ФРАНЦИЯ ЖОЛЫ ҚАЙДА АПАРАДЫ?

ФРАНЦИЯ ЖОЛЫ ҚАЙДА АПАРАДЫ?

ФРАНЦИЯ ЖОЛЫ ҚАЙДА АПАРАДЫ?
ашық дереккөзі

Жақында Франция премьер-министрi Франсуа Фийон ресми сапармен Қазақстанға келгенде арнайы атбасын сенатқа бұрды. Франция үкiмет басшысының, ағылшын премьер-министрi сияқты ролi зор болмаса да, анау-мынау мәселелердi реттеуге септiгi тиiп қалады. Бiздiң елiмiзге үкiмет басшысы ретiнде бiрiншi рет келiп отырған Фийон мырза 1993 жылы Франция президентi Франсуа Миттеранның ресми сапарымен бiлiм министрi болып жүргенде келген едi.

Спикер Қ. Тоқаев мырза, 1995 жылғы Қазақ елiнiң өзгерген конституциясын жазарда Франция заңгерлерiмен кеңесiп, француз ата-заңын негiзге алғанын, Қазақстанның мемлекеттiк билiк құрылымы Францияға өте ұқсас екенiн жеткiздi.

Ф. Фийон мырза, өз тарапынан Қазақстан тәуелсiздiк алғанда алғашқылардың бiрi болып француздардың танығанын, Астана қаласын аралай жүрiп, болашақта үлкен бiр державаның дүниеге келе жатқанына көзi жеткенiн әңгiмеледi. Сонымен қатар, Қазақстан президентi және үкiмет басшысымен кездескенде тек экономика саласында қазақ пен француздар арасында үкiметаралық стратегиялық серiктестiк жөнiндегi декларацияға қол қойылғанын тiлге тиек еттi. Франция сенат төрағасының, Қ. Тоқаевты Францияға парламентаралық байланыстарды өрiстету мақсатында ресми сапармен келiп-кетуге шақырғанын жеткiздi. Ал, Фийон мырза келесi жылдан бастап Францияда қазақ студенттерiн оқытуды екi есе көбейтетiнiн айтып, Қазақстанды ОБСЕ төрағалығына барғанға дейiн қандай демократиялық өзгерiстер күтiп тұрғанын және жуықта Франция Еуроодақтың төрағасы болғанда, Қазақстан не күтер едi деген сауалдар қойды. Тоқаев өз тарапынан нақты жауап берiп, Қазақстан Еуропа емес екенiн оған еуропалық көзқараспен қарауға келмейтiнiн айтты…

Әлқисса, Қазақстан мен Францияның ұқсас жерлерiне кiшкене шолу жасай кетсек. Францияның презеидентi Шарль де Голль (1958–1969) билiк құрған уақытты "жеке билiк тәртiбi" деп те атайды. Өйткенi ол 1958 жылы бұрынғы конституцияны (ел билеу құрылымы парламенттiк болатын) өзгертiп, президент өкiлдiгiн кеңейтiп, күшейттi. Президент премьер-министрдi және басқа да жоғары билiк өкiлдерiн өзi тағайындады. Парламенттi таратып, төтенше жағдай туғанда бүкiл билiктi өз қолына алуға құқылы болды. Уақтысында бұл билiк жүйесi Францияның дамуына, гүлденуiне үлкен қызмет еттi. Сыртқы саясаттағы маңызды акциялар, Францияның НАТО соғыс ұйымынан шығуы, мемлекет аумағын америкалық базалардан тазартты. Сонымен қатар Франция жаппай қару шығаруға қатысты, өздерiнiң ядролық-зымырандық бригадасын құрды.

1960 жылдан бастап, экономика саласында, жекеменшiк кәсiпкерлер алдына ұшақ құрылысын, атом энергетикасын, ғарыштық технологияны және зымыран құрылысын мемлекеттiк өндiрiспен бiрге ауқымды жаңарту мiндеттерiн қойды. Шетел капиталын кеңiнен тартты. Соның нәтижесiнде Франция жылдам ұшатын "Конкорд" аэробусын, "Ариан" зымыранын, жүйрiк поездар жасауға кiрiстi. АҚШ пен Жапония деңгейiнде ұшақ, ғарыштық және электронды есептеу техникалары, байланыс құралдарын әлемдiк стандартқа сай тауарлар шығара бастады.

Ауыл шаруашылығында да маңызды өзгерiстер болды. Францияда бұрынғы аз жерлi шаруашылықтардан тауарлы фермерлiк өндiрiстер құрылды, кооперативтер қозғалысы күшейдi, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына көп көмек көрсеттi. Франция экономикалық жетiстiгiмен әлем аренасына шыққанмен iшкi саясаты ақсап жатты. Экономиканы жаңғырту және оның айтарлықтай жедел дамуы, өзiнiң жағымсыз салдарын да байқатты. Қалыптасқан құрылымды бұзу барлық адамға бiрдей жақсы болмады, жаңа жағдайға, өзгерiске барлығы тез икемделе алмады. Мемлекеттiк шектеу бизнес пен еңбек қатынасына қысым жасады. Әлеуметтiк салада құнсыздану, артта қалушылық байқалды. Мұның бәрi әлеуметтiк шиеленiстi ұлғайтты. Бұл жағдайды оппозиция мен коммунистiк партия сәттi пайдаланды. 1968 жылы француз ұлтының "атасына" айналған де Голль үшiн өмiрiндегi ең ауыр жылына айналды. Студенттердiң жоғары бiлiм жүйесiн демократияландыру идеясын көтерген қозғалысының зардабы, елiм, халқым деген де Голль билiгiне нүкте қойды.

Отырып таң қаламын. Индонезия экономикасының "атасына" айналып, "шығыстың жетi жолбарысының" және әлемдiк дамыған мемлекеттердiң қатарына қосқан үлесi үшiн президент Сухорто да осы студенттер қозғалысының кесiрiнен тақтан тайып, айыпталған едi. Сухорто өмiр бойы елiне сiңiрген еңбегiн миллиардтаған долларға айырбастап халқына қарабет болса, де Голль халқының, ұрпағының алдында ары таза күйiнде қалды.

Өткен ғасырдың сексенiншi жылдары Париж қаласындағы зейнетақы беретiн мекемеге бiр қартайған кемпiр келiп, ас алып iшуге, нан алуға бiрде-бiр тиыны қалмағанын айтып, ең болмаса үш күннен кейiн зейнетақы алғанға дейiн қарыз ақша бере тұруын жалынып сұраған. Ақша бере алмайтынын айтқан қызметкерлерге; кейуана – бүгiн ас iшпесе өлiп қалуы мүмкiн екенiн, екi-үш күннен берi нәр тартпағанын жеткiзедi. Мекеме қызметкерлерi не iстерiн бiлмей, басшыларына жеткiзедi. Олар әженiң құжатына қарап отырып, де Голльдiң тегiн оқып таң қалады. Мекеме басшысы бұл кемпiрдiң француз ұлтының "атасы" Шарль де Голльдiң жесiрi екенiн бiлгеннен кейiн, Францияның премьер-министрiмен тiкелей байланысқа шығады.

Президент де Голльдiң артында бiр тиында қалдырмағанын және әйелiне де ақша жинатпағанын естiген француз халқы естерiнен танып қала жаздайды. Үкiмет басшысы де Голльдiң жесiрiне өмiр бойына, барлығын тегiн алатын, жарлық шығарады…

Францияның ата-заңы мен жолын таңдаған Қазақ елi қалай қарай жүрер екенi беймәлiм.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ