“АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР”
“АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР”
13 млрд. долларды отандық банктер биыл қайтара ала ма?
2007 жылдың соңында елiмiздегi екiншi деңгейлi банктердiң сырттан тартқан несиесiнiң жалпы көлемi 46 миллиард долларға тең болыпты. Оның 80 пайызы ұзақмерзiмдiк несиелер мен қарыздардың үлесiнде. Биыл соның 13 млрд. доллары қайтарылуы тиiс. 2008 жылдың I және III тоқсанындағы сома 4 млрд. доллардың көлемiнде. Өткен аптада Алматыда отандық қаржы саласының қауқарын сарапқа салған мамандар әлемдiк қаржылық дағдарыстың күнгейi мен көлеңкесiн таразылады.
СЫРТҚЫ ҚАРЫЗ — 46 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР
Соңғы жылдары, әсiресе, былтыр Қазақстандағы банктердiң шетелдiк банктер мен халықаралық iрi қаржылық құрылымдардан қарыз алуға құнығуының кесiрiнен елiмiздiң сыртқы берешегi күрт өсiп кеткен болатын. 2006 жылдың соңындағы ресми деректер Қазақстанның сыртқы қарызы 60 миллиард АҚШ долларына жеткенiн көрсеткен. Сол кездегi ҚР қаржы министрi Н.Коржова мемлекетке тиесiлi қарыз көлемi 9 миллиардқа теңгерiлетiнiн, ал қарыздың қалған бөлiгi отандық банктер мен кәсiпорындардың еншiсiнде екенiн мәлiмдеген. ВалютТранзитБанкке қатысты болған келеңсiздiктен кейiн бұған дейiн екiншi деңгейдегi банктердiң сырттан төмен пайыздық көрсеткiшпен несие алып, оны бiрнеше есе жоғары пайызбен Қазақстан халқын "жарылқауға" дәнiккенiне аса алаңдай қоймаған ҚР Ұлттық банкi мен ҚР Қаржылық нарықты қадағалау және бақылау агенттiгi банк саласына қатысты талапты күшейтуге мәжбүр болды. 2007 жылдың 1 сәуiрiнен бастап банктердiң сырттан алатын қарызы олардың өздерiне тиесiлi капиталдан аспауы туралы қойған талабына қазақстандық банкирлердiң көпшiлiгi наразылық танытты. Әсiресе, алғашқы үштiктегi ҚазКоммерц пен ТұранӘлем сияқты банктердiң басшыларының айқайы ащы шыққан. Былтырғы әлемдiк қаржылық дағдарыстан кейiн Үкiмет, Ұлттық банк пен Қаржылық бақылау агенттiгi талаптар тiзiмiн өсiре түстi. Бұдан былай жекеменшiк банктердiң тәуекелдi менеджментiне қатысты әрекеттерiне Үкiмет араласуға құқылы. Былтыр жыл соңындағы банктердiң сыртқы қарызы 46 миллиард долларға жеткен. Оның 80 пайызы — ұзақмерзiмдiк несиелер. 46 миллардтың 13 миллиарды үстiмiздегi жылы қайтарылуы тиiс. Бiрiншi және үшiншi тоқсан аралығындағы сома 4 миллардқа тең. Бүгiнде екiншi деңгейлi банктердiң несиелiк қоржынындағы қайтарымсыз несие көлемi 1,5 пайыз. Ал депозиттер, құнды қағаздар, iрi корпоративтiк эмитенттерi құрайтын сыртқы активтерi 20 миллиардтан асады. ҚР Ұлттық банк төрағасы Ә.Сәйденовтiң айтуынша, "жекеменшiк банктер сырттан инвестиция тарту белсендiлiгiн жоғалтпаған, 13 млрд. долларлық алашақты қайтаруға шамалары келедi". Алматыдағы басқосуда Ә.Сәйденов отандық банктердiң стратегиялық тұрғыда бизнестiң басқа модельдерiн қарастыруға мәжбүр екендiгiн айтады. Алайда, стратегияны өзгертуге қатысты айтылған бұл пiкiрдi банкирлер қауымы түгел құптап отырған жоқ. Мысалы, "Каспийский" банкiнiң басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе: "Бiз — депозиттерi мен активтерi үздiксiз өсiп отырған санаулы банктердiң бiрiмiз. Болжамымызға сәйкес, "Каспийскийдiң" өсiм деңгейi 25-30 пайызға тең болмақ. Яғни, банктiң даму қарқыны төмендемейдi. Әп-дегеннен-ақ, консервативтiк стратегияны таңдадық, нарықтағы үлестi молынан қарпып қалуға ұмтылған жоқпыз. Бүгiнгi жеңiсiмiз — тәртiпке мойынсұнғандығымыздың нәтижесi. Бiз тұрақты да ұзақмерзiмдiк өсiмдi мақсат етемiз және нарықты әр қадамды аңдап баса отырып, жаулап аламыз" дейдi. Айтпақшы, 13 млрд. долларлық қарызда қай банктiң қанша үлесi барын бiлгiмiз келген. Оны пайыздық көрсеткiштерге шаға отырып, көпшiлiктiң назарына ұсынбақ ойымыз да болған. Өкiнiшке қарай, бiз қызыққан бұл сұраққа жауап беруге отандық банктердiң елп ете қалғаны кемде-кем. Тек қарызға қатысты ашық мәлiмет берген Михаил Ломтадзе болды: "Каспийский" банкi 13 млрд. долларлық жалпы төлем секторынан 2 синдикат және евробонд бойынша, 330 млн. доллар төлеуi қажет. Яғни, бiздiң сыртқы берешектерiмiз жалпы қарыздың небары 2,75 пайызын құрайды". "Каспийский" басшысы қарызға қатысты пайыздық көрсеткiштiң төмендiгiн банктiң сыртқы несиеге құнықпауымен түсiндiредi.
АЛАҚАН ЖАЮДЫ ҚЫСҚАРТПАСА, ШЕТЕЛДIКТЕРГЕ САТЫЛАДЫ
Қаржылық бақылау агенттiгi басшысының орынбасары Мұрат Байсынов банктер мен басқа да қаржылық ұйымдардың былтыр төлем мәселесiнде келеңсiздiкке жол бермегенiн, олардың 13 миллиард қарызды қайтаруға қауқарлы екендiгiн көлденең тартады. Оның сөзiн iлiп әкеткен ҚР Ұлттық банк өкiлдерi соңғы 6 айда қазақстандық банктердiң бiрде-бiрi сыртқы және iшкi мiндеттемелерi бойынша дефолтқа ұрынбағанын, тiптi, сырттан несие тартуда оң нәтижелерге қол жеткiзгенiн көлденең тартады. Бiрақ дүниежүзiлiк қаржы нарығындағы ақша көлемiнiң кенеттен қысқаруы қазақстандық банктерге керi әсер еткенi сөзсiз. Сырттан алатын несиеден қағылған банктер құрылыс пен ипотекаға бөлiнетiн қарызды ғана емес, тұтынушылық несиелердi де күрт азайтты. Әрине, әлем экономикасына қауiп төндiрген қаржылық дағдарыстан қазақстандық банктер шегетiн зиян көлемi әртүрлi болмақ. Кiрiс пен шығыс тәуекелдiк менеджменттiң қабiлетi мен банктердiң стратегиялық бағыттарына байланысты. Ал экономикалық өсiм қарқыны бәсеңдегенмен тоқтамайды. 2007 жылы ҚР Үкiметi әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылықты сақтау үшiн, атап айтқанда, банк саласы, құрылыс пен шағын және орта кәсiпкерлiктi қолдау үшiн мемлекеттiк бюджеттен 4 млрд. доллар көлемiнде қаржы бөлуге шешiм қабылдаған едi. 1 миллиард қаржы былтыр бөлiндi. Қалған бөлiгi биыл үлестiрiлмек. Бiрақ егер қазақстандық банктер билiктен көмек сұрап, алақан жаюды әдетке айналдырар болса, Үкiметтiң қаржылық жағдайлары нашарлаған банктердi шетелдiктерге сатып жiберуден басқа амалы қалмайды. Кейбiр мамандар "банктердiң шетелдiктерге сатылуының астарында саяси сарын бар" дегенмен, қаржыгерлер қауымының басым бөлiгi керiсiнше, банктердiң шетелдiктер қолына өтуiнiң қаржылық, техникалық тұрғыда өте тиiмдi екендiгiн айтады. Былтыр АТФ пен Тексако банктерiнiң шетелдiктерге сатылғаны мәлiм. Жуырда Давостағы Бүкiләлемдiк экономикалық форумда ресейлiк ВТБ Басқарма төрағасы Андрей Костин Қазақстан мен Украина сияқты басқа да посткеңестiк елдерден банктер сатып алуға мүдделi екендiктерiн жеткiзген. Тәжiрибелi маман ретiнде пiкiрiн бiлу үшiн сөзге тартқан "Каспийский" банкiнiң басшысы М.Ломтадзе мырза: "ВТБ-ның банк сатып алуға барлық ресурстары бар. Кез келген салмақты инвестордың банктi сатып алуы нарық үшiн тиiмдi болып табылады. Бұл банк жүйесiне — тұрақтылық, ал инвесторларға сенiм бередi. Сөзсiз, қазiр нарықтағы баға төмендедi, әлем бойынша банктер құны соншалықты қымбат емес. Мысалы, қазақстандық банктер акциясының бағасы 40-60 пайызға арзандады. Сатып алушылар үшiн бұдан асқан қолайлы сәт болмайды" дейдi. Айтпақшы, Давостағы басқосуда Костин әлемдiк экономиканы күйреуден Ресей, Үндiстан мен Қытай құтқаратынын айтқан. Бiздiң көңiлде туындаған: "Бүгiнгi таңда халықаралық қаржы нарығында маңызды рөл атқаруға Ресей шынымен қауқарлы ма, әлде әлемдiк саясатқа энергетикалық қорлары арқылы ықпал етудi көздейтiн Кремльдiң "әдеттегi" саяси ойыны ма?" деген сауалға Ломтадзе: "Менiңше, бұл қалыпты жағдай. Бұрын әлем дамушы елдер нарығына сенiмсiздiкпен қараса, қазiргi ахуал түбегейлi өзгердi. Барлық қиындық дамыған елдердiң нарығынан, әлемдегi жетекшi қаржы құрылымдары мен банктерден туындап отыр. Бiзде тәуекелдi менеджементтi дамытып, жақсартатын белгiлi бiр бағыт бар, ал Батыстағы банктердiң қауiптерден сақтану шаралары миллиардтаған қатерлi операцияларға төтеп бере алмауда. Бұдан секемденген инвесторлар назарларын экономикасы жедел дамып жатқан Ресей, Қытай мен Үндiстанға аударды. Олардың қатарына мен Қазақстанды да қосамын. Қазiргi таңдағы басты мiндет – халықаралық нарықтың салдарынан туындаған сыннан сүрiнбей өту. Ол үшiн әрбiр банк өз бизнесiне жауапкершiлiкпен қарап, жұмыс iстеу қағидаларын түбегейлi қайта қараулары керек" дейдi.
БЕРЕШЕККЕ БЕЛШЕДЕН БАТҚАНДАРҒА ӨТЕ ҚИЫН
Үкiмет пен Ұлттық банк қазақстандық банктердiң қаржылық ахуалына көңiлдерi толатындықтарын жеткiзгенмен, банктердiң еркiн әрекет етуiне iшкi айналымдағы ақшаның көлемi аздық ететiн көрiнедi. Қаржылық тапшылықтың кесiрiнен мүмкiндiктерi шектелген қазақстандық банктер сырттан қомақты көлемде несие алуға мүдделi. Алайда, қосымша қаражат тартудың негiзгi көзi саналатын халықаралық қаржылық құрылымдар есiгi бүгiнде Қазақстан сияқты дамушы елдердегi банктер үшiн тарс жабық. Әлемдiк қаржылық дағдарыстан дамыған елдер естерiн жинаймын дегенше, бiраз уақыт керек. Демек, бiздегi банкирлердiң инвесторлардың екiжақты тиiмдi ұсыныс пен талаптарға сәйкес несие беруiн күтуден басқа амалы жоқ. Әрине, қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Отандық сарапшылардың кейбiрi iшкi ресурстарға қарай қайта бейiмделiп, жеке тұлғалардың депозиттерi, клиенттердiң қаражаттары мен ақша көлемiн арттыруға ықпал ететiн қосымша шараларға иек арту керектiгiн айтса, банкирлер қауымы жоғары деңгейдегi пайыздық көрсеткiштердi ұсына отырып, депозиттер түрiнде қаржы тарту өте тиiмсiз дейдi. Бiрақ елiмiздегi жинақтаушы зейнетақы қорлары мен жарналық инвестициялық қорлардан (ЖИҚ) күтетiн көмектен басқа дағдарыстан құтқарар жол жоқ. Ал "жинақтаушы зейнетақы қорларындағы қаржыға тiптi, жағдай ушыққан күннiң өзiнде тиiсуге болмайды". Дәл осы пiкiрмен банкирлердiң көпшiлiгi келiсiп отыр.
Дүниежүзi бойынша былтыр құрама несиелер нарығы екi есеге дейiн өсiптi. Жалпы кiрiс 70 млрд. долларға тең. Сарапшылар пiкiрiнше, синдикация дүмпуi нарықтың даму заңдылықтарына ғана емес, сонымен бiрге әлемдiк қаржы алаңындағы ахуалға да тiкелей қатысты. 2007 жылдың III-IV тоқсанында үлкен көлемде инвестиция тартудың басты тәсiлi құрама қарыздар алу едi. Десе де, өсу деңгейi 40 пайыз болған еурооблигациялар нарығы да дағдарысқа ұшыраған жоқ. Халықаралық Cbonds агенттiгiнiң мәлiмдеуiнше, былтыр саудаға шығарылған бондтардың көлемi жағынан эмитенттер арасында ABN AMRO бiрiншi орынға шығыпты. Компанияның жалпы құны 3,7 млрд. доллар тұратын 15 эмиссиясы сатылған. Қазақстанға келсек, 2007 жылдың II тоқсанындағы қазақстандық банктер алған құрама қарыз көлемi 10 млрд. долларды құраған. Мамандардың айтуынша, активтерi 100 млрд. долларға жетпейтiн қазақстандық банк саласы үшiн бұл жақсы көрсеткiш. Оның үстiне, кiрiс Қазақстан банктерiнiң барлық сыртқы қарыздарының көлемiнен асып түскен. Өткен жылдың екiншi жартысында сыртқы және iшкi әсерлердiң кесiрiнен синдикация нарығы қозғалыссыз қалғанда, отандық банктер шетелдiк банктер мен iрi қаржылық ұйымдардан несие ала алмай қиналған болатын. Бұл жағдай әлi түзелген жоқ. Бiрақ құрама несиелер нарығындағы көрсеткiштiң жоғарылауы еуробондтар, вексельдер саудасы мен банктерден келген тiкелей қарыздардың ықпалынан. Қаржы тартудың басқа түрлерiне қарағанда, құрама қарыз арқылы инвесторларды қызықтыру оңай болғандықтан, синдикация көлемi артқан. Негiзi құрама қарыздар көлемi жағынан аз мөлшерлi, қойылатын талаптары қатаң, қайтарылатын мерзiмi қысқа боп келедi. Сондықтан синдикация нарығына ұрынбас бұрын банктер күнгейi мен көлеңкесiн таразыға тартып алуы тиiс. Бiр жағынан алғанда, еуробондтар инвесторларды кең ауқымда қамтиды. Бiрақ отандық банкирлер еуробондтар нарығына шығып алып, арандап қалмас үшiн араб елдерi мен Қытайдың инвесторларымен серiктестiк орнатуға ұмтылғаны абзал. Әрi әлемдiк нарықтағы экономикалық ахуалдың тұрақтанбауы АҚШ пен Батыстың iрi қаржылық банктерiнiң өзiн дағдарысқа әкеп соқты. Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, үстiмiздегi жылы қаржылық дағдарыстың салқынын бәрiнен де бұрын сыртқы берешекке белшеден батқан банктер сезiнедi. Ал басты назарды iшкi нарыққа бағыттағандар керiсiнше, пайдаға кенелмек. Бұл пiкiрмен Михаил Ломтадзе де келiседi: "2008 жылы өсу қарқыны аса жылдам жүрмеген және қаржы мәселесiнде Батысқа онша иек артпаған банктердiң ұтары көп болады. Менiңше, биыл қаржы алаңында орташа деңгейдегi ойыншылардың мерейi үстем болады".
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ