БАНКТЕРДIҢ ҚАРЫЗЫ МЕМЛЕКЕТТIҢ МОЙНЫНДА МА?
БАНКТЕРДIҢ ҚАРЫЗЫ МЕМЛЕКЕТТIҢ МОЙНЫНДА МА?
Қазақстандық қаржы алаңындағы ахуалды бағалауда сарапшылар қауымы "дағдарыс" пен "өткiншi қиындық" сөзiнiң қайсысын қолдану керектiгiн дөп басып айта алмай дал. Есесiне, әлемдiк қаржылық дағдарысты сылтауратқан кейбiр қазақстандық банк өкiлдерi мемлекеттiк көмектердiң барынша салмақты болғанын қалайды.
Отандық банкирлердiң бiрқатары мол қарызын мемлекеттiң мойнына iлiп қоюға жанталасқан кейбiр банктерге Үкiметтiң мейiрiммен қарауы банк саласына керi әсер ететiнiн, ашық та әдiл бәсекелестiктi тығырыққа тiрейтiнiн, берешектi қайтаруда жалтарып кететiндердiң қатары көбейетiнiн айтып дабыл қағуда. Биыл банктер жалпы көлемi 46 миллиард долларлық несиенiң 13 миллиардын қайтаруы тиiс.
FITCHRATINGS — ҚАЗАҚСТАНДА
Былтыр халықаралық рейтингтiк агенттiктер Қазақстан банктерiне қатысты болжамды «тұрақтыдан» «жағымсыз»-ға бiр-ақ сырғытқан болатын. Бұл отандық екiншi деңгейлi банктердiң сырттан қарыз алуына айтарлықтай кедергi келтiрiп, тiптi, әлемдiк қор нарығындағы акциялардың кәдiмгiдей арзандауына ықпал еттi. Банктердiң қаржылық қажырын сарапқа салуда ақпарат тапшылығы орын алғанын кеш аңдаған қазақ билiгi 2008 жылдың алғашқы тоқсанында әлемдiк рейтингтiк агенттiктердiң барлығын Қазақстанға шақырып, нақты мәлiмет беруге, олармен қоян-қолтық жұмыс iстеуге мүдделi екендiгiн мәлiмдеген. Алайда, шетелдiктер Үкiметтiң шақыртуын күтпедi. Өткен аптада Халықаралық FitchRatings рейтингтiк агенттiгiнiң бастамасымен, Алматыда үлкен басқосу болып өттi. ҚР Министрлер кабинетi, ЕҚДБ, ҚР Ұлттық банкi, Қаржылық бақылау агенттiгi мен түрлi банктер өкiлдерi: "Қазақстан әлемдiк қаржылық дағдарыс жағдайында: қауiптер мен төтеп беру тәсiлдерi" деген тақырыпты қаузады. Ғаламдық дағдарыстың туындау себептерiн, қаражат тапшылығы мен Қазақстанның былтыр тәуелсiз болжамын төмендетуге себеп болған сыртқы қарыз мәселесiн көбiрек қозғаған FitchRatings "қаржылық дағдарыстан Қазақстан қаншалықты зиян шекпек?" деген сауалға жауап iздедi. Шетелдiктер жасаған болжамда күдiктен гөрi үмiт басым. Оның бiрнеше себебi бар. Маңыздысы, қаржылық дағдарыс айналып өткен қазақстандық шикiзаттық саладан түсетiн кiрiстер. Атап айтқанда, мұнай шикiзаты, газ, алтын және т.б. ҚР Қаржы министрi Болат Жәмiшев дүниежүзiлiк қаржылық нарықтағы ахуалдың әлi айқындалмағанын, сондықтан шетелдiктер алдындағы берешектерден құтыла отырып, аяқты аңдап басу керектiгiн айтты. ҚР Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттiгiнiң басшысы Елена Бахмутова қаржылық қауiптердi жоққа шығармайтындығын, бiрақ тиiстi шаралар уақытылы және орнымен қабылданып жатқандығын айтты. Бахмутованың: "Бiз банктер тарапынан берiлген мәлiметтердi пайдаландық" деп ағынан жарылуы банктердiң меншiктi капиталына қатысты берген мағлұматтарына қатысты көңiлiнде күдiк барын аңғартса керек. FitchRatings агенттiгiндегi банктiк сараптамалық тобының басшысы Кечконың: "Қазақстандық банктер әзiрге соққыға төтеп беруде" деген астарлы сөзiнiң не үшiн айтылғаны да жұмбақ. Кечко отандық жекеменшiк банктердiң сырттан келетiн қарыздарға тәуелдiлiгiне тоқталды. Алайда, әзiрге қаржы тапшылығы байқалмайды, банктердiң қоржындарындағы қорлары жеткiлiктi, ал қалған мәселенi түзеу оңай. Халықарылық сарапшылардың көпшiлiгi бүгiнде қаржының қосалқы көзi ретiнде таяушығыстық және азиялық аймақты атайды. Оған себеп, кейiнгi кездерi қаржылық дағдарыстан зиян шеккен халықаралық банктердiң активтерiн сатып алуда Таяу Шығыс пен Азия елдерiнiң инвесторлары белсендiлiк танытқан едi. Бiрақ отандық банктердiң барлығы дерлiк Азия мен Шығысқа иек артуға аса құлшынып отырған жоқ. 15-16 пайызбен несие беруге мүдделi инвесторларға қазақстандық банктер неге құшақ ашуға асықпайды? Себебi, бiр рет қымбат несие алған банктер бұрынғы төмен пайыздық көрсеткiшке қол жеткiзу үшiн ұзақ уақыт тер төгуге мәжбүр болады. Бұл мәселеде Шығыстың Батыстан айырмасы шамалы.
"МЕМЛЕКЕТТIҢ ЕМЕС, БАНКТЕРДIҢ МIНДЕТI"
ТМД аумағындағы өзге елдерге қарағанда, қазақстандық банк саласының басты жетiстiгi, Үкiмет банк iстерiне жөн-жосықсыз араласа бермейдi. Банктердiң шетелдiктер алдындағы қарызы 46 миллиард долларға жетуiнiң басты себебi де осы. Олардың биыл қайтаруы тиiс 13 миллиард долларлық берешектi өтей алуы көңiлге медеу. Кейбiр банктердiң сыртқы қарыз көлемi меншiктi капиталдан бiрнеше есеге асып кетуiне байланысты былтыр Үкiмет меншiктi капиталдың салмағын түсетiн несие көлемiнен 50 пайызға дейiн арттыруға талап қойды. Келешекте бұл сома 200 пайызға дейiн өсiрiлмекшi. Үкiмет тiптi, қажет болса, банктердiң тәуекелдi iстерiне араласуға, консервация жүргiзуге бару туралы шешiм шығарды. Әрине, мұндай қадамды әркiм әртүрлi қабылдады. "Бұл банк саласын тұралатып тастайды" деп қарсы шыққандар да, "дұрыс болды, бұл қадам қаржылық ахуалдың түзелуiне ықпал етедi" деп құптағандар да жетерлiк. Солардың бiрi, Каспийский банкiнiң Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе: "Банк саласына қаржыландырудың кез келген түрiн ұсыну дұрыс қадам. Бұл мемлекеттiң белсендiлiгiнiң рөлiн және отандық банк саласын дамытуды жалғастыруға ниет бар екендiгiн бiлдiредi. Мемлекеттiң өзi сыртқы нарықтың орнын басып, түрлi қаржыландыру формалары мен әртүрлi шарттарын ұсыну арқылы банк саласының дамуын қолдай алады. Оны жүзеге асырудың жолдары да сан-алуан. Айталық, қоржындарды сатып алудан бастап түрлi бизнес бағдарламаларды қаржыландыру мен ел экономикасын несиелендiруге мақсатты қарыз да беруге, капиталға инвестиция салуға болады. Айналып келгенде, барлығы да әрбiр банктiң және мемлекеттiң қызығушылығына байланысты".
Үстiмiздегi жылдың басында банкирлердiң кейбiрi Президенттiң атына хат жолдап, банк саласы тұралап қалмас үшiн мемлекет тарапынан қаражаттық қолдау көлемiн арттыруды сұраған. Осыған орай пiкiр бiлдiрген Халық банкiнiң Басқарма төрасы Григорий Марченко: "Бiз мемлекеттiң банктерге шектен тыс көмек көрсеткенiн қолдамаймыз. Қайтарылуы қиынға түскен несиелердi сатып алу мәселесiне келсек, менiңше, мемлекет аталған нарыққа бiрнеше жылдан берi араласқан жоқ, мемлекеттiң қарамағында клиенттердiң қаржылық мүмкiндiгiн сарапқа салатын арнайы құрылымдар жоқ. Оның үстiне, қауiптердi банктерден мемлекеттiң мойнына қиып салудың қажетi қанша? Менiңше, банктер қиын жағдайдан өздерi шыға алады" дедi. Марченко заманның түзу кезiнде, яғни, 2005-2006 жылдары мемлекеттен көмек сұраған банкирлердiң өздерi тiкелей немесе бiрiккен компаниялар арқылы аса бай активтерге қол жеткiзгенiн, егер соларды нарыққа шығарып сатса, Қазақстан Үкiметiнен сұрап отырған қаржыдан да көп ақшаға қол жеткiзетiнiн айтады: "Бұл жерде әңгiме миллиардтаған доллар туралы боп отыр". Халық банкiнiң басшысының пiкiрiнше, сырттан келген арзан ақшаға құнығып, қарызға белшеден батқан банктерге мемлекет көмектесудi доғарып, керiсiнше, талапты күшейтуi керек. "Айқайға аттан қосқыштардың" "қаржы тапшылығының кесiрiнен банктер жедел несиелердi тоқтатып тастады" деген байбаламын отандық банктердiң бiрқатары терiске шығарды. Солардың бiрi – Каспийский. Банк жетекшiсi Ломтадзе: "Жедел несиелер нарығы бiздiң банк үшiн маңызды сегмент болып табылады. Сол себептi, Каспийский бұл нарық сегментiндегi өз жұмысын жалғастыруда және бұл бағыттағы өз саясатын өзгертпек емес. Тiптi керiсiнше, бiз өз клиенттерiмiзге қосымша өнiмдер ұсынбақшымыз" дейдi. Ал сыртқы қарызға тәуелдiлiк мәселесiнде Г.Марченко: "Халық банкi сыртқы қаржылық құрылымдардың қолдауына тәуелдi емес. Бiздiң мiндеттемелерiмiздiң 65 пайызы – қазақстандық депозиторлар мен салымшылар алдындағы мiндеттемелерiмiз. Бұл көрсеткiш Қазақстандағы iрi банктердiң еншiсiндегi көрсеткiштен екi есеге көп" дейдi. Шынында да, берешектi өз күшiмен қайтаруға қауқарлы бола тұра бiздiң банктер неге салық төлеушiлердiң, яғни, қарапайым халықтың ақшасына қол салуға құмар? Жағдайлары жақсы, қаражат тапшылығы белең алған жоқ. Америкалықтар сияқты қазақтар несиенi қайтарудан жаппай бас тартып отырған жоқ. Ендеше бiздiң банктер неге жинақтаушы зейнетақы қорлары мен Ұлттық қордағы қаржыға көзiн сүзiп отыр? Отандық басылымдардың бiрiне сұхбат берген ҚР Қаржы министрi Болат Жәмiшев: "Жинақтаушы зейнетақы қорларындағы қаржыны айналымға шығарғысы келсе, қазақстандық банктер мен компаниялар халықаралық нарыққа акцияларын шығарсын, әрекеттерiн жария түрде жүргiзсiн, халық алдында ашық есеп берсiн, сонда бәлкiм зейнетақы жинақтаушы қорлары акциялар мен активтерiн иеленуге мүдделiлiк танытар" дейдi. Ал Ұлттық қордағы қаражатқа тиiсуге әсте болмайды. Себебi, ол қаржы болашақ ұрпаққа тиесiлi.
ЖАҢАДАН 4 БАНК АШЫЛУЫ МҮМКIН
Былтыр қаржы алаңындағы "батпан құйрық" күрт қысқарғандықтан, қазақстандық банктердiң басым бөлiгi құрама қарызға иек артуды жөн көрiптi. 2007 жылғы әбiгерде сандарын соғып қалған инвесторлар қазақстандық банктерге арзан қарыз беруге баяғыдай құлшынбайды. Олардың қоятын талаптары да ұлғайған. Әрi пайыздық көрсеткiштер өте жоғары. Соған қарамастан, бiздiң банктер қаражат тартуда кәдiмгiдей белсендiлiк танытқан көрiнедi. Олар 2007 жылдың екiншi тоқсанында 10 млрд. доллар алса, үшiншi және төртiншi тоқсанында 8,2 млрд. доллар көлемiнде несие алыпты. ҚР Ұлттық банкiнiң төрағасы Әнуар Сәйденов: "Кәсiби инвестиция нарығындағы, әсiресе, облигациялар шығаруға, IPO өткiзуге тыйым салынғанмен, құрама қарыздар тарту мүмкiндiгi сақталып қалды. Бiз бұған Қазақстанда да көз жеткiздiк. Былтыр үшiншi және төртiншi тоқсанда бiздiң банктер сырттан қаржы тартып, ел экономикасына қомақты сомада несие кiргiздi" дедi. Қазiргi таңда банктер экономиканың тұрақты саласына тиесiлi жобаларға қаржылық қолдау көрсетуге бет бұрды. Тәуекелдiлiктi қажет ететiн саладағы белсендiлiк деңгейiнiң төмендеуiне былтырғы дағдарыстың әсер еткенi айқын. Бiздiң билiктiң жаңа жарналық инвесторлар тартуға деген үмiтi ақталмағанмен, елiмiздiң банк саласына қаржы құюға мүдделi шетелдiктер қатары жиiледi. Бұл заңды құбылыс. Қазiргi кезде Қаржылық нарықты реттеу және қадағалау агенттiгi 4 резиденттiң Қазақстаннан банк ашуға қатысты айтқан ұсынысын талқыға салуда. Егер агенттiк рұқсат етсе, қазақстандық банктердiң қатары 4 банкпен толықпақ. Қаржы алаңындағы жаңа ойыншылардың пайда болуына қатысты айтылған пiкiр де сан-алуан. Бiздiң осыған байланысты қойған сауалымызға Каспийскийдiң басшысы банктердiң неғұрлым көптеп ашылуын құптайтындығын бiлдiрдi: "Қазақстанның банк нарығы көптеген ТМД және халықаралық банктер үшiн қызығушылық тудырады. Банктердiң ашылуы – соның айғағы. Қазақстандық банктердi сатып алу немесе жаңадан банк ашу арқылы нарыққа шығатын шетелдiк ойыншылар санының көбеюi, банк саласының болашақта ұзақ мерзiмге тұрақты дамитынының кепiлi болады. Жаңа халықаралық ойыншылармен бiрге нарыққа клиенттерге ұсынылатын және олардың талаптарын қанағаттандыратын жаңа технологиялар мен өнiмдер келедi. Халықаралық банктердiң бәсекелестiктегi ең басты ерекшелiгi: олардың ұзақмерзiмдiк қаржыландыруға қол жеткiзе алуы және клиенттерге озық өнiмдер мен қызметтер көрсетуiнде. Үлесiне келер болсақ, әзiрге кесiмдi пiкiр айту қиын. Ол жаңа ойыншылардың бизнестi дамытудағы қарымының қаншалықты екендiгiне байланысты. Мысалы, қазақстандық нарықта шетелдiк банктердiң жұмыс iстеп жатқанына бiраз болды, бiрақ нарықтың басым бөлiгiн иеленген жоқ. Өзiмiздiң банктер нарықты жақсы бiлетiндiктен, жылдам шешiм қабылдауға қабiлеттi".
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ