АТФ-КЕ СЕНIМ АРТТЫ

АТФ-КЕ СЕНIМ АРТТЫ

АТФ-КЕ СЕНIМ АРТТЫ
ашық дереккөзі

National City Bank "АТФБанк" акционерлiк қоғамына 30 миллион доллар көлемiнде қарыз бердi.

АҚШ-тың мемлекеттiк агенттiгiнiң, Жекеменшiк шетелдiк инвестициялар корпорациясының (Overseas Private Investment Corporation) кепiлдiгiнiң арқасында қажеттi сомаға қол жеткiзген банк қаржыны шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға жұмсауды жоспарлап отыр. Берешек негiзгi қарызды өтеу бойынша 2 жылдық жеңiлдiкпен 7 жылға берiлiп отыр. Былтыр UniCredit Group сатып алған «АТФ банкiнiң» халықаралық рейтингi: Moody’s – "Ваa2", Standard&Poor’s – "ВВ+" FitchRatings – "BBB+". UniCredit Group – ең iрi халықаралық қаржылық құрылымдардың бiрi. Жер шарының 23 мемлекетiнде өкiлдiгi бар топ 9 мыңнан астам бөлiмдерге ие. Тұтынушыларға қызмет көрсететiн мамандар саны 40 млн. 2007 жылдың 1 қарашасындағы мәлiметке сәйкес, жалпы активi 1,018 млрд. еуроға тең болған. UniCredit Groupтың үш негiзгi банкi бар: Бавариядағы HypoVereinsbank, Австриядағы – Bank Austria, Италиядағы – UniCredit.

YAHOO ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕС

Microsoft пен News Corp. арасындағы Yahoo үшiн күрес соңы қырқысқа әкеп соғатын сыңайлы.

Қазiргi кезде News Corp. құрамында MySpace ("здеу порталы), Dow Jones компаниясы, Wall Street Journal басылымы, Fox News телеарнасы, британдық Sun және Times газеттерiне иелiк етедi. Өзiнiң активтерiн Yahooмен толықтыруға мүдделi корпорация 20 пайыздық акцияға қол жеткiзуге ұмтылуда. Бұған дейiн Microsoft Yahoo үшiн 40 млрд. доллар беруге ұсыныс жасаған. Бiрақ компания басшылығы аталған соманы азсынғандықтан, екiжақты келiсiмшарт жасалмай қалды: "Порталдың брендi, аудиториясы мен жарнамалық мүмкiндiктерi, пайда түсiру потенциалы өте жоғары". Google компаниясымен бәсекелестiкте мүмкiндiктi арттыруға ұмтылған Билл Гейтс бұған дейiн 44,6 млрд. доллар беруге дайын екендiгiн мәлiмдеген. Яғни, әр акцияға 31 доллардан есептелген.

АҚШ СИЫР ЕТIНЕН БАС ТАРТТЫ

Американың ауылшаруашылығы департаментi 64 мың тонна сиыр етiн керi қайтару туралы шешiм шығарды.

Бұл Құрама Штаттарда бұрын-соңды болмаған оқиға. Калифорниядағы ет комбинатында сойылған малдардың етi мектептер мен федералдық азық-түлiктiк бағдарламаларға арналған көрiнедi. Ресми билiк денсаулыққа келер зиянның аздығына қарамастан, керi қайтару туралы шешiмге тоқтаған. Тек мамандар қосымша тексеру жұмыстарын жүргiзбеген. Аяғынан тiк тұра алмайтын жануарлар бойында түрлi инфекциялардың пайда болу қаупi артады. Сондықтан еттi тағам әзiрлеуге пайдаланбауы тиiс. Бүгiнде калифорниялық ет комбинаты жұмысын уақытша тоқтатқан көрiнедi. Тағы бiр жайт, мекеме қызметкерлерiнiң ауру жануарларды қалай қорлағаны жайлы түсiрiлген бейнетаспа сотқа жетсе, қасапшылардың үстiнен қылмыстық iс қозғалуы бек мүмкiн. Өткен аптада екi қызметкердiң үстiнен қылмыстық iс қозғалды. Мекеме басшылары қолдарына келген жануарларға адамгершiлiкпен қарауға жағдай жасайтынын айтып, ант-су iшiп әлек.

ҚАРЫЗЫН ҚАЙТАРА БАСТАДЫ

Украинаның ұлттық "Нафтогаз Украины" компаниясы Газпром алдындағы соңғы үш айда жиналып қалған қарызын өтей бастады.

Кәсiпорын басшысы Олег Дубин 500 млн. гривна (98 млн. доллардан астам) төленгенi туралы түбiртектi "Газпромға жолдапты. Берешектiң қайтаруға қатысты уәденi 12 ақпанға Мәскеудегi кездесуде Ющенко Путинге берген. Немiстердiң орталық банкiнен несие алуы қарастырылып жатқаны жайлы деректер жарияланған болатын. Бiрақ украиндар сырттың көмегiне жүгiнудi қажет деп таппапты. Сонымен қатар Мәскеу мен Киев Украинаға газ тасымалдайтын екi бiрiккен кәсiпорын құруды ойластыруда. Премьер Тимошенконың талап етуi бойынша құрылатын кәсiпорындар "көгiлдiр отын" ағынының жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуi тиiс. Әзiрге газды тасымалдайтын – Rosukrenergo. Швейцарияда тiркелген бұл компанияның 50 пайыз акциясы Газпромның еншiсiнде, қалғаны екi украиндық кәсiпкерлердiң үлесiнде. Ал украиндарға газ жеткiзу мiндетi Rosukrenergo мен "Нафтогаз Украины" компанияларының бiрiккен кәсiпорны — Укргазэнергода.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ