Жаңалықтар

ТӘУЕЛСIЗ КОСОВО

ашық дереккөзі

ТӘУЕЛСIЗ КОСОВО

Косовоның тәуелсiздiгi саяси бағыт тұрғысында әлемдi екiге бөлдi. Көңiлдерi онсыз да әрi жер дауы жылдарға созылған күптi Грузия, Әзiрбайжан, Ресей мен Молдова егемен ел ретiнде танудан үзiлдi-кесiлдi бас тартты.

Косовоның көптен күткен күнi жеттi: президент Фатми Сейди елдiң тәуелсiздiгiн жариялады. Жерiнiң 15 пайызы косоволықтардың еншiсiнде кеткен Сербия "бiржақты шығарылған шешiмнiң заңсыздығын", "халықаралық құқық нормаларына қайшы келетiндiгiн" айтады. Сербтердiң премьерi Коштуница Косовоны егемен ел ретiнде таныған елдермен дипломатиялық қатынасты үзетiндiгiн мәлiмдедi. Апта басында премьердiң қырына iлiккендер қатарында АҚШ тұрды. Өйткенi, достық iлтипат бiлдiрген президент Джордж Буш бүкiл әлемдi Косовоны тәуелсiз мемлекет деп тануға шақырды. Оның сөзiн кәрi құрлықтағы алпауыттар — Франция, Ұлыбритания, Германия, Италия, Албания, Тайвань жерге тастамады. Есесiне, Ресей мен Қытай егемендiктi заңсыз деп бiлетiндiктерiн жариялауда. Екi елдiң БҰҰ-дағы тұрақты өкiлдерi Сербияның күнi кешегi сайлауда жеңiске жеткен президентi Борис Тадичтiң Қауiпсiздiк кеңесiне жазған шағым хатын қолдайтындықтарын бiлдiрдi. БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiндегiлер косоволық мәселеге қатысты шешiмдi бiрауыздан қабылдай алмады. Косовоның тәуелсiздiгiн Қазақстан да мойындаған жоқ. Апта басында ҚР Сыртқы iстер министрлiгiнiң ресми өкiлi Ержан Ашықбаев Қазақстанның Косовоны дербес мемлекет ретiнде танымайтындығын мәлiмдедi. Егемендiктi мойындаудан бас тартқандар қатарында Әзiрбайжан, Молдова, Грузия да бар. Әзiрбайжан — Таулы Қарабақтағы, Грузия — Осетия мен Абхазиядағы, ал Молдова — Приднестровьядағы жер дауына байланысты Косоводан бас тартқаны белгiлi. Ресейдiң басты қорқынышы — Шешенстан. Оның үстiне, Қап тауы¬ның етегiндегi жер дауы өздiгiнен шешiлуi мүмкiн.

Құрамына 27 мемлекет кiретiн Еуроодақ бiрауыздан шешiм қабылдай алмады. Есесiне, әр ел апта соңына дейiн жеке-дара таразыға салып барып, ой түймек. Сарапшылар Косовоның дербестiгiн еуропалық мемлекеттердiң 12-17-сi мойындайды деп болжауда. Австрия, Бельгия, Болгария, Венгрия, Дания, Ирландия, Латвия, Литва, Люксембург, Польша, Словения, Финляндия, Швеция мен Эстония жақын күндерi косоволықтарды қолдайтындар қатарынан табылуға уәде еттi. Ал халықаралық құқықты алға тартқан Испания қарсы шыққандар қатарында. Айтпақшы, Түркияның Косовоны терезесi тең ел ретiнде мойындауы көпшiлiк үшiн күтпеген жайт болды.

Негiзi Югославияның құрамында болған мемлекеттер дербестiгiн жариялауға құлшынса-ақ, сербтер өре түрегелудi әдетке айналдырған. 1991 жылы Словения тәуелсiздiк туралы деклорациясын жариялағанда Белград әскери күшiн сол жаққа төктi. Хорватия мен Босния егемендiкке ұмтылып едi, сербтер соғыс ашты. Қанды қырғында 4 миллион адам шейiт болды. БҰҰ қарамағында болып келген Косовоны сербтер ойрандай алмай отыр. Өйткенi, ол жақта НАТО әскерлерi бар, АҚШ пен бiрқатар еуропалық елдер Косовоны жақтайды. 1999 жылы Слободан Милошевич бастаған соғысты да БҰҰ тоқтатқан.

Косоволық билiк Еуропалық Одақ пен Солтүстiкатлантикалық альянсқа мүшелiкке өтудi мақсат етiп отыр. Еркiн сауда-саттық пен еуропалық қауiпсiздiк жүйесiн енгiзуге мүдделi. Аз ұлттың өкiлдерi болып табылатын сербтерге қысым жасамау, ежелгi дұшпандарын ретi келсе, досқа айналдыру да олар үшiн өте маңызды. Ал оны егемен ел ретiнде таныған Батыс Косовоны көршiлесжатқан Македония мен Босниядағы лаңкестердiң ылаңынан қорғауы тиiс.

1389 жылы Косовода сербтер мен түрiктердiң кескiлескен шайқасы өткен. Көптеген сербтердiң Косовоны өздерiнiң астанасы ретiнде қабылдауы сондықтан.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ