ҚАҢТАРДА СОҚҚАН ЖЫЛЫ ЛЕП
ҚАҢТАРДА СОҚҚАН ЖЫЛЫ ЛЕП
Шетелде ғұмыр кешiп жатқан қандастар — қазақ халқының тарихи тағдыры. Күллi алаш баласының басына төнген бiр кездегi зұлмат нәубеттiң артында қалған ауыр салдары. Әлi жазылмай келе жатқан жарасы. Дүниеде ешқандай ұлт тарыдай шашырап, тоз-тоз болып тiрлiк кешудi тәңiрден тiлемейдi. Ал, ол, о баста маңдайға жазылған жазмыш болса, одан озмыш жоқ. Көнуге, көресiнi көруге тура келедi.
Әрине, қанша қиын болса да өткенге өкпе жүрмейтiнi де белгiлi. Артта қалғанға салауат айтқаннан басқа шара жоқ. Ал шүкiрлiк етер жайымыз болса, сары уайымға тiптi де орын жоқ. Оңнан айымыз, солдан күнiмiз туды ғой, ортақ отанымыз азат. Ендiгi елдiк мақсат – тұс-тұстан құйылып, қара шаңырақтың астына жиылу.
Басталып кеткенiне неше жылдың жүзi болған бұл ұлы көштiң бастау көзiнде мемлекетiмiздiң басшысы, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың тұрғанын бiз осы арада ерекше мақтанышпен ауызға аламыз. Себебi, кезiнде қабылданған шешiм — шетелдегi бауырларға деген мемлекеттiң, Отанның ыстық ықыласы едi.
Осы бiр тарихи шешiм, тағдырлы бастама туралы оған тiкелей қатысы бар және оның бүге-шiгесiн бiлетiн адам ретiнде осы жерде ар жағын қазып бiраз сөз айта кетсем асылық болмас деп ойлаймын.
Бұл саясаттың аcтарында жатқан асыл мазмұнды мына төрт бағытта таратуға болады:
1. Моральдiк тұрғыдан алғанда, дүниенiң қай түкпiрiнде жүрсе де азаттыққа шыққан алаш жұртын өзiнiң рухани тiрегi бiлiп, сенiм артатын, арқа тұтып, мақтаныш ететiн және топырағына тартып келуге, онда өмiр сүруге талпынатын тiрi қазақ баласын Отаны ретiнде елге шақыру — Қазақстанның бас тартып болмас аналық парызы.
2. Демографиялық жағынан алғанда, өрт шалып өткен өртеңдей бауырын әлi көтере алмай жатқан қара көздi қазақ баласының сан көбейтуiнiң тағы бiр сарқылмас қайнар көзi.
3. Қауiпсiздiк жағынан алғанда, бабаларынан қалған байтақ жерiнде шөкiмдей ғана болып жасап жатқан алаш ұрпағының өзiм десе болды өзегiн суырып берер өз бауыры. (Әрине, бiз мұнда шекара қорғанысын ғана айтып тұрған жоқпыз. Тiлдiк, дiндiк, идеологиялық қауiпсiздiктi де есепке алып отырмыз.)
4. Ендi экономикалық тұрғыдан алғандағы маңыздылығы. Бұл көкейкестiлiгi жағынан алдыңғыларды басып түсуi мүмкiн. Бiрақ, бұл түйiн әдетте осы тақырыпты қаузайтындар тарапынан көп ескерiле бермейдi. Кезегi келiп тұрғанда осы саланың маманы ретiнде бiз сәл iркiлiп, тоқтала кетсек деймiз. Барша жұрт бiлетiндей экономика — тәуелсiз мемлекеттiң өмiр сүруiнiң кепiлi, тiрегi. Кәдiмгi тiрi адамға азықтың керек болғаны секiлдi. Ал экономикалық өрлеу — төтелей мемлекет халқының жан санына тәуелдi. Қазiр ғой, халықаралық ықпалдастық күшейiп, бұл жағы сәл көмескiлендi. Бұрын тiптi де солай болатын. Бiрақ, бiз үшiн әлi сол өткiр күйiнде тұр. Себебi, бiздiң жан санымыз тым аз. Әзiрге бiлiнбегенiмен, елдiк дамуымыздың болашақ сұранысын қанағаттандыра алмайтыны анық. Жоқ, бұл жерде бiз еңбек күшiн айтып отырған жоқпыз. Одан да маңызды бiр мықтыны — тұтынушыны айтып отырмыз. Жалпақ тiлмен айтқанда, аларман, алушы. Тауар өндiрiсiнде еңбек күшiнiң орнын техника толтыра алады. Бiрақ ол тұтынушы бола алмайды. Құлтемiр нан жемейдi ғой. Сондықтан, аларман-тұтынушы қазiр өндiрiстен бiр де кем емес биiкке шықты.
Ал әлемдiк тәжiрибе бойынша, бiр мемлекеттiң ырғақты дамуына, iшкi тауар өндiрiсiнiң өрлеуiне керектi тұрақты тұтынушы отыз миллионнан кем болмауы қажет екен. Бiз секiлдi аумағы алып ел үшiн қанша керек болатынын iштей бағамдай берiңiз. Сапалы өнiм арқылы iштегi болмашы сұранысты қанағаттандырумен бiрге, халықаралық базарға шығудың қамы… Осы арада сөз жоқ шетелдегi бауырларды бiр рет еске алып қоюға болады. Олар бұл түйiндi түгел шешпегенiмен, сеп болатынында күмән жоқ…
Иә, Елбасының болжампаз саясатының арқасында сең қозғалды. Саяси шешiмдер қабылданып, талай жылғы тәжiрибелер негiзiнде заңдық тетiктер қайта-қайта жаңғыртылып, iске қосылды. Алда тiптi де кемелдене түседi деген сенiмдемiз.
Былтырғы жылдың соңына қарай Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi болып тағайындалған Бердiбек Сапарбаев жылды үлкен жаңалықпен бастады. Үкiмет басы Кәрiм Мәсiмов қатынасқан министрлiктiң алқа мәжiлiсiнде жаңа "Көшi-қон тұжырымдамасын" ұсынып, онда оралмандарға тұрғын үй алу үшiн несие беру, сондай-ақ оларды мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасының тiзiмiне енгiзу, көшiп келетiн ағайынға берiлетiн квотаны алдағы жылдары бұрынғы он бес мың отбасыдан жиырма мың отбасыға көбейту мәселесiн көтерiп, Үкiметтiң алдына қойды.
Алыстан келген ағайын емес, күллi қазаққа жақсылығы жетер осы кiсi iс басына келсе, бiрер жақсылықтың болмай қоймайтыны бесенеден белгiлi едi. Күткендей-ақ, алдымен Парламентте болған кездесуде өзi жаңа қолға алған саланы қанық бiлетiнiн көрсетiп, қойылған көп сауалдарға мүдiрмей жауап бердi. Бiр сүрiнсе осыдан сүрiнер-ау деген, iлгерi айналысып көрмеген көшi-қон мәселесiнде сүрiну емес, бұл жұмыстан талайдан хабары бар көкелерiмiздiң өзiне бiраз дәрiс өттi. Жанашырлықпен айтылған қамқор сөздерiн тыңдап iшiмiз жылыған. Ендi Үкiметтiң алдына қойып отырған мына ұсынысын естiп, ерекше риза болдық. Тiптi, квотаны көбейту мәселесi Елбасының Жолдауында шешiлдi де. Қалғаны да айтылған жерде қалмас деп ойлаймыз. Тегi, "Бiтер iстiң басына, жақсы келер қасына" деген осы болса керек.
Серiк НҰҒЫМАН