АРАБ-ДЖАБУРДАҒЫ АҚЫРЗАМАН
АРАБ-ДЖАБУРДАҒЫ АҚЫРЗАМАН
Жазықсыз аруақтар жендеттерiнен кек ала ма?
Халықаралық белгiлi саясаттанушы, әйгiлi журналист Мэлор Стуруаның жазуынша, қаңтар айының соңғы күндерiнде американдық жетекшi "Нью-Йорк таймс" және "Лос-Анджелес таймс" газетiнiң iшкi беттерiнде Ирактағы қантөгiс пен он күнге жуық уақытта АҚШ авиациясы Араб-Джабур қалашығына 100 мың фунтқа жуық бомба тастағаны жөнiнде елеусiз ғана хабарланған көрiнедi ("Известия" газетi, "Иракская Герника", №25,13,02,2008 ж.) Бiрақ, әлемдiк алпауыт ақпарат агенттiктерiнiң бiрде-бiрi бұл қасiретке көңiл қойып, назар аудармаған-сынды.
100 мың фунт бомба! Осыдан 70 жылдан астам уақыт бұрын, әлемге қоңыр нацизмнiң қаратүнек қанаты жайылып келе жатқан кезде, 1937 жылдың 26 сәуiрiнде Азамат соғысының от жалыны шарпыған Испаниядағы Герникаға фашистiк авиация 100 мың фунт бомба тастап, жермен-жексен еткенi тарихтан мәлiм. Сол кезеңде Герниканың басына төнген қасiрет әлем жұртшылығын дүр сiлкiндiрiп, адамдардың шексiз ашу-ызасын туғызған едi. Даңқты Пабло Пикассо Герника қасiретiне байланысты өзiнiң атақты суретiн салып, шебердiң қылқаламынан ХХ ғасырдың ең атақты туындысы дүниеге келдi.
Ал, Араб-Джабурдағы ақырзаман төрткүл жаһанда жан адамды селт еткiзбегенi, әлемдiк қауымдастықтың ашу-ызасын, орынды наразылығын тудырмағаны қалай? Әлде байғұс арабтардың, осы елдi мекендегi Алла деген жазықсыз сунниттердiң қаны Герникадағы христиандардың қанындай қызыл емес болғаны ма?! Әлде қатыгез мынау заманда бейкүнә құрбандар, қарт адамдар мен қорғансыз балалар, әлсiз әйелдердiң өлiмiне адамдардың етi әбден өлiп, жүректерiнде аяушылық, жанашырлық сезiмге титтей де орын қалмады ма? АҚШ-тың жоғары оқу орындарындағы студенттердiң жаппай өлтiрiлуiн жапатармағай хабарлап жататын алпауыт ақпарат агенттiктерi Араб-Джабурдағы ақырзаман туралы жақ ашпаулары қалай?
Зығырданды қайнатып, шарасыздық еңсенi езетiн сауал көп-ақ. Бiр белгiлiсi, өркениеттiң ең озық үлгiсiне, шырқау шыңына жетемiз деп жанталасқан адамзат уақыт өткен сайын мейлiнше қатыгез, айрықша қанқұмар бола түсуде. Бұл – жалғаса беретiн қорқынышты процесс!
Бағдадтың солтүстiгiне орналасқан Баллад әскери-әуе базасында жылына 140 мың тонна өлiм себетiн жүктер түсiрiлетiн көрiнедi. Ирактағы соғыс басталған 2003 жылдан берi, қарапайым есепке жүгiнсек, осында жарты миллион тоннадан астам бомба мен снаряд, түрлi миналар мен оқ-дәрiлер жеткiзiлген. Аса iрi осы базада 40 мың адам қызмет көрсетедi және әр күн сайын 550 ұшақ түрлi тапсырмаларды орындауға ұшып шығады. Тапсырма болғанда, күшi басым, бақайшығына дейiн қаруланған американдықтар алдында бас имей, қарулы қарсылығын тоқтатпай келе жатқан ирактықтарға шырқау биiктен бомба жаудыру. Ұлы держава әуе терроризмiн одан әрмен үдете түсуде. Жаңа замандағы түрлi мүдделерiн ғана ең басты құндылық санайтын құдiреттi державалар өз даңқтары жолында ешқандай құрбандық пен өтiрiктен шiмiрiкпейтiн болды. Осындайда француз гуманисi Анатоль Франстың "Остров пингвинов" кiтабындағы: "Если богатство и цивилизация несут с собою столько же поводов к войнам, как бедность и варварство, если безумие и злоба человеческие неизлечимы, то остается сделать одно доброе дело. Мудрец должен запастись динамитом, чтобы взорвать эту планету. Когда она разлетится на куски в пространстве, мир неприметно улучшится и удовлетворена будет мировая совесть, каковая, впрочем, не существует", – деген ыза мен налаға толы сөздерiн шарасыз қалыпта тiс арасынан сыздықтап қайталауға тура келедi.
Расымен, "әлемдiк ұят" деген бар ма? Жоқ! Әлемдiк державаларды қазiр кiмдер ұятқа шақыруға қабiлеттi? Ондайлар да жоқ! Өтiрiкке негiзделген игi мақсаттардың жауыздық пен арсыздықтан несi артық? Ұзақ жылдар бойы әлемдiк қауiпсiздiкке Саддам Хусейн қатер төндiретiнiне әлемдiк қауымдастықтың көзi жеткiзiлдi. Хош, сондықтан соғыс басталғанда жалпы адамзат айтарлықтай қарсылық таныта қойған жоқ. Саддам Хусейн өлтiрiлдi, бiрақ "терроризм" және "экстремизм" деген сөздер қолданыстан шыққан жоқ, қайта күн сайын үдеп бара жатыр. Қит етсе адамзатты сонымен үркiтiп-қорқытады. Ирак атом бомбасымен қаруланып жатыр деп соғыс бастаған АҚШ бұның жалған ақпарларға негiзделгенiн және қателiк болғанын өз президентiнiң аузымен мойындауға мәжбүр болды. Бiрақ, Ирак жерiнде қантөгiстiң жүрiп жатқанына алдағы қыркүйекте бес жыл толады және жуыр маңда аяқталар түрi жоқ. Араб-Джабур трагедиясы соның дәлелi. АҚШ өз даңқының жолында ешқандай құрбандықтан тайынатын емес. Дегенмен бейбiт адамдар өлiмiнiң өтеуi де алпауыт державаға тым-тым қымбатқа түсуде. Расында адам қаны сұраусыз су емес екен! Әлдебiр құдiреттi күш, тылсым дүние жендеттердiң де жазасын беретiн сияқты. Таяуда американдық беделдi газеттердiң бiрi Ирак жерiндегi соғыстан қайтқан сарбаздардың кейiнгi тағдыры қандай болғандарына талдау жасаған-ды. Саддам Хусейн режимiне қарсы соғыстың алғашқы күнiнен берi Иракта 4 мыңға жуық әскери қызметкерлер қаза тапса, ал соғыстан қайтқандардың арасында 2006 жылы 6 мың 300-дей адам өзiн-өзi өлтiрген. Ондаған мың адам маскүнемге, нашақорға айналған. Оған қоса, Иракта мiндеттерiн атқарып жүргендердiң де өзiн өлтiруi жиiлей түсiп, өздерiн қасақана жаралайтындардың саны үш есеге артқан. Сiрә, қазақтың: "Кiсi қаны жiбермейдi, пәни жалғанда жасаған жауыздықтың сұрауы бар", дейтiнi шындық болғаны ғой. Әлде ирактық бейкүнә құрбандардың аруақтары өз жендеттерiнен өш алуда ма?!
Соңғы кезде соғыс кез-келген түйткiл мен дағдарысты тез әрi бiржола шешудiң оңтайлы құралына айналды. Әсiресе, АҚШ тарапынан. Вашингтон өзiнiң ыңғайына қоғадай жапырылып, құлдық ұрмаған мемлекеттiң әрбiрiн қорқау қасқырдай талауға даяр немесе әдейi сондай кейiп танытады. Ирак, Иран, КНДР, қантөгiс соғыстың қашан аяқталатыны белгiсiз Ауғанстан… Мұндай тiзiмдi жалғастыра беруге болатыны аян. Өзiн демократия, бостандық, iзгiлiктiң кепiлi деп санайтын АҚШ соңғы жылдарда осылайша бiр кездердегi тоңмойын, оспадарсыз Ресей империясының кебiн кие бастаған сыңайлы.
Бiлiктi зерттеушiлер мен мамандардың айтуына қарағанда, XVIII ғасырда Ресей империясы өзге елдердiң жерiн басып алу мақсатында 17 рет iрi соғыс жүргiзген. I Петр ағзам тұсында 1700-1721 жылдары жүргiзiлген жиырма жылдық Солтүстiк соғыстың өзi неге тұрады. Бiр кездерi Ресей отарлаушылары, әсiресе, алыс Үндiстанды жаулап алып, өз билiгiн орнату жолында арнайы экспедиция да жасақтағаны белгiлi. Бұл әскерлердi Хиуа хандығының сарбаздары талқандамағанда iстiң аяғы қалай шешiлерi әлi күнге жұмбақ. Бiрақ бүгiнде Жириновский өзiнiң керзi етiгiн Тынық мұхитының суына жумақ болғаны отарлаушылық пиғылдың Ресейде әлi де өршiп тұрғанынан хабар бередi. Айтпақшы, Ресей ХIХ ғасырда да сыртқы елдердегi 121 қантөгiстi соғыстарға қатысып, 67 жылын атыс-шабыспен өткiзгенi мәлiм. Сондықтан да бұл империя өз кезiнде "Еуропаның жандармы" деген масқара атты иеленген-дi.
Иә, өткен ғасырдың өн бойында "гуманизм", "гуманистiк" деген iзгiлiкке толы аяулы ұғым бар болатын, ал ХХI ғасырда ол сөздер мүлдем ұмытылған сияқты. Архаизмге айналды. Оның орнын басқа ұғымдар, естiген құлаққа үрейлi жаңа сөздер алмастырды.
Өкiнiштi-ақ!
Жаңабек ШАҒАТАЙ