БАНКИР СПОРТШЫ ЕМЕС ДЕП КIМ АЙТТЫ?

БАНКИР СПОРТШЫ ЕМЕС ДЕП КIМ АЙТТЫ?

БАНКИР СПОРТШЫ ЕМЕС ДЕП КIМ АЙТТЫ?
ашық дереккөзі

Салауатты өмiр салтын насихаттауда Альянс Банк өнегелi дәстүр бастады. Өткен сенбi күнi Альянс банк республикалық Үстел теннисi федерациясымен бiрлесе отырып, өз қызметкерлерi арасында спорттық жарыс ұйымдастырды.

Былтырғы жылдың желтоқсан айында банк құрылымында төрт спорт комитетi құрылған: футбол, волейбол, шахмат және үстел теннисi. Бұл комитеттер аталған салалар бойынша қызметкерлер арасында дәстүрлi жарыстар өткiзiп, спортпен шұғылдануды насихаттауды мақсат етiп отыр.

Жарысқа Альянс банктiң елуден астам қызметкерi қатысты. Олардың арасында қарапайым қызметкерлер ғана емес, банк төрағасы Дәурен Керейбаев және басқа да басшы қызметтердегi азаматтар бар. Бiз банкирлердiң дайындық деңгейi туралы спорт шеберi Алексей Тимченкодан сұрадық:

– Бұл жарыста теңбе-тең түсу деген болмайды. Бiреу жеңедi, бiреу жеңiледi. Сондықтан бұл жарыс ойыншылар үшiн қызмет барысында қажеттi қасиеттердi қалыптастыруға көмектеседi деп ойлаймын. Ал ойыншылардың деңгейiне келсек, әрине, олар кәсiби спортшыларға бәсекелес бола алмайды, дегенмен, әуесқойлар үшiн жаман емес.

Жарыс бойынша қыздар және жiгiттер арасында жеңiмпаздар екi бөлек анықталды. Қыздар арасында бас жүлденi банктiң Есепке алу және есеп беру методологиясы тобының бас маманы – Марина Озерная жеңiп алды. Екiншi орын – Бекқожановаға, үшiншi орын – Шыңғысбаеваға бұйырды

Бiз бас жүлденiң сыйлығы — Бiрiншi ракеткаға ие болған Маринаны әңгiмеге тарттық:

– Үстел теннисiн мектептен бастап ойнайсың ба?

– Жасөспiрiм кезден аула iшiнде достарыммен ойнауға мүмкiндiк болған кездi қалт жiбермейтiнмiн.

– Бүгiнгi ойын қаншалықты ауыр тидi?

– Бүгiнгi ойын қиын болды дей алмаймын. Маған қарсыласым әлсiздеу болып көрiндi.

– Бұрын осындай жарыстарға қатысып көрдiң бе?

– Бiр рет қатысқанмын. Екiншi орынды жеңiп алдым.

Бiз Маринамен сөйлесiп тұрғанда, жiгiттер арасындағы үздiк те анықталып қалды. Ақтық сайысқа түскен Процессинг орталығының департамент директоры Денис Середенко мен Шағын және орта бизнес департаментiнiң бас маманы Әсет Ахметовтiң жарысы Әсеттiң басым түсуiмен аяқталды. Бiз дереу жеңiмпазбен танысуға асықтық:

– Үстел теннисiмен қанша жасыңыздан бастап айналысасыз?

– Институтта шұғылдандым. Студенттiк кезде спорт секциясына үзбей барып тұрдым. Менi халықаралық деңгейдегi спорт шеберiнiң өзi шынықтырды. Кәсiби деңгейiм жоқ, спортпен өзiм үшiн шұғылданамын.

– Бүгiнгi ойын қалай өттi?

– Жанталасатындай ойын болды дей алмаймын. Өзiм де осындай нәтижеге жетермiн деп ойлағанмын.

Қара терге түскен ойыншылардың көздерiнде жеңiске деген ұмтылыстың, шынайы бәсекелестiктiң ұшқыны байқалады. Бұл жарыстан алған әсерлерi оларға өз жұмыстарында алға тартушы күш болатын шығар. Банк төрағасы Дәурен Керейбаевтың айтуынша, осындай шаралар қызметкерлер арасында ұжымдық рухты нығайтуға ықпал етпек.

Бұл жарыстың өзiндiк жалғасы бар. "Келешекте осы жарыстың жеңiмпаздары мен республикалық бұқаралық ақпарат құралдары арасында жарыс өткiзу ойымызда бар. Ал егер басқа банктер тарапынан ұсыныс түсiп жатса, олармен де жарыс өткiзуiмiз мүмкiн" дейдi Альянс банктiң баспасөз хатшысы Нұрболат Тiлеулин.

Жақын арада Альянс банк өз қызметкерлерi арасында шахматтан жарыс өткiзбек.

Гүлбиғаш Омарова