Жаңалықтар

БАСПАСӨЗДЕ БИЛIК БАР МА?

ашық дереккөзі

БАСПАСӨЗДЕ БИЛIК БАР МА?

Расында, бүгiнде баспасөзде билiк бар ма? Баспасөздiң басты көздегенi, шынымен-ақ "ақиқат" па? Төртiншi билiктiң тақ иегерлерi журналистердiң жағдайы қалай? Жазғанын жұрт iздеп оқитын қаламгерлер бар ма? Баспасөз ұлт тағдырына қаншалықты араласып, қандай дәрежеде қоғамдық пiкiр туғызып жүр? Қызық, егер осы мәселелер газет бетiнде жарияланса, "жауабы жоқ жаттанды сұрақты неге жаза бередi?" деп жылы жабуға құмармыз. Мүмкiн жарты парақ мақалада сiзге тiкелей қатысты мәселе немесе ел өмiрiнен маңызды хабар сөз етiлетiн болар… Бiздерде баспасөздiң билiгi жайлы бiраз адамдарды әңгiмеге тартқан болатынбыз.

Елбосын, ұстаз: – Түкке алғысыз газет-журналды "сыртымыздан" жазып, өзi аз айлықтың берекесiн қашырады. Сырттан жаздыратын жағдайға жеткен баспасөзде билiк түгiлi, бедел де жоқ.

Алпамыс, жұмысшы: – Бiзде әсiресе қазақ газеттерi туралы "бiр-бiрiнен көшiрген өтiрiк дүние" деген қағида қалыптасқан. Ал сол көшiрменiң ненi көшiргенiнен оқырманның хабары жоқ. Менi саясат қызықтырмайды, бiрақ ел iшiндегi жаңалықтардан хабардар болып өзiндiк ой түйiп жүруiм, азаматтық борышым деп санаймын.

Дәурен, студент: – Ешқандай билiк жоқ. Себебi барлығы далбаса. Қазiргi қазақ газетi де, журналисi де құрылтайшы мен демеушiнiң құрбаны болған, өзiндiк пiкiрлерi жоқ. Мемлекеттiк басылым тек баяндап, әдемi әңгiменi жеткiзуге асықса, оппозициялық басылым "сыпсыңдауға" құмар.

Фарида, бала-бақша қызметкерi: – Мамандығыма байланысты балаларға арналған әдеби газет-журналдарды көп оқимын. Әсiресе таза көңiлмен жазатын ауыл балаларының әңгiмелерiн, қабылдауы қиын кей балаларға қызықтыруға тырысамын. Газет оқудағы кемшiлiгiм — саяси басылымдарды оқымайтындығым.

Ақсәуле, журналист: – Бұл сұраққа жеке жауап беру қиын. Себебi бүгiнгi баспасөздiң қажеттiлiктерi де, ерекшелiктерi де бар. Қажеттiлiгi – қаражат, ерекшелiгi – өзгеге елiктеуi басым болса да, оқырманына жақсы нәрсенi жеткiзуге деген қызығушылықтың басымдығы. Тiлшi ретiнде бiраз нәрседен хабарым бар дей алмаймын, сонда да оқырман пiкiрiмен санасу жалпы журналистерде кенже қалған қасиет дер едiм.

Баспасөздiң билiкте болуы үшiн оқырмандарымыздың ой-пiкiрi мен ұсыныстарына қарағанда әлi де ертерек сияқты. Әсiресе әкiмшiлiктiң қаражатымен жарыққа шығатын аудандық басылымдар туралы әңгiме қозғаудың өзi ұят секiлдi. Әдеттегiдей аудандық газеттiң парақтары ең алдымен, әкiмшiлiктiң есебi, жеке тұлға туралы жақсы пiкiрде жазылған үлкен көлемдегi мақала және де соңғы бет хабарландырумен басталып аяғы мал сатуды жарнамалаған мәтiнiмен аудандық газеттiң бiр аптада екi, екiншi аптада төрт бет болып шығуымен аяқталады. Ал жыл сайын тендердi ұтып алатын баспасөзiңнен, өзгешелiктi тек науқан алды, науқан арты оқи аласыз. Алайда "бүгiнгi баспасөзде билiк жоқ" деп бiржақты пiкiр қалыптастырғанымызбен, қазақ елiнiң тiлi, дiнi және де ұрпағының қажетi үшiн күресiп келе жатқан үлкен күш бар болса, ол да бүгiнгi қазақ баспасөзi екенiн естен шығармайық.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ