Жаңалықтар

СТРАСБУРГТЕ РЕСЕЙ САЗҒА ОТЫРДЫ

ашық дереккөзі

СТРАСБУРГТЕ РЕСЕЙ САЗҒА ОТЫРДЫ

"Борис Ельцин шынайы демократ болатын". Еуро-депутаттар осылай дейдi

Әлемдегi кейбiр демократиялық емес мемлекеттердiң саяси билiгi сайлау тек сол елдiң iшкi мәселесi деп тар ауқымда ойлайды және осы қате пiкiрге өздерiн иландырады. Дұрысын айтқанда, қайсыбiр елде өткiзiлген әдiлетсiз сайлаулар қазiргi адамзат қауымы, дамудың демократиялық жолын таңдаған өркениетке жағылған қара күйе, өшпес таңба екендiгiн ескере бергiсi келмейтiнi өкiнiштi.

Әйтсе де әдiлетсiз өткiзiлген сайлау қорытындыларын әлемдiк қауымдастық құптай бермейтiнi сөзсiз. 21 қаңтар күнi Страсбургте ашылған Еуропа Кеңесi Парламенттiк ассамблеясының (ПАСЕ) қысқы сессиясы Ресей делегациясының зор табысы болуға тиiстi едi, бiрақ олардың сазға отыруына тура келдi. ПАСЕ-нiң жаңа төрағасына ресейлiк Михаил Маргелов сайлануға тиiс болғанымен, мәртебелi орынтаққа испандық Луис Мария де Пуч жайғасты. ПАСЕ-нiң жаңа төрағасы де Пуч мырза Грузия президентi Михаил Саакашвилидi осы қысқы сессияға шақырумен қатар, Еуропа Кеңесi Парламенттiк ассамблеясының делегаттары Ресей Думасының сайлауын "әдiл емес" деп бiрауыздан айыптады.

Мiне, қалыптасқан осы жағдай туралы "Коммерсанть" газетiнiң арнаулы тiлшiсi Михаил Зыгарь "Россия села мимо кресла" ("Коммерсанть" газетi, №7, 22 қаңтар, 2008 ж.) атты мақала жазған болатын. Осы мақаланы тәржiмалап, газетiмiздiң оқырмандарының назарына ұсынуды жөн деп таптық.

ҚАҢТАРДАҒЫ ПУЧ

Бұл сессияның басты оқиғалары оның басталуынан бұрын-ақ орын алды. Кеше таңертеңгiлiк мәжiлiсте Страсбургке жиналған парламент мүшелерi ПАСЕ-нiң жаңа төрағасын сайлауға тиiс болатын. Ереже бойынша дауыс беруден 48 сағат бұрын үмiткерлер тiркелуге тиiс болды, ал таң азанда үмiткер тек бiреу – ПАСЕ-нiң социалистiк фракциясының басшысы испандық сенатор Луис Мария де Пуч екенi анықталды.

Демалыс күндерi ПАСЕ-дегi қызмет атқарып тұрған бес саяси фракцияның басшылары төраға сайлаудың қалыптасқан тәртiбiн өзгерту жөнiнде бiржола келiскен соң де Пуч мырзаны сайлау мүмкiн болды. Ескi орын алмастыру тәртiбi бойынша Еуропаның демократтар фракциясының басшысы Михаил Маргелов төраға болып тағайындалуы керек едi. Бiрақ, еуропалық демократтардың өкiлi екi жылдан кейiн төрағалық етуге тиiс екенi, ал әзiрше социалистер өкiлiнiң кезегi келгенiн барлық фракция құптады.

Қызметiне кiрiскен де Пуч мырза өзiнiң қарапайым сөзiн отбасына алғыс айтудан бастады. Оның айтуына қарағанда, үнемi ПАСЕ-де жұмыс атқарған ол соңғы 25 жыл бойында өз үйiнде жөндеп болмаған да көрiнедi. Осыдан кейiн делегаттардың жаңа төрағаны мәртебелi қызметке сайлануымен құттықтау кезегi келген. Бұл мүмкiндiктi тек үш фракцияның жетекшiлерi ғана пайдаланды – еуропалық демократтардың басшысы Михаил Маргелов өзiнiң жолын кескен кiсiнi құттықтаудан бас тартты, ал оның фракциядағы орынбасары, Британиялық еуродемократ Дэвид Уилшир де Пуч мырзаны испан тiлiнде құттықтай алмайтынын сылтауратты. Себебi, ол құттықтау сөздердi орыс тiлiнде жаттаған екен.

Бiрақ, ПАСЕ-нiң толыққанды төрағасы болмай жатып-ақ де Пуч мырза орыс делегациясын өкпелетiп үлгердi. Төраға сайлаудың беташары ретiндегi бюроның таңғы мәжiлiсiнде оның даусы шешушi мәнге ие болды – осы отырыста Грузия президентi Михаил Саакашвилидi сессияға шақыру немесе шақырмау мәселесi талқыға салынған болатын.

Осыған дейiн жазғанымыздай, грузин лидерi Грузиядағы жағдай туралы баяндаманы талқылау үшiн өткен бейсенбi күнi Страсбургке келудi жоспарлаған-тұғын. Бiрақ, бұған ресейлiк делегацияның басшысы, Думаның халықаралық iстер жөнiндегi комитетiнiң төрағасы Константин Косачев үзiлдi-кесiлдi қарсы шықты. Ол Грузияның парламент сайлауы жақындап келе жатқандықтан Сакаашвили мырзаны ПАСЕ-ге шақыру оған саяси қолдау көрсетумен пара-пар болып шықпақ деп мәлiмдеген. Өткен аптада Мәскеуде болған ПАСЕ-нiң экс-төрағасы Рене ван дер Линден Косачев мырзамен дауласқан жоқ, сiрә, ол Михаил Саакашвилидi шақырмау Михаил Маргеловтың сайланбай қалуының өтемi болады деп санаған шығар.

ПАСЕ-нiң бес фракциясының үшеуiнiң басшылығы Косачев және ван дер Линден мырзалармен келiскен сыңай танытқан. Дегенмен, либералдар фракциясының басшысы Маттиас Йорши мен социалистердiң жетекшiсi Луис Мария де Пуч Грузия президентiне жолданған шақырудың күшiн жоюға болмайтынын мәлiмдедi. Сонымен таңертеңгi бюро мәжiлiсiнде Михаил Саакашвилидi шақыруға бiр дауыс артық берiлген.

Константин Косачевтiң мәжiлiстен анық көңiлсiз кейiпте шыққаны даусыз. Бiрақ, ол өзiнiң наразылығын дауыстап айта қойған жоқ.

– Бiздiң де Пучке еш қарсылығымыз жоқ, – деп мәлiмдедi ол газетiмiзге. – Оның бұрынғы әрiптесi Рене ван дер Линден ПАСЕ-нiң төрағасы болып сайланғанда, ол Ресеймен қарым-қатынаста айрықша қарсы адам деген атағы бар кiсi болатын. Кейiн бiз онымен ерекше тiл табысып кеттiк!

Осыдан соң Косачев шұғыл мәжiлiске бет алды. Мұнда күн тәртiбiндегi екi басты мәселе – таяуда өткен екi сайлау: Ресейдегi Дума және Грузиядағы парламент сайлауы талқыланбақшы.

ЖҰМБАҚ ДЕПУТАТ

– Сайлау өте жақсы ұйымдастырылғанына ешқандай күмән жоқ, – деп құптаумен бастады өз сөзiн бельгиялық депутат, соңғы Дума сайлауында ПАСЕ бақылаушылары миссиясын басқарған Люк ван ден Бранде. – Бұл өте еркiн сайлау болды.

Люк ван ден Бранде көзiмен залды ақырын шолып шықты. Ресей делегациясының мүшелерi мұндай мақтауды күтпегенi күмәнсiз.

– Бiрақ… – деп күрсiндi Люк ван ден Бранде, – сайлау әдiл болған жоқ. Олар бiз пайдаланып жүрген стандарттарға ешқандай сай емес.

Баяндамашы президенттiң белгiлi бiр партия тiзiмiн бастап сайлауға қатысқанын, сондай-ақ президент тағайындаған губернаторлардың "Единая Россияның" аймақтардағы тiзiмiн басқарғанын санаға сыймайтын әрекет деп бағалады.

– Әкiмшiлiк ресурстарды шектен тыс пайдалану бiздi қатты алаңдатады, – деп қынжылды Люк ван ден Бранде. – Бiр мезгiлде шағымданушы да, әдiлқазы да болуға болмайды!

Оның тағы бiр алаңдаушылық бiлдiрген мәселесi, жетi пайыздық кедергi мен түрлi кандидаттардың БАҚ-тарды еркiн пайдалану жағдайы. Осыдан соң ол қорытынды жасауға көштi.

– ПАСЕ қайсыбiр елдi ұйымнан шығарып тастауды құптамайды. Қайта бiз олардың жалпы еуропалық процесстерге қатысуын қолдауға тиiстiмiз. Сондықтан, Ресейдегi келесi сайлауларда бiздiң ескертпелерiмiзге құлақ асуларын өтiнуге құқығымыз бар.

Люк ван ден Бранде өзiне тиесiлi үш минутта сөзiн аяқтап үлгердi.

Келесi сөздi венгр Маттиас Йорши – Грузия жөнiндегi баяндамашы алды. Константин Косачевтiң айтуынша, ПАСЕ-ге Михаил Сакаашвилидi шақыруды ең басты қолдаушы жан. Ол кейiнгi уақытқа дейiн Грузия өңiрдегi мемлекеттерге үлгi болып келсе, соңғы сайлау ПАСЕ бақылаушыларының көңiлiнен шықпағанын тiлге тиек еттi.

– Сайлауды керемет өттi деу қате болып шығар едi, бiрақ бұл сайлау легитимдi емес деп айтуға да болмайды, – деп ескерттi баяндамашы.

Йорши мырза жаңа ғана Люк ван ден Бранде Ресейге қарата айтқан кемшiлiктердi қайта тiзбелеп шықты: әкiмшiлiк ресурс, БАҚ-тарды бiрдей деңгейде пайдаланбау, сайлаушыларды үркiтiп-қорқыту.

Осыдан соң пiкiрталас басталды.

– Борис Ельцин Ресейдi Еуропа Кеңесiне әкелген едi, – деп еске алды фин депутаты Кимо Саси. – Бiрақ, Ельциннен кейiн Ресейге бiршама тұрақтылық қажет болды. Бұл да түсiнiктi! Дегенмен, билiк бөлiнiсi туралы Ресейдiң есiне салуды жөн санап тұрмын. Атқарушы, заң шығарушы, сот билiгi тәуелсiз болуға, бiрiн-бiрi бақылап отыруға тиiстi. Ал БАҚ-тар басшыларды дәрiптеп, мақтай беруден арылуға тиiс.

Кимо Саси ресейлiк билiк пен Британ кеңесiнiң арасындағы кикiлжiң туралы да еске алды. Кеше таңертеңге дейiн бұл мәселе ПАСЕ-нiң күн тәртiбiнде талқылауға қойылды деген қауесет болған-ды. Дегенмен, бұлай бола қойған жоқ. "Бұл тақырыпты ешкiм шұғыл пiкiрталасқа қоюға ұсыныс та жасаған емес", – деп сендiрдi Константин Косачев. Сондықтан кеңестiң жалғыз қорғаушысы фин Кимо Саси болып шықты.

Бұлардан кейiн Британ парламентiнiң мүшелерi сөз алған. Дегенмен, Британ кеңесiне байланысты жағдай әлгiлердi онша мазалай қойған жоқ. Олар Мәскеу мен Лондон арасында дипломатиялық кикiлжiң қалыптасқанынан мүлдем бейхабар жандар сияқты. Әуелi либерал-демократ Майкл Хэнкок, одан соң консерватор Дэвид Уилшир Ресейге айрықша қояр кiнәлары жоқтығын тiлге тиек етiп, iзiнше Грузияны қатаң сынға алды.

– Ресейде өткен сайлау бұрынғылардан тәуiрiрек болды. Бiз Ресейдi құттықтауымызға болады, – дедi Дэвид Уилшер. – Ал Грузия әлi үйрену үстiнде. Осы себептi өткен президент сайлауында көптеген қателiктер жiберiлдi.

Сайлау туралы және оның демократиялығы жайында ой бөлiскен Британ парламентiнiң мүшесi Дэвид Уилшир таяуда өткен ПАСЕ-нiң төрағасын сайлауды да еске сала кеткен. Еуропа демократтары фракциясы бастығы Михаил Маргеловтың орынбасары болып табылатын британдық өз жолдасын тағы да жақтап шығуды ойлаған көрiнедi.

– Ресей – көптеген ғасырлар бойына авторитарлық жүйеде өмiр сүрген ел. Нелiктен бiз 15 жылда түбегейлi өзгерiстер орын алады деп ойлаймыз? Бұл екi түрлi стандарттардың көрiнiсi. Келiңiздер, соңғы екi аптада ПАСЕ басшысын сайлау қалай дайындалғанын еске алайық. Немене, бұл сайлау әдiл өттi ме? Бәлкiм, бiз де ПАСЕ басшысын сайлаудың қалай өткенiн қадағалайтын тәуелсiз бақылаушыларды шақыруымыз керек шығар.

Ресей делегациясы қуанышқа бөленуге шақ қалды.

Пiкiрталас аяқталуға жақын қалғанда депутат Иван Иванов сөз алды.

– Осыдан бiрнеше жыл бұрын президент Путин Ресейде еркiн, демократиялық сайлау өткiзуге уәде еткен болатын, – деп бастады ол өз сөзiн тәп-тәуiр ағылшын тiлiнде. – Дегенмен, өткен Мемлекеттiк Думаға сайлау ашық та, әдiл де болған жоқ. Сайлау алды компаниясы тек "Единая Россия" үшiн ғана жанталаса жүргiзiлдi. Оппозицияның басшылары, мәселен, Гарри Каспаров қамауға алынды. Билiк оппозицияның манифестацияларын күшпен қуып таратты. Билiктiң мұндай қадамдары Путин жүйесiнiң көппартиялықтан зәр-иманы ұшатынын көрсетедi.

ПАСЕ делегаттарының арасында тағы да қозғалақтау басталды. Өзiнiң батыстық әрiптестерiне қарағанда Иван Ивановтың сөзi мейлiнше өткiр естiлдi. Бiрақ ол сөзiн одан әрмен:

– Сайлауалды кампания кезiнде сайлаушыларға: "Путин жоспарын қолдаңыздар!" дестi, – деп жалғады. – Бiрақ ешқандай мұндай жоспар болған емес.

Кейбiр парламентарийлер анықтамалықтарға көз жүгiртiп, депутат Иван Ивановтың кiм екендiгiн бiлуге құмарта бастады. Ал ол сөзiн одан әрмен жалғастырумен болды.

– Ресей билiгi табалдырықты 7 пайызға дейiн көтердi, мұның өзi оңшыл либерал партияларды сайлаудан тыс қалдырды. Билiк сайлауға блоктардың қатысуына тыйым салды, ал бұл коалицияның, оның iшiнде "Другая Россияның" сайлауға қатыспауына әкелiп соқты. Билiк БДИПЧ бақылаушыларын да қатыстырмай тастады. Сайлаушыларға орасан зор қысым жасалды, тiптi жұмыстан шығарып тастаумен де қорқытты. Бұл – сайлау болған жоқ. Бұл – спектакль болды! Нәтижесi алдын ала белгiлi референдум iспеттi өттi.

Иван Иванов өз сөзiн аяқтағанда залды күбiр-сыбыр аралап өткен. Сөз алған парламентарий жұрт ойлаған жақтан емес, Болгариядан болып шықты.

– Пiкiрталас ойдағыдай өттi, – деп ризашылығын бiлдiрдi кейiнiрек Константин Косачев. – Әрине, соңғысынан басқасы. Бiрақ ол ештеңенi түсiнбейдi ғой. Жетi пайыздық барьер либералдық партияларды сайлаудан тыс қалдырып па? Ресейдегi жағдайдан мүлдем бейхабар екенiн осыдан-ақ бiле берiңiз.

Түстен кейiн, делегаттар сайлау тақырыбына қайта оралған шақта ЛДПР-ден сайланған депутат Леонид Слуцкий сөз алды.

– Ресей туралы баяндамаға келсек, осыған дейiнгi сайлаулар жөнiндегi ПАСЕ-нiң бұрынғы баяндамаларына қарағанда аса зор iлгерiлеу барлығын байқауға болады, – деп Слуцкий мырза Люк ван ден Бранденiң жұмысын мақтады. – Тағы бiр жайтты айту керек, осында "әдiл емес сайлау" деген анықтамалар естiлiп қалды. Бұл –асыра сiлтеу. Президент партиясына қатысты мәселенi алайық. Мен "Единая Россияның" мүшесi емеспiн, сондықтан менi бұрмалап тұр деп күдiктенуге болмайды. Мәселен, президент "Единая Россия" тiзiмiн басқарса, бұл оның жеке жұмысы. Соңғы сегiз жылда қол жеткiзген жақсы iстердi қалай сақтап қалу президенттiң өз шаруасы. Бұндай тәжiрибе Ресей Конституциясына еш қарсы келмейдi.

Леонид Слуцкий залдан Иван Ивановты iздегендей сәл демiн алды.

– Ресей өз жолымен жүредi. Бiрақ, Еуропа Кеңесiнiң биiк стандарттар бағытына қарай жүредi… Ал бiзге сын айтушыларға келсек… Иван Иванов мырза сияқты әдейi намысқа тиетiн сөздердi айтушыларға келсек… – Леонид Слуцкий ашулы түрде көздерiн жалтылдатты. – Мен Еуропа Кеңесiнде неғұрлым досжар болуға кеңес берер едiм.

Тәржiмалаған Жаңабек ШАҒАТАЙ