Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ТҰРМЫСТЫҚ ТIЛ ДӘРЕЖЕСIНДЕ ...

ашық дереккөзі

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ТҰРМЫСТЫҚ ТIЛ ДӘРЕЖЕСIНДЕ ...

"Ерлiк, елдiк, бiрлiк, қайрат, бақ, ардың,

Жауыз тағдыр жойды бәрiн не бардың.

Алтын күннен бағасыз бiр белгi боп,

Нұрлы жұлдыз — бабам тiлi, сен қалдың"

Заңғар ақын Мағжан Жұмабаев өткен ғасырдың басында осылай күңiренген екен. Одан бергi бiр ғасырда, ХХI ғасырдың басында бабамыздан қалған мұра — тiлiмiздiң күнi саяси саудаға түсерiн бiлмеппiз. Тәуелсiздiк алғалы 16 жыл өтсе де, мемлекеттiк тiлдiң жыры бiтер түрi жоқ.

Келесi жылы қазақ тiлi мемлекеттiк мәртебеге қол жеткiзгенiне 20 жыл толады. "Тiлдердi дамытудың 2001–2010 жылға арналған бағдарламасының" да аяқталуы жақын. Бiрақ, соған қарамастан мемлекеттiк тiл туралы әңгiме әлi басылар емес. Жоспар бойынша елiмiздегi барлық қоғам салалары 2009 жылы қазақ тiлiнде сөйлеуi тиiс едi. "Келесi жылы мемлекеттiк қызмет салаларының барлығы iс-қағаздарын қазақ тiлiне көшiредi" делiнген аталған бағдарламада. Бiрақ, бұның барлығы тек сөз жүзiнде қалатын түрi бар. Өйткенi, бұған саяси-экономикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да әлi дайын емеспiз.

КҮЛТӨБЕНIҢ БАСЫНДА КҮНДЕ ЖИЫН

Мемлекеттiк тiл туралы жиындар үнемi "Күлтөбенiң басында күнде жиынды" еске түсiредi. Бұған, ең алдымен, Мемлекеттiк хатшы дәрежесiнде көңiл бөлiндi. Иманғали Тасмағамбетов пен Оралбай Әбдiкәрiмовтiң Мемлекеттiк хатшы болған кезiнде барлық деңгейдегi әкiмдер мен министрлердiң басы екi-үш дүркiн қосылды. Барлығы уәде берiп, мемлекеттiк тiлдiң көсегесiн көгертiп, 2-3 жылдың iшiнде бүкiл елдi сайратып жiберетiндей екпiнмен кетедi. Бiрақ, былай шыға ұмыт болады. Шенеунiктiң бәрi жоғары мәртебелiнiң алдында жалған есеп беруi үшiн ғана келетiндей.

Сосын бұл iске премьер-министрлер араласты. Даниял Ахметовтiң премьер кезiнде де мемлекеттiк тiлге қатысты жиындар өткiзiлiп едi. Кәрiм Мәсiмов премьер болысымен, екi-үш ауыз сөздiң басын қазақша құрап, мемлекеттiк тiлдi тiкелей өзi қадағалайтынын айтты. Сөйтiп, "Мемлекеттiк тiл саясатын одан әрi жетiлдiру жөнiнде" комиссия құрып, өзi тiкелей басшылыққа алды. 2007 жылды "Қазақ тiлi жылы" деп жариялады. Кәрiм Мәсiмов премьер болған жылдан астам уақыт iшiнде талай жиын өттi. Тiптi, Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң соңғы алқа мәжiлiсi мемлекеттiк тiлде өттi. Оны айғайлатып, сүйiншi сұрап, барлық ақпарат құралдары жазды. Алайда, мемлекеттiк жиынның мемлекеттiң тiлiнде өткенiн мақтан еткен бiзден басқа ел жоқ шығар.

Әдiлет министрлiгi заңдардың мемлекеттiк тiлде жазылуы қажеттiгiн айтқалы да бiрнеше айдың жүзi болды.

Яғни, былайғы жұрттың аптығын басу үшiн мемлекеттiк тiл туралы биiк мiнберлерде айтылып қалады. Сөз бар. Iс жоқ. Мәселен, о баста сөз бойынша, елiмiздiң облыстарының барлығы дерлiк iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiруi тиiс болатын. Көше алмады, қағаз жүзiнде көштiк деген жалған мәлiмдеме жасағандары болмаса, iс жүзiнде бәрi, керiсiнше. Iс-қағаздарын қазақшалады деген Оңтүстiк Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарының биiк лауазымды шенеунiктерiнiң көбi теледидардан мемлекеттiк тiлде сұхбат бере алмайды. Олардың сөзiн аударып берiп жатқанының талай куәсi болдық. Сонда iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiрдi деген сөз – мемлекеттiк қызметкерлерден мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерудi талап етедi дегендi бiлдiрмей ме? Ол iс-қағаздарын қай тiлде жүргiзiп отыр? Әлде артық шығын шығарып аудармашы ұстап отыр ма? Демек, мемлекеттiк тiлге деген салғырттық бүкiл бүтiн жүйенi жаулап алған. Шенеунiктердiң барлығы дерлiк жауырды жаба тоқиды. Ондайлардың ойында ұлттық мүдде, мемлекетшiлдiк сана жоқтың қасы. Қазiр олар тек өзiнiң астындағы орын-тағы мен қолындағы дәулетiн ғана ойлайды. Демек, бұл бiздiң қазiргi қоғамның қасiретi болып отыр.

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ

Бiздiңше, мемлекеттiк тiлдiң қозғаушы күшi, оның шын мәнiндегi мемлекеттiк дәрежеге жетуi – Елбасының қолында. 1989 жылы мемлекеттiк дәрежеге қол жеткiзген күннен бастап, Елбасы қазақ тiлiнiң қолданылу аясын кеңейту мақсатында талай iстерге мұрындық болғаны белгiлi. Алайда, бiздiң саяси элита мемлекеттiк тiлдiң көсегесiн өздiгiмен көгертуге құлықсыз. Тек Елбасының нұсқауымен жүруге үйренiп алған. Жел қалай соқса, солай майысуға бейiм. Айталық, осыдан 1,5 жыл бұрын уақыт Елбасы Қазақстан халықтары ассамблеясының ХII сессиясында "Аюдың да тiл үйренетiн кезi жеттi" деп қадап айтты. Содан кейiн жоғары жақта абың-күбiң басталды. Тiлдi үйретудiң әртүрлi жобалары жасалды. Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев "Тiл үйрету курстарын ашып", оны жаңа үлгiде үйрететiн әдiс-тәсiлдердiң тұсаукесерiн жасады. Тiл үйренгiсi келгендерге бұл курстарда тегiн дәрiс оқытылатын болды.

Аталған жиында Елбасы: "Мемлекеттiк қызметкерлер мемлекеттiк тiлдi бiлмейiнше, қызметке алынбайды" дедi. Бiз осы жиыннан кейiн бiраз сiлкiнiс болады деп ойладық. Бiрақ, бұл да көп жиынның кебiн құшты. Көп ұзамай Елбасы 2007 жылы халыққа дәстүрлi Жолдауын жасады. Онда "Үш тұғырлы тiл" саясатын ұсынды. Бұдан кейiн қоғамдық пiкiр осы идея төңiрегiнде өрбiдi. "Үш тұғырлы тiл – болашағымыз" деп алаөкпе болыстық. Бұның өзi мемлекеттiк тiлдiң дәрежесiне бiраз нұқсан келтiрген сынды. Ағылшын тiлi – халықаралық және бизнес тiлi, орыс тiлi (ресми деген дәрежесi тұрғанда) – саяси билiктiң тiлi. Ал, қазақ тiлi "мемлекеттiк" деген атына мәз болып, тұрмыстық деңгейге ысырылды.

Биылғы жылдың 17-қаңтарында "Нұр Отан" партиясының құрылтайында Президент: "Бiз азаматтарға тiл бiлмегенi үшiн қысым көрсетпеуiмiз керек. Мемлекеттiк тiлдi жылдам уақытта жүзеге асыру бiздiң мақсатымыз емес. Мәселе стратегиялық тұрғыдан қойылып отыр, бұл iсте динамика болуы керек" дегендi айтты. Бұл да мемлекеттiк қызметкерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлуге деген ынтасын азайтып және "мемлекеттiк тiлдi бiлуi" жөнiндегi талапты әлсiреттi ме деймiз. Биылғы Жолдауында Президент мемлекеттiк тiлге тағы да назар аударды. "Үкiмет "Тiлдердiң үш тұғырлылығы" мәдени жобасын iске асыруды жеделдетуi тиiс. Бүкiл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттiк тiл ретiнде қазақ тiлiн оқыту сапасын арттыру қажеттiгiне ерекше назар аударғым келедi. Халықаралық тәжiрибелерге сүйене отырып қазақ тiлiн оқытудың қазiргi заманғы озық бағдарламалары мен әдiстерiн әзiрлеп, енгiзу қажет. Мемлекеттiк тiлдi тиiмдi меңгерудiң ең үздiк, инновациялық әдiстемелiк, практикалық оқу-құралдарын, аудио- бейнематериалдарды әзiрлеу керек. Қазақ тiлiндегi оқулықтар шығаруға арналған тендердi үнемi жеңiп алатын бiр-екi баспа ғана бар. Сонда оқулықтардың сапасын жақсарту үшiн қандай бәсекелестiк болмақ. Қазақ тiлiндегi оқулықтардың сапасы сын көтермейдi. Олар адамдарды қазақ тiлiн үйренуге емес, қазақ тiлiнен қашуға бейiмдейдi. Осы салаға жауапты тиiстi органдар нақты шешiм қабылдауы тиiс" делiнген онда. Бұл жолы да "үш тұғырлылық" мәселесi назардан тыс қалмай отыр.

ТҮЙIН

Сонымен мемлекеттiк тiлдiң жыры 20 жыл бойы жырланды. Оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында қыруар қаржы жұмсалды. Бiрақ, iс сылбыр. Өгiз аяңмен, арбаны да сындырмай, өгiздi де өлтiрмей күн кешiп келемiз. Тiлдердi дамытудың екi кезеңдегi бағдарламасындағы тезистер орындалмады. Ең алдымен 1990-2000 жылдарға арналған бағдарлама қабылданды. Нәтиже жоқтың қасы. Сосын 2001-2010 жылдарға арналған 50 баптан тұратын бағдарлама қабылданды. 2010 жылы қазақ тiлi барлық салада қолданысқа енуi тиiс болды. 2008 жыл есiк қақты. Бiрақ қолға алынған iстi көрiп отырған жоқпыз. Керiсiнше, билiк бүгiн-ертең мемлекеттiк тiлдi саяси жүйеге енгiзуге асықпайтындығын бiлдiредi.

Сарапшылардың пiкiрiне жүгiнсек, қазақ тiлiн меңгерген қазақтардың өзi бүгiнде бар-жоғы 60% көрiнедi. Бұның қаншалықты шындыққа жанасымды екенi белгiсiз. Бiзге бiр айқыны – соңғы он жыл көлемiнде орта мектепте барлық оқушының 60-70%-ының бiлiм алып жатқаны, ал қазақ балаларының 80%-ы өз ана тiлiнде оқиды. Соған қарамастан, өз тiлiн бiлмейтiндердiң санын көбейтiп көрсету етек алып барады.

Статистикалық мәлiметтерге жүгiнсек, саяси билiктiң тұтқасын ұстап отырған мемлекеттiк қызметкерлердiң 70-80%-ы мемлекеттiк тiлдi бiлмейдi немесе еркiн меңгермеген. Ел ертеңiн сенiп тапсырғалы отырған "Болашақ" бағдарламасымен оқып жатқан Президент стипендиаттарының әрбiр онының тоғызы — мемлекеттiк тiлде оқып, жаза алмайды. Соңғы бiр-екi жылда "Болашақ" бағдарламасына емтихан тапсырушы үмiткерлерден мемлекеттiк тiлдi меңгергендiгi талап етiлiп, арнайы емтихан енгiзiлдi. Бiрақ, Бiлiм және ғылым министрлiгiндегi шенеунiктер бұнда да жауырды жаба тоқығанға үйренген-сынды.

Сөйтiп, бизнес пен қаржы саласы мемлекеттiк тiлде сөйлеу былай тұрсын, қарасын маңына жуыта қойған жоқ. Ал, саяси элита мемлекеттiк тiлдiң жүзеге асуына мүдделi емес. Өйткенi, бұл олардың немесе оның баласының жеп отырған нанына бөгет болар едi. Ағылшын тiлiн немесе басқа да шет тiлiн еш қиындықсыз үйренiп алған шенеунiктерiмiз қазақ тiлiн үйренуге келгенде сылбырлық танытуда. Кейбiр пiкiрлерге құлақ ассақ, мемлекеттiк тiлдi үйренуге деген қоғамдағы селқостық бүгiнгi күнге алып келдi деген ойлар айтылады. Керiсiнше, бүгiнде мемлекеттiк тiлге деген сұраныс ұсыныстан асып түсiп отыр. Әсiресе, байырғы тұрғындар арасында ана тiлiнiң шын мәнiнде мемлекеттiк дәрежеге жетуiне мүдделiлер күн санап емес, сағат санап өсуде. Оған қалалы жерлерде қазақ мектептерiнде орындардың аздығы куә. Бала саны көп, орын жоқ. Керiсiнше, орыс мектептерiнде бала саны аз, орын көп. Бiрақ, бұнымен Бiлiм және ғылым министрлiгiндегi шенеунiктер санасайын деп отырған жоқ. Бiлiм және ғылым министрiнiң осы саладағы қарқынды iсiн әлi естiмедiк. Демек, төмендегiлер қалайды, бiрақ, жоғарыдағылар ол сұранысқа лайық жауап бере алмай отыр. Яғни, мемлекеттiк тiлдiң жүзеге асуына қоғам емес, билiк кiнәлi. Билiктегiлер тiлдi енгiзудiң нақты механизмдерiн әлi ойлап тапқан жоқ, ойлап табуға құлықсыз да тәрiздi. Жағдай осылай сипат ала берсе, тағы екi онжылдықты артқа тастайтын түрiмiз бар.

Есенгүл Кәпқызы