Жаңалықтар

АЛАУЫЗДЫҚ НЕДЕН ТУҒАН?

ашық дереккөзі

АЛАУЫЗДЫҚ НЕДЕН ТУҒАН?

Алматыдағы Ораз Жандосов атындағы №105 халықаралық лингвистикалық гимназияның қазақ тiлi пәнi мұғалiмдерi күтпеген жерден тосын жағдайға тап болды. Аталмыш мектептiң ағылшын тiлi кафедра мұғалiмдерi оқушылар мен ата-аналарды екi дүркiн жинап, митингi өткiзiп, өз тараптарынан қазақ тiлi кафедра мұғалiмдерiне қарсы пiкiр тудырған. Мұнымен қоймай, бұл топ: "Мектепке жаңа директор Мәрияш Галямова келгелi, бiздiң жұмыс iстеу кестемiз бұзылды…" деген сияқты желеу ақпараттармен жазықсыз оқушыларды қарсы үгiттеуге дейiн барған. Тiптi, әбден қызуқандылыққа салынған олар аудандық бiлiм бөлiмiне, қалалық Бiлiм департаментiне, одан қала бердi Бiлiм және ғылым министрлiгiне де арыз жазып шағымданыпты. Ең сорақысы сол, ағылшын пәнi мұғалiмдерiнiң бастамасымен "Время" газетiнде (21 қаңтар, 2008 ж.) "Язык твой — враг мой" деген мақаланың жазылуы да қазақ тiлi пәнi мұғалiмдерiнiң ызасын тудырды.

Дау-дамайға толы бұл мәселенiң мәнiсi мынада. Әрине мектеп "лингвистикалық гимназия" деген атқа лайық болғандықтан мұнда ағылшын тiлiмен қоса француз, орыс, қазақ тiлi де оқытылып келген. Әйтiп-бүйтiп, орыс мектептерiнде қазақ тiлiнiң сағаты аптасына бес сағатқа жеткiзiлгенiне де небары екiншi жыл. Соған қарамастан, бұл мектепте ағылшын тiлi пәнiнiң бәз баяғыдан аптасына бес сағаттан өткiзiлiп келгендiгi рас. Бұның өзiн асылық көрген ағылшын тiлi мұғалiмдерi мектеп iшiнде ақылы қосымша сабақ өткiзiп, әр баладан 5-8 мың теңге көлемiнде ақша алып отырған сияқты. Алайда, "Мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерiнде ақылы бiлiм беру тәртiбi туралы" 1999 жылғы 22 қыркүйектегi ҚР Үкiметiнiң қаулысы мен Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң "ҚР мектептерiнде ақылы қызмет көрсету жұмысын қатаң қадағалау шарасы туралы" 2002 жылғы 16 шiлдедегi бұйрығын негiзге алған қалалық Бiлiм департамент басшылары да былтырғы жылы мемлекеттiк бiлiм мекемесiнде ақылы репетиторлық сабақ өткiзуге тыйым салған болатын. 2007 жылдың қыркүйегiнен бастап директорлық қызметке кiрiскен Мәрияш Байханқызы өзiне жүктелген осы бұйрық пен қаулыны орындауды мiндетiне алып, бүгiнге дейiн (жасырын) ақылы оқытылып келген ағылшын тiлi пәнiнiң қосымша сабақтарын қысқартуға бел буыпты. Мiне, бәзбiреулердi қатты "дағдарысқа" ұшыратқан да осы ақылы қосымша сабақты қысқартудың салдары көрiнедi.

Мектеп қабырғасына кiргеннен-ақ мұғалiмдер мен оқушылардың қолындағы газет бiрден көзге шалынды. Бәрi де өз мектебi, өз ұстаздары туралы жазылған мақаланы оқып, әрi-сәрi күй кешкен. Бiрi: "Жағдай мүлдем олай емес" десе, ендiгi бiрi: "Қазақ тiлi пәнi мұғалiмдерiне мұндай сын айтатын бұлар кiмдер?" деген даурығудың үстiнде. Елiмiздiң ертеңi — жастарды бiлiм нәрiмен сусындататын бiлiм ұясында алакөздiк пен өзара бөлiнушiлiктiң орын алғаны бiздi де ойландырған.

Бiз бұдан әргi мәселенiң анық-қанығын гимназияның қазақ тiлi кафедра мұғалiмдерiнiң аузынан естiгiмiз келiп, әңгiмеге тартқан едiк.

Нұрсұлу НҮСIПҚОЖАЕВА, қазақ тiлi пәнiнiң мұғалiмi, ҚР бiлiм саласының құрметтi қызметкерi:

— Ораз Жандосов атындағы №105 халықаралық лингвистикалық гимназияның қазақ тiлi пәнiнiң мұғалiмдерi 2008 жылдың 21 қаңтарында "Время" газетiнде жарияланған "Язык твой — враг мой" деген мақаланы оқып, дал болдық. Газеттi оқушылардың бәрi қолдарына бiр-бiреуден ұстап алыпты. Бiзге келiп: "Мынаны оқыдыңыздар ма, сiздердiң ар-намыстарыңызға тиiптi ғой" деп көрсеткенде, өлген жерiм — қара жер. Мақаланың тақырыбында айтылғандай, "Менiң тiлiм — сенiң жауың" болатындай не бүлдiрдi екен? Бұл шулы жағдай былай басталды. Ағылшын пәнiнiң мұғалiмдерi өздерiнен ақылы сабақ алатын оқушыларды 16 желтоқсан күнi, "Бiз желтоқсаншылармыз" деп үгiттеп, оларды сабаққа кiргiзбедi. 16 желтоқсан — Тәуелсiздiк күнi. Мұны ұйымдастырудың өзi сорақылық емес пе?! Өз қазағымыздың балаларын қазақ мұғалiмдерiне қарсы қоюдың өзi — ҚР заңын бұзушылық, аяққа таптаушылық. Әрбiрден соң бұл басқа ұлт өкiлдерiнiң бiздi менсiнбеушiлiгi. Бұл бұл ма, газетте жазылғандай, "…қазақ тiлi мұғалiмдерiнiң бiлiктiлiгi төмен, дұрыс жұмыс iстемейдi…" деген сарында бiзге баға беретiндей олар кiмдер?! "Директор бiзбен алысқанша, одан да қазақ тiлiнен сабақ беретiн бiлiктi мұғалiмдер алмай ма? Неге сонымен айналыспайды?" дептi. Сонда бiз бiлiктi маман болмағанда кiм екенбiз? Егер бiздiң оқулығымызбен бүкiл республиканың бiлiм мекемелерi оқып, бiздiң әдiстемелiк нұсқаумен жұмыс iстеп жатса.

Шын мәнiсiнде, ағылшын тiлiнiң сағаты қысқартылған жоқ. Оқу бағдарламасы бойынша ағылшын тiлi аптасына бес сағат оқытылса, қазақ тiлi де солай. Ал қосымша жүргiзiлетiн сабақты бұлар ақылы өткiзедi екен. Мектеп жекеменшiк емес, мемлекеттiк мекеме. Заң бойынша ақылы қосымша сабақ өткiзу мемлекеттiк мекемеде Бiлiм және ғылым министрiлiгiнiң, Бiлiм департаментiнiң бұйрығы бойынша тыйым салынған. Ал мектеп директорының сол бұйрықты орындауын бiз заңды деп бiлемiз! Ақылы қосымша сабақты өткiзуге тыйым салғаннан кейiн ағылшын тiлi мұғалiмдерi қалтасына оңай түсiп жатқан ақшадан қағылды. Ендi олар сыныққа сылтау iздеп, жан-жаққа арыз түсiрiп, ақылы сабақтарын қайтадан өткiзудi талап етiп отыр. Сонда министрлiк пен Бiлiм департаментiнiң бұйрығын олар неге мойындағысы келмейдi?

Негiзiнен лингвистикалық гимназияда бiлiм алатын 80 пайыз қазақ ұлтының балалары. Мұнда алтынның сынығы, бүгiнгi лауазымды кiсiлердiң, депутаттардың балалары оқитын көрiнедi. Нұрсұлу Нүсiпқожаева: "Серiк Қонақбаевтың қызы мен Қуаныш Сұлтановтың немересi: "Ағылшын тiлi мұғалiмiмдi жұмыстан шығарғалы жатыр, маған ағылшын тiлi керек" деп қазақ тiлiне қарсы шығып, оқушыларды үгiттегендерiн қазақтiлдi мұғалiмдер түсiне алмауда.

Халық қалаулысы, депутат Серiк Қонақбаевтың өзi мектепке келiп, ағылшын тiлi мұғалiмдерiнiң үгiттеуiмен құрылған ата-аналар жиналысында қазақ тiлiне қарсы ыңғай танытқанын ашына айтады. "Ол кiсiге бiз егемендi елiмiздiң, қазақ елiнiң туын желбiреткен азамат ретiнде табынатын едiк. Сол үшiн де бiрауыздан дауыс бердiк. Бұдан кейiн кiмге дауыс беремiз? Сонда Парламентте қандай адамдар отыр?" дейдi ол. Елбасының: "Қазақстанның болашағы — қазақ тiлiнде" дегенi осы ма, сонда?" дегендi айтады күйiнген ұстаз.

Зульфира ГАНИБАЕВА, директордың орынбасары:

— Қазiр аудандық оқу бөлiмiнен келiп отырмын. Онда аудандық олимпиадаға қатысқан оқушылардың қорытындысы жарияланды. Бiздiң мектеп екiншi орында екен. Бұрын-соңды мұндай нәтижеге қол жеткiзген жоқ едiк. Қуантарлығы сол, олимпиададан қазақ тiлi бойынша үш орынға ие болдық. Ал ағылшын тiлi аптасына бес сағат болса да, оқушылары бiрде-бiр орын алмапты. Қазақ тiлi кафедра мұғалiмдерi жыл сайын арнайы курстан өтiп тұрады. Нәтижесi, қазақ тiлi кафедрасы мұғалiмдерi қалалық, аудандық "Үздiк оқытушы" байқауынан жүлделi орындарды иемденiп келедi.

Шынтуайтына келгенде, қазақ тiлi пәнi мұғалiмдерi ағылшын тiлiнiң оқытылуына қарсы емес. Бар болғаны ата-аналар тарапынан мектеп басшысына түсiп жатқан арыздың нәтижесi "бармақ басты көз қыстыға" салынған әрекетке нүкте қоюға итермеледi. Алайда, қазақ тiлi мұғалiмдерiнiң намысына тигенi ағылшын тiлi мұғалiмдерi мен ата-ананың "Қазақ тiлi ағылшын тiлiне қарағанда нашар оқытылады" деп айтқаны. "Бiз — қазақ тiлi пәнiнiң мұғалiмдерi тiлiмiздi, ар-ожданымызды өз елiмiзде, өз жерiмiзде жүрiп ешкiмге таптатпаймыз" дейдi олар ашынып. Осы тұрғыда, яғни, қазақ тiлi пәнiнiң оқытылуы жайында ата-ана мен сол бiлiктi мұғалiмдерден сабақ алып жүрген оқушылардың да пiкiрiн бiлгiмiз келген.

Хананян Анаит, ата-ана:

— Бiз қазақ тiлi пәнiнен сабақ беретiн мұғалiмдерге өте ризамыз. Мәселен, үйде бiр-бiрiмiзбен қазақ тiлiнде тiлдеспесек те, балам осы ұстаздарының арқасында қазақ тiлiнде сөйлей алатын жағдайға жеттi. Менiңше, қазақ тiлiнiң оқытылуына байланысты ешқандай да бiр сын болмауы керек. Оның үстiне бұл мектепте қазақ тiлi мен әдебиетi басқа мектептерге қарағанда терең оқытылады. Өзiм мұғалiммiн. Сондықтан да айтып отырмын. Ол үшiн мұғалiмдердi, оқушыларды дүрлiктiру керек емес.

Мұрат САРТБАЕВ, ата-ана, Бiлiм және ғылым министрлiгi "Ғылым" АҚ қорының қызметкерi:

— Елбасының жыл сайынғы жолдауына байланысты барлық мемлекеттiк мекеме қазақ тiлiне көшуi керек. Мектеп қай тiлде оқытылатынына қарамастан, қазақ тiлi бәрiне бiрдей оқытылу керек. Ал мемлекеттiк мекемеде ақылы түрде сабақ өткiзуге мүлдем тыйым салынған. Өтiрiк емес, ағылшын тiлiнiң қосымша сабағына өз қалтамыздан 50 доллардың көлемiнде ай сайын ақша төлеп отырдық.

Яна, 9-сынып оқушысы:

— Роза Сағындыққызы маған бастауыш сыныптан берi қазақ тiлiнен сабақ бередi. Алғашқы кезде қазақ тiлiнен бiрауыз сөз бiлмейтiнмiн, содан кейiн де тек үшке оқитын шығармын деп ойлап едiм. Керiсiнше, тез арада меңгерiп кеттiм. Роза апайдың сабағы ешқашан да менi жалықтырған емес.

Арман, 7-сынып оқушысы:

— Менiң ұлтым — орыс. Әкем қазақ тiлiн бiлмейдi, отбасында менен басқа ешкiм қазақша сөйлемейдi. Ұстазым – Роза Сағындыққызының арқасында қазақ тiлiн меңгере бастадым. Бiздiң сынып оқушыларының бәрi Роза апайға риза.

Вика Альбрехт, 9-сынып оқушысы:

— Ұлтым — немiс. Осы гимназияда 1-сыныптан бастап оқимын. Қазақ тiлiн ынта-ықыласыммен оқып, қазақ елiнiң тарихымен, табиғатымен етене таныспын. Жыл сайын қазақ тiлiнен болатын аудандық олимпиадаға қатысып, 8-сыныпта аудан бойынша — бiрiншi, биыл — екiншi орын алдым. Ендi қалалық олимпиадаға баруға дайындалып жатырмын. Қазақ тiлi — болашақта менiң жоғары бiлiмдi маман болуыма аса қажет. Сол себептен әрбiр азамат өз елiнiң негiзгi тiлiн бiлуге мiндеттi.

Мiне, ата-ана мен оқушылардың пiкiрi осы. Алайда, айтып айтпай не керек, баласы ақылы сабақ алатын ата-ананың қай-қайсысы болсын ай сайын ақша төлеп келгендiгiн жасырмайды.

Ендiгi кезекте бастамашы топ ағылшын тiлi мұғалiмдерiн әңгiмеге тартудың да ретi келдi. Бiздiң тараптан қойылған сұраққа жарытып жауап бергiсi келмеген олар бар нәрсенi ашық айтудан жалтарып бақты.

Елена Мироненко, ағылшын тiлi әдiстемелiк бiрлестiгiнiң меңгерушiсi:

— Министр мемлекеттiк бiлiм ұяларында қосымша ақылы сабақ өткiзуге тыйым салып, арнайы бұйрық шығарды. Бiз онымен таныспыз. Және бiз оны орындап жүрмiз.

— Солай ма… Онда неге "ақылы қосымша сабақты алып тастады" деп байбалам салып жүрсiздер…

— ….

— Бiрақ "Бiлiм туралы" Заңда "Ата-ана балаларына мектепте қосымша ақылы сабақ алуына құқығы бар" деген бап бар. Бұл Бiлiм және ғылым министрiлiгiң сайтында жазылған.

— Алайда, заңға қарамастан бұған дейiн ақылы сабақты өткiзiп келдiңiздер ғой…

— Қазiр ақылы сабақты қала мектептерiнiң аз жалақыға күн көре алмай жүрген кез келген мұғалiмi өткiзiп жүр. Сол себептен де мұндай жағдай бар мектепте кездеседi. Мен сiзге айтайын, бұл мектепте де тек ағылшын тiлiнен ғана емес, басқа пәндерден де қосымша ақылы сабақ өткiзiледi. Сенбесеңiз, оқушы мен ата-анадан сұраңыз.

— Ал қазақ тiлi пәнi мұғалiмдерiнiң бiлiктiлiгiне сын айтып, "қазақ тiлi нашар оқытылады" деп айтыпсыздар. Ал бiз тiлдескен оқушы мен ата-ананың пiкiрi басқа…

— Мен олай айтқан жоқпын. Қазақ тiлi пәнi мұғалiмдерiнiң дұрыс сабақ бермеуiн ата-ана, оқушылар айтып жүр. Бұл солардың жеке пiкiрi. Сондықтан да бұл сұраққа жауапты айтқан адамдардан сұраңыз.

— Сонымен, газетке сұхбат бергендегi мақсатыңыз не?

— Бәрi де сонда жазылған. Мен өзiнiң қарамағындағы мұғалiмдерiнiң еңбегiн сыйлайтын мектепте жұмыс iстегiм келедi. Директор келгенде, өзiнiң "командасын" ала келдi. Бұл топ қай жерде жүрсе де, бiрге жұмыс iстеген. Мектептегi мұғалiмдердiң денi тiлден сабақ беретiндiктен, директор солармен бiрге етене жұмыс iстесе, жұмысымызды жеңiлдетер едi. Сол сияқты халықаралық жоба болса, ағылшынтiлдi директор тiкелей тiлдесiп, делегациямен шетелге бара алатын едi. Тiптi, бұл кезде аудармашының да қажетi болмай қалады. Сол себептен, бiз — ағылшын тiлiнiң мұғалiмдерi аудандық бiлiм бөлiмiне, қалалық Бiлiм департаментiне арыз жазып, министрлiкке де хат жолдадық.

— Қандай негiзге сүйенiп жаздыңыздар?

— Бiз мектепшiлiк жағдайды, ата-ана мен оқушылардың пiкiрiмен сабақтастырып жаздық. Газетте қалай жазылды, солай жаздық. Өйткенi, газетте бар шындық айтылған.

Осы мәселеге байланысты Алматы қалалық Бiлiм департаментiнiң басшысы Рахат Шимашевамен де жолығудың сәтi түскен едi. Р.Шимашеваның айтуынша, ағылшын тiлi мұғалiмдерi кешегi күнге дейiн ақылы сабағын өткiзiп келгенмен, бүгiнде бұл жұмысын тоқтатқан. Шыны керек, Бiлiм департаментi ақылы сабақтың жүргiзiлiп келгенiн бiлмеген дегендi айтады. Сондай-ақ, департамент басшысы мұғалiмдердiң арызда: "Жаңа директор келгелi мектептiң психологиялық климаты өзгердi" деп жазғанын айтады. "Олар бар болғаны өздерiн қорғау үшiн, пәленбай жылдан берi қалталарына түсiп тұрған ақшадан айрылғысы келмей ақылы оқуды сақтап қалу үшiн тыраштаныпты. Ал бiз барлығына ақылы қосымша сабақты үзiлдi-кесiлдi тоқтатуға бұйрық бергенбiз. Құдайға шүкiр, қазiр қала мектептерiне қалалық бюджеттен қомақты ақша бөлiнiп жатыр. Қазiр бұл мәселе департаментте қаралып жатыр. Мен қазiр қайсысына да "бұрыс, дұрыс" деп кесiмдi шешiм айта алмаймын" дейдi Р. Шимашева.

Сонымен, қазақ тiлi кафедра ұстаздары мұндай алауыздық мәселеге Бiлiм департаментi, министрлiк бiрауыздан нүкте қояды деп сенедi.

P.S. Ағылшын тiлi мұғалiмдерi арызын қайтарып алыпты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ