КӨНЕ ДӘУIРЛЕР КҮҢГIРI
КӨНЕ ДӘУIРЛЕР КҮҢГIРI
Көне ғасырлар күңгiрi құлағыма жеттi. Елсiзден соққан ескек самалдай есiлiп еркiн жеткен жоқ, құз-шатқалдардың құзар шыңдарына соғылып сiлесi құрып, шалдығып қайтқан жадау жаңғырықтай болып үзiлiп жеттi. Тым-тым жырақтан қарымы қайтып қалжырап келгенi анық байқалады. Ұйытқып-ұйытқып ентiгiп қояды. Бiр ғажабы, тамұқ түбiнен шыққандай талықсып тұрғанына қарамастан, осы бiр шаршаңқы үннiң өзегiнде көкiрегiңдi мақтаныш сезiмiне толтырғандай өрлiк, алмас жiгерiңдi жанығандай асқақ леп бар. Сондықтан да болар, тыңдаған сайын құнығып, құмарта түстiм.
Қайсыбiр алмағайып кездерде тұла бойымды кернеген, алайда соңыра сүрдекке салған сүреңсiз ғасырлардың нендей бiр сұрапылында аңдаусыз жоғалтып алған әлдебiр баға жетпес асыл мүлкiмдi қайтадан есiме салып жатқандай едi. Жетi атамның жеткiншек ұрпағына мұра қылып тастап кетiп, маған келгенде жетпей үзiлген жетелi өсиетi жадымда кенет жаңғырғандай. "Қандай ертегi едi бұл айтып жатқан? — деймiн iшiмнен, — не едi ол, әлгi бiр атамзаманда жоғалтып алған ертегiмдi асыл дүнием?" Ешкiм үн қатар емес. Бiле алар емеспiн ол жұмбақты
Күмiлжiген ескi сарын құлан жетпес қияндардан зорға талықсып әлi де келiп тұр. Құлақ түкпiрiне еркiн жетпей, дәрменi құрып үзiлiп өшедi. Кейде бiр тосын қуаттанып, екпiн алған сәтiнде ғана құлқыңа бойлап, таныстық танытады. Бiрақ содан көп өтпейдi, жығылғанның үстiне жұдырық болғандай, өзi талықсып, көзi бiтелер болып тұрған дәрменсiз үнге жанаса келiп жабысып, әлдебiр тарғыл шуыл қабаттасады. Сәттiң алдындағы сәл күшейсе жан-дүниеңмен жалғасып кетер жағымды әуендi бұдан былай бас көтертпеуге бiржолата бекiнгендей ереуiлдей түседi. Даңғаза дабырымен назарымды басқа жаққа аудара бередi. Жүрек қалауымның қайда алып ұшып, қайда бастап тұрғанын ап-анық бiлiп тұрсам да, мен санамды билеп бара жатқан осы бiр шарқыш шуылға көңiл бұрмасқа шарасыз едiм. Жадыма сiңiстi болған жәдiгөй ырғақ. Заманымыздың үнi. Мен бұл дүниеде одан басқа әуен-саздың бар екенiн бiлмейтiнмiн. Ертеде, ұлы кеңiстiкте қандай бiр сарындар сабылып көшкенiнен тiптi де хабарсыз едiм. Себебi, менiң бала кезiмнен бастап жаңағы даңғаза дабырлар маған: — Бұл дүниеде бiзден басқа әуен жоқ! — дейтiн өрекпiп. Мен оған имандай сенетiнмiн.
… Мiне, бүгiн де, мың жылдық мұңымды қоздатқандай әлдебiр көне сарынға тосын тап болып, өңешiне өзек жалғайын деп отырғанда, тағы келiп тұтқиыл сап етiп, қабаттасып отырғаны. Бұл қылғаны қызылкөз қызғаныштың қыл симас қылығынан аумас едi. Әлдебiр елдеспес дұшпанына есесi кеткендей өршелене өрекпiп, шыңылдап тұрып алды. Дегенмен, бiр таңқаларлығы қаншама жанын жеп, жанталасқанмен менiң жүрегiмдегi әлгiбiр ескi сарынға деген сәттiң iшiнде тұтана қалған жаны сiрi iңкәрлiктi өшiре алған жоқ. Қайта, ендi болмаса құрдымға кетiп, жоқ болар дерексiз сезiмнiң көзiн ашып, көкiрегiне жан салғандай болды. Жер астынан шыққандай әлсiреп, күш ала алмай тұрғанына қарамастан, бiржолата өшiп қалмай сыздықтап тұрған өмiршең саз, есiрiктей елiрген қою шуыл арасынан әне-мiне адасып, қайсы бiр қиырдан құлағымның түбiне сызылып жетiп тұрды. Ынтыға көңiл қоямын. Аржағымда "зорая түссе, күшейе түссе" деген бiр өткiр үмiт тосып болмастай екпiн алған едi. Менiмен әлде қандай қатысы бардай сезiле бердi. Жан — дүниемдегi өзiм де бiлмейтiн бiр хихыметтермен әлдеқалай астасып, тiлдесiп жатқандай. Бiрақ оның қандай көмескi тоғысу екенiн таба алар емеспiн. "Не едi ол жақындық? — деймiн iшiмнен — қандай қиыспас қимастық едi?" Ешнәрсенiң жiп ұшын iлiктiре алмағанда, тағы келiп сол қалың шуыл арасынан сыздықтап тұрған көне әуезге құлақ қойдым.
Көне дәуiрлер күңгiрi құлағыма талықсып келiп тұр. Әлдебiр асыл көздерден бастау алғаны ешкiм айтпаса да мен мұндалап тұрған қарлығыңқы үн тектiлiк көрсетпек болғандай тарамысына iлiнiп, керемет табандылық танытады. Сәлден берi бойына аз да болса әл жиып, қуаттанып қалған ба, әлгiнде келiп қабаттасқан қалың шуылдың арасынан айқын танылып, назарыма еркiн жете бастады. Деседе, бiржолата күш алып, сайраңдап кетуге әлi жетпеген секiлдi. Бiрақ сол дiлгiр, дәрменсiздiгiне қарамастан ол менi өзiне құлақ кестi құл, басы байлы тұтқын қылып алды. Құлағымнан байланып, маталып қалдым. Айғайлап анық естiлмей тұрса да, көмескi күңгiрге құлай жығылып, ден қоямын. Ол маған әлдебiр жан бiлмес сырды, жетпiс атамның шежiресiндей қызықты хихыметтi ашық естiртпей, күбiрлеп айтып жатқандай болады. Мен одан сайын құныға түсем. Бiрақ ештеңе түсiне алмай, сабырымды сарқам. Мың жылдар бойы тамшы тамбай таңдайы кеуiп, татарып жатқан тандыр даланың тосыннан тiрiлiп, жаңбыр аңсағанындай бiр дүлей кiрiптарлық iшкi дүниемдi бiржолата меңдеп алған едi. Сәт өткен сайын шыбын жанымды шырылдата шыжғырып барады.
Салынып iздеген сұрағыма жуырманнан жауап таба алмағандай қайтып келiп тағы да әлгiбiр бейтаныс күй өзегiндегi күбiрге мүлгiп отырып құлақ түрдiм. Күшейе бастаған күй күңгiрi сынаптай салмақпен сырғи ырғалып, ылғи да тереңге тартады. Тамырға бойлайды. Жадымда талайғы ескi әсерлер жаңғырып, жанданып келе жатты. Iшкi дүниемнiң сiлкiнiсi сыбырлап келiп лықсып сыртқа шықты ма деймiн, көп өтпей қайсы бiр замандарда болған таныс жайлардың мөлдiр елесi жосылып келiп көз алдымда көше бастады… Жорық! Жойқын жөңкiлiс! Кәрi даланың қабырғасын қайыстырғандай қаптаған қалың қол! Шексiз шерудiң толқып келiп қайсы бiр биiк таудың баурайына дамылдаған бiр сәтi екен деймiн, ескек желмен елiрiп, екiлене желбiреген жасақ тулары түсiрiлiп, көкке шаншылған болат найзалар сәл төмендеп, жер танабын қуырған тұлпар тұяқтары демге тыным тапқан бiр шақта беткейдi жапқан қосынның алдыңғы жағынан қоңырлай көтерiлген қобыз үнi қазбауыр бұлттардың астымен кеулей қалықтап, шартарапқа шалқый тарап барды да, әу деумен соң құс қанатындай үздiге дiрiлдеп, тiк төбеде дамылдап тұрып алды. Алғашқы арыны басылып, толқыны қайтқан бiр мезетте жанаса келiп жандасып, қосақтала қалған қарлығыңқы кәрi дауысты иығына iлiп, қайта көтерiлiп, ту биiктерге шарықтатып алып кеттi дейсiң.
Алаң да алаң, алаң жұрт
Ақала ордам қонған жұрт,
Атамыз бiздiң бұ Сүйiнiш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз бiздiң Бозтуған
Келiншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,
Кiндiгiмдi кескен жұрт,
Кiр — қоңымды жуған жұрт,
Қарғайдайдан садақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт.
* * *
Соқпалы жырдың соңы толастап үлгермедi:
— Уай, мынау Қазыкең ғой … Көрiк көмей Қазтуған! — деп, саңқ ете қалды әлдекiм таяу арадан. — Бұл кiсi қайдан жүр бұл дүбiрде?!
— Уа, қасиетiңнен айналайын қарт бабам! Бар ма едiң сен де бағыма?!
— Аңырат жырды, абызым!..
Сүйiткенше болған жоқ, бет қараған тұстан iле көтерiлген қуатты айғай соның арасында дүрлiге қалған дүйiм елдiң дабыр-дүбiрiн қайратыңды қайрап, жiгерiңдi жанығандай асқақ арынымен тасқындай көмiп, табанында таптап өте бердi. Сәттiң алдында ғана қопси қалған ұлы дүрмектiң дулы күбiрi шорт тыйылып, жаңа шығандаған ұлағатты үнге тынып тұрып төбесiнен жол бердi. Қайтадан аспан айналып жерге түскендей тынық сәт келiп орнады. Ажағай жаңғырығындай ажарлы дауысқа айнала — тұз уыздай ұйып, тұмсара құлақ түрдi. Дүние қыбыры тұйықсыз тыйылып, тiршiлiк бiр сәт мызғып кеткендей тосын жағдай орнықты.
Безектеген домбыра сарыны келесi сәтте еңiстеп барды да, төменде дайын тұрған толғамалы толғауды арқасына қондыра салып, қайыра жоғары өрледi. Қыран шаңқылындай тегеуiрiндi үн аспандаған сайын алысқа самғады. Тұтас алапты қаусырған алапат қолдың төбелерiнен сипай өтiп, тағы бiр қозы көш жерге барып, айдалаға сiңiп кетiп жатты.
Айнала бұлақ басы Тең,
Азаулының Стамбұлдан несi кем,
Азаулының Аймадет Ер Доспанбет ағаның
Хан ұлынан несi жоқ,
Би Ұлынан несi кем!
Тәңiрiнiң өзi берген күнiңде
Хан ұлына артық едi менiң несiбем!
Азаулыда аға болған ерлер көп едi,
Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ едi!
* * *
— Уай, мынау, Досекең ғой … Арыстан жүрек Доспанбет!
— Уа, атадан асыл туған Ер Доспанбет! Тiрi ме ең сен де тәлейге!!!
— Тереңнен толға, тарланым!!!
* * *
Қандары қызып, қобырап кеткен әлейiм жұрттың айғай-шуын аяқтатып болмады, әуеге тағы бiр самұрық саңқылындай ширақы үн серпiле шарқ ұрды. Екпiнiнде адам төзбестей тебiн бар. Ағысты дариядай алып-ұшып, тыңдаған елдi толқынында тұншықтырып, иiрiмiне үйiрiп барады. Жүрекке жiгер, бойға күш дарытқандай арынды ырғақ жел көтергендей желпiнтiп, желiктiре түстi. Көздерiне қан толып, екiленiп алған елiрме топ айқасарға жау iздегендей елiгiп, қосыла толқығандай бiр күйге енген. Төзiмi жетпегендер ара-арасында ұран көтерiп, үн салып та жiбередi.
Күлдiр де күлдiр кiсiнетiп,
Күреңдi мiнер ме екенбiз,
Күдерiден бау тағып,
Ақ кiреуке киер ме екенбiз!
Жағасы алтын, жеңi жез,
Шығыршығы торғай көз,
Сауыт киер ме екенбiз!
Ор қояндай жүгiнтiп,
Аш күзеңдей бүгiлтiп,
Жолбарыстай шұбарды,
Таңдай бiр мiнер ме екенбiз!…
* * *
– Уай, мынау арыны қатты Ақекең ғой … Атасы жаудан ықпаған Ақтанбердi!
— Уа, жырмен ұран бастаған, қарт қыраным! Жеттiң бе, сен де желпiнiп!!
— Төк сөзiңдi селдетiп!!!
* * *
Сол шұбарға мiнген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екенбiз.
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екенбiз!
* * *
Жыр аяғы алқынып барып, ентiгiп тоқтады.
Кент аспан асты әлдене жайды үнсiз күткендей жым-жыртыққа шомып, бiр сәт демi үзiлiп кеткендей, тым-тырыс болып тынып қалды. Тек сәлден кейiн ғана қай бiр қиян шеттен даңғырлап дабыл қағылды да, iле дауылпаз қоштап, кезек-кезек озаңдаған керней мен сырнай үндерi кең өлкенi кернеп, көмiп бара жатты.
Кешiкпей қаршыға тектi қыршын үн сақпан тасындай зымырап, шығанға шығара ән бастап едi, iле маңайдағы қаптап тұрған қалың қол күркiрей қосыла кеттi де, ұран iспеттi ұлы хор тау — даланы тербеп, толқын ұрғандай теңселтiп жiбердi.
Арайлап таңым, асқақтап тауым,
Ән ойнап көгiм, күй тартып көлiм,
Қол жеттi, мiне, аңсаған күнге,
Жасай бер, жаса, қазағым менiң!
* * *
– Әй, мынау Бекболат қой … Өзiмiздiң жезтаңдай жыршымыз Тiлеуханның Бекболаты?!!
Құлағымның түбiнде жаңғырған асқақ ән ары қарай жалғаса бердi.
* * *
Елiм менiң, аңсаған,
Тас бұғаудан босаған,
Құтты болсын отауың — оу,
Берiк болсын — оу босағаң !!
Күңiренбей, күмiлжiмей, ап-анық саңқылдап айтылып жатыр. Жүрекке бойлағандай сұлу әуен жан түбiме жетiп, рухымды оята бастағандай… Ерiндерiм жаңа-жаңа жыбырлап, әуездi ырғаққа ырықсыз еруге ыңғайланып, ұлы хорға қосыла кетуге құлшыныс жасап жатыр.
Құлағымның қақасы аяқасты ашылып кеткендей, барлық үн тұп-тұнық қалпында сайрап, ап-анық сарнап қоя берiптi.
Шiркiн Азаттық!…
Серiк НҰҒЫМАН