айындағы санында Самюэль Хантингтонның "Өркениеттер қақтығысы" атты кiтабынан алынған үзiндiнiң жалғасы жарық көрген. Онда бiздiң заманымыздың нақты саяси шындығы мүлде жаңаша баяндалады және жер бетiндегi барлық өркениет атаулының дүниежүзiлiк дамуына батыл да нақты болжамдар жасалады.

"Бiздiң галерея" айдарымен қазақтың ұлттық фотожурналистикасының хас шеберi, марқұм Сайлау Пернебайұлының жеке фотоархивiнен алынған фотосуреттерi жарияланған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң студентi Досан Жандос өзiнiң "Мәдени бiрегейлiк мәселелерi" атты мақаласында Қазақстан Республикасын өркениет кеңестiгi деп алып оған өз бетiнше түсiнiк берiп, бүгiнгi мәдени бiрегейлiк мәселелерiне сараптама жасауға тырысады.

Журнал тiлшiсi Сансызбай Өкенұлының "Өнердiң өгей баласы" атты мақаласы кезiнде Мұхтар Әуезов шығармасының желiсiмен түсiрiлген "Көксерек" фильмiнiң басты кейiпкерi – Құрмаш баланың рөлiне түскен Қамбар Уәлиевтiң бүгiнгi аянышты да ауыр тағдырына арналған. "Қамбардың бұдан былайғы тағдыры қалай өрбiдi? Кино бiте салысымен ол мүлде ескерусiз қалды. Бұдан кейiн Қамбарда ешкiмнiң шаруасы болған жоқ… Соңғы жылдары денсаулығы сыр берiп жүр". Бұл мақаланы оқыған әрбiр оқырманның Құрмаш – Қамбардың ауыр тағдырына алаңдауы орынды.

Жазушы Мамытбек Қалдыбаев халқымыздың құрметтi де ұлы тұлғаларының бiрi – Бауыржан Момышұлы жайында арнайы кiтап жазған. Ол кiсiнiң шерткен сырлары, басынан өткен оқиғалары қай кезде де маңызды, актуальдi. Журналдың ақпандағы санында жарияланған "Солдат сезiмi" атты кезектi әңгiмеде соғыс кезiнде Баукең өз басынан өткен екi оқиғаны салыстыра отырып баяндайды. Мұнда адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениетi әңгiме өзегiне айналған.

Биология ғылымының докторы, профессор К.Абдуллиннiң "Шалақазақтар. Бұлар кiмдер?" деген ғылыми-зерттеу мақаласы ешкiмдi де бей-жай қалдырмайды. Өйткенi автор "шалақазақ" деген терминнiң қашан және қалай шыққанын әрi оларға адамдардың қандай топтары жататынын ғылыми тұрғыдан нақты беруге тырысады.

Жалпы журналдың бұл санындағы С.Ғаббасовтың "Үш жүз дегенiмiз не?", Е.Жапақтың "Өнерiнiң еңбекторысы", О.Исаховтың "Сахналық аңқаулық", Е.Жамалбековтың "Аяласаң табиғатты – аяла", К.Ермекқызының "Көшпелi халықта да ақпараттың ортасында отыру ешқашан күн тәртiбiнен түспеген", Н.Тiлегенұлының "Құндылықтарымыз көп құмға көмiлген" т.б. мәдени-сараптамалық мақалалардың оқырмандар сенiмiнен шығатынына сенiмiм мол.

Ж.Баққондыұлы